Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Клеменц жазбаларындағы көшпелі тұрмыс. 2-бөлім

1673
Клеменц жазбаларындағы көшпелі тұрмыс. 2-бөлім - e-history.kz

«Qazaqstan Tarihy» порталы 1908 жылы «Сибирские вопросы» газетінде жарияланған белгілі этнограф Дмитрий Александрович Клеменцтің «Заметки о кочевом быте» жұмысымен таныстырады. Д. Клеменцтің Сібір халықтарымен байланысты зерттеулері назар аударуға тұрарлық. Д. Клеменц Сібір тайпаларының өмірі мен тұрмысына терең бойлай алды. 

Екінші бөлім

Көшпелі өмір - мәдениет тарихындағы салыстырмалы түрде жаңа құбылыс. Егіншілік пен аң аулау мал шаруашылығынан әлдеқайда ерте пайда болған. Еркек пен әйел арасындағы еңбек бөлінісінен егіншілік дамыды.

Адамның аңшыдан малшыға айналу процесі басқа жолмен жүрген болуы керек. Әр түрлі аңшылық жануарлардың арасында, аймақтың фаунасы қаншалықты алуан түрлі болғанына қарамастан, халықтың тіршілігі үшін ең маңызды болып табылатын әрқашан бір, кейде бірнеше түрі кездеседі. Бұл аң туралы аңшы бүге-шігесіне дейін біледі. Ол тіпті оған өзінше қамқорлық көрсетіп, қорғап та жүреді. Мұндай жануарлар аңшылардың өмірінде қажетті элемент болып табылады, басқа жануарлар тіршіліктің негізгі көзіне көмекші ретінде қызмет етеді.

Бұндай қарым -қатынастың мысалы - бұғы, бизон және т.б. Адам мен осы жануарлар арасында тығыз қарым-қатынас пайда болады.  Лопарьлар да, самоедтер де, чукчалар да бұғысыз өмір сүре алмайды. Олар бұғылармен бірге жазда солтүстікке, қыста оңтүстікке, орман шекараларына қарай көшіп жүреді; дәл осылай америкалық үндіс те (индеец) бизонмен бірде солтүстікке, бірде оңтүстікке көшіп жүрді. Былайша айтқанда – бұл көшпелі өмірдің басы болатын-ды. Металдармен танысу дәуіріне дейінгі кезеңде Кәрі құрлықта күйіс қайыратын және ай тұяқты жануарлар көп болды. Бұлардың бәрі де үйірмен өмір сүретін шөпқоректі жануарлар: жұптасып немесе ұсақ топтармен өмір сүретін аңдарға қарағанда, оларды аулау әлдеқайда тиімді және ыңғайлы болды. О баста адамдардың көшіп-қонуын үйірлер қозғалысы басқарса, енді жануарлардың көшуін адам басқаратын болды. Бұл жануарларды адамға жақындауға мәжбүр етті: бұзауын ұстап алсаң болды, қанша жерден адамнан қорқып тұрса да, сиыр оның тұрағына келетін. Сүтпен қоректену, малға ие болу екі құбылысты тудырды: олар адамға құрғақ шөпті далада, тіпті шөл далада өмір сүруге және үлкен топтармен батыл қоныстануға мүмкіндік берді. Бұл уақытша қоныстың мөлшері мал басының санына байланысты болды. Дәл осы жағдай қозғалыс көлеміне, көшіп-қону орбитасының ұзындығына себеп болды.

Шаруашылықтың қарабайыр, тарихқа дейінгі кезеңін іздестіре отырып, кейбір этнологтар адамдар тек қоректік заттарды жинаумен айналысатын осындай кезеңді құруға тырысып көрді және терімші (Sämmler) деген жаңа термин енгізді; бірақ, біздің ойымызша, мұндай кезең антропоидтардан homo sapiens пайда болған кезде мүмкін емес еді. Бұл кезеңде адамның аң аулаумен айналысқаны сөзсіз. Түйнектерді, тамырларды, жемістерді жануарлар да іздеді, ал адамның бәсекелестерімен күрескені сөзсіз, оларды қуалап, өлтірді және етін пайдаланды. Сонымен қатар, дамудың ең қарабайыр сатысында да адам жай ғана ермек үшін жанына жануарлар мен құстарды жинады. «Терімші» терминінің орнына біз алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі тайпаларды төменгі және жоғарғы типтегі аңшылар деп бөлген дұрысырақ деп танимыз.

