Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Лена қырғынының қаһарманы Угар Жәнібеков

1672
Лена қырғынының қаһарманы Угар Жәнібеков - e-history.kz

Әр дәуірдің өзі тудырған, заманында ел өмірінде елеулі із қалдырған айтулы тарихи тұлғалар болады. Олардың өз дәуіріндегі іс-әрекетіне баға беру – кейінгі ұрпақтың еншісінде. Кейбірі тарихтың күресініне лақтырылса, енді біреулері тарихи тұлға ретінде өмір сүре береді. ХХ ғасырдың алғашқы жартысы, әсіресе алғашқы ширегі тек қазақ халқының ғана емес, жалпы адамзаттың тағдырында аса дауылды кезең болып тарихқа енді. Осы кезеңде тарих сахнасына шыққан, тағдыр жолы күрделі тұлғалардың бірі – әйгілі төңкерісшіл Мұқатай Жәнібеков болатын.

Мұқатай Жәнібеков – кеңестік дәуірдің дәріптеулі жандардың бірі болды және қазіргі кезеңде де туған елінің жадынан өшпейтін тұлғалардың қатарында қала беретіні анық. Кез келген саналы азаматтың туған халқын бақытқа бөлеу тұрғысында өз ұстанған жолы болады. Ол осы жолға өз өмірін арнайды. Жасынан қиындық көріп, тағдыр соқпағында шыңдалып өскен Мұқатай да большевиктік жолды таңдады. Осы жолда халқына қызмет етті. Дұрыс істегені де, бұрыс кеткені жерлері де болған шығар. Қалай болғанда да ол – өз тағдырын өзі жасап кеткен тұлға. 

Мұқатай Жәнібеков 1887 жылы бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезінің Темірші болысында дүниеге келген. Рулық жөнімен алғанда арғын тайпасы, қаракесек ішінде майлық атасынан. Атақты Әсет Найманбаев та осы атадан екен. ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында қазақ даласына капиталистік қарым-қатынас біртіндеп ене бастады. Әр жерлерде зауыттар мен фабрикалар, кеніштер құрылып, оларда жалданып жұмыс істейтін қазақтар саны көбейе түсті.

Ауылдағы өлместің күнін көрген тіршіліктен қажыған жастар кәсіп іздеп кеніштерге ағылатын болған. Жас Мұқатай да Спасск мыс қорыту зауытына келіп қара жұмысшылыққа тұрады. Біраз уақыт өткен соң ол бірнеше жолдасымен бірге Қиыр Шығысқа аттанады. Лена өзенінің саласы Бодайбодағы алтын өндіретін кәсіпорынға Ресей империясының түкпір-түкпірінен жұмысшылар жинап жатқан болатын. Бұл кәсіпорынға жұмысшы тартуды Ішкі істер министрлігі өзі ұйымдастырып жатқан еді. Бастабында мұндағы табатын табыс Петербург пен Мәскеудегі жұмыскерлерден әлдеқайда жоғары деген жарнама жасалады. Бірақ алыс тайгадағы алтын өндіру кәсіпорнындағы жұмыс режимі ауыр болып шығады. Күніне 16 сағат жұмыс істеу өз алдына, 20 метр тереңдіктегі мәңгілік тоңда алау жағып, тізеден су кешіп тұрып кен қазып, оны шығару, ауысым аяқталған соң сары аязда бірнеше шақырым жаяу жүріп жеркепеге жету – кеншілерді әбден титықтатады. Мұндағы жұмыс істеудің қауіпсіздік жағдайы мүлде жоқ болады. Апат салдарынан өліп кету немесе мүгедек болып қалу – әдепкі жағдай болатын. 

