Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Арсақ патша туралы аңыз

2936
Арсақ патша туралы аңыз - e-history.kz

Қазақ тарихының нақты ғылыми зерттелмеген тұсының  бірі біздің жыл санауымызға дейінгі кезеңнің аяқталар, жаңа эраның басталар  уақыты (carried over). Қазақстан тарихнамасында бұл күрделі кезеңді Ғұн империяларымен (Шығыс, Батыс, Оңтүстік), үйсін және қаңлы қауымдарымен байланыстырады. Біз қолданған тарихи деректер Қазақстанның  оңтүстік-батыс  аймағының бұл кезеңде Ежелгі Шығыстың алып мемлекеттерінің бірі Парфиямен байланысты екенін көрсетеді. 

Басты беттегі фото: warspot.ru

Парфия мемлекеті

Біздің жыл санауымызға дейінгі 323 жылы жер-жиһанды жаулап аламын деген атақты Александр Македонский (Ескендір Зулхарнайн) өлді. Оның империясы құлаған уақытта бірнеше ортанқол  мемлекеттер, соның ішінде Селевк мемлекеті  пайда болды. Селевкі  мықты әскер басылардың бірі еді.  Ол  Ескендір Зұлқарнайынның көзі тірісінде  Бабыл (Вавилон) елінің  басшысы (сатрап, уәли) болып тағайындалды, содан кейін ондаған жылдар бойы өз ұлысының батыс пен шығысқа қарай кеңейтумен болды. Бұл саяси құрылымның  батысында Сирия мен оңтүстік-шығыста Үндістанға дейінгі ұлан- байтақ аймаққа жеткенімен  әуел бастан  шекараларының шартты болғанын ескерту керек. Сонымен бірге Селевкі билігінің әсері деректерде Хорезм, Бактрия, Согдиана аталатын Орталық Азияның отырықшы-қалалық аймақтарына жеткені анық. Бұл өңірден солтүстікке қарай Сырдың оң жағалауында массагет, дай (дах)  және  сақ этномәдени шеңберіне кіретін көшпелілердің саяси бірлестіктері өмір сүрді. 

Осы себепті Ескендір Зұлқарнайынның (Александр Македонский) империясының ыдырауына байланысты  тек отырықшы өлкелерде ғана емес, сонымен бірге Тұран даласын мекендеген жауынгер көшпелілер арасында да күшті  қозғалыстар басталды. Біздің жыл санауымызға дейінгі  ІІІ-ІV ғасырларда біз Ұлы далада бірнеше империялық саяси құрылымдардың пайда болғанын және осыған байланысты көшпелілердің бірнеше бағытта қозғалыстарды бастағанын көреміз. Кезінде белгілі шығыстанушы Б.Гафуров атап өткендей  «Орталық Азияның солтүстік бөлігіндегі көшпелілер әлемі толқыған теңізге ұқсады, оның толқындары аракідік Грек-Бақтрия  жағалауына ұрып, оны сумен шайып, тұншықтыра бастады» (Гафуров, 1972:112).

Осы қозғалыстардың бірі, біздің негізгі тақырыбымызға қатыстысы Орталық Азия шекарасына жақын орналасқан селевкі иеліктеріне қарсы бағытталған  көшті дай (дай, даһа)  конфедерацияна кіретін парн (апарн) әулеті бастады. Оңтүстікке батыл жалжыған көштің көсемі Арсак I аталатын (грекше: Ἀρσάκης, парфияша : Aršak,  парсыша: اشک ASK). Арсақ бастаған дай жауынгерлері грек уәлилерден қазіргі Түркменстан және Иранның (Хорасан)  бірталай шығыс аудандарын жылдам арада тартып алды да Парфия патшалығының негізін салды. Арсақ көсемнің аты өзі негізін салған әулеттің эпониміне айналды және осы әулет  біздің жыл санауымызға дейінгі 247 жылдан бастап біздің заманымыздың 224 жылына дейін, яғни 500 жылдай билік құрды. Әрине,  дайлардың осыншама ұлан-байтақ жерді жаулап алып, мемлекет құруына Селевкидтер мен   Птолемейлер арасындағы ұзақ жылдарға созылған күрес («сирия соғыстары» аталатын оқиғалар) те қолайлы болды. Бұл кезеңде Селевкілердің саяси белсенділігі батыс аймаққа қарай көшкені белгілі.  Осы себептен  басшылығында грек уәлилері тұрған шығыс уалайаттарда сепаратистік пиғыл күшейді. Ол кезеңде  Бактрияда -Диодот, Соғдыда – Евтидем, ал Парфия жағында – Андрагор билік етуші еді. Грек-македон билігіне наразы жергілікті халық ылғи да көтеріліс жасаумен болды. Міне, осы тұрақсыздық пен ішкі толқулар   Парфия билігінің Ұлы дала көшпелілерінің қолына өтуінің негізгі себептері.   

