Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

ЖОҒАЛҒАН ЖАУЫНГЕРЛЕР

3272
ЖОҒАЛҒАН ЖАУЫНГЕРЛЕР - e-history.kz

Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының аңтаңдақ тұстары көп. Соның бірі – Түркістан легионы сапында болған қазақ жауынгерлерінің тағдыры. Соғыстан кейін бұлардың бірлі-жарымы бас сауғалап Түркияның Ыстанбұл, Анкара қаласына барса, бір тобы Адана қаласына тұрақтаған екен.

Біз бұған дейін Түркия елінде 1950-ші жылдардың ортасында Шыңжаң-Алтайдан немесе 1970 жылдары Ауғанстан мен Ираннан ауып барып қоныстанған қазақтар ғана бар деген ойда болдық. Яғни, екінші дүние жүзілік соғысқа қатысып, «Түркістан легионы» құрамында болған қандастарымыздың бір тобы соғыс аяқталған соң бауырлас Түркия еліне қашып барып, ол елде бас сауғалағаны жайлы бірлі-жарым қадау-қадау оқиғаларды атүсті естігеніміз болмаса нақты дерекке қол жеткізе алмай келдік. 

Осы орайда мына бір дерекке назар аударсақ: ресейлік беделді басылым «Известия» газетінің 1998 жылы 25 маусым күнгі санында 4 миллион 559 мың Кеңес жауынгері немістердің тұтқынына түскені жайлы жазылыпты. Бұлардың арасында қазақтардың да болғаны анық. Тұтқынға түскен қандастырымыздың бір бөлігі немістер құрған «Түркістан легионы» құрамында болғаны да шындық.

Аталмыш тақырыпты терең зерттеген ардагер-чехист Амантай Кәкен мырза келтірген деректе: «Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германия қарулы күштерінің құрамында, 2 миллионға жуық шетелдік жауынгер, яғни легионер есебіндегі адамдар болған. Бұлардың 450 мыңын мұсылман еріктілері құраған. Нақты айтқанда, 120 мың балқандық, 4 мың араб-үнді тектес, 180 мыңы түркістандық (өзбек, қазақ, қырғыз т.б), 30 мың солтүстіккавказдық, 25-35 мың әзербайжан, 60 мың Еділ және Қырым мұсылмандары  болса, осылардың ішінде 6700 қазақ болған» дейді.

Соғыстан кейін неміс тұтқыны болғандарды И.Сталиннің 1941 жылы 16 тамызда қабылдаған «Соғыста жау қолына түскен тұтқындар қасақана әскерден қашқан болып есептелсін...»  деген 270-бұйығына сәйкес қатаң жаза күтіп тұрды. Осыны білген легионерлер туған топырағына оралмады. Дені шетелде қалып қойды. Бұлардың өмірбаян деректеріне «пропал без вести» деген нүкте қойылды. Яғни, соғыста «хабар-ошарсыз кеткендер» делінді.

Сөйтіп, екінші дүниежүзілік соғыс тарихында қазақтың жалпақ тілімен айтқанда осындай «жоғалған жауынгер» пайда болды. Бұлардың тағдыр-талай Кеңестік кезеңде айтуға болмайтын жабық тақырыпқа айналды. Десекте қадау-қадау айтылып жүрді.

****

Сондай қадау деректің бірі 1998 жылы «Жұлдыз» журналының 10-санында «Соқыр ананың жүрегі» деген атпен жарияланды. Мақала авторты Уәлихан Мұқаев деген қауіпсіздік саласының ардагері екен.  – 1971 жылдың күзі болатын, - деп жазыпты полковник мырза. – Біздің облыстың бір совхозында тұратын әйел адамға Түркиядан бір хат келіпті тексеріңіз деді. Хатпен таныстым. Латын ғарпімен қазақ тілінде жазылыпты. Сөзіне қарағанда хат иесі Ғабдырахман Жүсіпов осы өңірде туып өскен, соғыс басталғанда әскерге алынып, майданда тұтқынға түскен. Содан елге келе алмай сырт елде қалып қойған. Хатты Лебяжі (қазіргі Аққау ауданы) районы Майқарағай совхозының Қорт ауылында тұратын Биғайша есімді анасына жазыпты. Оның сыртында ауылда өзі білетін адамдардың атын айтып амандығын сұрапты. Бірақ анасы осы хат келерден бір ай бұрын дүние салыпты. Марқұмның қырық күндік науқаны беріліп жатқан күні хатта жеткізілді. Ауылдастары айтты: «Марқұм көз жұмғанға дейін «менің ұлы тірі бір күні хабар келеді» деуден жалықпаған екен». Қайран қалдық.

