Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қазақ батырларының тағдыры. Қаракерей Қабанбай

2471
Қазақ батырларының тағдыры. Қаракерей Қабанбай - e-history.kz

Қазақтың қаһарман қолбасшысы Қаракерей Қабанбайдың халық үшін ханнан да артық қадірі болған. Атамекенді жат қолынан тазарту үшін аттан түспеген баһадүр баба қашанда құрметке лайық

Ұлы қолбасшы Қабанбайдың азан шақырып қойылған есімі – Ерасыл екені баршаға мәлім. Ол 1692 жылы туып, 1770 жылы дүние салған. Жеті жасында әкесі Қожағұл, он алты жасында ағасы Есенбай жоңғарлар қолынан қаза табады. Қожағұлдың Есенбай, Есенаман, Ерасыл деген үш ұлы болған. Он алты жасар бала 1708 жылы жау арасына жасырын барып, ағасын өлтірген жоңғар батырын (Оджа жырға ноян) өлтіріп, кегін қайтарған. Осыдан кейін Зайсандағы Керей ішіне барып, апайы мен жездесі Бердәулеттің қолында ер жетеді. Өзіне шапқан қабандарды жайратып, «Қабан батыр» атанатыны осы кез. Содан бастап қашан көзі жұмылғанша қылышын қынабына салмаған. 

1717 жылдан бастап 26 жасында елі мен жерін қорғау жорығы басталады. Найман түмендерін майданға бастап шыққан: 

1717 жылы Аягөз шайқасына, 1723 жылы Түркістан қорғанысына, 1724 жылы 32 жасында Түркістанда хан сайланып, қазақтың Бас сардары (Бас қолбасшысы) дәрежесіне көтеріледі. 1726 жылы Бұланты шайқасына, 1730 жылы Аңырақай – Алакөл шайқасына, кейіннен Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырына айналды. 

1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауды жеңгені үшін «Дарабоз» атанды. 

1751 жылы батыр қолы Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғарлардан азат етіп, Төле бидің билікке келуіне ықпал жасады. Жоңғарияға айдалып бара жатқан бірнеше мың қарақалпақты құтқарып қалады.  

1752-1754 жылдар аралығында Қабанбай басқарған қазақ сарбаздары алдымен Іле, Балқаш, Қаратал өңірлерін жаудан тазартуға қатысты. Осыдан кейін Қарақол мен Нарында, Үржар мен Қатынсуды, Алакөл мен Барлықты азат етіп, терістік бағыттағы Бөгенбай әскеріне қосылады. Одан кейін Баспан – Базар, Шорға, Маңырақ шайқастарына қатысып, Зайсан, Марқакөл, Күршім өңірлерін жаудан азат етті. 

1756 жылы жоңғар билеушісі Әмірсананы қуып келген Қытай әскерінің бетін қайтарады. Шонжы, Нарынқол, Кеген өңірлерін қырғыздардан тазартады. 

1756-1757 жылдары Еженханның қытай шеріктерін үш мәрте ойсырата талқандады. Қазақ топырағын басқызбайды. 

1758 жылы қыркүйекте Барлықтан Үрімжі қаласына 300 жылқы айдатып, қазақ-қытай саудасын бастап берді. Мұны іске асырушылар: ұлы Едіге мен інісі Туматай. 1758 жылғы және 1762 жылғы Аягөзде өткен Қытаймен екі арадағы Қандыжап, Мамырсу бітімдерінде Абылаймен, Әбілпейізбен қатар сөз ұстады. Қытайлар бабамызды «...қазақтың бас, қалқан батыры – қаракерей Қабанбай» деп атап көрсеткен. 

1769 жылы 500 адамдық қолмен келген қырғыз батыры Әтеке жырық баласы Қарабекке науқастанып жатқанына қарамастан қарсы шығып, жекпе-жекте Қарабекті өлтірген. 


78 жасында соңғы жекпе-жегіне шығып, жауды жайратты. Өмірінде 103 рет жекпе-жекке шығып, бәрін жеңіспен аяқтаған. Дереккөздер ұлы батырдың 1770 жылы 13 қарашада дүниеден өткенін айтады. 

Атақты ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпей «Қазақта Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр болған емес» деп бағаласа, әйгілі ғалым Құрбанғали Халид: «Шығыстың бес тарихы» деген еңбегінде: «Абылай ханның дәуірінде батыр және әскербасы болып келген адамдар – Қаракерей Қабанбай батыр, Алтыбай батыр, Ақтамберді батыр, Еспембет батыр, Матай Шөнкей батыр, Керей Жәнібек батыр, Бура Ақбантай батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Бәсентиын Малайсары батыр және басқалар. Бұлардың әрқайсысы батырлықтарымен асқақ атақ, абырой алған болса да, олардың батырлығынан өресі биігі Қабанбай батыр еді», – деп жазып қалдырған. 

