Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Күрескер тұлға, қарымды қаламгер

1167
Күрескер тұлға, қарымды қаламгер - e-history.kz

2023 жылы 3 ақпан күні қазақтың арда азаматы, жазушы, қоғам қайраткері Кәмел Жүністегі 84 жасында өмірден озды. Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлықтың иегері Кәмел Жүністегінің бар саналы ғұмыры күрескерлік рух пен ұлтқа қызметтен тұрады екен. Біз асыл азаматты еске ала отырып, осы турасында тоқталмақпыз.

«Дос көңілі», «Көне хикая», «Көксеу», «Көксеңгірдің тасында», «Соңғы Абыз», «Ұлы пайғамбар және ұрпақтары», «Шырағдан», «Қоңыр Құлжа», «Мөрші», «Арманым оттан өрілген», «Едіге», орыс тілінде «Вожак» «Адам, қайда барасың?» кітаптарының, «Құба белдер» трилогиясының, «Тар заман» спектакілінің авторы. 

Сонымен қатар: «Бір ауыз сөз», «Шортанбай жырау «Қай заман», Хазірет Әлі «Меруерт қайнар» қатарлы кітаптарды құрастырған жазушы, танымал өнертанушы, күрескер тұлға, қоғам қайраткері Кәмел Жүністегі 1939 жылы 27 қаңтар күні Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы селосында дүниеге келеді. Қазақылықтың қаймағы жұқармаған өңірде, ата-ананың қолында тәрбиеленіп білім алады. Өзі туралы естеліктер мен көзі тірісінде берген сұхбаттарына қарағанда Кәмел Жүністегі ерекше бала болған. Сегізінші сыныптан бастап, мектепте гуманитарлық пәндерден берілетін білімге сыни көзқараспен қарай бастаған екен. Мектепте сабақты жақсы оқиды. Әсіресе тарих пәніне құштар болып, кілең беске оқиды. Қазыналы Қарағанды өңірінің сол дәуірдегі көптеген жастары сияқты геолог болуды армандайды. Сол арманның жетегімен 1956 жылы мектеп бітірген соң тау-кен барлау техникумына түседі. Геологиялық барлау мекемесінде жұмыс істейді. Одан соң аудандық комсомол комитетіне жұмысқа орналасады. Шет аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген ол арнайы білім алу үшін жоғары оқу орнына құжатын тапсырады. Сөйтіп 1960 жылы Қарағанды педагогикалық институтының (1996 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің құрамына енген) тарих факультетіне оқуға түседі. Осы кезеңнен оның күрескерлік жолы басталады. Кәмел Жүністегі мен оның  өзге де ниеттес жолдастары бұл күрескерлік жолға не үшін барды деген сұрақ туады.

Қазақстанда бұл кезеңде, ХХ ғасырдың 60-жылдары Тың және тыңайған жерлерді игеру атты ғаламат науқан біржола жеңіске жеткен болатын. Қазақ жерін аса мол мөлшерде жырта отырып, мемлекетке миллиард пұт астық тапсыру қалыпты жағдайға айналған еді. Сонымен қатар Қазақстанды индустрияландыру процесі де қарқынды жүріле бастады. Әсіресе жерінің асты толған қазба байлық Қарағанды облысы осы ауқымды істердің нағыз ядросы болды. Қарағанды облысының аумағы Магнитка сияқты алып құрылыстар алабына айналды. Кеңес Одағының астанасы Москвадағы Н.С.Хрущев бастаған ел басшыларының өзі ерекше назар аударып, Қарағанды өңірінің шексіз байлығын игеру қызу қолға алынып жатты. Және де ескерерлігі – мұндай ауқымды жұмыстардың бәріне мол жұмыс күші қажет болатын. Бұл проблеманы шешуге қажетті мамандар, жұмыс күші негізінен РСФСР, Украина т.б. одақтас республикалардан тартылды. Олар Қазақстанға жүз мыңдап, миллиондап келіп жатты. Осының салдарынан Қазақстандағы жергілікті ұлт – қазақтардың проценттік үлесі мүлде төмендеген жағдай туындады. «Википедия» көрсеткен мәлімет бойынша 1959 жылы Қазақстанда 9 миллион 309 мың 847 адам тұрған болса, олардың ішінде қазақтар небары 30 процентті (2 миллион 794 мың 966 адамды) құраған.

