Ресейге бодандық. Елші Тевкелевтің жеңісі
Тевкелевтің Кіші ордаға келуі жайлы Ресей Мемлекеттік Кеңес мүшесі, отарлау теоретиктерінің бірі Алексей Ираклиевич Левшин (1798-1879) өзінің «Қырғыз-қазақ, немесе қырғыз-қазақ ордалары мен даласының сипаттамасы» атты еңбегінде: «Тевкелевтің Ордаға келуі қулығы күшті Әбілқайырдың билікке құштар ойларын түгелдей ашып берді. Ресейдің қол астына жаңадан өтетіндерден ант алу үшін келген шенеуніктердің өздеріне жүктелген қызметіне сай жылы қарсы алынбағаны былай тұрсын, олар тіпті келген бойда-ақ өз өмірлерінен айырылып қала жаздады. Қырғыздар (қазақтар) өздерінің тағылық табиғи бостандығын жоғалтып алатыны жөнінде ойланған кезде ашу-ызаға булықты, орталарына келген орыстарды көріп, кенеттен қатты толқыды. Тевкелевті тіпті сол жерде-ақ құрбандыққа шалып жібере жаздады. Оны ханның өзі қорғап қалды. Бірақ ол өзгелердің ашу-ызаға толы толқуын баса алмады. Оның өзінің қол астындағы небір ер жүрек жандардың кейбіреулері ханның өзіне қол салып, өздерінің келісімінсіз шетелдік мемлекетпен неге келісім жасасқаны, оған бас иіп, бағынуға өз атынан ғана емес, бүкіл орданың атынан уәде еткені туралы есеп беруді талап етті. Әбілқайыр өзінің елшілерін Ресейге жөнелтерде аз ғана қырғыз-қайсақ жиналысын келісім беруге мәжбүр еткенін естігеннен кейін мұндай қарсылықтың болмай қоймайтынын күтпеу тіпті мүмкін емес еді. Сол бір қулыққа толы батылдық оның өз өміріне де қауіп төндіретін болатын... Қырғыз-қайсақтар Тевкелевті өз қолдарымен бауыздап, құрбандыққа шалуға талай рет ұмтылғанда, ол Әбілқайырдың арашашы болғандығынан емес, сонымен қатар ордалықтармен діндес болуының және сөз тапқыш шешендігінің арқасында ғана аман қалды...», – дейді (Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қазақ ордалары мен даласының сипаттамасы. – Алматы, 1996. – 181-б.).
Осындағы Левшин жазбасын саясаткер-тарихшы Мұхтар Құл-Мұхамедтің де пікірі айқандай түседі. Мұхтар Абрарұлының пайымынша: «өз ханының байланыстарын білмеген халық орыс патшасына қарайтыны жөнінде ант алуға келген орыс шенеунігінің әрекетіне таң қалды, тіпті бірнеше рет Тевкелевті өлтірмек те болды», – дейді (Құл-Мұхамед М. Орыс энциклопедиясындағы қазақ шежіресі. – Алматы: Атамұра, 1994. – 118-б.).
Ресей барлаушысы Рычковтың «Орынбор тарихы» еңбегінде жазып кеткендей, Тевкелев өзінің сөйлеу мәнеріндегі шешендігімен қатар, оның қасында қазақтар арасында өте үлкен беделге ие батырлығымен даңқы шыққан башқұрт старшинасы Таймас батырдың бірге болуы да көп ықпал еткен көрінеді.
Тевкелевтің табанды еңбегі зая кетпеді. Халық өзіне қарсы бола тұрса да, шыдап бағуы ақырында өз жемісін берді. Қырғыз-қайсақтар өз арасында орыстардың жүргені жалықтырып және оларға еліктеп кетуінен қорқып, Тевкелевке қорытынды жиналыс өткіземіз деп хабарлады. Жиналысқа тек өзі келу керек еді. Өміріне қастандық жасалу қаупі анық болғанымен, Тевкелев бұл жиыннан бас тартпай, керісінше өз пайдасына шеше білді.
Қырғыз-қазақтардың дүниеқорлығын біліп, жиналысқа келмес бұрын өзіне қарсы тұрған бірнеше беделді адамға сый-сияпатты жіберіп, өз жағына қаратып алды. Сәті түсіп тұрғанын сезіп, «не атым тарихта қалады, не өлемін» деп бекінген Тевкелев бұл жиында ерекше көсіле сөйледі.