Біз үшін  Қазақстан тарихының контексінде Парфия жерінде дайлардың  орнығуы мен жойқын мемлекет құруы  маңызды. Себебі бұл мемлекеттің негізін  салған тайпалар бірлестігін қазақ этносы құрамындағы адай тайпасымен байланыстырамыз.

Антикалық жазбалар не дейді?

Біз бұл тақырыпты ашуды ауызша бізге жеткен аңыздардан бастаймыз. Ауызша деректердің қай-қайсысында да болатын ішкі қарама-қайшылықтарға қарамастан олардың қауызындағы рационалды мәлімет беретін дән болады. Сол заманның куәгерлері жазып қалдырған бұл ауызша мәліметтер  дай қауымының әуелгі орналасқан аймағын да, мемлекет құру барысын да көрсетеді. Мысалы антика дәуірінің  үздік географы Страбон  дай халқының әуелгі мекені Меотида теңізінен жоғары жақ еді  дейді: «Апарн-даи, айтушыларға қарағанда, Меотидадан жоғары орналасқан дай уәләйатынан көшіп келгендер, оларды  ксандия немесе пария деп те атайды. Дегенмен, Меотидадан жоғары мекендейтін скифтер арасында  дайлар болды дегенді жұрттың бәрі мойындай бермейді.  Қалай болғанда да осы скифтер арасынан Арсак әулеті өз бастауын алады, басқалар оны керісінше, Диодот пен оның мұрагерлерінің күшейгенінен қауіптеніп Парфияда көтеріліс бастаған  бактриялық еді дейді»  (Страбон, 1994: 125). Ескертетін мәселе Меотида деп антика авторлары Азау (Азов) теңізін атайды, ал  өз кезегінде француз тарихшысы Жан-Поль Ру атап көрсеткендей  көшпелілер қозғалысы  «Арал теңізі жағынан болды» (Ру Жан-Поль,2012: 126). Біздің ойымызша Парфия мемлекетінің негізін салған жауынгер көшпелілер қозғалысы Арал мен Азов теңіздерінің ортасынан, яғни Каспий теңізі жағалауларынан  басталады.

Екінші бір деректе Марк Юстин Помпей Трог шығармаларына сүйеніп  Шығыстағы греко-македондықтар иелігінде орын алған хаос, көптеген аймақтардың бөлінуіне алып келді, осы жағдайды шекараға жақын тұрған көшпелі  тайпалар пайдаланды деп есептейді: «… ағайынды екі  патша  Селевкі мен Антиох арасында келіспеушілік басталды, билік үшін соғысып жүріп ол екеуі өздерінен бөлініп бара жатқан парфиялықтарды жазалау мүмкіндігінен айрылып қалды. Дәл сол кезде (македондықтардан) Бактрияның мыңдаған қалаларын басқарған Диодот та бөлініп кетті.  Ол өзін патша деп атауды бұйырды, оның үлгісімен бүкіл Шығыстың халықтары македондықтардан бөлініп шықты. 

Осы кезеңде шыққан тегі белгісіз, бірақ ерекше айбындылығымен аты белгілі Арсақ деген адам бар еді. Ол әдетте жорықта, тонаушылықта танылған батыр. Арсақ Селевкі Азияда жеңіліс тапты деген хабар жеткен соң, енді патшадан қорықпай, өзінің баскесерлерімен парфяндарға тап берді, олардың билеушісі Андрагорды  жеңді, оны  өлтірген  соң елдің (парфяндардың) билігін өз қолына алды» (Юстин, 2005: 47). 

Үшінші әңгімеде, оның авторы Рим империясына қызмет жасаған грек тарихшысы Арриан Арсақ пен оның руластарының саяси өмірге  соңғы грек-македон билеушілерінің кезінде-ақ араласа бастағанын жазады: «Арсак және  Тиридат, бұлар Фриапиттың ұлы Арсақтың балалары еді.  Олар жандарында бес сыбайластарын ертіп Арсак тұқымының бірін жәбірлеген  Фереклды өлтірді (Бұл жерде басқа деректерде Ферекл аты басқаша жазылатын ескерту керек, мысалы Фотиде Ферекл делінсе, Синкелде Агафокл атымен жүр...Ж.А.).  Бұл Ферекл, немесе Агафокл  «Теос» атымен белгілі Антиох патшаның Парфияға қойған сатрапы еді. Сонымен олар  македондықтарды қуып шықты, өздері билікті алды, күшейген соң  Риммен соғысты, оларды соғыстарда кейде жеңіп кетіп отырды» (Арриан,1962: 43).

Менің ойымша жоғарыда көрсетілген үш ауызша деректің барлығы да құнды, дегенмен соңғы Арриан жазбасы нақтылығымен көзге түседі.  Біріншіден, жазба авторы  Арсак әулетін көрген адам, екіншіден заманында Ескендір Зұлқарнайын туралы кітап жазуымен құнды. 

