Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қобда беті қазақтарының көтерілісі

4117
Қобда беті қазақтарының көтерілісі - e-history.kz

Өткенде жарық көрген (Айдалған ел, аңыраған жұрт) мақалада айтылғандай Жаламаның айдауындағы жұрт «Өрікті көл» мен осы көл­ге келіп құятын Бұрғыстай өзені сағасына келгенде көте­ріліс шығарған. Тарихшы-шежіресі марқұм Сарай Асқанбай­ұлы­ның еңбектерінде аталған көтеріліс 1912 жылы жаздың ортасында болған дейді. Бұл қате. Көтеріліс қыркүйектің орта­сында болған тәрізді. Осы оқиғаға үлкен ойшыл-жыршы Ақыт қажы Үлімжіұлы жырмен былай деп сипаттама берген екен: 

Жаламаға бодан болмай кетейік деп,

Жаламадан өктемдікті көрдік қанша,

Елдіктен азып әбден қор болғанша,

Дүниеден шәйіт болып өтейік деп. 

Тәуекел басымызға қойдық байлап,

Балта, күрек, бақанды алдық сайлап,

Бір-бір мал кешке таман тілеу тілеп,

Жыладық қор қылма деп, иә, құдайлап,

Түн жастап жаумен келіп араластық

Өлімге тәуекел деп басты байлап,

Шерікті қамап жатқан бәрін жайлап, – 

деп жырласа, келесі бір деректе: «Өрікті көл жағасы. Айлы түн, жұрт шырт ұйқыда. Шыңғырып, шырылдаған өте жайсыз дауыстан ел шошып оянды. Жұрт үдере шығып қараса, ботақара Шонжай батыр бір шерікті найзамен шаншып алған, ат үстінде тік көтеріп тұр. Шыңғырған соның дауысы екен. Осылай көтеріліс басталды», ‒ дейді («Моңғолиядағы қазақ халқы». ҰБ, 2007 жыл, 152-бет).

Көтеріліске не түрткі болды? Кімдер ұйымдастырды? Бұл сұрақтарға хал-қадерімізше жауап іздеген болдық. Осы жерде бұрын-соңды зерттеушілердің назарына ілінбей келген бір оқиға бар. Өрікті көл маңында қырылған шеріктер, біріншіден, жергілікті жердің адамдары емес, бұлар ішкі өлкеден Мақыржабқа еріп келген Боғда хандық Моңғол мемлекетінің әскерлері. Екіншіден, көтерілістің бұрқ етуіне басты себеп: Жаламаның бұйрығымен қазақтардан будда дінін оқыту үшін шәбі (шәкірт – мүрит) жинап алуға адамдардың келуі. 

Бұған дейін тыныш көшіп келе жатқан қазақтарды «шәбі алу», яғни «балаларына кәпірдің дінін оқыту» қатты әсер еткен сыңайлы. Бұл оқиға өзі айдалып, қиналып келе жатқан жұрттың ашуына май құйғандай әсер етті. Тарихшы Зардыхан Қинаятұлының пайымдауынша, Бұрғыстайда аял­даған көшке бір топ шерік келеді де: «Отыз бала шәбі аламыз», ‒ дейді. Қазақша айтқанда, отыз қазақтың баласын Жа­ла­маның Сарысекедегі ордасына апарып, будда дінін оқытады деген сөз. Расында, халықты үрейлендірген – осы оқиға. 

Зерттеуші Зарыққан Бағылатұлы: «Өрікті көлді жағалай қонып, итарқа, қос, жаппа, күрке тіккен ел. Кешкісін мал шу­лап, ит үріп, айғай-шу араласып, ас қамдалып түтін будақ­тай­ды... Бүгін Жалама жағынан әскер, жай адамы аралас бір топ келіп, елді аралап, балаларды тізімдей бастады. Ел: «Қазақ­тардан бұтханаға шәбі алып, балаларды будда дінінің салтымен тәрбиелемек», ‒ дегенді естігенде: «Жеткен жеріміз осы бол­са, енді не тұрыс?» ‒ деп көтеріліске дайындалды», ‒ деп жазыпты (З.Бағылатұлы. «Тұғырлы тұлға Тұрды Төлекеұлы», Ас­та­на: 2022 жыл. – 39-б). Ел ағалары шәбі алуға келген әс-­
кер­ге: «Жақ­сы­лап демалыңдар, біз шәбіге баратын балаларды жинап, олардың ат-көлігі мен жол азығын дайындап, ертең аттандырамыз», ‒ деп алдаусыратып көтеріліске дайындалады.