Міне осыдан кейін Қазақстанда қазақ мектептері әр өңірлерде, әсіресе қалаларда жаппай жабылып, ұлттық руханият мансұқтала бастады. Бұл – қазақ ұлтының болашағына төнген аса үлкен қатер еді. Кәмел Жүністегі қатарлы отаншыл жастар бұған іштей наразы болды.

Кеңес Одағы бұл кезеңде әлемдік аренада аса беделді, қуатты державаға айналған болатын. Ғарыш әлемін алғаш игеріп, ғылым-техника, индустрия, ауылшаруашылық, спорт салаларында үлкен жетістіктерге жетті. Әскери қорғаныс саласында да Кеңес Одағының жетістіктері айқын болды. Екінші дүниежүзілік соғыста жеңімпаз болып аяқтаған мемлекеттің кейінгі даму бағытында орыс тілі, руханияты басымдыққа ие болды. Қазақтардың азшылыққа айналып, жер-су, ауыл-қала атаулары біртіндеп орысшалана бастауы, «орысша білмесең адам болмайсың» деген түсінікпен қазақтардың балаларын орыс мектептеріне бере бастауы ұлтын сүйетін қазақ жастарын ойлануға мәжбүрледі. Алайда әлемді дірілдеткен алып империяның жүйесіне қарсы шығатындай күш жоқ еді. Бірақ жастық оты жалындаған ұлтсүйер студенттер қарап жатпады. Қарағандыдағы қазақ жастары арасында өткен ғасырдың қырқыншы жылдары басында негізделіп, 1941 жылы құрылған «ЕСЕП» (Елін сүйген ерлер партиясы) партиясының көтерген идеясы шынымен де ұлтының болашағына алаңдайтын жастардан кенінен қолдау табады. Бүркіт Ысқақов бастаған бір топ жастың көтерген идеясы – қазақ халқының ұлт-азаттығы жолындағы арманы болатын.

«ЕСЕП» партиясының негізін қалаушы, болашақ ақын Бүркіт Ысқақов Ұлы Отан соғысы басталғанда майданға аттанады. Майданнан аман-есен келіп, қызмет жолын жалғастыра жүріп, ел болашағына алаңдайтын жастарды, жақтас, пікірлестерді тартуын жалғастыра береді. Бұл әрине кеңестік қоғамды қауіптен сақтау мекемесінің назарынан тыс қалған жоқ. 1951 жылы Бүркіт Ысқақов бастаған бір топ азамат қамауға алынып, совет үкіметіне қарсылық үгіт-насихаттық ұран-парақшалар таратты деген кінәмен сотталып, еңбекпен түзету лагерьлеріне жөнелтіледі.

Алайда елін сүйген ерлердің ісі әр кезеңде жалғаса береді. 1960-1964 жылдары «ЕСЕП» партиясының бастаған ісін олардың ізбасарлары Зейнолла Игіліков, Кәмел Жүнісов қатарлы жастар жалғастырады. Олар да қазақ руханиятының күн өткен сайын қыспаққа түсуіне алаңдап, осыған байланысты қарсылықты ойларын жоғары оқу орындары студенттеріне жеткізуге талпынады. Осы мақсатта «Жас қазақ» деген бүркеншік атпен жазылған ойларын жазу машинкасымен көбейтіп, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындарына жолдайды. Бұл хаттардің көбі діттеген жеріне жетіп, жастар оқып танысады. Бұл жөнінде күрескер тұлға былай деген екен: «Біз не істедік? Парақшалар (листовкалар) жазып тараттық. Әуелде қолмен жазып жүрдік. Конвертке салып, Қарағандыдан, Ағадырдан, т.б. станса қалалардан пойызбен кетіп бара жатқан адамдарға: «Алматыға (немесе басқа қалаға) барған соң пошта жәшігіне сала салыңызшы», - деп беріп жіберіп отырдық. Біз бірде-бір хатты бұл облыстағы пошта жәшігінен жіберген емеспіз. Қарағандыдан ұшатын жолаушылар арқылы Атырау, Шымкент, Семей секілді алыс қалаларға жіберетінбіз».