Парфия мен  Селевкі соғыстары

Сонымен, дай (дахе) конфедерациясына кіретін үш тайпаның бірі парндардың (апарн) көсемі  Арсак  біздің жыл санауымызға дейінгі III ғасырда (шамамен  б.э.б.  249-248 жылдары) Андрагордан  Парфия сатрапиясын тартып алып өз әулетінің билігін орнықтырды. Осы тайпалардың көсемдерінің бірі Арсақ Селевкілерден ұлан байтақ иеліктерін тартып алып, Парфия империясының негізін салды.  Ұзақ уақыт Парфия мемлекетінің саяси және культтік орталығы Ниса (Ашхабадқа таяу) қаласы болды.

 Осыдан кейін ол Селевкі билігінің Парфияны қайтармақ болған толып жатқан әрекеттеріне оңтайлы тойтарыстар берді.  Арсақ І қайтыс болған соң оның сүйегі қазіргі Ашхабад қаласынан батысқа қарай  20 шақырым жердегі Ниса (Көне Ниса) атты көне қалашықта жерленді.  Кейіннен бұл жерде Арсақ әулетінен шыққан патшалар жерленіп, ұлттық пантеонға айналды. Мемлекеттің батысқа қарай ірге кеңейтіп, астанасы бірнеше рет ауысқанмен біздің заманымыздың І ғасырына дейін Арсақ әулетінің пантеоны сол орнында қалды. 

Тиридат патша заманында да  Парфия селевкілердің шабуылына қарсы тұрды.  Біздің замамызға дейінгі  230-227 жылдары үш жылдық қырғын  соғыста дайлар Селевк ІІ- нің әскерін тас-қалқан шығарып, гректер амалсыз Парфия аймағына Арсақ билігін мойындауға мәжбүр болды.   Біздің жыл санауымызға дейінгі 209 жылы Парфия уақытша Селевкі патшасы Антиох ІІІ қарамағына түсіп қалды, бірақ Арсақ әулеті елдің басын қосып гректерді қуып шықты. Осылайша Селевкі империясы тарапынан болған тұрақты қысым  Парфияны басқарып отырған Арсақ әулетін шынықтырып, мемлекеттің өміршеңдік қабілетін күшейтті. 

Парфия біртіндеп күшейе берді. Біздің жыл санауымызға дейінгі 170-138/137 жылдары Селевкі империясының шығыс сатрапиялары: Мидия, Месопотамияның үлкен бөлігі, Ежелгі Элам жері, Сузы мен Грек-Бактрия патшалығының батыс бөлігі Арсақ әулетіне бағынды. Біздің жыл санауымызға дейінгі 149 году до н.э. Митридат І Арменияны бағындырып, ол провинцияның  басшылығына  өзінің інісі Вагаршакты тағайындады.  Осы Вагаршактан (Бақыршақ) армян арсакидтерінің әулеті (Тигран т.б.) тарайды.  Арсақ (Арцаг) атауының Арменияда  қолданылу себебін де біз тарихи Арсақ әулетінің әсерімен түсіндіреміз. 

Парфия мен Рим (Ұрым) соғыстары

Батысқа қарай жылжу барысында парфиялықтардың саяси билігіне орасан зор жер иеліктері мен оларды мекендеген халықтар қарады, ал Парфияның  мемлекеттік шекарасы  Рим (Ұрым) империясына келіп кірікті. Алайда бұдан әрі  Парфияның экспансиясы шектеле берді. Оған  екі маңызды  себепті атап көрсетуге болады,  оның біріншісі- өздерінің сауда-қолөнердегі привилегияларынан айрылып  қалған  Бабыл (Вавилон) жеріндегі грек қалаларының наразылығы көбейді, екіншіден- Парфияның солтүстік-шығыс шекарасына Тұранның далалық көшпелі сақтарының шабуылы күшейді. Тұрақтылық тек Дрангиананы  (кейінгі заманда Сакастан атанды) сақтардан босатқан, одан кейін Маргиананы (өзінің басты қаласы Мервпен белгілі) мемлекетке қосқан және батыста Солтүстік Месопотамияны  бағындырған Митридат II (б.э.б.  123-88/87 жылдары) заманында ғана орнықты. Бұл кезеңде Арсак билеуші әулеті Сирияда жеріне ғана иелік жасайтын  Селевкі билеушілерімен саяси күресін жалғастыра берді. 

Парфяндардың Риммен алғашқы қақтығыстары біздің жыл санауымызға дейінгі I ғасырда басталды, соның нәтижесінде Парфия патшалығы мен Рим империясы арасындағы шекара Евфрат өзені болып белгіленді. Парфия патшасы Орода II (б.э.б.  57-37/36 жылдары) кезінде Цезарьдің серіктесі  Марк Красс басқарған  Рим (Ұрым) әскері  Месопотамия жеріне басып кірді, бірақ біздің жыл санаумызға дейінгі 53 жылы  Карр аталатын өлкеде Парфия армиясынан тас-талқан болып жеңілді.  Бұл соғыстың сипаттамалары түгел жарияланған, сол себепті оны қайта баяндаудың қажеттілігі шамалы. Бір ғана ескертетін мәселе Парфия әскерінің  Рим (Ұрым) легиондарын Ұлы дала көшпелілерінің қаша соғысу және қоршап алу әдістерін қолдану арқылы жеңгені. Бұл жерде Еуразия  көшпелілерінің әскери өнерін,  соның ішінде садақшыларды пайдалану әдістерін ерекше айтқан жөн. 

