Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

«Білімді ұлт» сапалы білім беру»: Ұлттық жобадан не күтеміз?

4781
«Білімді ұлт» сапалы білім беру»: Ұлттық жобадан не күтеміз? - e-history.kz

Сурет: inform.kz

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы дегеніміз не өзі? Мақсат-мұраты қандай, бағыты айқын ба? Расында  екшей білген жанға бұл ұлттық жобаның атауының өзі көп жайтты аңғартса керек. Біз бұл сұрақтарға жауапты өзіміздің әлеуетіміз жеткенше ғана айтып қоймай, педагог мамандардың да ойларын ортаға салмақпыз. 

Мемлекеттік бағдарламадан Ұлттық жобаға

Кезінде осы ұлттық жобаны таныстыру үшін  Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов аталған ұлттық жобаның негізгі басым бағыттары туралы айтқан болатын. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес мемлекеттік бағдарламаларды енді шетінен ұлттық жобалар форматына көшіру жүзеге асырылып келеді.  «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында енді кезек күттірмейтін мәселелердің жедел шешімі, халыққа қажеттілікті ұсыну мәселелері қамтылып жүзеге асырылатын болады. 

Ұлттық жоба жалпы 4 негізгі бағыт, 5 міндет, 15 көрсеткіш һәм 26 іс-шараны қамтиды.  Бұл ұлттық жоба білім беруді дамыту тұжырымдасымының аясында әзірленіп отыр. Осы ұлттық жобаны жүзеге асыру арқылы алдағы уақытта ауыл мектептеріне, оның ішінде толық жинақталған, толыққанды кешенді саналатын білім ошақтарында жан басына қаржыландыру бірте-бірте іске қосылады, педагогтердің де еңбекақысы уақыт көшімен ілесе үстемелене отырып көбейе береді. 

«Ұлттық жобаның» ұтымдылығы неде?

Еліміздің білім саласын дамыту жолында неше бағытта реформалар әзірленіп, тұжырымдама, бағдарламалар да жүзеге асырылды. Ал бұл ұлттық жобаның артықшылығы басым. 2016-2019 жылдарға арналған білім саласына қатысты мемлекеттік бағдарламаның бағытын ары қарай жалғайтын ұлттық жоба  ағарту саласындағы ең аса қажетті деген міндеттерге үлкен күш салмақ.  Рас, бұған дейін біздің елімізде қалалық және ауылдық жердегі мектеп оқушыларына берілетін білім мен оқыту сапасының арасында айырмашылық жер мен көктей болды. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласын жүйеге түсіру, оқушыларға орын жетіспеушілігін оңтайлы шешу жолында мектептер салу, қауіпсіз және жайлы білім беретін орталық құру секілді мәселелер ұлттық жобадан да тыс қалған жоқ, қамтылды. Сапалы білім алуға кез келген Қазақстан азаматының қолжетімді болуын қамтамасыз етуге арналған ұлттық жобаны әзірлеу барысында көпшіліктің пікірі, білім беру саласының сарапшыларының да ой талқысы,  мемлекеттік органдардың талап-тілектері де қарастырылды. Енді ұлттық жобаның негізгі міндеттері, бағыттары туралы жеке-жеке тоқталып, тарқата жазсақ. 

Ваучерлік қаржыландыру немесе «Қаражат балаға» қағидаты

Бірінші міндет –  мектеп жасына  жеткенге дейінгі бүлдіршіндерге  білім беру мен тәрбиелеудің қолжетімді болуын қамтамасыз ету, оқу сапасын арттыру.  Бұл міндетті орындап,  іске асыру үшін «қаражат балаға» деген  бұлжымас қағида енгізілетін болады. Бұл дегеніңіз, енді ваучерлік  қаржыландыру тетігі арқылы мемлекеттік тапсырыс негізінде мектепте дейінгі ұйымдардың жұмысын жандандырып, бәсекеге қабілеттілігін арттыру дегенді білдіреді.  Осының нәтижесі оңынан туса, 2025 жылға дейін 2 жастан 6 жасқа дейінгі  балаларға мемктепке дейінгі білім берумен қамту, яғни оқыту мен тәрбиелеу ісі 95 пайыз орындалады. Ал 3-6 жас аралығындағы балаларды толыққанды, яғни 100 пайыз мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз ету мүмкін болмақ.  Ұлттық жобада жазылғандай, ел президентінің тапсырмасына сәйкес мектепке дейінгі ұйымдарда бала дамыуына қажетті жаңа модель енгізіліп, «ойын арқылы оқыту» қағидатының негізін сақтай отырып,  мемлекеттік стандарт та өзгертіледі. Мұны бір деңіз. 