Осылайша жасырын топ екі жыл бойы ұсталмастан хаттарды үздіксіз жіберіп отырды. Аса сақтықтың нәтижесінде із кесушілерді адастырып отырған. Мұның мәнісі туралы Кәмел Жүністегі журналист Өмірзақ Ақжігітке берген сұхбатында тарқатып айтады: «Осылай екі жарым жыл жұмыс істедік дедім. «Үш әріп» ізімізге түсе алмай сандалып кетті. Біз одан да ұзақ уақыт ұсталмауымыз керек еді, Зейнолла деген, менімен бірге барлық істің басында болған, екеуміз бірге кеткен досым ақшатаулық бір баланы тартқан екен, сол бала тәртіпті бұзып, Ақшатаудың поштасынан салған ғой хатты. Соны естіген бойда Зейноллаға және өзім тартқан басқа мүшелерге де «енді бізді ұстайды, соған дайындалыңдар, байланысты үзіңдер, ең бастысы, ешкімді сатпауымыз керек» деп ескерттім».

Осылайша ақырында мемлекеттік қауіпсіздік комитеті құпия қарсыласу тобының нақты орталығын табуға мүмкіндік алған екен. Бұл құпия ұйымды анықтауға кіріскен мемлекеттік қауіпсіздік қызметі 1962 жылдың 10 желтоқсанында Зейнолла Игіліковті, 17 желтоқсанда Кәмел Жүнісовті ұстап, Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 56-бабының 1-тармағы (мемлекетке қарсы қылмыстық істерге шақыру) және 58 бап (аса қауіпті мемлекеттік қылмыстар жасауға бағытталған және антикеңестік ұйымдарға қатысуға теңестірілген іс-әрекеттер ұйымдастыру) бойынша айып тағылып, 1963 жылы 19 наурызда Қарағанды облыстық соты үкім шығарады. Кәмел Жүнісов пен Зейнолла Игіліков 3 жылға бас бостандығынан айырылады. Петропавл, Челябинск түрмелерінде отырып, одан соң Свердловск маңындағы лагерьге айдалады. РСФСР-дің «Потьма» еңбекпен түзеу лагерінде күшейтілген тәртіппен жазасын өтейді.

1965 жылы туған жерлеріне оралады. Туған жерге келіп, білім алып, жұмыс істеп, отбасын асырап, шығармашылықпен шұғылданады. Бірақ аңду мен қудалаудан құтылмайды. Жазасын өтеп келгеннен кейін кезінде еріксіз үзіліп қалған оқуын жалғастырмақ болып, институттың сырттай оқу бөліміне түседі. Сөйтіп жүріп ақыры мақсатына жетіп, 1977 жылы бітіріп шығады.

1967-1984 жылдары Шет ауданы орталығындағы М.Горький атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. 1984-1988 жылдарында аудандық оқу бөлімінде әдіскер болып қызмет атқарады. 1988 жылы «Білім» қоғамында, 1989-1992 жылдары аудандық мұражайды басқарады, 1992 жылдан аудандық «Заман» газетінде редактор болады. Кәмел Жүністегі тек Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана қудалаудан құтылып, азаматтық құқығын толық қалпына келтіртеді.