Риммен (Ұрым) болған жеңімпаз соғыстардың негізінде біздің жыл санауымызға дейінгі 40- шы жылдары парфяндықтар  түгелге жуық Кіші Азияны, Сирияны және Палестинаны алды. Рим империясы Шығыстың көрсетілген аймақтарындағы өзінің ықпалын кейін әзер дегенде  қайтарды. Сонымен бірге Рим басшылары  Парфияны әлсірету үшін оның саяси элитасындағы күштерді бір-біріне қарсы қою саясатын жүргізді.  Мәселе Парфия елінің  біркелкі еместігінде еді, егер  Месопотамия мен Бабыл (Вавилон) саяси күштері және сауда элитасы Риммен жақындықты қалады, ал Парфияның негізін құрайтын шығыс аймақтары, әсіресе көшпелі жауынгер рулардың көсемдері  Рим империясын  бітіспес жау ретінде қабылдады.  Ақыр соңында бұл қарама-қайшылық Парфияда антиэллинидік және антиримдік  тенденциялардың күшеюіне, сонымен бірге дайлардың  өзінің жергілікті  мәдениетіне басымдылық беруге, өз дәстүрлерін  дамытуға алып келді.  Вологес I (51/52-79/80 жылдары) ішкі жағдай тұрақталып, ол сыртта да белсенді саясат жүргізуге мүмкіндік берді. Алайда, Ұлы дала аймағынан көшпелі тайпалардың толқын-толқын келуі, орталық билікті мойындай қоймайтын ішкі сепратизмнің күшеюі, билеуші әулет арасындағы жанжалдар Парфияны әлсіретті. Бұл жағдай Римге Парфияның батыс аймақтарына шабуылды үдетуге және шаруашылығын күйретуге мүмкін берді. Ең алдымен римдіктер Парфия ықпалынан Солтүстік  Месопотамияны босатып алды. Аракідік батыс аймақтарыға иелік жасай бастаған 

Ішкі дағдарыс және мемлекеттің ыдырауы

Рим (Ұрым)  легиондарына  жойқын соққылар бергенімен Парфиядағы ішкі саяси дағдарыс күшейе берді. Біртіндеп  Маргиана (Мерв), Сакастан (Систан, Seistan), Гиркания (Горган- Каспийдің оңтүстік-шығыс жағалауы), Парс және басқалары тәуелсіз иеліктерге айналды. Сыртқы соғыстар мен ішкі берекесіздік елді кедейлендіріп жіберді. 224 жылы  бұрын Парфияға бағынышты Парсы (Персия) билеушісі Ардашир  Артабан V-ке  Ормиздаган жазығында шешуші соққы берді. Осы жеңілістен кейін Парфия патшалығы өзінің өмір сүруін тоқтатты, ал оның территорясы мен халқы  Сасан (Сасанид) империясының құрамына кірді. 

Бірте-бірте Парфия атты мықты мемлекетті жасаған және оны жүздеген жылдар бойы қорғаған парн (апарн)-даи елі жергілікті отырықшы елдердің арасына сіңіп кетті, олардың мәдениетін, тілін және дінін қабылдады, яғни толық  ассимляцияға ұшырады. Алайда олар бұрыңғы билеуші әулеттің өкілдері ретінде Сасан империясының мемлекеттік қызметінде привилегиялық статуста болды және әскербасылық міндеттерін атқара берді. Ең күшті парфяндық тайпалар Сасан тағының тірегі болды және парфяндық өзінгдік сананың әлі де біраз уақыт сақталуына ықпал етті. Бұл әсіресе Бахрам Чубин күшейген уақытта көрініс табады, ол VI ғасырда  Сасанид шахы Ормиз ІV-ні орнынан алып, Парфия атауының қайта жаңғырғанын жариялады.  Бұдан әрі Парфияның  негізгі әскери күші болған қазіргі  Казақстан, Түркменстан, Қаракалпак жеріндегі дай қауымдары солтүстіктен келген түркі көшпелілерінің жаңа толқындарымен алмасты, көпшілігі жаңа ұлыстардың этникалық құрамына кірді.  

Сонымен Эфталит  (Ақ, немесе Ар ғұндар) дәуірінде олардың негізгі қарсыласы болған Сасанид империясының түп негізі Парфияға барып тіреледі.  Ұлы даладан отырықшы өңірлерге дүркін-дүркін  аттанған  жауынгер тайпалар  момын егінші, қолөнерші, саудагер  қауымдарды бағындырып мемлекеттер құрады. Біраз уақыттан  кейін тарихтың бір бұрылысында олар амал жоқ отырықшылыққа көшкендері енді  көшпелілердің жаңа толқынына қарсы шығады. 