Расын айтқанда, айдалып бара жатқан бұқара көп жағдай­да болып жатқан оқиғаның аңдысын байқаған сияқты. Қажет болса, Сарыкөлде де көтеріліс жасауға болар еді ғой. Өйтпеді. Неге? Ол кезде әбден есірген халқа әскері қазақтың бірін қоймай қырып тастауға бейіл болатын. Бұларға берілген «қажет болса қырып тастау жайлы» құпия тапсырма да бар еді. Егер қазақты қырып тастаған жағдайда: «Неге өлтірдің?» ‒ деп құн сұрайтын жан баласы жоқ екенін аталарымыз білді. Оның сыртында, халықтың қолында кетік күрек, майырылған шоттан басқа ілікке алар қару жоқ. Екіншіден, халқа әскері күдіктенбесін деп, көш бойы «ләпбайлап» олардың сеніміне кіреді. Ондағы мақсат – қарулы шерікті бейғамдандыру. 

Десе де халық халқаның айдағанына көніп бейғам жатпады. Тіпті ел Олоннордан қозғалмай тұрып үлкендер жағы бір көмек болар деген үмітпен Алтайдың күнгей бетіне асып кеткен Сүкірбайға адам жіберіп, әскер әкеліп құтқаруын өті­неді. Осы іс үшін тасбике Тышабай мен шыбарайғыр Әпсалдықты аттандырды. Бұл екі адам Алтай асып Сүкеңе жолық­қанымен, ол кісі: «Менің қолымнан келер ештеңе жоқ. Өткен қыстан мал жұтап шықты. Бұт артар ат көлікте жоқ. Өздерің күндеріңді көріңдер», ‒ деп сәлем айтады. Баяғыда Сүкеңе көмектесемін деп елеуреген Алтай шебінің билеушісі Балтабан да сырт айналады. Балтакеңе қазақтың не керегі бар. 

Сүкірбайдың сәлемін естіген Шонжай: «Жүрегімде кек пен жара асқынып барады. Жан алып, жан берісуге дайынсың ба, Тышабай?» – дейді. «Дайынмын», ‒ дейді Тышекең. Осылай екі батыр қол алысып, әрекетке көшеді. Ең әуелі Жалама мен Қылаңның құрметіне «Обаға сиыну» тойын жасау керек деген ой тастайды. Бұл ойды айдаушы шеріктер де мақұл көрді (Шерхан Орайханұлы. Тасбике руының шежіресі. Өлгей-Ұланбатыр – 2017 ж. – 233-б).

«Көш Өрікті көлге жеткенде көштің адамдарының тіле­гі бойынша бірнеше күн ерулеуге ұлықсат беріледі. Жоғарыда айтылған «Обаға сиыну» рәсімі көш толық жеткен соң атқарылатын болды да, тойға дайындық жасау үшін Жалама аз ғана нөкерімен аттанып кетті. Өрікті көлге елден бұрын келген Қылаң өзіне қарасты атшы-қосшы шабарманы бар 60 үйді бастап, Жаламаның соңынан олар да қозғалып кетті. Жалама мен Қылаң ерулеп қалған ел шеріктердің ашса алақанында, жұмса жұдырығында ешқандай қарсылық көрсетпейді деп ойлады деп», ‒ жазады Шерхан ағамыз (Шерхан Орайханұлы. Тасбике руының шежіресі. Өлгей-Ұланбатыр – 2017 ж. 234-б).