Оны Орта мен Кіші ордада беделі бар атақты Бөкенбай ақсақал алғашқылардың бірі болып қолдады. Әбілқайыр мен өзге ақсақалдар Ресей жайлы нандыра сөйлегеннен кейін қарсы топ сенгендей болды. Жиналыс Әбілқайырдың Ресей бодандығына ант берумен аяқталды (Левшин А. Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ далаларының сипаттамасы. Алматы: Санат, 1996. – 181-182-бб.).
Осылайша 1731 жылдың 19 ақпанында патшайым Анна Иоановна Әбілқайырдың антын қабылдап, «қазақ халқы» Ресейдің қол астына қабылданғаны жөніндегі грамотаға қол қойды. Осы жылдың сәуір айының аяғында, яғни, қатын патша қазақтарды бодандыққа қабылдау актісіне қол қойғаннан кейін екі ай өткенде Сыртқы істер коллегиясының тілмашы, жоғарыдағы А. Тевкелев қазақтар арасына Ресейдің елшілік миссиясын атқаруға тағайындалып, 1731 жылдың 10 қазанында тағы да қазақтың 27 атақты адамына Ресей бодандығын қабылдау актісіне қол қойғызып үлгерді. Сөйтіп, ғасырлар бойы ешкімге тізе бүкпеген қазақ халқы отаршылық қамытын киді (Құл-Мұхамед М. Орыс энциклопедиясындағы қазақ шежіресі. – Алматы: Атамұра, 1994. – 118-б.).
Яғни, сатылған башқұрт аудармашысы бүкіл қазақ жұртының мойнына басыбайлылықтың қамытын кигізіп кетті. Яғни, тең дәрежедегі келісім емес еді. Әйтпесе осыдан үш ғасыр бұрын Алтын Орданың құрығынан құтылған Ресей жұрты мұншалық мардамсуға жете қойған жоқ болатын (Жұртбай Т. Күйесің, жүрек... сүйесің. – Алматы: Қайнар, 2009. 42-б.).
Ғалым Тұрсын Жұртбайдың дәйегі бойынша, Әбілқайырдың Анна Иоановнаға берген хатында: біз Ресейге бодан емес, одақтас ел болуымыз керек екен. «Бұлғын жағалы шапанға» айырбасталған бостандықтың асығыспен «бодандыққа» айналғаны сондай, оның баптарын байыптап тұрып түзеуге шамамыз келмепті. Тым құрыса басыбайлылықтың өзін заңды түрде негіздеп алмаппыз.
Елші-тілмаш Тевкелев қазақтарды Ресейге бағындыру миссиясының басын сәтті аяқтап, 1733 жылдың басында Уфаға оралады. Онымен бірге Әбілқайырдың патшаға аттандырған елшілері де бірге келеді. Осы елшілік 1734 жылы Петерборға барып, Әбілқайыр бастаған Кіші жүз қазақтарының Ресейге қосылуын біржола ресми заңдастырады.
Патша ағзам берген тапсырмаларды толық тиянақтаған соң А.И. Тевкелев 1734 жылы Сенат хатшысы И.К. Кирилловпен бірлесіп Ресейдің Орта Азияға ықпалын арттыру жайында жоспарды ұсынады. Сенат бұл ұсынысты қабылдап, Кирилловтың басқаруында (Тевкелев экспедиция көмекшісі) Орынбор экспедициясын жасақтап, оларға Қазақ даласына барлау (байлығын, халқын, территориясын... т.б.) жүргізуді тапсыра отырып, екінші тараптан Ойрат пен Қазақ арасындағы жағдайды бақылау жұмысы жүктеледі және өзара қақтығыстарда қай тараптың басым екенін хабарлап отыру ісі де тапсырылады (Моисеев В.А. Жоңғар хандығы және қазақтар (ХVІІ-ХVІІІ ғасыр). – Ұлан-батыр, 2015. – 95-б.).
Бұл экспедицияға:
- Шығысқа өту үшін сауда-саттық тірек пункті болатын бекініс орындарын нақтылау;
- Ресейге қосылған қазақ жерінің байлығын зерттеу, картасын жасау;
- Ұлы жүз қазақтарының Ресейге қосылу жайын барлау;
- Сырдария бойынан кеме тоқтайтын бекініс орнын табу ісі тапсырылды.