Содан дүниенің дидары жылыған 1994 жылы Ғабдырахман Жүсіпов 55 жылдан кейін өзі туған жеріне келеді. Туған-туыстары қошеметпен қарсы алады. Анасының басына барып күңіренте аят оқып, ас беріп, бір аптадан соң келген жағына қайтады. Бұл оқиға жайлы «Жұлдыз» журналының 1996 жылғы 10-санына «От шарпыған тағдырлар» атты көлемді жазба жарияланды. Бұл мақалада қазақ легионері Ғабдырахманның басынан кешкен тағдыр-талайы көркем баяндалған.

****

Хош сонымен... Анадолы елінде Ғабдырахман жалғыз емес екен. Жуықта «Егемен Қазақстан» газетінің өткен қаңтар 15 күнгі санында жас зерттеуші Самат Жұматайұлының «Түркияда бас сауғалаған «Түркістан легионы» қазақтары» атты мақаласы жарияланды. Осы мақалада Адана қаласына барып бас сауғалаған бес қазақ: Ислам Керей (Шайқысіләм Ләтіпов) – Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы Жетіүй ауылынан).  Яхия Қазбек (Жақия Қошқынбаев) – Павлодар облысы, Железинск ауданы Жаңаталап ауылынан.  Халық Орал (Тулеп Халелов) – Ақтөбе облысынан. Қашим Балқаш –Қарағанды облысынан. Зейнел Әбиден (Зейнелқабиден Шауышов) –Қызылорда облысынан екені айтылады. 

Бұлардың бәрі өмірде жоқ. Бірақ Ислам Керей (Шайқысіләм Ләтіпов), Яхия Қазбек (Жақия Қошқынбаев), Халық Орал (Тулеп Халелов) қатарлы үш адамның туыстары жоғалған бауырлары жайлы білді. Осы аталарымыздың дерегін іздеп табуға көмектескен адам –  Түркияда тұратын Айғүн Казбек есімді азамат. Бұл адам – жоғарыда аты аталған Яхия Қазбек атамыздың баласы. Яғни, ұлты – қазақ. Өзінің айтуынша, әкесі бастатқан бір топ қазақ соғыстан кейін Түркияның Адана қаласына келіп тұрақтапты. Уақыт өте келе белгіміз себептермен жан-жаққа тарап кеткен. 

Кейін анықталғандай Яхия Қазбек (Жақия Қошқынбаев) Кереку өңірінің тумасы екен. Майданға Алматыдан шақырылған. Біз таңданарлық оқиға – Айғүн әкесінен қалған көптеген құжаттар мен фотодеректерді сақтап қалған. Осы қағаздардың ішінде  «Павлодар облысы, Үрлітүбі ауданы» деген жазу бар боп шықты. Кейін анықталғандай Жақия жарықтық Павлодар облысы, Железин ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келген екен. Соғыстан бұрын қазіргі  Железин ауданы «Үрлі­түбі» деп аталыпты. 

Жақия жарықтық майданға кеткенде артында әйелі мен қызы қалыпты. Күйеуінен «хабарсыз кетті» деген ақпар алған жары жалғыз қызын мәпелеп өсіріпті. Екінші рет тұрмыс құрмапты. Сұрастыру барысында Жақияның қызы тірі боп шықты. Бұл хабар жеткен Айғүн Казбек дереу Қазақстанға ұшып келген. Салып-ұрып Павлодардағы қарт апайына барған. Құшақтасып қауышқан, сағынысып табысқан. Бірақ дерт меңдеп жатқан қарт ана туған інісімен жолыққан күннің түнінде о дүниеге аттанды. Дәтке қуат туған әкесі жайлы естіп, оның суретін иіскеп, інісін бауырына басып үлгерді. 

