Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жанаргүл Дүйсенғалиева: Сингапур елінің негізгі құндылығы -  білім және жемқорлықсыз саясат

3746
Жанаргүл Дүйсенғалиева:  Сингапур елінің негізгі құндылығы -  білім және жемқорлықсыз саясат - e-history.kz

Бүгінгі әңгіме Сингапур елінің білім жүйесі туралы болмақ. «Көрмегенге көсеу таң» демекші, жұрттың дүниесін есіміз кете мақтағалы отырған жоқпыз. Бірақ, Сингапур – білім мен ғылымға ұзақ мерзімдік инвестиция құйған, экономикалық даму бойыша жоғары көрсеткішке жетіп отырған ел екені шындық. PISA деген бар, әлем бойынша білім сапасын саралайтын халықаралық ұйым, сол ұйым осы ғасырдағы ең сапалы, жаңа дәуірдің оқушысы үшін ең тиімдісі Сингапурдағы білім жүйесі деген қорытындыға келіпті. Әлемде қаншама өзгеріс, даму болып жатыр, қарқыны таңғалдырады. Оған ілесу үшін біздегі білім жүйесін қайта қарау керек. Өйткені, өзіміз ғана кереметпіз деп тоқмейілсіп отыратын кез емес, біздің балалар әлемнің кез келген жеріне шыға алатын, жаһандық үрдісте өзін еркін сезініп, алған білім-дағдыларын осы қоғамды көтеруге жұмсай алатын дәрежеге жетуі үшін ең озық үлгілерден хабардар болуы шарт. 

Бізде де соңғы жылдары математика бағытына Сингапурдағыдай аса қатты мән беріліп, сондағыдай мемлекеттік деңгейде бақыланатын пәнге айналмаса да есепке жүйрік оқушылар көбейгенін байқаймыз. Сингапурда бір мақсатқа жұмылуға қатысты қоғамдық түсінік бөлек екен, мысалы, кластағы жиырмашақты оқушының біреуі тапсырманы дұрыс түсінбей қалса қашан ол бала сабақты ұққанға дейін  жаңа сабақ бастамайды. Сосын бір-біріне көмектесіп, қол ұшын беру жағына дұрыс қарайды. Бізде де мектептің кіреберісіне Абайдың, Әлиханның көшелі сөздерін жазып қоятын әдіс бар, бірақ, орысша ойлап, сөйлейтіндерге ол сөздердің мәні мың теңгелік қана шығар. Ал Сингапурда «егер қиындыққа шыдамды болмасаң ешуақытта жетістікке жете алмайсың» деген сөз өмірлік қағида іспеттес. 

Өткен айда мұғалімдерден тұратын астаналық делегация Сингапурда болып, тәжірибе алмасып қайтты. Біз осы сапарға барған Астана қалалық Қ.Мұхамедханов атындағы №90 гимназиясы директорының бейіндік жұмыстар жөніндегі орынбасары, педагог-зерттеуші Жанаргүл Ғалымжанқызы Дүйсенғалиевамен сұхбаттасып, біраз сұрақ қойған едік. 27 жылдық еңбек өтілі бар Жанаргүл Ғалымжанқызының білім мен тәрбие беруге қатысты пікір-көзқарастары жаңа, жалпы жаңалыққа сергек қарайтыны байқалады.

-  Жанаргүл Ғалымжанқызы, жақында Сингапур еліне іссапармен барып келген делегацияның қатарында болдыңыз, Сингапур елінде сізге ұнаған, ерекше әсер еткен не нәрсе болды? Біздің білім жүйесіне қандай тәжірибесін енгізуге болады деп ойлайсыз? 

-  Маған бір ұнағаны білім министріне президенттен кейінгі тұлға ретінде қарайтыны. 5 жылдық стратегиялық жоспарымен жұмыс істеп, нәтижесі мықты болған білім министрінің әрі қарай жұмыс жасау орны - премьер-министр. Білім министрлігіне жұмысқа белгілі бір уақытта  мектепте мұғалім болып жұмыс істегендер ғана бара алады. Министрлікте жұмыс істейтіндер мектепттен мүлдем байланысын үзбейді, тәжірибе алмаса отырып жұмыс істейді.

-   Жалпы осы тәжірибе алмасулар өзін-өзі ақтайды деп ойлайсыз ба? Ақтаса мысал келтіресіз бе немесе ақтамайды деп ойласаңыз, бұған не кедергі деп ойлайсыз? 