Ту көтеріп, ел қорғаған сүйікті батырына халық Ерасыл, Нарбала, Ізбасар, Қабанбай, Хан батыр, Дарабоз, Көкірек әулие деген ат-есімдер берген. 

Қабанбайдың жан жары Гауһар (шын есімі Майсара) – бәсентиін Малайсары батырдың қарындасы. Қабанбай батырмен бірге бірқатар шайқастарға қатысқан. Ерлі-зайыпты қос батырдың тұла бойы тұңғышы – Назым қыз да батырлығымен көзге түскен. 

Халық арасында Қаракерей Қабанбай батыр жөнінде аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар өте көп. Бұған керісінше тарихи құжаттарда Қабанбай батырдың 1740-1762 жылдардағы өмірі ғана тасқа жазылады. Бұл кезде оның есімі ел арасының бітімгершілігіне жүрген дана, би ретінде айтылады. 

Қабанбай батыр соғыс ісінің тәжірибесін жинап, әскери өнерді жүйелі түрде дамытып пайдаланған. Қолбасшының соғыс кезінде жасаған стратегиялық шабуылдары – сол заманның озық технологиясы. Солардың бір-екеуіне тоқталамыз.

«Құйрық жеу» соғысы. Бұл тәсіл бойынша, ұрыс кетіп бара жатқан жаудың ең артқы қосының артынан, екі бүйірінен тию. Жаудың алдыңғы қолының беті алда, сондықтан тыныштықпен өткен жерден арттан жау күтпейді. Ал арттағылардың алдыңғы қолға беруіне мұршасы болмайды. 

«Айқораланды» ұрысы – жауды айналдыра сыртынан қоршап алып, сонан соң біртіндеп қыса түсу. Бұл ұрысты салу үшін әскер саны аз дегенде жаудың қолынан бір жарым есе артық болуы керек. Саны басым әскер сыртқа қарай беттеген жаумен ұрыс сала отырып оларды қоршап алады. Қалмақтар білмеу үшін, кім сыртқа ұмтылса, сонымен соғыс салу. 

«Үлкәр жәрік» соғысы. Мұның мәнісі: бір майданға шауып жүз адам кіреді, ол өзінің алғашқыларымен соғысын бітіріп, ілгері өтіп, қайта майданнан шығып кетеді. Оның артынан шауып екінші жүз, оның артынан үшінші, төртінші келе береді. Осылай мың адам он рет бірінен соң бірі ұрысқа кіре береді, жау қанша мықты болса да, бұл тәсілге шыдай алмайды, быт-шыт шығады», – деп жазады ұлы батырдың соғыс өнерін зерттеген ғалым Қайрат Қарамаңдаев. 

Қабанбай батыр ұрыс кездерінде ауа райының қолайлы-қолайсыздығын ескеріп, соған сай әскери өнердің түрлі әдіс-тәсілдерін мейлінше орынды қолданған. 

Дарабоздың Үмбетей, Кішкентай, Сырымбет, Едіге, Байтық, Мойнақ, Әлі деген жеті ұлы болған. Оларды «Жеті Қабанбай» деп атаған. Кенжесі Әлі жоңғардың соңғы ханы Әмірсананың Мәней деген қызына үйленіп, одан бес перзент көреді. Оларды шешесінің атымен «Бес Мәней» дейді екен. Осы Әлі әкесінің асын өткізген, үш мың жылқы айдаған ірі бай болды деген деректер бар.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының көне қолжазбалар бөлімінде Қабанбайға арналған жырлардың төрт нұсқасы, Қытай қазақтарында онға тарта нұсқасы сақталған. Бұл батырлық жырлардың кейбірі ұлттық фольклордың інжу-маржаны «Бабалар сөзі» 100 томдығына енді. Аягөз қаласында орналасқан танк дивизиясы бүгінде Қабанбай батырдың атымен аталады. Бір Қазақстан аумағында оның 10-нан астам ескерткіші бар. Ал шетелде – Ыстамбұлдағы Бахыркөй ауданының Киікті саябағында еңселі ескерткіш орнатылған. 

Батырдың өмірі мен ерлігі Бұқар жырау, Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқара, Дулат, тағы басқа да ақын-жыраулар шығармаларына арқау болды. Жазушы Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» тарихи романын жарыққа шығарса, Зейнолла Сәнік «Қаракерей Қабанбай» деген еңбек қалдырды және бір шығарма – Қабанбай бабамыздың Арқадағы шырақшысы, жазушы Камал Әбдірахмановтың «Хан батыр Қаракерей Қабанбайы». Ал композитор Тұрсынғазы Рахимовтың «Батыр баба Қабанбай» әні республикаға белгілі.

Қабанбай батырдың отыз жыл серігі болған Қубас ат бұрынғы Ақсуат ауданының Қызылкесік ауылынан шыққан. Осы ауылдың жанындағы «Кубас» кезеңіне ескерткіш қойылды. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?