Ауыл мен қала мектептерінің алшақтығы азаяды

Ұлттық жобаның екінші міндеті  – орта білім беру стандартының сапасын арттырып, бәсекеге қабылеттілігін нығайту. Енді өңірлерде, қалалық және ауылдық меткептерде оқитын оқушылардың білім деңгейін көтеру үшін оқу алшақтығын азайтып, сапаны нығайту басты міндет болып отыр. 12 жылдық оқу жүйесіне көшу, сонымен қатар қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс жариялау да жүзеге асады. Яғни мемлекеттік тапсырыс орналастырылған соң, ол тек конкурстық негізде және жеке ұйымдар арасында ұйымдастырылып, бәсекелестік жоғары болмақ. Ауылдық жерлердегі оқушылардың білім сапасы мен қалалық мектептерде оқитындардың білімі арасындағы алшақтық елімізде сөз жоқ көзге айқын ұрып тұрғаны шындық. Экономикалық ынтымақстық және даму ұйымы деп аталатын мекеме 2000 жылдардан бері қарай әлем елдерінің оқушыларының білім деңгейін тексеретін тест  жүйесін қолданып жүр.  Бұл  бағалауды олар үш жылда бір мәрте өткізеді. 15 жастағы оқушылардың функционалдық сауаттылығын тексеріп бағалаудың халықаралық стандарты қысқартып айтқанда PISA деп аталады. Өкінішке қарай PISA-ның бағалауынша біздің елімізде білім көрсеткіші, оқу сапасының арасалмағы әлі де алшақ болып  тұр. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын құрудағы негізгі міндет – міне, осы алшақтықтың арасын жақындату,  білім сапасын арттыру. 

Тапшылық пен жетіспеушілік тізгінделеді 

Үшінші міндеттің де маңыздылығы зор. Неге? Өйткені елімізде  мектептерде оқушылардың орын тапшылығы, мектеп жетіспеушілігі қатты байқалып отыр. Оған урбанизацияның да тигізіп отырған әсері ерен. Ауылдық жерлерден қалаға қарай ағыла көшкен халық алып мегаполистердің маңынан жер сатып алып, үй салып  баспана тұрғызады. Қалаға қарай қоныс аударған соң балаларын қалалық мектепте оқытуға ұмтылады. Бүгінгі таңда Алматы мен Астана қалаларының халық тығыз орналасқан аудандарындағы мектепте сиымдылығы 1500 бала деп саналған мектептерде 3000-нан астам оқушы үш ауысымда білім алып жатыр. Бұл да шетін мәселенің шешімін күрделендіріп отыр. Бұл міндет аясында мектептерді жайлы әрі қауіпсіздігі жоғары заманауи үлгіде салу ісі қолға алынып, 2025 жылға қарай елімізде 1000-нан астам жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Егір біз үш жыл ішінде осынша мектепті салатын болсақ, үш ауысымды жойып, апатты жағдайда тұрған білім ошақтары айтарлықтай азаяды.  2025 жылға дейін  шағын қалалардағы  аудан орталықтарында, шалғай ауылдардағы бес мыңнан астам мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, балалардың білім алу жолындағы қауіпсіздігі артып, қолайлығы нығая түседі. 

Тегін білім және 20 академиялық артықшылық орталығы 

Ұлттық жобаның төртінші міндеті  техникалық және кәсіптік білім беруді нығайтып, әрі қамтамасыз етуді  үш жылдан кейін 100 пайызға жеткізуге күш салу. Демек, 2025 жылдан ары қарай елімізде кәсіптік  һәм техникалық  білім беруді тегін жүзеге асыру  түбегейлі іске қосылады. 

Соңғы міндет жоғары оқу орындарындағы білім сапасын қамтиды.  Еліміздегі жоғары оқу орындарындағы бәсекелестікті арттырып, дамыған елдердің оқу орындарының дәрежесіне көтеруге күш салынады. Үш жылдан кейін еліміздің оқу орындары  Назарбаев университетінің  тәжірибесін  басқа оқу орындарында да жүзеге асыру қамтылмақ.  Тарқатып айтқанда,  Назарбаев университетінің жүйесі бойынша 20 академиялық артықшылық орталығы құрылады. Мұның  15-і еліміздің өңірлерінде ашылса,  бесеуі педагогикалық  жоғары оқу орындарының  оқу жүйесіне енгізіледі. Сонымен қатар екі бірдей жетекші оқу орны құрылады. Әлемдік бәсекенің көшін бастап тұрған оқу орындарының филиалдары да елімізде ашылып, жұмыс істемек. Егер осы міндет лайықты орындалатын болса, шетелде білім алғысы келетін жастарымыздың ағыны азаяры сөзсіз.

