Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Өзін өзі тұлғалаған адам. 1-бөлім

1508
Өзін өзі тұлғалаған адам. 1-бөлім - e-history.kz

Виктор Иванович Козодой – тарих ғылымдарының докторы, публицист,  40-тан аса ғылыми жұмыстың, оның ішінде 11 монографияның авторы, Новосибирск облысының вице губернаторы, Сібірдегі Басқару және бұқаралық коммуникациялар академиясының ректоры болған, Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімінің Тарих институтын басқарған. Қазір Виктор Иванович Әлихан Бөкейхан туралы кітап жазу үстінде. Кітаптың жұмыс атауы «Алихан Букейханов. Политический портрет на фоне эпохи».

Кітаптың атынан көрініп тұрғандай, автор Әлиханның туғаннан бастап 1937 жылы қаза болғанға дейінгі өмірі туралы жазады.  «Белгілі бір адам туралы әңгімелеу үшін дәл сол кезеңде Қазақстанда, Ресей империясында, Кеңес Одағында және әлемде болып жатқан саяси оқиғаларды түсіну керек»,- деп санайды зерттеуші. Зерттеушілер тек өз дереккөздеріне ғана үңіліп, осы аядан алшақтап, оқиғаларды жалпыәлемдік контекстен жұлып алып қарайтын болса, көптеген мәселелер сол кезде туындайды. Сондай сәттерде мән-мағына жоғалып, оқиғалардың қалай болғанын түсініксіз болады.  

В.И. Козодой кандидаттық диссертациясынан бастап, міне, ширек ғасырдан астам уақыт бойы мемлекет тарихының бетбұрыс кезеңдерінің тарихына қатысты мәселелерді, айтар болсақ, революция, қайта құру, Кеңес Одағының күйреуі сияқты мәселелерді зерттеумен айналысып келеді. Соңғы жылдары ол Ресей революциясы, Азаматтық соғыс кезеңіндегі Сібір тарихы сияқты жаһандық процесті зерттеуге бет бұрды. Бұл тарихтың ақтаңдақтары немесе тарихшының сөзімен айтар болсақ «қызғылт дақтары» әлі де көп, сол себепті де ол осы кезеңді зерттеуге бетбұрған. 

Автор материал жинай отырып, 1918 жылғы Сібірдің, Сібір республикасының барша тарихын Алаш сияқты маңызды, қызықты құбылыссыз толық түсіну мүмкін емес деген қорытындыға келеді. Бұл құбылыстан бөле-жара қарар болсақ, онда көптеген дүниелер түсініксіз болады. Ал Алаш қозғалысы тұрған жерде, оның көсемі – Әлихан Бөкейханның өмірбаянын зерттемей, айналып өтуге болмайды. Профессордың өзіндік зерттеу әдісі бар - бұл тарихты белгілі, ірі тарихи тұлғалардың өмірбаяны арқылы зерттеу. Бұл болған оқиғаларға басты кейіпкерлердің біреуінің көзімен қарау деген өзіндік көзқарас.

Автор Әлихан Бөкейханның өмірбаянын зерттеуде жолы болғанын айтады. 2019 жылы оны Павлодарға дәріс оқуға шақырады, сонда бос уақытында Павлодар облыстық кітапханасында, облыстық өлкетану мұражайында және мұрағатта жұмыс істеу мүмкіндігі пайда болады. Ол осы зерттеулерге жан-тәнімен кірісіп кетеді, және Алаш туралы материалдар көптеп табыла бастаған сайын, оны Әлихан Бөкейханның өмірбаяны баурай түседі. Тарау үшін көп қызықты материалдар жиналады, сол кезде ол осындай адам туралы кітап жазу керектігін түсінеді. Оның үстіне Ресейде мұндай ірі тарихи тұлға туралыжазылған бірде-бір кітап жоқ, демек, бұл тұрғыдан алғанда «алаңқай» тап-таза деп айтуға болады. Зерттеуші қоғамды осындай ірі, қызықты саяси қайраткердің өмірбаянымен таныстыруды өзінің ғылыми міндеті деп санады.

Әлихан Бөкейханның туған күніне қатысты бірнеше даулы мәселелер де бар, бірақ тарихшы 1870 жыл деген датаны ұстанады және бұл үшін дәйекті негіздер де бар. Біріншіден, Бұл Омбы облысының мұрағатындағы Омбы техникалық училищесінде оқуына байланысты құжаттары – онда 1870 жылы туғаны анық көрсетілген. Санкт-Петербург Орман институтының құжаттарында да 1870 жыл жазылған.

Виктор Иванович Томск облысының Мемлекеттік мұрағатынан осыған дейін бірде-бір қазақстандық зерттеуші қолданбаған құжаттарды тапқан. Бұл Әлихан Бөкейхан қатысқан Сібір облыстық съезіне қатысты «Сибирский областной съезд. Октябрь 1917 года» Қорының құжаттары.