Сонымен қатар ол әуесқой композитор ретінде «Арқа самалы», «Аяулым», «Домбыра», «Туған жер», «Жаз келді», «Жас алаш» маршы» қатарлы әндер шығарды. Өзінің туып өскен мекені Шет өлкесінен туып шыққан Шортанбай Қанайұлы, Қақпан Жиренбайұлы, Диа қажы, Маясар Жапақов т.б. белгілі тұлғалардың шығармашылығы турасында көп жылдар зерттеу жасап, нәтижесінде мақалалар дайындап, басылымдарға ұсынды. Олардың шығармашылығын қайта тірілтті.

Арқа өңіріндегі күйшілік мектепті де зерттеп, Қыздарбек, Әбди, Сембек күйшілердің, Абылай ханның күйшілік өнері туралы зерттеулер жүргізді. Халық аузындағы аңыздар мен әңгімелерді жинақтап жазып алу, аудио, бейнетаспаларға түсіру, Шортанбай жыраудың өзі мінген пәуескесі сияқты, ертеректегі айтулы өнерпаздардың тұтынған заттарын, саз аспаптарын жинақтау – бұлардың бәрі бір үлкен ғылыми зерттеу мекемесінің атқаратын жұмысы болса, осының бәрін Кәмел Жүністегі бір өзі атқарып өтуінің өзі оның елшілдік, мемлекетшілдік тұлғасын танытатын іс-әрекет көрінісі болса керек.

Кәмел Жүністегі шығармашыл тұлға ретінде ұлт руханиятының қазынасына үлкен үлес қосты. Тұлғаның көтерген сан салалы тақырыбы, әдеби еңбектері мен зерттеу еңбектері – осының дәлелі. Абайдың өлеңдеріндегі, қарасөздеріндегі ащы зар, өткір мысқыл, Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақтаған!» үні Кәмел Жүністегі еңбектерінде де менмұндалап тұрады. Ол ұлтының бүгінгісіне, ондағы келеңсіздіктерге жаны ашиды. Жаны аши отырып қалам тербейді. «Ұлтық музыканың тағдыры нешік» атты мақаласында қазіргі қазақ сахнасында белең алған келеңсіз, көлеңкелі жағдайларды ашына отырып жаза келе былай дейді: Өгіз мүйізді сиырда сүт болмайды, сиыр мүйізді өгізде күш болмайды» дейді қазақ. Қазақтың ащы әнімен әуен жарған, қоңыр үнімен жанынды тербеген өміршең әндеріне не жетсін. Тек осы- ны қорғау керек. Ол үшін ұлттық музыканы қорғау туралы заң керек. Ол заңның пәрменді орындалуын қадағалайтын механизмін де мықтап ойластырған дұрыс. Бұл мәселе түбегейлі шешімін таппаса, ұлттық музыканың тағдыры құрдымға кетпек.

Кәмел Жүністегінің өз шығармашылық ғұмырында ұлттық этнографияға көп мән берді. Кейінгі замандарда қазақы танымнан алыстап, ұлттық ұғымдарды мансұқтап, өзге жұрттардың дайын ұғымдарын калькалап көшіріп пайдаланып жүргендігіміз туралы алуан түрлі тақырыппен дәлелдеп, дәйектеп жазып, көзге шұқып көрсеткендей етіп, ұсынып отырды. Солардың бірі – «Жұлдызды әлемнің қазақша ұғымы» аталатын пайымдау. Жұлдыздар әлемін, аспан денелерін ежелгі бабаларымыз жақсы біліп, олардың әрқайсысының ерекшелігіне орай ат берген. Бірақ түрлі жағдайларға байланысты біз мұны ұмыттық. Кәмел Жүністегінің еңбектерінде осы жайында көптеген мәліметтер бар. Аталған пайымдау мақаласында автор былай дейді: Қаңтар жұлдызын «Су құюшы», «Су құйғыш» (орысшасы Водолейін дегеніміз де қазақ ұғымына қонымсыз. Білмеген жұрт қара көктен су құюшы кісіні, не қол жуғышты іздегендей жағдай. Ж.Баласағұни өз кітабында бұл шоқ жұлдызды «Көнек» деп дала тұрмысына дәл атаған екен. Аттың тағасындай киілген шоқ жұлдыз көн шелектің «көнектің» аузын еске түсіріп ақ тұрған жоқ па. Даланың иісі аңқыған осы атау бізге неге жат болған. Қатемізді неге түземеске деген ой келеді.