Мұқатай 1905 жылғы Орыс төңкерісі кезіндегі бас көтеруге қатысады. Осы кезеңде ол жұмыс істейтін Ленск шахтасының жұмыскерлері жиі ереуілге шығатын болған. 1912 жылы иістеніп кеткен етпен тамақтандырған себепті шахта жұмысшылары арасында жаппай ереуіл басталады. Мұқатай Жәнібеков осы ереуілді бастаушылардың қатарында болады. Ереуілге шыққан жұмысшыларға қарсы пулеметтен оқ атқан билік жүз елуден астам адамды аяусыздықпен қырып тастайды. Жүздеген адамға оқ тиіп жараланады. Солардың арасында ауыр жараланған Мұқатай Жәнібеков те бар еді. Мұқатай ереуілге шыққаны үшін билік алдында кінәлі деп танылып, 12 жылдық каторгалық жаза кесіледі. Ол әр өңірде айдауда жүргенде болашақ әйгілі большевик көсемдері Михаил Фрунзе, Валериан Куйбышев, Михаил Калининдермен танысуы оның бұдан былай өмір бойына коммунистік жолды таңдап өтуіне әсер етеді. Мұқатай 1917 жылы Ақпан төңкерісі нәтижесінде тұтқыннан босап, азаттық шығады. 

Осыдан кейін ол жұмысшылық кәсібін тастап, біржола қолына қару алып, төңкерісшіл атанады. Омбыға келген Мұқатай осындағы совдеп құрамына кіреді. Омбы қаласын колчактік ақгвардияшылар мен чехословак корпусынан қорғау соғысына қатысады. Атты әскер эскадронын бастап, ақтарға қарсы аяусыз соғыс жүргізеді. Осы шайқастағы көзсіз ерлігі, батылдығы үшін оған атты әскер құрамының командирі «Угар» деген лақап есім береді. Мағынасы – жаумен күресте, олардың улы түтіндей есеңгіретіп жапырып отыр деген болса керек. Омбы түбіндегі бір шайқаста атты әскер эскадроны түгелге жуық қырылып, Мұқатай ақ казактардың қолына түсіп, өлім жазасына кесілгенімен, әрең дегенде қашып құтылады. 

Екі айдай қашып жүріп, ауыл кедейлерінен партизан отрядын құрады. Угар Жәнібековтің лақап есімі «Якут» болған екен. Бұл – оның түрі азиялық болғанына да байланысты болса керек.

Күрескер жанның тағдыры әрқашан оңа» болмаған. Осы кезде оның отбасына үлкен қайғы тап келеді. Угар Жәнібеков ақгвардияшылардан қашып тығылып жүрген кезде жаулары оның әйелі Наталья Кузнецова мен ұлы Еркінді, қызы Ғаляны ұстап алып қинап, тірідей өртеп жібереді. Ағасының қайда жүргенін айтып беруін талап етіп, нәтиже шығара алмаған ақтар оның інісін де қылышпен турап өлтіреді. Бұл Мұқатайдың өмірінде үлкен із қалдырады.

Ақыры Мұқатай-Угарды тауып алған ақтар оны Красноярск түрмесіне жөнелтеді. Мұнда ол сүзекпен қатты ауырып жатса да, жау қолынан қашып шығады. Омбыға келіп жеткен ол атты милицияның қатарына алынады. Бұдан соң Петропавлдағы қазақ атты әскер эскадронын басқарады. Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» романында былайша баяндайды: «Омбыдағы қазақ жұмыскерлерінің біразы жаяу отрядта болған. Біразы атты отрядта болған. Жаяу отрядта қазақ жігіттерінің ішіндегі басшылары: Мұқаметқали Тәтімұлы, Шөкейұлы, Жұмабай Төленбайұлы, отрядтың ішіндегі басшылары: Угар (Мұқатай) Жәнібекұлы, Зікірия Мүкейұлы».

Мұқатай туралы Сәбит Мұқановтың, Ғабиден Мұстафиннің, Сапарғали Бегалиннің т.б. кітаптарында аталады. Жазушы Сапарғали Бегалин өзінің «Замана белестері» мемуарлық туындысында, әйгілі демограф Мақаш Тәтімовтың әкесі Мұқаметқали Тәтімовтың айтқан әңгімесі ретінде былай деп жазады: «Мұқаметқалидың әлгі сөздеріне қызыға, өзі сондай серілік қимылға қызыға қарайтын Сейсенбай ағай: «Е, олардың қандай ерліктері болған екен?» - деп көптен бері көрмеген Мұқаметқалидың жолдастарын аса көтермелей айтқанына сүйсіне сұрақ қойды. Сейсембайдың қызыға сұрағанына көңілдене көтерілген Мұқаметқали қабағын түйе ажарланып:

- Олардың ерлік істерін айтсам тан қаласыз, ғажап қой, - деп сәл жымиды.