Одақтастық шартының отарлау саясатына айналуы
Кіші орданы бодауына алған соң Ресей отарлаушылары бірден отарлау саясатын қарқынды жүргізді. Белгілі тарихшы М.П. Вяткин: «ХVІІІ ғасырдың 30-ыншы жылдары Әбілқайырдың басқаруындағы ел орыстардың қол астына енуі феодалдық-крепостнойлық Ресейдің қазақ даласына ене түсуін жеңілдетті... Әбілқайырдың қателігін отарлаушылар шебер пайдаланып, Жайық бойына тұрақты әскери жасақ енгізіп үлгерді. Оны Орынбор губернаторы И.И. Неплюлев басқарды», – деп жазады. (Вяткин М.П. Политический кризис и хозяйственный упадок в Малой орде в конце ХVІІІ начале ХІХ в. Ведение к материалам по истории КазССР. Т-4. – М-Л.: 1940. Стр. 3).
Әбілқайыр ханның тең дәрежелі одақтастық ұйғарымы жайында қалды. Патша ағзам қайта Әбілқайыр ханға бұйрық беріп, 1736 жылы башқұрттарды шаптырды. Бұл ісі үшін оған 24-інші ақпанда (1736 ж.) әйел патшаның қолы қойылған грамота сыйлады. Сөйтіп, қожайын тарапынан мақтау-мадақ естіген Әбілқайыр 1740 жылы Хиуаны шабады. Бірақ хиуалықтар Иран шахы Нәдірдің көмегіне жүгінгендіктен Әбілқайыр ирандықтардан жасқанып кері қайтады.
Әбілқайырдың Ресей қолжаулығына айналуы, Кіші жүзден Батыр, Орта жүзден Барақ пен Әбілмәмбет сұлтандардың ренішін тудырып, өз бұқарасының да кейбіреуі қарсы шықты. Бұл жайлы Әбілқайыр орыс қамқоршыларына шағымданды (Материалы по истори КазССР (1741-1751) т. 2, ч. 2. – Алматы, 1980. – Стр. 30). Орыстар Әбілқайыр ханды ішкі-сыртқы жаудан қорғаймыз деген уәдесін орындамады. Ханды алдап-соғып, өз мақсаттарына пайдаланғаны болмаса, оның шағымына құлақ аспады.
Оның сыртында 1731 жылы қол қойған құжаттағы «Қазақтарға сырттан жау шапса, мәртебелі патша ағзам қорғайды» деген уәде жайында қалды. Мысалы 1747 жылы Әбілқайырға парсы мен хиуалықтардың ғаскері соққы бергенде әлгі қорғайтын мәртебелі патша ағзам оған мән бермеді. (// «Оян. Намыс kz» журналы, № 1, 2011. – 19-б.).
Кешікпей орыстың көмегіне сүйеніп билікті қолға алудың оңай емесін және әйел патшаның қолжаулығына айналу қаупін сезген Әбілқайыр Орынбор губернаторы И.И. Неплюевпен келіспей қалады (ҚСЭ, 2-том. – 14-б.).
Осы тұстағы қатын патшаның Әбілқайыр хақындағы ұстаным жайлы деректе: «Әбілқайырдың сенімсіздігі, оның өз халқы арасында беделі жоқтығы және мұнда ресейліктерге ықпалы жоқтығы туралы өзі бағынған патшалығы алдында алғаш рет ресми сауал туындады», – депті (Басин В.Я. Россия и казахские ханства в ХVІ-ХVІІІ в.в. – Алма-ата, 1771. – Стр. 163).
Ақыры бастаған ісін аяғына жеткізу үшін Әбілқайыр хан губернатормен татуласу мақсатында Орынборға барады. Осы сапарынан қайтып келе жатқан тұста, яғни, 1748 жылдың тамыз айында Әбілқайыр кектесіп жүрген Барақ сұлтанның қолынан қаза тауып, Қабырға мен Өлкейек өзенінің құйғанына жерленеді (ҚСЭ. 2-том. – 14-б.).
Орта жүз қазақтарының Ресейге бағынуының себептері
Кіші орданы өзіне қаратқан Ресей енді Орта жүзге ауыз салды. Оларға башқұрт старшыны Таймас Шаймовты аттандырды. Нәтижесінде Орта жүз сұлтаны Сәмеке 1734 жылы әйел патшаға бодан болу жөніндегі грамотаға ие болды (ҚСЭ анықтамалығы. – Алматы, 1980. – 186-187-бб.).