Келесі айда Үт жұлдызы туады екен. Европа оны «Балықтар» деседі. Біздің кей білгіштер үт парсының «хұды» деседі. Дей берсін. Ол қазақтық ақ «үті». Осы айда жабықтан, түңліктен, терезеден түсетін сәуледе бозамық ұшқын ұшып жүреді. Ақты «сүт» дейтін біздің халық сәуледегі ақ ұшқынды «Үт» дейді. «Балықтар» деп атап жүрген жұлдыз тізбегі де осы «үттің еске түсіргендей. Қасиетті халқымыздың рухы биік ата-бабаларының әруағы үшін көңілді мазалаған ойды қағазға түсірдік. Солар қалыптастырған ұғымды ұрпақ санасында сіңіре алсақ бізде арман жоқ. Жұлдызды әлемге көп қараймын. Сырлы әлемнің сан түрлі атаулары мен құпиясынан қапылыста айырылып қалғанымызға өкінемін». Бабалар қалыптастырған ұғымды біз бүгінгі күні санамызға сіңіре алдық па, оны сіңіре алған біздің замандастарымыз ертеңгі күнге жеткізе ала ма? Осы сұрақ бізді мазалауы тиіс.

«Егер авар тілі ертең өледі десе, мен бүгін өлуге дайынмын» деп авардың ұлы ақыны Расул Гамзатов айтпақшы, туған тілінің өлмеуі үшін басын бәйгеге тіккен қазақ азаматтары да аз болмаған. Солардың қатарында Кәмел Жүністегі де бар. Жасынан туған халқының, оның тілі мен ділінің азаттығы үшін күресіп келген қайраткер азамат тәуелсіздік тұсында да, өмірінің соңына дейін тілі үшін күресте айқастан тайынған жоқ. Тіл үшін майданның белсенді жауынгері болған ол осы күрес жолында атсалысып, көптеген мақалалар да жазып қалдырды. Оларды күрескер тұлғаның ана тіліміздің бағын ашып, өркендету турасындағы ойлары бар: «Иә, аштықтан азайып, зобалаңнан сорлап қалған халық «тың игеру» кезінде қазақ жеріне үсті-үстіне тоғытқан басқа да ұлт арасында қадау-қадау қалып, әйтеуір өлмесіншінің далбасасымен баласын орысша оқытып, енді шала қазақтан туған шикілеу немересін туған тіліне қайтара алмай, мәде- ниетін ұғындыра алмайтын халге жетті. Міне, тап осы кезеңде ұлт тіліміз мемлекеттік статус алғаны болашағынан үзе бастаған үмітке жылтыраған шоқ тастады. Қазақ тілі мемлекеттік тіл бола тұра орыс тілі ұлт аралық тіл болып жарияланды. Бір қарағанда бәрі тамаша, ұлт тілі үстем, орыс тілі ұмыт емес. Енді осының өңін сипасақ ар жағындағы келеңсіздікті көріп тағы ішің ашиды. Шынымен де орыс тілі ұлт аралық тіл болса, қазақ тілінің қазақ жерін мекендеушілерге не қажеті бар? Қандай қажеттіліктен олар қазақ тілін үйренбекші? Осы біз «тамаша» идеяларға тойып болған жоқпыз ба?» Бұл – қазіргі күні біздің қоғамымыздың алдында батыл қойылып отырған сұрақ. Кәмел Жүністегі бұл сұрақтың шешімі табылған күнді көре алмай кеткенімен, қазақ тілінің ресми мәртебесі лайықты айқындалып, ұлтаралық қатынас тілі болатын күн де алыс емес. Елім, жерім, тілім, ділім деп өткен күрескер тұлғаның рухы шат болсын.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?