Бұл қорда облыстық съезге қатысқандардың сауалнамалары сақтаулы, олардың ішінде Әлихан Бөкейханның да сауалнамасы бар. Бұл құжат – түпнұсқа! Съезд қатысушысының сауалнамасын Әлихан өз қолымен толтырған, төменгі жағына қол қойған. Бұл өте маңызды құжат! «Жасы» деген тармаққа ол – 48 деп жазған. Егер 1917 жылы ол 48-де болған деп санасақ, онда оның 1870 жылы туғаны!

6e8bb2abdafe724487c25cfe7b89b74d.jpeg

Оның 1866 жылы дүниеге келгені туралы ақпарат Кеңес өкіметі жылдарында қамауға алынған кездегі тұтқынның сауалнамасынан алынған. Алғаш рет бұл дата 1926 жылы пайда болған. Сауалнамаға тұтқын қол қойған кезде, оның бас бостандығы жоқ, елеулі психологиялық, физикалық қысым жасалған, бұл осы құжаттардың сенімділігіне күмән тудырады. Ал облыстық съезд қатысушысының сауалнамасын толтырған кезде ол толықтай еркін болды (ол кезде ол Торғай облысының комиссары болған), оған ешкім қысым жасамады, осы сауалнаманы өз қолымен толтырды.

Козодой 1906 жылы Павлодар түрмесіндегі Әлихан Бөкейханның эпопеясына қызықты түсініктеме береді. Бұл кез несімен ерекше? 1905 жыл – бұл Бірінші орыс революциясының кезі, 1905 жылдың соңында Мемлекеттік Думаға сайлауға дайындық туралы жарияланып, саяси партияларды ұйымдастыру басталды. Мысалы, Омбы мұрағатында күзет бөлімінің агенттері осы уақыт кезеңін қызықты сипаттаған қызықты құжаты сақталған. Мысалы, Әлихан Бөкейханның байланысы бар кадеттер де қатысқан октябршілер саяси жиындарын өткізген кезде билік жандайшаптары осы жиындарды болдырмауға мейлінше жандарын салған. Саяси және әлеуметтік тұрғыдан алғанда бұл кез өте қызу шақ болды.

Билік органдары не болып жатқанын түсінбеді ме? Үнемі тыныштық, тәртіп болатын, енді келіп аяқ астынан – митингілер, жиындар, бірдеңелерді талап ету, жазу, шағымданулар басталып кетеді. Әлиханға тінтулер жүргізіп, бір құжаттарды іздейді. «КД» съезіне шақырған жеделхатты табады. Әлиханды «КД» деген не?» деп сұрақтың астына алады. Бұл «конституциялық демократтар» деген саяси партия екендігі күзет бөлімшесінің қаперіне кіріп те шықпайды. Ол үгіт жұмысымен айналысуға шыққан кезде, оны тұтқынға алады. Оның маңызды бірдеңені басқарып жүргенін сезеді, бірақ нақты нені бұзып жүргеніне ешкім айып таға алмайды. Ол жеке камерада отырған, хат-хабар еркін кіргізілген, тіпті жиналыс өткізуге де рұқсат етілген. Мемлекеттік Думаға сайлаушы ретінде ұсынылған кезде, оны бірден босатқан.

Күзет бөлімінің құжаттарына сәйкес, ол барлық саяси оқиғалардың, ұйымдардың, петициялардың және басқа да іс-шаралардың бел ортасында жүрген, солардың жетекшісі болған, әсіресе Омбыда.

Шенеуніктер адамдарға еркіндік берілді деп санады, бірақ бұл ұзаққа созылмайды. Көп ұзамай бәрі тынышталып, бұрынғы қалпына түседі. Кез-келген белсенділік революциялық ретінде қабылданады, ал, жалпы Әлиханды революционерлерге жатқызуға болмайды, ол әрі кетсе – оппозициялық партияның мүшесі. Ол әрдайым заңды, ашық түрде әрекет еткен, астыртын жұмыс істемеген, алайда, күзетшілер мен жандармерия бұны түсінбеген.

Тарихшының түсінігінше Әлихан Бөкейханның саяси қызметінің ең шырқау шыңы – бұл, әрине, 1917-1920 жылдардағы Алаш автономиясы.

Зерттеу жүргізуге тарихшыны не итермеледі? Өзі мойындағандай, бұл Әлихан Бөкейханның болмысына деген қызығушылық. Ұлан-байтақ Ресей империясында жүздеген халық тұрып жатты. Революция болған кезде барлық халық бірдей автономия құрып кете алған жоқ. Қазақ халқының қолынан келді. «Бұл қалай болды, не себеп болды?»,- деген сұрақтар туындайды. Бұл көп жағдайда Әлихан Бөкейхан мен оның жақтастарының көшбасшылық қасиеттері.

Осы жерде тарихшы тарихты зерделеудегі өзінің жеке тәсілімен саяси көшбасшының өмірбаянын түгел қарап шығу керек деп шешеді. Бұған не себеп болды? 1917 жылға ол қандай білім байлығымен келді? «Алаш» партиясын құруға оған не көмектесті немесе себепші болды?

Жалғасы бар

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?