Мамандар не дейді? 

Тәуелсіз  тарихында ең үлкен  марапаттың бірі  саналатын Қазақстанның Еңбек Ері атағының тұңғыш иегері білікті педагог Аягүл Миразова ұлттық жобаның берері мол дейді. «Біздің буын, яғни менің тұстастарым   егемендігімізге қолымыз жетпейтін кезеңнен бастап ұрапқ тәрбиелеп келеміз. Тәуелсіздігімізді жариялаған елең-алаң шақта қандай қиындықтарды бастан өткермедік. Экономикалық тұралаудан еңсемізді тіктегенше қиындықты да, кедергілерді де еңсердік. Бүгінгі күнде шүкіршілік дейміз, білім саласын көтеру мақсатында мемлекет басшысы үлкен қолдау көрсетіп, демеп келеді. Білімді ұрпақ – мемлекеттің мықты тірегі. Біз осы ұстанымды берік ұстанғанда  сапалы білім беру моделін жаңа белеске көтереміз», – дейді батыр педагог. 

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық  жобасының біз жоғарыда атаған бірнеше міндеттері еліміздің білім беру өрісіне енгізіліп, орындалып та жатыр, шүкіршілік деу қажет. Мәселен, меткептердегі орын тапшылығын жоюға қатысты  Алматы қаласында үш ауысыммен оқу, мектеп жетіспеушілігі қатты байқалып отыр. Осы олқылықты шешу мақсатында  мемлекет қаражатына, не болмаса мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде де білім ошақтары салынып,  биылғы жаңа оқу жылында есіктерін айқара ашты. Тек бір ғана Алатау ауданының өзінде бірнеше білім ошағы жаңа оқу жылында пайдалануға берілді. Соның бірі «Саялы» ықшамауданындағы №204 жалпы білім беретін  мектеп  те мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынды.  Бүгінде 2700 оқушы білім алатын оқу ошағында 200-ге жуық мұғалім еңбек етіп, 100 сынып комплектісінде оқушыларға білім  нәрін сеуіп келеді. Мектеп директоры, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері Гүлжан Бекенова  заманауи үлгіде салынған мектепте барлық жағдай қамтылған дейді. Әрбір оқу кабинеттері интерактивті панельдермен, мидификациялық жиһазбен, техникалық оқу құралдарымен қамтылып жарақталған. Бір ерекшелігі  барлық кабинеттер мен дәліздерде панорамалық әйнектер орналасқан, соның көмегімен сыныптың ішінде болып жатқан жайтытң бәрін сырттан-ақ бақылай аласыз. Қыздар аспаздық кабинетте, мата өңдеу мен технология шеберханасында  өздерінің шеберлігін сынаса, ер балалар металл мен ағаш өңдеп, керамикадан өнім  жасап, қолөнерін дамытуына мүмкіндік бар.  «Тағы бір жаңалық – мектеп Face ID заманауи қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Ата-аналар балалардың кіруі мен шығуы туралы хабарламалар алады. Үш жағынан кіретін жеке топтар қауіпсіз санитарлық-эпидемиологиялық режимді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мектепте Face ID қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған екі орталық кіреберіс бар, оның базасына мектептің барлық оқушылары, ата-аналарының, сондай-ақ оқытушылардың ТАӘ мен байланыстары енгізілген. Егер Face ID қауіпсіздік жүйесінің базасына енгізілмеген бала немесе бөтен адам ғимаратқа кірсе, онда күзет бекетінде "бөтен адам" бейнеленеді және күзет бұл адамның кім екенін және мектепке қандай мақсатпен келгенін анықтай алады», – дейді мектеп директоры Гүлжан  Бекенова. 

Маман пікірінен кейін қоса айтарымыз, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы өзінің жүйесімен іске асырылатын болса, оқу-ағарту  саласындағы көптеген түйткілді мәселелер орайымен шешіле бермек. Ендігі гәп білім саласының тізгінін ұстаған шенділердің жауапкершілігі мен әбжіл әрекетінде қалса керек. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?