Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қоныс аудару басқармасы шаруаларға қандай уәде берді

1936
Қоныс аудару басқармасы шаруаларға қандай уәде берді - e-history.kz

XIX және XX ғасырлар тоғысында Ресей империясының Қазақстан мен Сібірге қатысты жүргізген отарлық саясаты, атап айтқанда оның қоныс аудару саясаты, өңірдегі әлеуметтік қайшылықтарды едәуір шиеленістірді деп есептеледі. Тарихшылардың пайымдауынша, қазақтардың дала кеңістігін игеруге бағытталған бұл әрекет қазақ жерін өрескел және заңсыз тартып алуды күшейтті. Осының бәрі кейіннен көптеген айыппұлдарға, өлшеулерге, қате есептеулерге, өмір сүрудің қиын жағдайларына және билік пен жер иелері озбырлығының басқа түрлеріне алып келді. Алайда, бар кінәні қоныстанушыларға жүктеу әділетсіздік болар еді. Qazaqstan Tarihy порталы Дала өлкесінде қонысаударушыларды күткен қиындықтар туралы баяндайды.

Аграрлық мәселені шешуде нәтижесіз әрекеттер жасаған Үкімет 1907 жылы Сібір мен Дала өлкесіне қоныс аудару қозғалысын күшейту үшін ең күшті шаралар қабылдады. Осылайша, ол шаруаларды Ресейдің қалған бөлігінде жерді пайдалануды ұлғайту туралы талаптардан алшақтатуды көздеді.

Осы мақсатта қоныс аудару басқармасы 1907 жылы Қазақстанның түрлі аудандарындағы қоныс аудару үшін бос учаскелер тізімі бар жарнамалық сипаттағы анықтамалық кітапшалар шығарды. Мұндай кітапшалардың мұқабасында қалың шрифтпен бұл тізімдердің 1907 жылдың 1 қаңтарына дейінгі жай-күй бойынша жасалғандығын, сондықтан да «көшіп келушілер келетін уақытқа қарай бұлардың (учаскелердің) көпшілігі бос болмауы мүмкін» деп жазылған. Шынында да, 1907 жылы Сібір мен Қазақстанға қоныс аудару бұрын-соңды болмаған көрсеткішті көрсетті: 1 қаңтардан 21 наурызға дейінгі аралықта Челябинск арқылы 73 мың адам өтті, оның ішінде 36 мыңы қоныс аударушылар, бұл 1906 жылдың алғашқы үш айымен салыстырғанда 16 есе көп (2270).

"Дала өлкесіндегі қоныс аударушылар үшін қауіп" («Сибирский вопрос», №8, 1907 жыл) мақаласында автор қоныс аудару басқармасының басылымдарын басшылыққа ала отырып, сол жылдары Дала өлкесінің құрамына кірген Ақмола және Семей облыстарындағы қоныс аудару ісін жолға қоюға қатысты бірнеше ескерту жасады. Оның мәліметінше, Ақмола облысында 1907 жылдың 1 қаңтарына дейін 150 мың жан үлесі дайындалды, 1907 жылдың мамырына дейін оның 29 518-і қалды. Бос емес учаскелерге сол уақытта 36 200 қоныс аударушы отбасы немесе 215 300 адам, оның ішінде ерлер (107 700) және әйелдер (107 600) орналастырылған.

Сол басқарманың анықтамалық кітапшасында жарияланған басқа да мәліметтері бойынша қоныс аударушылар 111 учаскеге орналастырылуы мүмкін еді, олар уездер бойынша келесідей бөлінді:


Уездер

Учаскелер саны

Жан үлесінің саны

Десятина жер

ыңғайлы

ыңғайсыз

барлығы

Омбы

11

2472

38923

5481

44404

Петропавл

10

3087

47204

9614

56818

Көкшетау

20

5129

75427

9924

85351

Атбасар

7

3742

56891

14746

71637

Ақмола

68 (1)

14888

263280

126059

389339

Барлығы

111

29318

481725

165824

647549


Анықтамалық кітапта сондай-ақ «Ақмола облысында жақсы сумен қамтамасыз ету -бірінші кезектегі мәселе, сондықтан әрқашан жақсы жері бар учаскеге қоныстану кей жағдайда мүмкін емес, өйткені көбінесе учаске сумен қамтамасыз етілмейді» делінген. Қоныс аудару басқармасы орыс шаруаларын шақырған 111 учаске сумен қаншалықты қамтамасыз етілді?

