Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтардың қоғамдық-экономикалық өмірінің очерктері. 6-бөлім

1709
Қазақтардың қоғамдық-экономикалық өмірінің очерктері. 6-бөлім - e-history.kz

Сурет: total.kz

Коншин Павлодар уезінде жалға алынған жерде қоныстанған қазақ ауылдарының экономикалық тұрмысын зерттеді. «Очерки экономического быта киргиз Семипалатинской области» атты еңбегінде ол "шаруашылықтардың әр тобында жылқы көп болған сайын, онда егіншілікпен айналысатын шаруашылықтардың пайызы да арта түседі, және әрбір шаруашылықта егістің орташа мөлшері де соғұрлым көп болады». 

Бұл тек жалға алынған жерлерде тұратын Павлодар уезінің қазақтарына ғана қатысты емес, сонымен бірге бүкіл қазақ даласына таралған жалпы ереже болды. Алайда, Павлодар уезінде жалға алынған жерлерде қыстап шыққан (отырықшы өмір сүрген) қазақтар бай емес, экономикалық жағдайы бойынша «орташа», тіпті орташадан да төмен болғанын атап өткен жөн. Мұнда ауыл шаруашылығының дамуы мал шаруашылығының дамуымен қатар жүрді.

В.К. Никольский, қазақтар арасында егіншіліктің дамуы туралы айта отырып, жайылымдық жердің жылдан жылға қатты қысқаруына байланысты қазақтардың көшіп-қонуының да азая бастағанын жазған. Бұған дейінгі бөлімдерде Өскемен және Семей уездерінде және басқа жерлердегі отырықшы қазақтар туралы айтылған болатын. Чермак Шу өзеніндегі қазақтардың көшпей, отырықшы өмір сүргенін жазған. Семей облысындағы ресми деректер бойынша (1900 жылғы Семей облысы бойынша статистикалық мәліметтер) казак жерінде тұрған 55 203 қазақтың 11 051-і мүлдем көшіп-қонбаған. Сонымен қатар Белағаш, Ремовка және басқа да далаларда жалға алынған жерлерде тұрған қазақтар да көшпеген, ал Томск губерниясының әртүрлі ауылдарындағы 26 469 адам да көшіп-қонбаған. Добросмысловтың айтуынша («Скотоводство в Тургайской области»): «өсімдікке бай және егіншілік дамыған жерлердегі көшіп-қону өзінің бастапқы сипатын жоғалтты. Ақтөбе және Николаев уездерінің қырғыздары қазіргі уақытта, аз ғана жағдайларды қоспағанда, қыстақтарынан 20-40 верст қашықтықтан алысқа көшпейді». Бұл Кауфманның зерттеуін растайды, ол Жайық және Елек өзендерінің бойында қыстайтын қазақтар қыстаудан 15-20 версттен артық жерге көшпейтінін айтқан. Көп жерлерде олар қыстауларынан 10 тіпті 5 версттен де алшақтамайтын. Айта кетерлігі, қыстаулар бөренелерден немесе қам кірпіштен не болмаса шым кірпіштен (ормансыз даладағы қоныс аударушылардың ауылдарындай) салынған үйлер болатын. Мал дәрігері Михайлов Петропавл уезінің («Ақмола облысының Қырғыз даласы») сипаттамасы жайлы өз еңбегінде мүлде көшіп-қонбаған ауылдардың болғанын, олардың тұрғындары жазда да қыстауларда өмір сүргенін атап өткен. А.М. Никольскийдің айтуынша («Путешествие на озеро. Балхаш и в Семиреченскую область»): «Іле бойынша, әсіресе Камауиде... Қараталдың төменгі жағында қырғыздар жыл бойы қалады және жазда егіншілікпен айналысады». Көшіп-қонуды біртіндеп қысқарту және отырықшылыққа көшу процесі, әсіресе егіншілікке көшуге байланысты қазақ өмірімен байланыста болған адамдардың үлкен тобының көбейгенін көрсетеді. Тұрақты қыстаулар салынып, қазақтар олар 15-20 верстке көшуді бастағаннан кейін-ақ, олар, көпшілігі қыстау салмай, қыстауларынан жүздеген верстке көшіп жүретін ХІХ ғасырдың ортасындағы көшпенділер сияқты болудан қалған. Енді тұрақты қысқы тұрғын үй салып, жазда оларға жақын жерге көшетін қазақтар, алқаптарының ауылдардан қашықтығына байланысты қысқы үйлерін айлап тастап, далада, асығыс жасалған жаппаларда немесе тіпті арбаның астында тұруға мәжбүр болған казактармен және шаруалармен теңесті. Катанаевтың айтуынша («Хлебопашество в Бельагачской безводной степи Алтайского горного округа»), «көктем келіп, егістіктен қар кете салысымен, Ертіс бойындағы барлық диқаншылар түгел отбасыларымен бірге тұрғылықты жерінен белағақаштағы зәйімкелеріне қарай көшетін. Тірлікке қажетті барлық заттары, ыдыс-аяқтары, малдары мен құтары да бірге көшетін».