Ұлы дала ауызша дәстүрі 

Сонымен дай тайпасынан шыққан Арсақ батыр әлемдік тарихтағы ең бір белгілі мемлекеттердің бірін құрды.  Жоғарыда біз антикалық тарихшыларда бұл үрдістердің жақсы айтылғанын баяндадық. Енді Арсақ пен оның тайпасының шығу тегі туралы далалық ауызша дәстүрде дерек бар ма, соған келейік. Тарих ғылымында Парфияның негізін салған  Арсақ әулетінің Ұлы даладан шыққандығы  басым көзқарас болып табылады. Дегенмен бұл тұжырыммен  қатар басқа да  пікірлер барын айта кеткен жөн. Кей-кейде  Арсақ  әулетінің өкілдері  де әр түрлі аңыздарға жол беріп отырған.  Мысалы, Парфия билеушілері жергілікті елге ұнамды болу үшін өздерін Иранды талай заман билеген Ахеменид патшаларының ұрпағымыз, Артаксеркс ІІ- ден тараймыз деп насихат жасағаны белгілі. 

Осы даулы мәселеге соңғы нүктені қою үшін біз Ұлы дала көшпелілерінің насабнамаларына (генеалогия) үңілуіміз керек, ал ол жерде анда-санда Арсақ патша туралы деректер кездесіп қалады.  Бұл туралы ең толық деректерді біз саха халқының Эллей (Элдей) батыр туралы тарихи аңыздарын алғаш  жинаған және жүйелеген К.В.Ксенофонтов жазбаларынан кездестіреміз. Саха халқының 1937 жылғы қырғында  атылған  атақты азаматы және этнографы былай деп жазады: «Эр-Соготох-Эллэй  прибыл с юга, его отец, как рассказывают, происходит из татар. Отца звали Арсаах, он бежал с сыном от войны. Воевали татары и русские. Последние победили. Арсаах  прибыл к верховьям нашей реки верхом на жеребце...» (Ксенофонтов,1977:34).

Ол келтірген тарихи аңыздардың тағы бірінде саха халқының  түп атасы саналатын  Эр Элдеядің әкесі  татар халқынан шыққан Татар-Тайма еді делінеді:  «Отцу Эр Элдея Татаар-Тайма исполнилось 200 лет.  В это время правителем был Хаан-Боллох. Эр-Соготох-Элдэй  при нем был богатырем, вроде главного должностного лица. Однажды Хаан-Боллох издает указ о том, чтобы в течение семи дней убить стариков и старух старше ста лет. Эр-Элдей рассказал своему отцу об этом приказе. Тогда они вдвоем подумали и сделали из шкур большой мешок, в котором спрятался отец. Проходя через многие испытания и невзгоды в конце концов Эр Элдей попадает на берега Лены, к стоянке легендарного аборигена этого края  Омогой-бая». Элдей батыр туралы аңыздардың ең жарқын сюжеттері, кейде аңыздардағы ұсақ детальдер қазақ  фольклорының ең ерте  үлгілерінде қайталанады (Артыкбаев,2014:185-197;  Артыкбаев, 2016, № 1 (14): 5-14). Эр Элдей (Алтай, Елтай, Ел ата) аңызының мазмұны бізді дай/адай, алтай-арғын, бағаналы-найман параллельдерін іздеуге және тәпсірлеуге итермелейді. Саха ауызша дәстүрінде Арсақ атының кездесуі,  сонымен бірге  саха (сақ) этнонимінің Парфия мемлекетінің негізін салған Арсақ атына кірігуі бұл  да кездейсоқ емес. 

Дай және қазақ

Біз Парфия мемлекетінің негізін қалаған дай тайпасын біз қазақ құрамындағы адай деп есептейтінімізді  жоғарыда жаздық, бірақ мәселе күрделірек.  Мәселе, Арсақ ұлы Элдейдің қазақ құрамындағы бірнеше тайпалардың арғы атасы болып табылатындағы. Мысалы,  Қазақстанның орталық және солтүстік аймақтарын жайлайтын арғындардың, Қазақстанның орталық және оңтүстік аймақтарын мекендейтін бағаналы-наймандардың және Батыс Қазасқтанның Маңғыстау, Үстірт, в низовьях Сырдария мен Әмударияның төменгі бойын қоныстанған адайлардың арғы атасы  Элдей батыр (Алтай батыр, Елата, Елтай батыр және басқалары). 