Бұл жерде ескеретін оқиға: Көрімбай батыр Қылаңның көшіне ермей, елмен бірге қалып қойғаны байқалады. Шерхан Орайханұлының естелігінде: «Байлауда келе жатқан Арсалаңға түн жамылып Шонжай мен Көрімбай барып тілдесті», ‒ деген жолдар бар. Соған қарағанда Көрімбай батыр Қылаңның көшіне ермей, үлкен топпен бірге қалып қойған сыңайлы. Өйткені Жалама мен Қылаң кеткен соң көтеріліс бастау жайлы шешім бұған дейін келісілген, тек аналардың аттануын күткен сияқты. 

Сонымен той өтеді. Шеріктер масайрап жатады. Онымен қоймай бейшаралар қазақтың қыз-келіншектерін жинап, өздері жатқан киіз үйдің ішіне кіргізіп ән салдырады. Көтеріліс болатыннан хабардар қыз-келіншектер өлең айтқан болып, сыртта дайындалып жатқан азаматтарға былай деп хабар береді:

Қос жақта мылтық ұстап шерік отыр,

Тесіліп айналаны көріп отыр,

Үйде де шерік біткен ұйықтаған жоқ,

Жау күтіп сырттан келер берік отыр.                                      

Алдымен шамаң келсе қос жаққа бар,

Дыбыссыз сол шіркінді жайға да сал.

Мұндағы жау маужырап ұйықтаған соң,

Қапысын тауып жауды ыңғайлай сал.

Салғаным қаракерге шідер ме еді,

Кемпірді бұлар сыртқа жібермеді.

Бар болса бойда жаның айтқанды істе,

Намысын ел жұртыңның жібермеші.

Ескерту: Бұл өлеңді жазушы Елеусіз Мұқамәдиұлы ел аузынан жазып алып 1974 жылы жарық көрген «Өрікті көл» хикаятына кіргізген. Ауызекі деректерде өлең арқылы сырттағы сайлауыт жігіттерге хабар берген – руы ителі Зуқа қажының аталас ағайының қызы дейді.

«Осылай іштегі әнші әйелдер арқылы хабар алған жұрт «Құдайға тәуекел!» десіп жұдырықтай жұмылып, шеріктерге көрсетпей қайрап дайындап қойған балта, тесе, күректерді саптап дайындық жасайды. Қанша білдірмейін десе де күбір-сыбыр, қас пен көздің ыңғайын байқап сезіп қалғандарға: «Іш пікірің ішіңде болсын» деп ескертеді. Құдайы жасап, жай-күйлері келісіп, етке тойып, қол тартқан араққа масаңдаған шеріктердің көзі ұйқыға бара бергенде апыр-топыр басталады. Әуелі күзетте отырған мас шеріктің көзін құрт­қан соң келісім бойынша Әубәкір балуан бастаған бі­рін­ші топ шеріктер жатқан киіз үйді көтеріп лақтырғанда Көрімбай, Шонжай, Тоқтаубай, Тышабайлар бастаған қару­лы топ шеріктерге ес жиғызбай кескілеп, ұрып-соғып жа­­ныш­тағанда әп-сәтте қырықтай шеріктің қаны тарам-тарам болып ақты. «Әне біреуі құтылып кетті!» ‒ деген Шонжай батырдың қатты дауысы шығып, жарқабақтың астына барып тығылған шерікті қуа жөнелді. Қашқан шерікті адымын аштырмай бақыртып өлтіріп жатты. Бір сәт тыныштықтан кейін қайыңтоздың қабығына май араластырып дайын­да­ған шырағданды жақты. Шеріктердің өлігін тексеріп түгендеп көргенде санынан бір кісі жоқ боп шықты. Анықтап тексергенде, шеріктердің аспазы жоқ боп шықты. Жаңа ғана үйді құлатқанда ішінде отырған болатын. Өзі аяғы ақсақ кісі еді. Аты Уншаа болатын. Жалама өзіне қарсы шыққандық­тан ноқталап алып жүрген Арсалаң Белдемшеұлына тамақ апарып беріп, сыртта болып жатқан жағдаймен хабардар етіп отырған», ‒ деп жазады Шерхан ағамыз (Шерхан Орайханұлы. Тасбике руының шежіресі. Өлгей-Ұланбатыр – 2017 ж. 234-235-бб)