Осы жоғарғы аңшылардың ішінде, көшпелі мәдениеттің негізі болған жануарларды қолға үйретуге алғашқы әрекеттер жасалғаны сөзсіз. Ежелгі және материалдық жағынан қарапайым ауылшаруашылық тұрмысы кеңінен таралды, өйткені өсімдіктер жануарларға қарағанда адамзат мәдениетіне оңай бой алдырды. Ең мәдениетті тайпалардың негізгі кәсібіне айналған егіншілік одан әрі жетілдірілді, оған басқа өмір сүру формаларын жақсартуға қарағанда әлдеқайда көп еңбек пен тапқырлық жұмсалды. Бұл еңбекті қолданудың ең мінсіз түрі болып саналады. Бұл көптеген өндіріс өнеркәсібін тудырды және тек диқаншының өзін ғана емес, сонымен қатар егін екпейтін басқа да адамдардың қажеттіліктерін қанағаттандыратын заттарды өңдеумен айналысатын адамдардың үлкен массасын асырады.  Содан бері барлық оқулықтарда аксиома түрінде: егіншілік - тұрмыстың ең мінсіз түрі қағидат боп қайталанып келеді.

Егіншілік формасы қаншалықты өнімді болса да, ол жалғыз емес. Ең мәдениетті елдердің өзінде де аң өнеркәсібі де, көшпелі тұрмыс та жоғалып кеткен жоқ. Ашығын айтайық, олар мәдениетті қоғамдар үшін өмірлік көмек ретінде қажет.

Көшпелі тұрмыс жетілдіруге аз ұшырады. Көшпенділер - құрлықтардағы далалар мен шөлдердің тұрғындары, мәдени елдердің өнімдерін үлкен көлемде қолданылғанына қарамастан, көп жағдайда мәдени әсерден алшақ өмір сүрді. Дәл осы сияқты мал шаруашылығы өнімдері де жоғары мәдениетті халықтардың өмірінде маңызды рөл атқарады.

Біздің сүйікті қара шайымыз өгіз терісімен әкелінеді, ал оны дайындау үшін бір ғана Кяхтада 300000 дана кетеді. Шетелде саудагер сізге қымбат бағаға бәтіңкесін өткізу үшін оның американдық былғарыдан, яғни аргентиналық көшпенділерден әкелінген былғарыдан, тігілді деп алдап, ант-су ішеді. Теріні шай қаптауға жұмсау тиімсіз, аяқ киім де солай, американдық немесе азиаттық былғарсыз да аяқ киім киюге болады, ал енді Лондонның және басқа да ірі қалалардың бай емес таптары немен тамақтанатынын есімізге түсіріп көрейікші. Атақты ростбифтер мен бифстейктер өте қымбат. Тіпті Англияда сүйіп жейтін бекон үшін шошқа еті Америкадан әкелінеді. Австралиядан келетін ет консервілері, тұздалған ет, тіпті экватордан келетін жас сойылған қой еті де Лондонда өздерінікіне қарағанда, арзан тұрады. Жетілдірілген шаруашылық, үлгілі мал шаруашылығы адамның негізгі азық-түлік өнімдерінің бірі-етті қолжетімді бағада бере алмайды. Өз елінде шығарылған бір кесек ет шеттен келген герметикалық қапталған еттен қымбат тұрады. Бізде де дәл солай. Петербор, Мәскеу, Иркутск Моңғолиядан келген етті, енисейлік алтын кәсіпшілігі – қырғыз даласынан келген етті пайдаланады. 2000 версттан айдалып әкелінген мал, жергілікті малдан арзан тұрады. Сонымен, біз көшпелі өмірге қалай қарасақ та, бұл тек бізде ғана емес, бізден де мәдени елдерде де халықтың әл-ауқатының негізгі мәселесіне, азық-түліктің арзандауына айтарлықтай көмек екенін мойындауымыз керек. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?