- Ер жігіттердін ерекше істерін естиік, айтып көрші, - деп Сейсембай ағай өзі үйде отырғанда ермек ететін домбырасын құлақ күйіне келтіре шертіп Мұқаметқалиға таяна отырды.

- Онда тыңдай беріңіз. Менің өте жақын жан серік досым – Угар Жәнібеков. Оның шын аты – Мұқатай. Бірақ, ерегіскен мырзаларға тістей тиетін өрттігінен оны жолдастары Угар қойыпты. Ол ана жылғы «Лена» кенінде болған үлкен көтеріліске қатысқан батыр. Сонан артына түсіп қуған полиция адамдарын екі жерде ұрып жығып құтылып, сонау Қиыр Шығыстан Омбыға бірақ келіпті. Енді бір жолдасым – Зікірия Мұқиев. Бұл бір – адамның алыбы. Отыз пұт теңді иығына салып жүре береді. Оның жолдастары арасындағы аты – «Қазбек гора». Тұлғасына қарап қойылған.» Мұны шынайы ақиқатқа құрылған ақпарат деп білеміз және Мұқаметқали Тәтімов пен Угар Жәнібеков – бір өңірдің тағдырлас адамдары болатын. Олардың жастайынан туған жердегі қара жұмысқа жегіліп, одан соң Қиыр Шығыстағы кен қазу жұмысына барған тағдыры ұқсас.

Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романының екінші томында жазушы өзінің Мұқатай Жәнібековпен таныстығы, ол туралы очерк жазғандығы, Угардың Петропавлда қызметте жүргенде Кеңес Одағы басшыларының бірі М.И.Калининмен өзінің кездесуіне себепкер болғанын былайша баяндаған екен: «Бір қызық мәлімет: Мұқатай Жәнібеков (1871-1931) деген кісі болды. Жұрт орны «Угар» десетін. Оның кім екендігі туралы, ұмытпасам, 1925 жылы (немесе, 1926 жылы) «Еңбекші қазақ» газетінде, «Біздің Угар» деген атпен менің жазған кең көлемді очеркім бар. Бұл арада қайталап қысқаша айтқанда, оның туған жері Қарқаралы оязы. Кедей семьясында туған ол жас күнінде жұмыс іздеп кетеді, де атақты Лена алтын кеніне барып шахтаға түседі.

Ауыр азаптық жұмыстағы шахтерлер 1912 жылы көтеріліс жасағанда, Угар бастаушылардың қалың ортасында болады. Патша өкіметі көтерілісті қан-жоса ғып басып, атылғандардан қалғандарын өмірлік каторгіге бұйырғанда, Угар осы тізімнің ішінде жүреді. Содан кейін шахтада үнемі қамаумен жұмыс атқарған ол, әлдеқалай ебін тауып қашады да, Екатеринбургке (қазіргі Свердловск) барады. Сол арада ол қолға түсіп, абақтыға жабылғанда, дәл қай жылы екенін ұмыттым), Михаил Иванович Калинин жолдас, сол абақтыда қамауда екен. Угар екеуі сонда танысады.

1920 жылы Петропавлдың ояздық милиция начальнигі боп қызмет атқаратын Угар сол таныстықты сөз қылғанда, біреулер нанып, біреулер нанбайтын еді, нанбайтындар дерек сұрайтын еді. Калинин жолдас Петропавлға тоқтаған хабары естілген соң, «таныс кім бар екен?» - деген сұрау туғанда, әркімдер Угарды аузына алды.

- Ендеше, - десті әркімдер, - көрерсіздер, Калинин жолдасты қалаға әкелгенде, қарсы алушылардың ішінде Угар да болады.

- «Боладың» не? – десті кейбіреулер, - егер ондай жақындығы болса, қазір Калининнің вагонында отырмағанын қайдан білесің?

Бұл сөздердің бәріне менің құлағым елеңдей қалды, өйткені, - Угармен танысып үлгергем, оның үйіне барып жүретінмін. Ендігі ойым, егер Угардың Калинин жолдасқа жолыға алатыны рас болса, соны сатылап барып Бүкіл Россиялық Старостаны көріп қалу.

Угар маған турасын айтты.