Ауызша және жазбаша деректерді пайдалана отырып біз  тарихи Парфия жеріне жақын орналасқан қазақтың ең үлкен және белгілі руларының бірі Адайдың шығу тегін зерделейік. Біздің  қазақ шежіресіне қатысты жүргізген  зерттеу жұмыстарымыз    құрамына Адай және басқа да үлкен рулар, барлығы 12 ру   кіретін Байулы конфедерациясы шығу тегі әр түрлі рулардың одағы екенін айқандайды. Белгілі қазақ тіл ғылымының өкілі С.Аманжолов кезінде  адай руы Геродот пен  Страбон жазбаларында аталатын көне дайлардың тұқымы деген болжамды алғаш айтқандардың бірі. Ол Каспий теңізінің шығыс жағалауында   біздің жыл санауымызға дейінгі  II ғасырда өмір сүрген адай субстраты ада қауымдарының  («ада» протооғыз тілдерінде– «арал», осыдан «адаи» яғни арал тұрғындары) өмір сүргенін жазды. 

С.Аманжолов, лингвист  ретінде, әрине, бірінші кезекте дай//адай эпонимдерінің өзара үндестігіне көңіл аударды.  Сонымен бірге тілші ғалым адай қазақтарының  Маңғыстауды мекендейтінін дерек есебінде ескерді, себебі кезінде антикалық авторлар жазғандай массагеттер батысқа көшкен ІІІ ғасырдан соң дәл осы  жерге дай/даха қауымдары қоныстанғаны белгілі (Аманжолов, 1959:36). 

Адай ауызша дәстүрінде бабаларының Күннің нұрынан жаратылғаны туралы аңыз бар. Адайдың ерекше шығу тегі  ХІХ ғасыдың белгілі ақыны Қашаған Күржіман ұлының  «Адай тегі» аталатын шағын поэмасында да айтылады.  Ақын бұл әңгімені тым ерте замандардан, яғни пайғамбарлардың хикаяларынан бастайды, одан кейін Шыңғыс ханның арғы атасы  Таңірберді (Боржігін) ғажайып шығу тегін жырлайды. Күн нұрынан жаралған Шыңғыстан «Садағын сағымға ілген» қазақтың төрелер әулеті тарайды.  Күннен жаратылған деген  ұғым билік жүргізетін әулеттің ерекше қасиеттілігінің белгісі ретінде (харизма) қазақ эпикалық жырлары мен аңыздарында жиі қолданылады. 

Бұл ғажап әңгіме әлемнің тарихы тереңге кететін халықтарының көпшілігінде бар және тым көне замандардың жаратылыс туралы түсініктерінен бастау алады. 

Сонымен бірге Адай руының шығу тегі туралы тарихи шындыққа жақын тағы да аңыздар бар. Соның бірін Маңғыстау өңірінің насаб-нама білгірі Көпбол Демесинулы жазады «Қыдырқожа асқан бай болған еді, малы жайылымға симай кең алқапты алып жатады екен. ... жағымпаздық қолпаштау мағынадағы ...»Бай баласы», «Байдың ұлы»  айтылған сөзден барып, Қыдырқожа «Бай», ал оның үрпақтары — балалары «Байұлы» атанып кеткен. Байдың Жəнби бəйбішесінен Қанбибі  (Айсүлу, Баршабике — Бəше деп те атаған) деген жалғыз қызы болған дедік. Бір жылы Орта жүзден Елтай деген жігіт елінен қашып келіп Асанқожаға бала болып, Байға іні болып паналайды да, Қанбибімен көңілі жақын болып, қыз екі қабат болып қалып, үйінде отырып үл туыпты. Бай некесін қиып қызын Елтайға қосады да, үлдың атын Адай деп қояды. Адай — жиен болады, бірақ Байдың бір баласы есебінде саналып тəрбиеленеді. Себебі əкесі Елтай жаугершілікте қазаға үпіырап, шешесі Қанбибі де өліп, жетім қалған еді дейді» деген дерек бар (Демесінұлы К: «Адай тарихын екімыңжылдықтан әрі іздеу керек»//http://old.abai.kz).

Жоғарыда келтірілген аңыздық сюжет  Орта жүз Арғын конфедерациясының басты компоненттерінің бірі Алтай руының шығу тегі туралы аңызды еске түсіреді   (Көпейұлы, 2013, т.9: 236-240). Сонымен бірге саха, адай және арғын арасында кең тараған түп ата туралы аңыздардың түбі бір екенін мазмұны ғана емес, сонымен бірде   Элдей, бірде Елтай, бірде Алтай аталатын басты қаһарманның  есімінің  сәйкестігі көрсетеді.