Жоғарыда айтқанымыздай, әкесі жайлы Айғүнның қолында сақталған құжаттарда ол кісі сауатты болғаны аңғарылдады. Тіпті өзінің әулет шежіресін һәм өмір жолын жазып қалдырған. Баласына «Қазақстанда туыстарың бар, тауып ал» деп аманат айтқан. Сол аманат орындалды.

****

Описание: C:\Users\Бекен Қайратұлы\Desktop\тағдырлар\легионер.jpg

Келесі сөзді өздеріңіз көріп отырған мұндағы үш фотоға қатысты өрбітейік. Бұлда сол легионер ағаларымыз. Мұндағы 1-суретте неміс әскерилерінің формасын киген төрт азияттың бейнесі тұр. Бұл фото туралы деректе: бұлар Вермахтың атты әскер сапында болған легионерлер делініпті. Өйткені, немістер 1942 жылдың көктемінен бастап Вермахтың атты жасаған шайқасқа қосқан. Бұлар техника жүре алмайтын орман-тауда бекінген паризандардың ізіне түсуге және қыстың қатты аязында неміс техникалары жарамсыздық танытқан жағдайда атты әскер күшін пайдалан. Кейбір деректерде, Вермахт атты әскер бөлімдері Батыс майданда 2000 шақырымнан астам аумақта шайқасқа қатысқаны жайлы айтылады.

Келесі фотоға көшейік (2-сурет). Бұл сурет Жақия Қазбек атамыздың архивінде сақталыпты. Бұлардың барлығы соғыс кезінде легионер атанып, Түркияға бас сауғалап барған қазақ азаматары. Осы суреттің оң жақ шетінде қырын қарап отырған Жақияның өзі. Сол жақ шеттегі қияқ мұртты адамның аты – Қалымбай. Ал Қалымбайдың оң иығын жанай орналасқан езуіне темекті тұқылын қыстырған қою шашты адамның аты – Әлім. Басқасын білмейді. 

Енді мына қызыққа қараңыз: бұл фотоларды кездейсоқ көріп қалған елорда тұрғыны, діни-туризм саласының маманы Қанат Мұқанғалиұлы Алшынбаев 1-суреттің алдыңғы қатарында оң жақта отырған адамды өзінің атасы Жабай Алшынбаевқа ұқсатады. Бұл кісі жайлы архив құжаттарында 1910 жылы Көктетау облысы, Қызылту ауданы, Сағын ауылында туған деп белгіленіпті. Бірақ майданға Омбы облысы, Шарбақкөл ауданынан 1942 жылы шілде айында шақырылған. Басқа мәлімет жоқ. Тек оның соғыс кезінде «хабар-ошарсыз» кеткені туралы белгі соғылыпты. 

Енді қараңыз осы кісі 2-суреттің ортасында отырған адамға қатты ұқсайды. Қанат бауырымыз бұл Жабай атамыз болуы әбден мүмкін дейді. Өйткені, 3-суретте сол жақтан екінші тұрған адам (шеңберге алынған) өзі әкесі Мұқанғали майданда жоғалып кеткен атасынан аумайды. Мұндай ұқсастықтың кездейсоқ болуы мүмкін бе?

Осы фотоларды салыстырып танушы Қанат Мұқанғалиұлы: «Әкем 27 жасында қайтыс болған екен. Мен үш жаста қалыппын. Сөйтіп, жастай ағайындардан қол үзіп қалдық. Білетінім – руымыз арғын – қарауыл – жауар деп тарайды. Аталарымын ертеде Омбының Тұмба деген жерінде тұрыпты. Жабай атамның неміс формасын киген фотосын әкемнің апасын көрсетіп, «танисыз ба?» дегенімде ол кісі ойланбай «Е, бұл Мұқанғалидың солдаттағы суретті емес пе» дей салды. Расында әкем атасынан аумайтыны көрініп тұр» дейді. 

Сондай-ақ, 1-суретте артқы жақта оң жақта түргеп тұрған адамның да 2-суретте бейнесі тұр. Бұл кім болады екен. Оны да анықтай жатармыз. 

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?