-   Қазақстандық мұғалімдердің тәжірибе алмасуы тек Сингапур мемлекетімен емес. Өзбекстан, Финляндия елдеріне бару да жалғасып жатыр.  Нақты қай жылдардан басталғанын айта алмаймын. Иә, қашанға дейін тәжірибе алмасып жүре береміз, өзіндік мықты жүйе қашан орнатамыз деген сұрақ туындауы заңды.  Жалпы көзбен көріп, тәжірибе алмасқан жақсы, әрине.  Бірге барған әріптестерімнің кейбір көзқарастарының өзгеруі немесе біздегі білім беру жүйесімен талдау барысындағы пікірлеріне қарап, мұғалімдерге әдістемлік жағынан  түрткі болды деп айта аламын.  Әр мұғалім осылайша тиімді деген жағын өз іс-тәжірибесіне  енгізссе, неге ақталмасқа? Бірақ елге келген соң  «мынадай екен, анадай екен» деп, тек құр баяндар, семинарлар ұйымдастырғаннан гөрі, әр елге барып келгендердің басын қосып, бүгінгі біздің білім беру жүйесіне нені енгізіп, нені алып тастаймыз деген қызу талқылау жүргізіліп, нақты шешімдер қабылданса екен дейміз.  Әйтпесе әркім жеке ішкі үнімен қалуы да еш нәтиже бермейді деп ойлаймын. Тағы бір ескеретін жайт - әр елдің  тиімді тұстарын енгізуде менталитетімізге келе ме, оны да ескергеніміз жөн.

-   Сингапурда мұғалімге көзқарасы қалай екен? Ол реформаны көп жасайтын елдің қатарына жата ма?

-   Сингапур мемлекетінің білімге, мұғалімге деген көзқарасы ерекше.  Жоғары мектепті бітірген соң мектеп түлектеріне сертификат беріледі. Олар жоғары оқу орынының грантына өту үшін тест тапсырады. Басқа мамандықтарға қарағанда мұғалімдік мамандыққа ерекше сынақтар арқылы қабылдайды екен. Тестен тек 10-15% ғана өтеді деді. Одан соң әңгімелесу жүреді. Олар үшін ең қиыны да осы сынақ. Менің түсінуім бойынша ол елде мұғалімдік мамандыққа жүрегімен берілетіндерді анықтап алады. Мемлекет кей жағдайда оқу грантының 75 % қамтамасыз етеді, қалған 15% талапкер өзі демеушілік арқылы да табатын  жағдай кездеседі екен. Бұл жерде тағы нені аңғаруға болады?  Мақсат - мемлекеттік грантты ала салып, оқу ғана емес, оқуға түспей жатып өз-өзін жұмыспен қамтуға үйретеді.  Мұғалім мамандығына осылайша екшеліп барғандар жаман маман бола алмайды. Мықты мұғалімнен мықты білімді ұрпақ  қалыптасады. Білім министрі 5 жылдық стратегиялық жоспарын құрады, сол жоспар аясында жұмысістеп, нәтижесін көрсетуі тиіс. Сонда реформа әр бес жыл сайын жасалады деген сөз.

-   Жалпы бұл өзі қандай жоба әлде екі ел арасындағы мәміле, келісім-шарт негізінде жүзеге асты ма? 

-   2023 жылғы мамыр айының 11-18 аралығында Сингапур мемлекетіне «Сингапурдың білім беру жүйесі» атты тақырыбында өткен халықаралық тағылымдамаға қатысу үшін іссапарға Астана қаласының мектеп директорлары мен директордың орынбасарлары, математика және ағылшын тілі пәні мұғалімдері барып қайттық. Бұл халықаралық тағылымдаманы "Табыс мектебі" ЖШС Астана қаласы Білім басқармасына хат жолдау арқылы ұйымдастырды.  Аталған "Табыс мектебі" ЖШС Сингапур мемлекетімен келісімшарт жасап, бірлескен бағдарлама құрған. Мақсаты:  Қазақстандағы мектеп басшылары мен мұғалімдеріне Сингапурдың білім беру жүйесін шолумен қамтамасыз ету және 21-ші ғасырдың сын-қатерлеріне  оқушыларды дайындауда өз мектептерін үздіксіз ілгерілету арқылы озық жетістіктерге жетуге көмектесу.

-  О бастағы мақсат не еді? Дамыған елдің озық тәжірибесін көріп, танысу, кей модельдерді біздің елге әкелу, мүмкіндігіне қарай пайдаға асыру мақсатында не көрдіңіздер, қандай нәрсе сіздер үшін жаңалық болды?

