Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

СИҚЫР МҮСІН СИМФОНИЯСЫ

1447
СИҚЫР МҮСІН СИМФОНИЯСЫ - e-history.kz

Тамила Маматованың туған қырғыз халқының тарихында ғаламдық деңгейге көтеріле алған алыптар шоғырына бүтіндей бет түзеп, солардың тұлғаларын сомдауға ұмтылысы, сөйтіп Қырғыз елінде кенжелеу қалып келген монументальды бейнелеу өнерінің еңсесін биіктете берсем деген ізгі мұраты сүтпен еніп, сүйекке дарыған дейтіндей қасиетімен оқшауланары даусыз шындық. Өйткені, ол сонау Санкт-Петербург қаласындағы И.Репин атындағы Бейнелеу, мүсіндеу мен архитектура академиясында оқып жүргенде-ақ туған топырақ тұғырында тұрған тұлғалар тағдырына қатты қызығатын. Сөйтіп, дипломдық жұмыс тақырыбының ұлы суреткер Шыңғыс Айтматовқа тірелуі де содан болу керек.

Бейнелеу, мүсіндеу мен архитектура академиясының бір оқшау маңдай алды корифейлерінің, профессорларының ілтифат назарына бөленіп, жоғары бағасын алған шағын шеберхана шеңберіне сыймай, музейлер аралап кеткен ағаштан, қоладан, мәрмәрдан құйып, қашап, жонып жасаған сандаған ескерткіштері, талай экспонаттар мен мүсіндердің Академия музейінде қалдырылуы Тамила Абдинабиқызының бұл өнерге тосыннан кездейсоқ келмегендігін айғақтаса, екінші жағынан Академия академия болғалы қарапайым қырғыз қызының дипломдық жұмысының академия ректоратынан бастап, бүкіл профессорлық-оқытушылық құрамының аң-таң болып тамсанып, таңырқап қарауы, ішіп-жеп тесіле сұқтана көз тігуі, оның табиғи талантын қапысыз таныта алған ақжолтай қадамын аңғартқандай еді...

Шын мәнінде, шын асылды тот баспайды екен. Заңғар қаламгер Шыңғыс Айтматовтың бүкіл әлемдік резонанс тудырған әрі оқырмандардың зор сүйіспеншілігіне ие болған туындыларының, өзінің сом тұлғасының бәріне шынайы реалистік асыл қасиет, сирек болмыс мейлінше тән екен.

WhatsApp Image 2021-02-16 at 11.08.10.jpeg

WhatsApp Image 2021-02-16 at 11.08.08.jpeg

Әлеуметтік желілердің бәрін шарлап шыққан менің көз алдымдағы айналмалы тұғырда Шыңғыс «Адамзаттың Айтматовы» қаламгердің төрде отырған бейнесі тұр. Шыңғыстың осы бір үдере жосылған аруақты да адуынды асыл бейнесінің оның барлық ғұмырының шабытқа толы трагедиялық, катарсистік халі, тынымсыз шарқ ұрған арманшыл жанының қиялшыл қияпаты үйлесімді үндестік тапқандай екен. Алысқа көз тіккен, желдің өтінде мақпал қара толқынды қалың шашы желбіреген, қиялай биіктеп, терең ойға шомып отырған Айтматовтың динамизмге толы тұлғасынан мамыражай, бейжай тірлік кешпеген ахуалын аңдап, жан дүниесінің алабұртқан жазушылық, кемеңгерлік қасиеттерін дөп басып, қапысыз танығандаймыз.

Ескерткіште әйгілі Айтматовтың жан дүниесіндегі жасымас жігер мен өршіл арман, сарқылмас қуат пен сырбаз сыршылдық, терең ойлылық пен ізгі мұрат жолынан таймас қайсарлығы тоғысқандай. Осының бәрін жансыз қола мүсіннің өн бойына қапысыз қотара білген Тамила дарынының шүбәсіздігі оның әзірге шағын шеберханасында тұрған Шыңғыс Айтматов ескерткішін зерделей байыптап, терең үңілген зерек көңілге таңылмай қалмас-ау, сірә. Ұлы Роденнің «когда вы лепите, никогда не мыслите в поверхности, а только в глубину», – деген қағидасы ойға оралады бұл тұста.

Мүсінші Тамила Маматованы Шыңғыс Айтматов тақырыбы көптен толғандырғандай ма, қалай, Бішкектегі Шыңғыс Айтматов ескерткішіне сарабдал сабырлылық, алысқа көз тіккен ойшыл жанның бейнесі мен мұндалайтындай. Егер ойға алған жоспары жүзеге асса, ескерткіш қоламен қапталып, етегі таңдамалы шығармаларының ретроспективасымен байланысты бір бедерлі кескіндемемен толыспақ. Онда Шыңғыс бейнесі қазіргіден де сомдалып, ішкі мазмұн толғанысы тереңдей түсері ақиқат. Яғни хас мүсінші шеберханасынан шыққан Шыңғыс Айтматов ескерткіш кешенін қызықтар күн туар болса сөз жоқ Тамила Маматованың ұлы жазушысын мүсіндеуде қол жеткен ірі табысы болып қабылданары ақиқат.