Қазақтар қыстауларынан ең әрі дегенде 50 верстке ғана көшетін, ал Семей уезінің көптеген кенттерінен Белағашқа дейін 50-ден артық верст болатын. Сонда, казактар қазақтарға қарағанда көбірек көшпенді болғанға ұқсайды.

Қазақтардың ең ауқатты тобы ХХ ғасырдың басына дейін мал шаруашылығымен айналысқан. Дала буржуазиясы дала облыстарындағы барлық жәрмеңкелерді мал мен шикізатпен толтырды.

Осы тапқа жататын қазақтардың барлығы жүздеген, мыңдаған, ал кейбіреулері ондаған мың бас мал, жылқы, түйе, сиыр, қой мен ешкіге иелік еткен. Жылдан жылға далада жалдамалы жұмысшылар табы (пролетариат) өскендіктен, мықты шаруашылық бірліктері кедейлерден экспроприацияланған малды өз қолдарына шоғырландырып, өз табындарын көбейтіп отырды. Пролетариат табының ұлғаюымен қазақтардың қолындағы мал басының саны азайған жоқ, керісінше өсті. Семей облысы бойынша 1895, 1896 және 1899 жылдардағы «Шолулар» осы өсімді анық көрсетеді. Мәселен, 1895 жылы облыс бойынша қазақтарда 3 095 052 бас, 1896 жылы - 3 132 311 бас, ал 1899 жылы - 3 260 956 (1899 жылғы статистикалық мәліметтер) мал болған. Басқаша айтқанда, ал мал иеленушілердің саны айтарлықтай азайғанына қарамастан, мал саны едәуір өскен.

Жергілікті статистер де малды бөлу мәселесі туралы ойланды. Бұл мәселеге әр қырынан келіп, цифрлық деректермен абайлап жұмыс жасай отырып, «Семей облысына 1895 жылғы шолудың» авторлары мынадай қорытындыға келеді: «существует основание думать, что оно (скотоводство) пойдет по пути концентрация скота в немногих руках в связи с переходом к более рациональным системам ведения хозяйства».

Торғай облысындағы мал шаруашылығы туралы («Скотоводство в Тургайской области») еңбегінде мал дәрігері Добросмыслов: «облыстың солтүстік уездерінің қырғыздары соңғы уақытта өз шаруашылықтарына аса қамқор бола бастады және қыста шөп қорын жасай бастады»,- деп атап өткен.

Мал дәрігері Михайловтың айтуынша, Ақмола облысында қазақтар қысқа шөп дайындаған. Құсмұрын болысындағы қазақтар шөп дайындау көлемін ірі қараның басына 20-25 көпене және жылқы басына 50 көпенеден белгілеген. Қазақтар дайындаған әр көпенеде 4-5 пұт шөп болған («Киргизские степи Акмолинской области»). Чермактың айтуынша («Оседлые киргизы-земледельцы на реке Чу»), Шу өзенінің маңындағы қазақтар жоңышқа, ал Жетісуда, Зеландтың айтуынша(«Киргизы»), беде еккен.

Сол кездегі баспа материалдары бай қазақтар арасында шөп шабатын машиналардың таралғаны туралы әңгімелерді растайды. Кауфман 1890 жылы Торғай облыстық басқармасы шөп шабатын машина алып, оны қырғыздардың осындай машиналармен танысуы үшін Бөрілі болыс басқармасына бергені туралы жазады. Одан әрі «1893 жылдың басында Бөрілі болысының қырғыздарында өздерінің 30 шөп шабатын машинасы болды, , тағы 28 шөп шабатын машина Ақтөбе мен Қостанай уездерінің қырғыз болыстарында жұмыс істеді»,-деп жазады («Отчет старшего производителя работ Кауфмана…»). Шөп шабатын машиналарды бай қазақтар сатып алды, солар үшін жұмыс істеді, өйткені кедейлердің машина үшін 100 рубль, тіпті одан да көп төлеуге мүмкіндігі болмады. Бұдан басқа, бай қазақтар малды қысқы бұрқасын мен аяздың зиянды әсерінен қорғау мақсатында ол үшін жақсы және жылы қашалар салғанын атап өту қажет, бұндай қаша жасауға кедейлерде мүмкіндік болған жоқ («Скотоводство в Тургайской области»).