-   Азияның оңтүстік-шығысында орналасқан 63 аралдың жиынтығы болып есептелінетін, ешқандай шикізаты жоқ елдің бар-жоғы ширек ғасыр ішінде Жер планетасындағы технологиясы мен әлеуметтік жағдайы жоғары деңгейлі елдердің қатарынан бір-ақ шығуы кім-кімді де қызықтырады, әрине. Бар түйгеніміз - олар жетістіктің кілті - білімде деп, бар күш-жігерлерін осы бағытқа салған. 1990 жылы негізі қаланған қазіргі білім беру жүйесі небәрі 20 жылдың ішінде жемісін көрсеткен. Бүгінгі күнде Сингапурда ең мықты университеттер мен мектептер жұмыс істейді. Жалпы бүгінде керек ақпаратты "көзіңді ашып-жұмғанша" тез таба алатын заманда өмір сүріп жатырмыз ғой. Аталған елге сапарға аттанарда Сингапур елінің білім беру жүйесімен әлеуметтік желіден аз да болса қанық боп бардық. Дамыған елдердің білім беру жүйесі бір-біріне ұқсайды. Тәжірибе алмасу барысында тағы бір  ұққаным: Сингапур елінің негізгі құндылығы -  білім және жемқорлықсыз саясат. Әр спикер өзінің жұмысы барысында осыны қадап айтқандай болды. Елдерінің тарихын айтқан кезде тебіреніп кетеді. Тәуелсіздік алған соң, кішкентай ғана мемлекет қатаң тәртіптің арқасында осынша  биіктерге жеткен. Сингапур деген ұлт жоқ, әр елден келген ұлттардан, мысалы, басым бөлігі қытай, үндістер, малайзиялықтардан құралған мемлекет, асқан еңбекқорлықтың  нәтижесінде "үшінші әлемнен" дамыған елдердің қатарына аз уақыт ішінде еніп отыр. Өмір сүруді жақсартуға қатты көңіл бөледі. Халқы өздеріне аса сенімді, әр мұғалім  алдындағы шәкіртіне сенім артады. Өзіне деген сенімді сезген баланың білімге деген құлшынысы артады. Әр мұғалім өзінің жұмысына,  лауазымдық міндетіне асқан адалдықпен, жауапкершілікпен қарайды.  Бастауыш мектепте оқу екі кезеңнен тұрады: негізгі және бағдарлы, алғашқы төрт сыныпта  негізгі пәндерді оқиды, 5-6-сыныпта бағдарлы білім беріледі, бастауыш сыныпты аяқтаған кезде емтихан тапсырып, келесі мектеп - орта мектепке көшеді. Аудармашының жеткізуі бойынша бастауыш сыныптан соң жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға білім орта мектепте ағылыш тілінде беріледі. Ал төмен нәтиже көрсеткендерге міндетті орта білім беріледі, олар қытай, үнді тілі сияқты өз ана тілдерінде де оқуға мүмкіндіктері бар. Мектепті бітірген бала өмір сүруге бейімделіп шығуы тиіс. Орта мектепті бітірген  оқушы егер жоғары мектепке оқуға емтихан нәтижесі төмен болатын болса,  кәсіпке бейімделіп, қолына диплом алып шығады. Аспаз, қонақ үй қызметкері, т.б. Әйтеуір ешкім жұмыспен қамтылмай қалмайды.

-   Мектепке бардыңыздар ма? Ол жақта оқушыға қалай қарайды, олардың оқушылары мен біздің оқушылардың анық көрініп тұратын айырмашылықтары неде? 