WhatsApp Image 2021-02-16 at 11.08.08 (1).jpeg

Ал мұның бәрі, осы монументте бірін-бірі өзара толықтырып, өзара күшейтіп, өзара ұласып қана қоймай, соншама дербес әлеуметтік-көркемдік-философиялық жүк көтергенде суреткер талантына еріксіз бас иесің.

Ал мұның бәрі, осылайша планетарлық проблема дәрежесіне көтеріліп әрі Айтматов қаламына тән өзгеше шеберлікпен кестеленгенде еріксіз және таңданасың.

Ал мұның бәрі, тарих пен тұлға, өмір мен өлім, жасампаздық пен үкімшілдік, мейірім мен қатыгездік, махаббат пен адамгершілік тәрізді мәңгілік әлеуметтік-көркемдік-философиялық нысаналарға дөп келетін ғажайып көркемдік өрнек салса, тамаша адамзаттық өткірлік пен мұрат дарытқан болса, қалайша таңданбайсың, қалайша сүйсінбейсің!

Сондықтан шығар, Шыңғыс Айтматов осы монументальді кейпінде дөңгеленген жұмыр Жердің біреу екендігін, көк зеңгір Аспанның біреу екендігін, сондағы Күн мен Айдың біреу екендігін, демек осындай Мәңгілік, Ортақ игіліктердің барша қызығын эгоистік мүддеге сәйкес пайдалану ниеттерінің ешқандай опа бермейтініне біздің көзімізді тағы да бір мәрте жеткізе түседі.

Оның үстіне Шыңғыстай шынайы суреткерлердің шығармашылық мүмкіндіктері мен ғажайып құдіретінің шексіз жұмбақтығына, қарапайым әрі күрделі екендігіне тағы бір көз жеткізесің, тағы бір бас иесің! Кез келген салыстырудың әрі дөп, әрі осал тұстары болғанмен, бүкіл поэтикасын танып біткен соң, көз алдыңа Микеланджело мен Сикейростың әлемге әйгілі монументальдық фрескалары басқаша сапада елестегендей, көз алдыңа келгендей болады. Мұны тек әдебиет, мүсін мен жалпы өнерге азық – сюжет ортақтығынан десек мүлдем қателескеніміз немесе мүлдем үстірт пайымдағанымыз болып шығады. Қайта керісінше, барша халықтардың өсіп-өнген, әлі де солай жалғаса беретін ортақ бесігі – Жер бетіндегі ұлы тіршіліктің жалпыадамзаттық мұраттары мен трагедиялық дерттерін реалистік қуатпен жеткізе білудегі суреткерлік құдірет пен гуманизм, соған лайық кемел ойшылдық, философиялық ересен масштабтылық тәрізді сирек қасиеттердің ғасырлар бойындағы жалғасқан сабақтастығынан, үндестігінен дегеніміз абзал. Мұны осы тұрғыда ғажайып ырыс-несібе, әрі заңды, әрі жүрекке етене ғажайып ассоциация демеске, қуанбасқа, сүйінбеске әддің жоқ.

WhatsApp Image 2021-02-16 at 11.08.09.jpeg

«Искусство – прекрасный урок искренности», дегенді тағы да Огюст Роден айтқан. Мен ТМД шеңберінде саусақпен санарлық қана мүсіншілер шоғыры ішінен Тамила Маматованың осы саладағы бірегей бітімді озық өнерін әспеттеуі әсерлі, марапатты мол тілмен қаншама қырлап-сырлап жеткізбекке ұмтылғаныммен мүсіншінің төл туындыларының қадір-қасиетіне терең бойлап барынша қамту мүмкін еместей. Өйткені мүсіндегі мінсіздікпен қатар оның бойынан табылар-табылмас детальдар мен тек сол өнерге ғана тән заңдылықтарды барынша зерделей алу оңайлықпен қолға түсе бермесі анық. Қарапайым көрермендей сыртқы пошым бітімге қызықтау мен кәсіпқой мамандай ішкі мазмұнға үңіле білу арасындағы алшақтық жақындамай мүсіншілк өнердің өресі биік өзіндік мәнін түсіну де оңай болмас. Осы тұрғыдан алғанда Тамиланың бірегей туындылары туған топырағының мәртебесін биіктетіп, мәдени болмысын мазмұндырақ етуде елеулі бір белестей биікте, дәлірек айтсақ жұлдызды биікте тұрғандығы ақиқат. Ал ақиқат Роден айтқандай, қашанда шынайы шындықпен ғана шырайлы, мәртебелі. Олай болса қырғыз, қазақ халықтарының тарихын бір өнерпаздай мәңгілік өнер-мүсіндеу тілімен сөйлете алып жүрген қарындасым ТАМИЛА МАМАТОВАМЕН бір дәуірде өмір сүргенімізді бүгінгі замандастары мақтан тұта алса еш артықтығы жоқ па деймін.

Аян ҚАЖЫБАЙ,

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, 

Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі,

филология ғылымдарының кандидаты. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?