Адай шығу тегіне ұқсас аңыз  Баганалы-Найманда да бар. Бұл қауым өткен заманда Сырдарияның орта ағысынан бастап Орталық Қазақстанның Торғай, одан кейін Ұлытауға дейінгі жерлерін жайлаған. Бағаналы-Найман қарияларының әңгімелеріне қарағанда олардың бабасының аты да  Елтай: «Найман өліп, асын берген соң, ата жолымен «Қыз ене» атанған Гүлшені Найманның ұлы атасы Сарымен бір туысқан Шолмақтың немересі Елтайға қосады». Ұлытау төңірегіндегі шежірелерде Найманның інісі Наймантайдан  Елтай туып еді дейді. Елтайды Әлпеш: «атамның орнына ата болды» деп Елата атап кетеді-мыс. Насаб-наманың басқа нұсқаларында «Қыз-енейді Тоқпанның бала кезіндегі серігі, жылқышы жігіт Елтайға қосады да, малшы болса да енемді алды ғой деп, Елата атайды. Осы Елатадан Найманның аса белді ұрпағы Бағаналы, Балталы, Ергенекті тарайды». «Кейін Елата мен Гүлшенің арасынан бір ұл туып, оны Белгібайға серік болсын деп, атын Серікбай қояды. Кейбір шежіре бойынша Серікбайдан Келбұқа, Кетбұқа атты екі ұл туады. Келбұқадан Балталы, Кетбұқадан  Бағаналы тарайды» (Сейдімбек,1993: 91). Қазақ ортасында жүрген шежіре- насаб-намаларда Жошының өлімін Шыңғыс ханға жеткізетін, Хулагудың әскерін Мысырға қарай бастайтын атақты аталық, жырау, қолбасшы Кетбұқа осы  Елтай батырдан тарайды.  Сонымен ауызша дәстүр материалдары бойынша Елтай-батыр (Елата, Алтай батыр, Элдей баатыр) – көп санды далалық оғыз текті рулардың конфедерацияларының бірінің түп атасы тоғыз таңбалы Найманның замандасы. 

Сақ дәуіріне сапар

Жылқышылық Еуразия көшпелілерінің батырлық мектебі екені белгілі. Жоғарыдағы аңызды сарапқа сала отырып ерте кезеңде  найман елінің бір бөлігі  мен адай елдері  қатар жайлады деп жорамал жасауға хақымыз бар.  Біз оғыз текті рулардың шығу тегін, соның ішінде сегіз-оғыздарды (найман қауымы осы сегіздіктің ішінде болды) Ұлы даланың сақ аталатын руларының конгломератымен байланыстармыз. Сақ қауымдары Шығыс Еуропа, Батыс және Орталық Азияның ұлан-байтақ аймақтарына кең тараған жоғары мәдениет үлгісін жасады.  Бұл мәдени қауымдастық Еуразияның аридтік аймағын, Солтүстік Қаратеңіз және Қырым түгел қамтып Алдыңғы Азия, Орталық Азия мен Еуропа арасында алтын көпір қызметін атқарды. 

Сақ этномәдени ареалының эпицентріне  жақын орналасқан қауымдардың бірі дайлар болатын. Страбон  (біздің жыл санауымзға дейінгі I ғасыр):  «Скифтердің көп бөлігі, Каспий теңізінен бастап дай атанады, одан әрі шығысқа қарай массагеттер мен сақтар, жалпы басқасының бәрін скиф атайды, ал жалпы әр рудың өз атауы бар», - дейді  (Страбон, 1964: 140). 

Сақ өркениеті  бірте-бірте әлсіреп  оны Еуразияның шығысындағы тау аралық жазықтары мен аңғарларынан өз бастауын алатын   Халықтардың ұлы қоныс аударуы аталатын кезең алмастырды. Сөз жоқ бұл қозғалыс  Орталық Қазақстан мен Батыс Сібір арқылы жүрді. Егер ғұндардың Шығыста көтерілуі дунху (слтүстік аймақтарда) және юечжи (оңтүстікте) қауымдарын батыс және оңтүстік өңірлерге көшуге бағыттаған қысым түрінде жүрсе, біздің жыл санауымызға дейінгі жүзжылдықта  Ғұн империясы  құрамындағы рулардың өзі де солай қарай жылжуға мәжбүр болды. Біздің жыл санаумызға дейінгі  71 жылы Қытай  – ухуан, усун, динлин сияқты ғұн елінің көршілерінің қолддауына сүйеніп империяға үлкен соққы берді. Соның кесірінен біздің жыл санаумызға дейінгі  56 жылы Ғұн империялық қауымы  оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлінді және Халықтардың ұлы қоныс аударуы басталды.  Алдымен Сібір және Орал тауларының бөктеріндегі угор тілді тайпаларды өз көшіне қосып алған  ғұндар, кейін келе  Азау (Азов) маңында аландарды бағындарды, одан кейін Керіш бұғазы арқылы өтіп және Боспор мемлекетінің қалаларын тас-талқан етіп,  ақыры  Алтайдан мыңдаған шақырым жерге орналасқан Римнің (Ұрым) іргесіне найза тіреді. Елтай (Алтай, Элдей, Эр Элдей) атының Орталық Азия халықтарының көпшілігінде түп ата ретінде сақталуы да осы аласапыран көшіп- қонумен байланысты.  

Міне, осы жерде жоғарыда баяндалған оқиғалар комбинациясының түйіні, саха-якут халқының түп атасы Элдей батырдың әкесі Арсаах  тарих сахнасына шығады. Саха халқының әфсаналық этногониясынан белгілі  Арсаах пен қазіргі Түркменстан жері, Арал бойы дайларының көсемі Арсақ арасында байланыс бар ма? 