1732 жылдың қысында Батыр сұлтан Тевкелевтің шатырына келіп оңаша ант берді.
1733 жылы Сәмеке хан Уфаға өз елшісін аттандырды;
1734 жылы Ұлы жүз билеушілері Қодар, Төле, Сатай, Ханкелділер Петерборға елші жіберіп, өздерін қамқорлығына қабылдау жайлы патшайым Анна Иоановнаға өтініш жолдайды (Үш пайғамбар. Құраст. А. Нысаналы. – Алматы: Дәуір, 1992. – 119-б.).
1734 жылы 10 маусымда патша жоғарыдағы өтінішті қабылдау актісіне қол қойды (Казахско-русские отношения в ХVІ-ХVІІІ веках. – Стр. 101, 128).
1740 жылы Орынборда кезінде Ноғайлының атақты патшасы Орыс ханның тұқымы, орысқа беріліп шоқынып кеткен князь В.А. Урусовтың бастамасымен Кіші және Орта жүз сұлтандарының жиыны өтеді. 300-ге тарта қазақтың хан-сұлтаны қатысқан осы жиынға Орта жүз билеушісі Әбілмәмбет хан қасына сұлтан Абылайды ертіп бірге барады.
Шоқынған князь Урусов қазақ сұлтандарының үрейін ұшыру үшін, шындығында қорқытып, бодандыққа бас идіру үшін 1740 жылы 25 тамыз күні Жайықтың қазақ бетіндегі «Өлім тауы» дейтін төбенің үстінде патшаға бағынбаған 11 башқұрт сарбазын тірідей істікке шаншиды, 85 адамды дарға астыртады, 21 адамның қолма-қол басын шаптырады. Одан кейін қазақтарды Сақмар өзені жағасына әкеліп қонақасы берген болып, тағы да 21 адамның басын шауып, 50 адамды дарға асады да, 301 адамының құлақ-мұрнын кесіп шұнтитады (Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. ХVІ кітап. – 59-.).
Қысқасы, осы жиында мәдениетті мәжбүрлеу тәсілін қолдау арқылы Ресей отаршылары Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан бастаған Орта жүз ұлықтарына «Ресейге бағынышты болу» актісіне қол қойғызады.
Әбілмәмбет пен Абылайдың Ресей патшалығына ант беру оқиғасы жайлы керекулік зерттеуші Тілек Марданұлы: «Хандардың мұндай шешім қабылдауға себеп болған дүние: тағдыры қыл үстінде тұрған халықты сақтап қалу үшін, уақытша болса да орысты алдарқата тұрып, қытаймен тіл табысып, сөйтіп, бар күшпен жойқын жоңғарға төтеп беру еді», – дейді.
Орта жүздің беделді сұлтандарының бірі Барақ төре Ресей азаматтығын екі жыл кейін, 1742 жылы мойындайды (Сүлейменов Ш., Қабылбаев А. Тіршіліктің ордасы – жер-ана. – Астана, 2002. – 207-б.). Бұл құжат Орта жүз қазағы үшін Ресейге бағынудың бастамасы болғанымен, толық бодан болуына дейін әлі де біршама уақыт бар болатын.
Осылай қазақ хан-сұлтандары бірінен соң бірі Ресейге елші аттандырып, бодандық қабылдауға ниет етуін жазушы Әбіш Кекілбаев ағамыз: «Ресей үкіметі Петр патшаның тұсында-ақ Орал тауын асып, Қиыр Шығысқа аяқ басып үлгерді, екінші жағынан Каспийді асып Үндіге ауыз салуды жоспарлап отырды. Орыстың бұл ісін Цинь дистанциясы біле қойып, ежелгі Шыңғыс ұрпақтары иелік еткен кеңістікті бөлісіп алу үшін Ресейге дүркін-дүркін елші аттандырып, байыз таппай әлектенді. Осындай жағдайға душар болған қазақ билеушілері «орыс факторымен» есептеспеуге амалы қалмады», – депті. (Үш пайғамбар. Құраст. А. Нысаналы. – Алматы: Дәуір, 1992. – 142-б.).
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, зерттеуші, ҚР мәдениет қайраткері
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)