Описание: C:\Users\Бекен\Desktop\котер.PNG

Осы мәселені егжей-тегжейлі зерттей келе көтерілісті негізі ұйымдастырушылар бұл адамды (Уншааны) әдейі тірі қалдырған. Өйткені бұл адам жергілікті жердің тумасы бол­ғандықтан, қазақтарға іштей болысып жүрген екен. Сол себепті оны аман алып қалып, Жаламаға тіл жеткізу үшін қазақтар өтірік айла ойлап тауып, ел бейғам жатқанда Алтайдан әскер бастап келген Сүкірбай би шеріктерді қырып тас­таған болдырады. Сол үшін руы саңырау Кеңетек деген пы­сық жігітті Сүкірбай болдырып киіндіріп, атқа мінгізіп қойып бар дауысымен үкім айтырады. Сондағы Кеңетек-Сүкірбайдың сөзі: «Мен Сүкірбаймын, Алтайдан әскер бас­тап келіп елімді құтқардым. Мына өлген шеріктердің обал-сауабы Жаламда. Ол менімен соғысқысы келсе, дайынмын. Осы сөзімді, Уншаа, сен қожайыныңа айтып бар!» ‒ деп айғай салады.

Жалғыз өзі тірі қалған Уншаа бұған расында сенген тәрізді. Нәтижесінде, Қосағашқа ауған елді індете қумай қалуының бір себебі осы болса керек. Бертінде осы Уншааның Аңға (Ангаа) деген баласы Қобда өзенінің Ащыкөлге жалғасып жатқан құйғанын мекен етті. Сол жерді тұрғылықты халық бертінге дейін «Аңғаның аралы» деп атап жүрді. Дәл осы жер менің (Бекен Қайратұлының) туған топырағым болғандықтан бәрінен хабардармын. Кейін осы Аңғаның баласы Эрденеге Шерхан ағамыз жолығып, атасы Уншааның аузынан естіген әңгімені жазып алған. Осы жазбада: «Қазақтар Жаламаның шерігін қырғанда менің атам аман қалыпты. Өйткені бір сойқанның боларын біліп тас-түйін ұйықтамай дайын отырған екен. Көтерілісшілер үй­ді лақтырғанда бірге лақтырылып, одан шиге оранып алып домалай қашыпты. Осылай аман қалыпты. Биік қабақтың астына тығылып жатып, қазақтар шеріктерді бақыртып өлтіріп жатқанын естіпті. Бұл күздің соңғы айы болса керек, күн суық болыпты. Атам Шібір өзенінде отырған елге зорға жетіп аман қалыпты», ‒ деген жолдар бар. 

«Кеңетектің айқайынан кейін адамдар үй-үйлеріне тарап, таң шеті сөгіле үйлерін жығып көшуге қамданды. Үйір-үйір жылқыны айдап келіп қолдарына ілінген атты ұстап мінді. Әубәкір балуан жуан аттарды шоқтығынан бүріп ұстап тырп еткізбей адамдарға ұстап беріп тұрады», ‒ десе ескі көздер естелігінде, ал Жаламаның өмір-тарихын терең зерттеген адамның бірі орыс ғалымы Инесса Ломакина ханым  2005 жылы Ұланбатырда моңғол тілінде жарық көрген «Жаламаның басы» атты еңбегінде: «...айдауда келе жатқан 300-ге тарта қазақ отбасы Бұрғыстай өзені жаға­сында бір түнде көтеріліс жасап, 26 шерікті қырып салып, Ресейдің жері Қосағашқа өтіп кетті. Бұл әскерлер астанадан (Күрені айтады) арнайы жіберілген үкімет жасағы еді», ‒ дейді (Инесса Ломакина. Жаламаын толгой. Ұланбатыр. 2005 ж. 92-б).