Біздің ойымызша бар! Біздің ойымызша дай (дах) тайпалары осы Халықтардың ұлы қоныс аударуы кезінде шығыстан батысқа жылжып Арал-Каспий арасын  қысқы қонысқа, ал Орал тауынның баурайын жазғы жайлауға ыңғайлап орын  тебе бастаса керек. Олардың жергілікті массагет тайпаларының қалған қалдықтарын түгел қырып жібермегені анық. Нәтижесінде бірнеше жүз жыл  қоршаған ортаға жақсы ыңғайланған  массагет мәдениеті дайларға әсер еткені сөзсіз, осылайша екі ортада симбиоз қалыптасты. Сонымен бірге Арсақ әулетіне жақын дайлардың бір бөлігі  Парфия мемлекетінің негізін салған соң Лена өзенінің орта ағысына көшіп келген. Саха аңыздарында  айтылатын «Арсаах прибыл к верховьям нашей реки верхом на жеребце…» деген дерек солтүстікке атты жауынгерлер келгенін келгенін көрсетеді.  «Арсак» - бұл жерде шартты атау деген пікірдеміз, келген осы әулеттің өкілдері болуы керек.  Дай тайпасы арасынан шыққан билеуші әулеттің негізін салған және Парфия империясын  құрған атақты көсем Арсақ  Каспийден  шығысқа қарайғы өлкені мекендеген: «Затем Арсак, скиф, вместе с некоторыми из даев, так называемых апарнов, кочевников, живших по реке Оху, напал на Парфию и завоевал ее» (Старбон,1994: 11).

Бұдан шығатын қорытынды біреу, саха   аңыздарында Элдей батырдың әкесі аталатын және Парфия мемлекетнің негізін салған Арсақ патша  Ғұн дәуірінде Еуразиялық кеңістікке аты шыққан мемлекет құрушы қаһармандардың бірі. Арсак  баба   Ұлы даланың азаматы екенін біз жоғарыда келтірген жазба және аңыздық деректер толық дәлелдеді деп сенеміз. 

Әдебиет:

Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. Алма-Ата, 1959.

Арриан Луций Флавий. Поход Александра. Перевод с древнегреч. М.Е.Сергеенко. М.-Л.,1962 (Приложение: Арриан. Парфика в изложении Фотия. Перевод Д.В.Мещанского. Мириобиблион.).

Артыкбаев Ж.О. Казахское сказание о джигите Алтай : общие мотивы в этногенеалогических сюжетах казахов и саха Всадники Северной Азии и рождение этноса. Этногенез и этническая история саха.  Новосибирск, 2014. – С.185-197. 

Артыкбаев Ж.О. Первопредок саха – Елтай батыр (Элдей батыр) в историко-генеалогических сказаниях казахских племен Адай и Баганалы-Найман // Северо-Восточный гуманитарный Вестник. 2016, № 1 (14), с.5-14

Артыкбаев Ж.О. Кочевники Евразии в калейдоскопе веков и тысячелетий. Астана-М., 2017.

Гафуров Б. Таджики. Древнейшая, древняя и средневековая история. М., 1972.

Геродот. История в девяти книгах / Перевод  с древнегреч. Г. Мищенко. ‒ 2-е. изд. ‒ М., 1888.

Демесінұлы К. «Адай тарихын екі мыңжылдықтан әрі іздеу керек»//http://old.abai.kz/content/kopbol-demesinyly-adai-tarikhyn ekimynzhyldyktan-eri-izdeu-kerek 

Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: Летопись трех тысячелетий. ‒ Алма-Ата, 1992.

Көпейұлы М.-Ж. Шығармалары. ‒ Т. 1‒20. т.9. Павлодар, 2013. 

Ксенофонтов Г.В. Эллэйада: материалы по мифологии и легендарной истории якутов (Отв.ред. акад. А.П.Окладников. Академия наук СССР, Сибирское отделение. Якутский филиал. Институт языка, литературы и истории). М.,1977.   

Назарбекұлы С., Жылқышыұлы Ж. Қазақ халқының шежіре тарихы. Адай тайпасы. 1 т.  Алматы, 2015. 

Пекарский Э.К. Словарь якутского языка. Т. 1‒3. 2 т, стб. 2137. М.,1958, 

Ру Жан-Поль. История Ирана и иранцев. От истоков до наших дней. СПб,.2012.

Сейдімбек А. (Тарақты). Балталы, Бағаналы, ел аман бол.  Алматы,1993,

Страбон. География. Перевод Г.А.Стратановского. Книга ХІ, глава 3, М., 1994. 

Таиров А.Д. Ранние кочевники урало-казахстанских степей в VII‒II вв. до н.э.  М., 2005. 

Халид Қ. Тауарих хамса шархи.  Алматы, 1992

Юстин Марк Юниан. Эпитома сочинении Помпея Трога «История Филиппа». Книга ХLІ, СПб., 2005.

Мақала «Қазақстан тарихы» интернет-жобасының  «Қиян дала және Әлем тарихы» арнайы жобасында жазылды

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?