-  Өкінішке орай, бағдарламада  мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерге бару, мектеппен танысу сияқты іс-шара болмады. Менің көңілім толмай қалған тұсы да осы болды. Сенбі күні "Furen international school" атты жекеменшік мектепте болдық. Оқу бес күндік болғаннан кейін сенбі күні ол жерде түгел оқушыны көре алмадық.  Бірен-сараң оқушылар өздеріне қолайлы жерде бар ынта-жігерімен планшетке үңіліп жұптаса  дайындалып отырды.  Осы жерде Сингапур елінің тағы бір мықты тұсын атап өту керек, әр бала оқулықпен қамтылғаны сияқты жеке планшетпен қамтамасыз етіледі. Кітап тола ауыр сөмкені арқалап жүрмейді. Планшетте тек білім алуға қатысты сайттар ғана болады, басы артық, баланың көңілін алаңдататын сайттарға енуге ешқандай мүмкіндік жоқ. Білім платформалары мықты екенін мойындауымыз керек. Үкіметтен платформа үшін  жылына 15миллион доллар қаржы бөлінеді екен. Біз көрген  "furen international school" атты мектептің материалдық базасы өте жоғары екен. Балаға бар жағдай жасалған. Бір қызығы үлкен бизнес орталықтың 2,3-қабатын алып жатыр. Жеке мектептердің құрылысын бөлек салуға жер жетіспейді (мектеп директорының айтуы бойынша). Ал мемлекеттік мектептер бөлек арнайы ғимаратпен қаматамасыз етілген.  Бұл мектептің мемлекеттік мектептерден айырмашылығы бір сыныпта 14 балаға дейін оқиды. Мектептің арнайы формасы бар, оқушы оны міндетті түрде сақтайды. Елдерінің қатты ыстық екенін ескерсек, мектепте салқындатқыш орнатылған (мемлекеттік мектептерде де солай болу керек, өйткені барған мекеме болсын, сауда орындары, бүкіл жерде дерлік салқындатқышпен ғана жан бағып отыр). Мектеп дәлізі (өзіміздің түсінікпен осылай деп атап отырмын. өйткені біз көрген жеке мектептің құрылысы біздегідей ұзын дәліз емес) баланың үзілісте тынығуына, тіпті қажет болған жағдайда аяқ-қолын созып еркін жатып демалуға бар жағдай жасалған. Сыртында "ватсаптың" белгісі бар бір қызық есіктер  біз үшін қызық көрінді. Ашып қарасақ, бір кездердегі біздің "переговорный пункттардың" кабинасы сияқты.  Түсінгеніміз оқушыларға мектепте телефон қолдануға мүлдем рұқсат жоқ. Тіпті белгілі бір жасқа келгенше ата-анасы телефон алып та бермейтін оқушылар бар (бұл жағынан аса қатты дамыған мемлекет болса да, айфонның  түр-түрі сол жақта болса да). Аса қажет болған жағдайда бала ата-анасымен байланыс жасау үшін сол кабинада ғана сөйлесуге рұқсат беріледі. Оқушылар бұндай темірдей тәртіпке әбден үйренген. Осыған қарап-ақ, баланың білім алатын уақытын әлеуметтік желіге жұмсамай тиімді қолданатынын көруге болады. Біздің елімізде де жоғарыда атағандай тәртіп заңмен реттелсе деген ой келді. Мектептердің ішкі тәртібі бар, әрине. Бірақ оны түгелдей жүзеге асыра алмай отырғанымыз өкінішті. Айта берсек, оның түрлі себептері шыға береді.

-   Бізде ең көп сынға ұшыраған осы білім саласы деуге болады, дегенмен, мұғалім еңбегінің бағалануы бұрынғыға қарағанда көп ілгері. Бірақ қалай десек те, жалақысы көбейген сайын есебі ұлғайған мұғалімнің шығармашылықпен айналысуға, оқушыларымен (олимпиадаға дайындайтын 2-3 оқушымен емес) үнемі қанаттаса жұмыс істеуіне мүмкіндігі келе бермейді. Жалпы алдағы екі жылда делік, қағазбастылық пен науқаншылықтан толықтай арыла аламыз ба? 