Дамып келе жатқан сауда және егіс алқаптарының кеңеюі, егіншілік шаруашылығының байырғы қазақ мал шаруашылығымен сөзсіз қақтығысуы көшпенділердің назарын егіншілікке аударды. Бұқара халықтың мүліктік таптарға бөлінуі малшылардың кедей бөлігін дәнді дақылдар мәдениетіне көшуге мәжбүр етті. Алайда, нанға деген сұраныс, жұмыс күшінің кқптігі және жалақының төмендігіне байланысты соңғының беретін пайдасы ауқаттылар тобын да егіншілікке бағыттатты. Осылайша, осы таптың өкілдері өз жерлерінде және әкімшілік осы мақсат үшін бөлген немесе жалға алынған жерлерде астық өсімдіктерін өсіруді бастайды. Бірінші жағдайда қазақ қоғамдарының иелігіндегі жерлерге қатысты болған кезде байлар барлық жерде ең жақсы жерлерді өздеріне тартып алды. Коншин: «Қырғыздардың иелігінде әлі күнге дейін үлкен жер көлемі бар, және бұл бір қарағанда таңқаларлық, өйткені олардың арасында жерді тек казактардан ғана емес, сонымен бірге бір-бірінен жалға алуға мәжбүр болған жері жоқ адамдар көп. Тіпті, заңмен рұқсат етілмесе де, жер сатылады және сатып алынады», - деп жазған («К вопросу о переходе киргиз Семипалатинской области в оседлое состояние»). Кранихфельдт Орал уезінде байлар рулық жерді иеленіп алып, «осылайша оны жеке меншікке айналдырады» деп жазды («Степное киргизское хозяйство в Уральском уезде»). Кауфман да өз есебінде осы мәселені қозғап, былай дейді: «В то время, когда богатые и влиятельные лица из киргиз захватили несметные количества земли, на которых разводят сотни и тысячи голов скота и из которых могут еще сдавать в аренду обширные площади, в это время бедняки - байгуши и джетаки - нередко совершенно не имеют земли. Крайняя неравномерность в распределении земель между киргизами - факт, не подлежащий сомнению» («Отчет старшего производителя работ Кауфмана…»).

Материалдарды зерделей келе, В.К. Никольский бай қазақтар егіншілікпен өз тұтынуы үшін емес, нарық үшін, артық құн алу және өз кірістерін ұлғайту мақсатында айналыса бастады деген қорытындыға келді. Байлар егіншіліктің дамуына дейін де тек жануарлар мен сүт тағамдарына артықшылық бере отырып, нанды аз тұтынған. Көкшетау уезінде, мысалы, 50-ден 100-ге дейін жылқысы бар және осыған сәйкес ірі қара мен ұсақ малдың едәуір мөлшері бар шаруашылықтар тобында бір жан басына жылына 11,6 пұт ет тұтынылған. Ал 100-ден астам жылқысы бар шаруашылықтарда жылына жан басына - 22,5 пұт ет тұтынылған («К истории экономических отношений у киргиз»). Осы арада байлар үлкен егістік жерлерге егін де еккен. Олардан алынған астық еуропалық нарықтарға да, жергілікті нарықтарға да шыққан, яғни жылына 0,7 пұттан ет тұтынатын және тұтыну өнімі ретінде нан аса маңызды рөл атқаратын шаруашылық топтарының қазақтары сатып алған. Бұл дәрменсіз шаруашылықтар аздап егін салған, көбінесе күзден бастап оны әртүрлі міндеттерді төлеу үшін сатып, кейін оны өздері сатып алуға мәжбүр болған. Зерттеуші Коншиннің қорытындысы да осы жағдайды растайды: «байлар егіншілікпен өздері үшін емес, оны сату үшін айналысады» («К вопросу о переходе киргиз Семипалатинской области в оседлое состояние»).

Жерді өңдеуге келетін болсақ, қазақтың ірі шаруашылық бірліктері үлкен учаскелерге егін салған, ол үшін жалақысы өте төмен жатақтардың еңбегін пайдаланған. Коншин өзінің «По Устькаменогорскому уезду» деп аталатын жолжазбасында жалға алынған жерде тұрған Жақсыбай мен Қаңтарбай деген байлардың ауылын былайша сипаттаған: «Я долго старался выяснить те условия, на каких принимают к себе бедняков разные Джаксыбаи и Конторбаи. Сначала вас поразит кажущаяся патриархальность этих условий: плата за место, будто бы не берется («бедняки, что с них возьмешь?»), обязательной работы нет - непременно «помощь» и т.д... и только потом, сквозь туман этих уклончивых ответов (а на них большие мастера Джаксыбаи), начинает становиться для вас ясным, что тут, в сущности, что-то близкое к крепостному праву».

Қарқаралы уезіндегі Жолдин ауылында 30 шақты түтін жатақтар тұрған. «Жолдин бұл қырғыздардан жалға беру ақысын алмайды, оның есесіне бұл кедейлер оған 70 десятинаға дейін жерді тегін жыртып береді» («К вопросу о переходе киргиз Семипалатинской области в оседлое состояние»). Осылайша, бай қазақтар тұрақты арзан жұмысшыларды тауып отырды. Жалға берілетін жерлердегі амал осы.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?