Мақала авторы учаскелерді сипаттаған анықтамалық кітаптағы жазбаларды келтіріп, Омбы уезіндегі қоныс аудару басқармасы 4 учаскені (№ 1, 2, 4 және 7) "сумен қамтамасыз етілген" деп, 4 (№ 3, 6, 8 және 9) учаскені «сумен қамтамасыз етілмеген» деп санағанын, біреуіне (№5) қатысты ешқандай ақпарат болмағанын және екеуіне қатысты (№ 10 және 11) анықтамалық кітапта "су жоқ, бірақ ауылдар онымен қамтамасыз етілген" деген сияқты біртүрлі жазбалар болғанын жазады. Ақмола облысындағы қоныс аудару ісін меңгерушінің деректеріне қарағанда, 1907 жылдың жазында № 1-5, 8 және 9 учаскелердегі осы учаскелердің қоныстануға жарамдылығын анықтау мақсатында гидротехникалық жұмыстар енді ғана басталған. Сондықтан," сумен қамтамасыз етілген " немесе қоныс аударушылар үшін жарамды деп 11 учаскенің ішінен бір ғана учаскені (№7) тануға болады.

Петропавл уезінде қоныс аудару басқармасы бір учаскені (№7) "сумен қамтамасыз етілмеген", ал қалғандары "қамтамасыз етілген" және "толығымен қамтамасыз етілген" деп санады. Сонымен қатар, олардың екеуінде (№ 1 және 9) сумен жабдықтау жұмыстары тек 1907 жылдың жазында ғана басталуы керек еді, сондықтан қоныс аударушылар үшін 10 емес, 7 учаске жарамды деп танылуы керек.

Атбасар уезінде 7 учаскенің 3-еуі ғана қоныс аударушылар үшін қолжетімді болды. Қалғандарының ішінен бір учаскеде (№4) 1907 жылдың жазында гидротехникалық ізденістер, ал үш учаскеде (№ 2, 3, 6) сумен жабдықтау жұмыстары басталуы тиіс болды.

Көкшетау уезінде 1907 жылдың жазында қоныс аударушыларға ұсынылған 20 учаскенің төртеуінде (№ 1, 9, 10 және 12) гидротехникалық іздестіру басталады, тағы екеуінде (№5 және 16) – сумен жабдықтау бойынша жұмыстар, ал қалғандарында салыстырмалы түрде бесеуінде (№ 3, 4, 6, 7 және 11) мүлдем мәліметтер жоқ, немесе дәл емес ("көлдер мен батпақтардағы су жеткілікті"), оларды қоныс аударушылар үшін жарамды деп санауға болмас еді.

Ақмола уезінде, Ақмола облысындағы қоныс аудару ісі меңгерушісінің мәліметі бойынша, 13 учаскеде (№ 2, 5, 8, 9, 18, 19, 24, 39, 40, 54, 55, 56 және 63) 1907 жылдың жазында іздестірулер, ал біреуінде (№4) - сумен жабдықтау бойынша жұмыстар болжамдалды. Қалғандарының ішінде сумен қамтамасыз ету туралы нақты мәліметтер тек 22 учаскеге қатысты болды, 27 (№ 7, 10-16, 20, 25, 27, 31-38, 42, 45, 46, 50-52, 58 және 59) учаскеге қатысты я ешқандай ақпарат болған жоқ, я олар толық болмады, я таңқаларлық мәліметтер болды, сондықтан оларды қоныс аударушылар үшін жарамды деп тануға жеткілікті негіз болған жоқ. Мысалы, кейбір учаскелерде су көзі ретінде кейбір "ұсақ көлдер", "ұсақ құдықтар", тіпті "томаршықтар", яғни "батпақ"көрсетілген.

Осылайша, анықтамалық кітапта аталған 111 учаскенің тек 42-сін, яғни үштен бір бөлігін ғана сумен қамтамасыз етілген және қоныс аударушылар үшін қол жетімді деп санауға болады.

Бұл учаскелер қоныс аударушыларға және басқа да көптеген жағынан жарамсыз болды деп болжауға болады. Сонымен, 32 учаскені сипаттау кезінде шабындық туралы нұсқаулар болған жоқ. Ақмола уезінде (63-тен) сегіз және Көкшетау уезінде (20-дан) он уезге қатысты шабындық жоқ немесе олар аз деп айтылды. Қалған нұсқаулар нақты болмады ("дала шабындықтары" және т.б.) және тек бірнеше учаскелер туралы ғана олар шабындықтармен қамтамасыз етілген деп айтылды.

Топыраққа келетін болсақ, кейбір учаскелерді сипаттау кезінде тиісті нұсқаулар болмағандықтан, учаскелердің тізіміне олардағы топырақ "сортаң" және тіпті "тасты, ауылшаруашылық дақылына жарамсыз" деген нақты айтылғандары да кірді.

Учаскелердің барлығында дерлік орман болған жоқ.