- Калинин жолдасты күзету міндеті милицияда емес, ЧЕКА-да, - деді ол, - сондықтан билеп еш нәрсе айта алмаймын. Политбюроның начальнигіне сөйлесіп көрейін, не деген жауабын түскі ас кезінде айтайын, со кезде осында келе ғой...» Бұл үзіндіден көп жағдайды аңғаруға болады. Мұқатай-Угардың кеңестік көсемдермен тікелей таныстығына көп адамдар сенімсіздік білдірген. Дегенмен тағдыр жолында түрлі қиындықтарды көре жүріп Мұқатай Жәнібеков көппен жолдас болған, сан түрлі сынақтан өткен.

Петропавлда жауапты қызмет, ояздық милицияның бастығы қызметін атқарған Угар Жәнібеков өзінің қайсар да, бірбеткейлігімен ерекшеленеді. Жалпы Мұқатай (Угар) Жәнібеков тұлғасына қатысты Сәбит Мұқановтың, өзге де тұстастарының жазбаларына қарағанда шалт мінезді, өз дегенінен қайтпайтын, қажеті болғанда белден баса отырып айтқанын орындататын адамның тұлғасын көреміз. Бұл – оның тағдырынан туындаған мнез де шығар. Мұқатай Жәнібеков өзінің жазбасында былай деп сырын ашқан екен: «Адам айтқысыз қиыншылықтарды бастан өткердім. Шала сауаттымын. Дипломатияны ешқашан мойындаған емеспін. Ашық айтамын. Менің өмірбаяныммен танысқан адамдар одан аш-жалаңаш өмірді оқиды, кедейдің ауыр хал-жағдайын, шахтердің ауыр тұрмысын, сотталған адамның қатыгез тағдырын, Азамат соғысының аяусыз шайқастарын көреді. Бірақ, ештеңеге қарамастан менің бір ғана арманым бар еді, ол – Ленин партиясының мүшесі болу болатын».

Угар Жәнібековтің кесе көлденең келген кедергілерден өту жолындағы батылдығы туралы көп жазылады. Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романында айтылатынындай, бірде Угармен бірге бүкілқазақтық партия конференциясына бір топ делегат кетіп бара жатады. Олар отырған теплушка» вагонды әрбір пойызға тіркеп, әрдеқандай бір станцияларда ағытып тастайтындықтан, сөткелеп тұрып қалатын болда.ы Самараның Кинель қаласына әрең дегенде жеткен вагон тағы да тұрып қалады. Ақыры келесі бір пойызға тіркетпек болған әрекеттері жүзеге аспаған кезде Угар Жәнібеков келіп: «Біздің вагонсыз пойыз орнынан қозғалмайды!» - деп талап қояды. «Қалжыңды қойыңдар, бөгет жасамай бұл арадан кетіңдер! Бұл неткен заңсыздық!» - дегенде Угар: «Ал партия конференциясына кетіп бара жатқан делегаттардың жолына бөгет жасау заңды ма сонда?»  - дегенде, машинист Угарды итеріп жібереді. Ашуланған милиция басшысы наганын суырып алып ақырғанда, амалы құрыған пойыз қызметкерлері вагонды тіркеуге көшіп, сапар жалғасады.

1923-1927 жылдары Угар Жәнібеков Қарқаралы уездік милицияның бастығы болды. Бұдан соң Семейде де милиция бастығы болып қызмет істеді. Одан соң Карбышевка (қазіргі Көктас) кеңшарының басшысы болып жұмыс істеп жүріп, 1932 жылы, 45 жасында өмірден өтті. Мұқатай Жәнібековтің өмір жолы туралы повестер, мақалалар мен жырлар баршылық. Өзі сенген, ұлтының бостандығы жолында өмірін арнаған кеңестік биліктің қадамдары да Угар Жәнібековтің өз ойлағанындай бола бермеген сияқты. «Лена қырғынынан келіп, қып-қызыл большевик атанған, кәрінен жылаған бала уанатын Қарқаралы милициясының нәшәндігі Угар Жәнібеков басқа түгілі өз туыстары – Майлықтарға араша түсе алмаған. Үлкендер айтушы еді: «Қайран Угар бармағын шайнап, құсадан өлді» деп», - деп жазады, белгілі қаламгер Мағауия Сембай өзінің «Орталық Қазақстан» газетінде жарық көрген «Шахтер. Майдангер. «Шаштараз» атты мақаласында. Демек біздің кейінгі кезеңдері кешегі кеңес дәуірінде өмір сүріп, қызмет еткен тұлғалардың тағдырына біржақты қарап, біртіндеп ұмытуға айналған жоқпыз ба деп ойлануымыз да қажет сияқты. 