Описание: C:\Users\Бекен\Desktop\кош 3.PNG

Бұл жерде назар аударатын мәселе: қазақтар қолынан өлген шеркітер саны. Жоғарыда И.Ломакина «26 шерік өлді» де­се, оқиғаны бастан-аяқ бақылап жүрген орыс саудагері А.Бурдуков: «Далай хан уалаяты «Өрікті көл» маңында киргиздар (қазақтар) көтеріліс жасады. Олар бір түнде Бұрғыстай өзені жағасында жатқан 33 шерікті ноянымен қоса қырып тас­тап, 300 шаңырақ Ресей шебіндегі Қосағашқа өтіп кетті» деп жазыпты (А.В.Бурдуков. В старой и новой Монголии. Ұланбатор, 1987 г. Стр.-98). Соңғы сан (33 шерік) Сарай Асқанбайұлының жазбаларында да кездеседі. Демек өлген шеріктер саны – 33.

Осы қырғынның ішінде болған ақын Нәжікеш Таңқайұлы «Ел айдалған» атты дастанында:

Өлім мен өмір үшін басты байлап,

Сайманды күннен бұрын алдық сайлап,

Қолға алып, ләшкермен араласып,

Әп-сәтте шыға келдік бәрін жайғап,

Бір күні керек болып қала ма деп,

Біреуін ертіп алдық көзін байлап,

Тіккен үй мүкамалдың бәрін тастап,

Жөнелдік отаршыдай малды айдап,

Бес күн, бес түн суытпай көлік белін,

Тағдыр-ай Шүй қалаға келдік жайлап... – 

деп жырлағанындай, халқа әскерін қырып тастаған ел көштің артына қарауыл қойып, орыс жері Қосағашты бетке алып тартады. 

Описание: C:\Users\Бекен\Desktop\герман.PNG

Дәл кезде Қосағашқа бет түзеген қазақ көшімен жолай кездескен неміс саяхатшысы Херман Констен (1878-1957) олармен сапарлас болғаны жайлы естелік жазып қалдырған. Ол жазбасы Hermann Consten: «Weiderlatze der Mongolen im Reiche der Chalchа» деген атпен 1919 жылы Берлинде жарық көрген кітабында: «...Қобда өзенінен өтіп, орыс жеріне қарай бет алдық. Жолай қазақтардың үркін көшіне жолықтым. Маң дала астан-кестең. Маңыраған мал, шулаған адам. Жол бойы көшке ере алмай адасып қалған қозы-лақ, бота-құлын. Бейбақтар көздері жәудіреп далада қалып жатыр... Қасымдағы атқосшы моңғол жігітті осы жерден қайтарып жіберіп, өзім қазақтардың үркін көшіне ілестім. Қазақтардың үш топқа бөлінген үлкен көші бір-бірінен көз жазып қалмай түйелі көштің ырғағымен ілгерілеп барады. Десе де бойларындағы үрей күшті. Оған себеп бұлар атышулы Жаламаның айдауынан бас сауғалап бара жатқандықтан өте сақ. Қазақ әйелдері моңғол әйелдеріне қарағанда керемет пысық. Күйеулері жоқта киіз үйлерін өздері түйеге артып алып, жас балаларын теңге отырғызып, ат үстінде алдында бесік тартып барады... Бұлар өздерін «қазақ» деп атайтын қырғыздар. Нақтырақ айтқанда, 1757 жылдары шүршіттер тарапынан Амарсана, Дабашы бастатқан жоңғарлар жойылған соң олардан қалған Қобда өлкесіне келіп тұрақтаған жұрт. Енді келіп өзін Әмірсананың ұрпағымын деп жариялаған Жаламаның қуғынына түсіп қиындық көруде. Осылай 1200 адам орыс жеріне жан сауғалап бара жатыр...» деп жазыпты. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?