Бұрын қонысаударушылар келіп тұрып, тұруға жарамсыз болғаннан кейін көшіп кеткен учаскелер де қоныстануға жарамды учаскелер қатарына кіргізілді. Алайда анықтамалық кітапта бұл туралы бір ауыз сөз болған жоқ. Бұндай учаскелер санын автор анықтай алмаған:  

«…бұл үшін 1907 жылғы анықтамалық кітапшаның деректерін бұрынғы жылдары сол басқарма шығарған қонысаударушылар учаскесі деректерімен мұқият салыстыру қажет болар еді. Мысал үшін Ақмола уезіндегі Степок учаскесін келтірейін, «учаскенің жарамсыздығына байланысты» қонысаударушыларға ол жерден көшуге рұқсат етілген»…»

Қоныс аудару басқармасының мәліметтері бойынша Семей облысында 1907 жылғы 1 қаңтарға дейін 21 400 жанға үлес дайындалған, оның 5 545-і бос қалған. Осы уақытқа дейін бос емес учаскелерде 7 200 адамнан тұратын 1 800 отбасы орналастырылды. Барлық бос учаскелер саны 19 болды, олар уездер бойынша келесідей бөлінді:


Уездер

Учаскелер саны

Жан үлесінің саны

Десятина жер

ыңғайлы

ыңғайсыз

барлығы

Павлодар

9 (2)

3049

52282

5308

57590

Қарқаралы

6

2310

35406

15984

51390

Өскемен

3 (2)

477

8283

1107

9390

Зайсан

1

141

2200

200

2400

Барлығы

19

5977

98171

22599

120770


Анықтамалық кітапшаға сәйкес, барлық осы учаскелердің сумен қаншалықты қамтамасыз етілгенін дәл тұжырымдау мүмкін емес, өйткені осыған байланысты нақты сипаттамалар болмады: "тұщы суды табуға болады" немесе "құдықтар қажет" және т.б. деген сияқты сипаттамалар берілді. Кейбір учаскелерге қатысты ғана сумен қажетті деңгейде қамтамасыз етілген деген сипаттамалар болды. Ақыр соңында, басқа сипаттамаларға сүйенсек ("усадьбаларға арналған орындар су іздеулерінен кейін ғана таңдалады"), гидротехникалық зерттеулер барлық учаскелерде бірдей жүргізілген жоқ деген қорытындыға келуге болады.

Екі учаскеде жақсы шабындық көрсетілді, 7 учаскеде – «жеткілікті», 2 учаскеде – «орташа» деп көрсетілді. Тағы бі учаскеде шабындық – «орташа», тағы біріне қатысты дала шабындыққа жарамды жерлер «кездеседі», ал үш учаскеге қатысты олар шабындықпен «қамтамасыз етілмеген» деп көрсетілген.

Көптеген учаскелердегі топырақ сазды болып анықталды, бұл ретте Павлодар уезінің үш учаскесінде - "жер үсті тасы", Қарқаралы уезінің барлық учаскелерінде – "ірі құмды" және "ұсақ тасты" деп көрсетілген. Қоныс аударуәкімшілігінің өзі мұндай топырақтың егіншілікке жарамдылығына күмән келтіріп, кейбір учаскелерге қатысты "ауылшаруашылық-мал шаруашылығына" жарамды болуы мүмкін деп айтқан. Сондай-ақ, "учаске жасанды суару жағдайында егіншілік үшін жарамды болуы мүмкін" деген белгілер болды, ал бұл ретте соңғысының мүмкіндігі туралы ешқандай нұсқаулар болмаған.

Барлық дерлік учаскелер орманның тіпті тал-шіліктің болмауынан зардап шеккен. 

Жоғарыда келтірілген деректерге сүйене отырып, автор қонысаударушылар үшін белгіленген Далалық өлкедегі учаскелер:

  • біріншіден, жеткілікті дәрежеде зерттелмеген;
  • екіншіден, зерттелгендерінің ішіндегілерінің кемшіліктері салдарынан ол жерлерде қонысаударушыларды ұзақ уақыт ұстап отыра алу күмән туғызады  деген қорытындыға келеді.

Сонымен қатар, Ақмола және Семей облыстарындағы қоныс аудару ісінің тарихы байырғы халыққа қатысты әділетсіздіктің мысалдарына толы болды. Алайда, сусыз немесе "тасты" және "ірі құмды" жер учаскелеріне орналастырылған қоныс аударушылардың қандай ауыр сынақтардан өтулеріне тура келгені туралы да мысалдар келтіруге болады. Бірақ бұл тәжірибе Қоныс аудару Басқармасын еш алаңдатпады.  

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?