Мұқатай өміріне қатысты айтылатын қаталдық, ымырасыздықтардың түп-төркіні – оның өмірінде көрген қиыншылықтарында жатса керек. Отбасы адамдарының азаппен өлтірілуінің өзі де қанша темірдей болса да адам жүйкесіне салмақ түсіретіні сөзсіз ғой. 

Угар Жәнібеков бойында қаталдықпен бірге елінің елеулі тұлғаларына деген сыйластық, құрмет болғаны туралы деректер баршылық. Атап айтқанда танымал ақын, өлкетанушы Серік Ақсұңқарұлы өзінің «Қазақ үні» газетінде 2018-жылы 19 желтоқсанда жарық көрген «Алашорданың соңғы көзі – Әлімхан Ермеков» атты мақаласында былай деп жазады: «...Сондай тар жол, тайғақ кешудің кезінде М.Дулатов Әлімхан Ермековтің үйіне келіп бас сауғалайды. Оның осы үйде екенін басқа біреу емес, қазақтың өзі көрсетеді! Қылышынан қан тамған қызыл комиссар Угар Жәнібеков Міржақыпты тұтқындауға келсе, есік алдында интеллигентше киінген бір адам тұр. Түр кескінінен Алашорданың адамы екені көзге ұрады:

– Сен кімсің?! – дейді Угар ала көзімен атып.

– Мен Әлімхан Ермековпін! – дейді әлгі адам комиссардан айылын жимай.

– Апырым-ай, ә… дейді Угар, – Сіз Әлімхан Ермеков болсаңыз… Сіздің үстіңізге баса-көктей кіру ұят шығар?! Мен кетейін. Мен сізді көргем жоқ! Сіз мені көрген жоқсыз!

Әлімхан Ермеков осы әңгімені ылғи сүйсіне айтып жүреді екен. Әлихан да, Угар да Қызыларайдың тумасы. Бір ел, бір рудың баласы. Бір-бірімен сырттай таныс-біліс болғанмен, бетпе-бет кездесіп тұрғаны осы. Қазақша

айтқанда, қанжығада жолығып тұр! Аласапыран заманның дауылы екеуін екі жаққа лақтырып жіберген! Пролетариаты, люмпені, қайыршы, жәлебі болмаған қазақтың үстіне Қазан төңкерісі жасаған эксперименті, міне, осындай! Әкені – баладан, ағаны – іні-қарындастан, елді – ағайын-жұртынан айырған! Сол тарихи ессіз эксперименттің зардабын қазақ халқы әлі тартып келеді! Көресісін содан көріп жүр!»

Маркс пен Лениннің идеяларын бағыт етіп ұстанған большевиктер қаналушы таптың, кедейлердің мүддесін қорғаймыз, бай мен кедей деген болмайды, адамдардың барлығы тең дәрежеде өмір сүретін болады деп, жарқын коммунизм идеясына сендірді. «Коммунизм құру жолында құрбандықтар да аз болмайды» деген ұстаныммен түрлі науқандарды да молынан жүргізді. Асыра сілтеп жіберген тұстары да аз емес. Мұқатай дәуірі – дәл осы кезең еді. Өзі жазғанындай, оқыған-тоқығаны аз, шала сауатты Мұқатай түгілі, Қазақстан Совнаркомның Төрағасы (Премьер-Министрі) болған Сәкен Сейфуллин қатары оқыған зиялылардың өзі коммунизм мұраттарына қалтқысыз сеніп, өмірін арнаған жоқ па? Абай дана айтқандай, нағыз «соқтықпалы, соқпақсыз» дәуірде өмір сүрген, елін-жерін ақ бандылары мен ұры-қарылардан қорғауда қан мен терін төккен Мұқатай (Угар) Жәнібековтің есімі өз дәуірінің айтулы тарихи тұлғасы ретінде ұмытылмасы анық. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?