-   Иә, көп сынға ұшырайтын да, көп реформа жүретін де , өкінішке орай, білім саласы екені рас. Бір жүйенің нәтижесін нақты көрмей жатып, келесі өзгерістер ене береді. Мұғалім де, бала да, ата-ана да түсінбей қалып жататын кездеріміз болды. Кейбір бұйрықтармен бір жыл толық жұмыс істемей, өзгерістер мен толықтырулар еніп кетіп жатады.  Кейбір бұйрықтардың (бәрі емес) тым тез өзгере беруіне мұғалімдер өзіміздің  де қатысымыз бар. Бір ғана аттестаттау туралы бұйрықты алайықшы, біресе ана тармағы ұнамай, біресе мына тармағы ұнамай, әлеуметтік желіні шулатып, әркім өз ыңғайымызға салғымыз келеді. Біреуіміз тест тапсырған дұрыс емес дейміз, біреуіміз партфолио жинаған дұрыс емес дейміз, бірақ жалақымыздың жоғары болғанын қалаймыз. Бізде мұғалімнің жалақысы біліктілік санатын арттырумен өлшенеді.  Сіз мұғалімнің шығармашылықпен жұмыс жасауына қағазбастылықтың көптігі кері әсерін тигізіп отыр деген ойда сұрақ қойып отырсыз. Қағазбастылықты азайту мақсатында министрлік біраз жұмысты оңтайландыруға қадамдар жасап келеді.  Қазір мұғалімдер бұрынғыдай әр тоқсан сайын құлаш-құлаш қағаз құшақтап есеп тапсырмайды. "Күнделік.кз" электронды журналынан бар мәлімет шығып тұрады. Алайда  барлық жерде бірдей емес, кей облыстарда директордың оқу ісі меңгерушілері тоқсан соңында сынып жетекшілерден бір-бірлеп есеп алып, оны жинақтап, білім бөліміне барып жатқаны жасырын емес. Көзіммен көріп, ішінде болған соң айтып отырмын.   Оның әртүрлі себептері бар. Ең басты себебі - интернет желісіне байланысты. Барлық мектептерде бірдей интернет желісі заулап жүріп тұрған жоқ.  Сондай-ақ мұғалімдерді аттестаттау кезінде де партфолионы электронды нұсқада тапсыру қолға алынды. Өкінішке орай, база дұрыс жасамай, біраз мұғалімнің даурығуына әкелді. Осылайша қағазбастылықпен жүргенде мұғалімнің негізі жұмысы шет қалып қоятын кездері болатыны рас.  Науқаншылық дейсіз бе? Иә, бұл да бір өткір мәселе. Кезінде эксминистр А.Аймағанбетов мұғалімдердің қағазбастылығын азайту, әкімдіктің жұмыстарымен айналыспауы деген сияқты мәселелерді шешіп берді. Мен өзім Астана қаласына жұмысқа ауысып келгенде барып, тоқсандық есепті тек электронды журнал арқылы шығару, сайлау сияқты науқандарға мұғалімнің еркінен тыс қатыстырмау дегенді енді көріп жатырмын. Білім бөлімдері мен білім беру ұйымдарын жергілікті әкімдік қарауынан алып, тікелей Білім басқармаларына қатысты қылса да, шалғай облыстарда әлі күнге аудан әкімдігі уысынан шығарғысы келмейді. Білім бөлімдері арқылы хат жолдап, еркінен тыс әр мектептен адам санын көрсете отырып зал толтырып отырғызу, сайлау кезінде депутаттыққа үміткерлермен кездесу үшін  мұғалімдерді сабақ уақытында  кездестіру деген күлкілі жағдайлар әлі бар. Мен өз басымнан өткен жағдайды айта кетейін. Көктем басталса айналаға тазалық жүргізу үшін тазалық жұмыстары, яғни ұрандатып тұрып сенбілік жүргізіледі. Ол сенбілік ұрандатылмаса да мектеп айналасын таза ұстау біз үшін күн тәртібінен түспейтін мәселе. Біз, өйткені, ұрпақ тәрбиелеп отырмыз, экологиялық тәрбие береміз деп ресми айтпай-ақ , баланы айналасына деген сүйіспеншілікке, тазалыққа тәрбиелеу міндетіміз. Әкімшілік тарапынан сенбілік жүріп жатқанын тексеру үшін комиссия құрылыпты-мыс. Ол комииссия неше мекемені аралап келгенше біз өз жұмысымызды аяқтап үйді-үйге тарқап кеткенбіз. Комиссия оны аудан әкімі жанындағы жиналыста күн тәртібіндегі үлкен мәселе етіп көрсетіп, сенбілікке мектеп шықпады деп менің түсініктеме жазуымды білім бөлімінен талап етіпті.  Егер мектеп айналасы лас болып, ағаштар егілмесе, гүл отырғызылмаса мен ол сынды қабылдар едім. Ондай дәдел де жоқ, «ләппай, құлдық» деп комиссия келген кезде жер шұқылап жүрмеппіз. Міне, осындай мемлекеттік қызметкерлердің қызметіне Абайша айтсақ  "қайнайды қаның..."  Меніңше бұл мәселеден сіз айтқандай бас-аяғы екі жылда  арыла алмаспыз-ау.

-   Енді... қалай болғанда да бұл салада да ілгерілеу бары анық. Бүгінгі білім жүйесінде сізге не ұнайды, не нәрсеге көңіліңіз толады?

-  "Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім" дейді М.Жұмабаев. Әр мұғалім алдындағы шәкіртінің жолбасшысы ретінде болашақтың бір-бір тұлғасын тәрбиелеп жатырмын деп  асқан жауапкершілікпен, адалдықпен жұмыс істесе, әр баланың жүрегінен жол тауып, олардың өзіне деген сенімін оята білсе - біздің жүйедегі сын мүмкін азаяр ма еді? Академиялық білімін әдістемемен ұштастырып, АКТ құзыреттілігі мықты жалынды жастарға көңілім толады. Бір өкініштісі, олардың қатары әлі де аз.

-  Әңгімеңізге рахмет.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?