Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Күндерек. 20 маусым - әлем және Қазақстан тарихында

970
Күндерек. 20 маусым - әлем және Қазақстан тарихында - e-history.kz

20 маусым - Григориан жылнамасының 171-күні. Осы күні әлем елдерінде көптеген айтулы мерекелер атап өтіледі. Қазақстан тарихында елеулі орны бар бірнеше тұлғалар осы күні дүниеге келді. 

20  маусымда дүниеге келген танымал тұлғалар

Нұрпейіс Байғанин – халық ақыны, жырау. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. 1860 жылы 20 маусым күні Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында дүниеге келген. Әкесі – Байғана. Шешесі – Үміт. Нұрпейіске ақындық, жыршылық өнер анасынан дарыған. Үміт анамыз өз аймағына белгілі әнді, домбырашы, ақын болған. Нұрпейіс жастайынан жыршы атанып, Абыл, Шернияз, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Қазақбай, Сабыр тәрізді белгілі ақындардан үлгі алып, бірқатарымен айтысқа түседі, батырлық жырларды үйренеді. 

Халық сүйіп тыңдайтын «Құбығұл», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз Жібек» сияқты жыр, дастандарды жырлаған. Байғанин Нұрпейіс жырлаған «Қобыланды батыр» жыры — осы жырдың басқа ақын-жыршылар айтқан нұсқаларынан көлемі молы, оқиғасы жағынан мазмұндысы. 

Нұрпейіс атамыз эпостық жырларды айтумен қатар, дайын сюжеттерді пайдалана отырып, халықтық, әлеуметтік мәселелерге арналған «Ақкенже», «Нарқыз» сияқты өз туындаларын шығарды. Оның «Ақын шабыты», «Ақынға», «Отарба», «Зор майданға шапшаң бар» тағы басқа өлеңдері дәстүрлі терме мәнерінде жазылған. 

Ақын жыр алыбы Жамбыл сияқты Қазақстанның біраз жерлерін аралап, Алматы, Мәскеу қалаларында болып, ертеден келе жатқан жыраулық дәстүрді халқына қайта тарту етті. Ақтөбе облысында Байғанин ауданы бар. Ақтөбе және басқа қалалардағы көшелер мен мектептерге ақын аты берілген. 1945 жылы Ақтөбе қаласында дүниеден өтті. 

Ақырам Сәлімұлы Ыдырысов - хирург-онколог, медицина ғылымдарының докторы, профессор.  Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген дәрігері. Ұлы Отан соғысының ардагері. Ғалым Ақырам Сәлімұлы 1905 жылы Атырау облысы, Теңіз ауданында дүниеге келген. Ресей Федерациясы Саратов қаласындағы медициналық институтты бітірген. 

1932-1957 жылдары Саратов облысында, Қызылорда, Алматы қалаларында дәрігер болған. 1964-1983 жылдары Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институты онкология кафедрасының доценті, меңгерушісі болған. Ысқақов туберкулез перитониті мен алапес асқынуларын емдеу әдістерін ұсынды.  Қызыл Жұлдыз, Құрмет белгісі ордендерімен және медальдармен марапатталған. 

Танаш Дәуренбеков – жазушы, баспагер. Халық ағарту саласының озат қызметкері. Қаламгер 1927 жылы 20 маусымда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында дүниеге келген. 

1949 жылы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған. 1943–1944 жылдары Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты «Октябрь» бастауыш мектебінің меңгерушісі, 1944–1945 жылдары сол ауданның «Ортақшыл» орта мектебінде мұғалім болып қызмет атқарған. 

Алпысыншы жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасының редакторы міндеттерін атқарады. 1966-1967 жж. «Білім және еңбек» журналдарында жауапты қызметтер атқарған. Халық ағарту ісінің озаты белгісімен, медальдармен марапатталған. Қаламгердің «Бір түйенің әлегі», әңгімелер жинағы «Сыр балалары» мен «Он бес жыл өткен соң», «Өкіл әке», «Сүмбіле» повестері жарық көрді.  «Біз әлі кездесеміз», «Кездескен деген осы», «Таң атын келеді» романдары оқырман жүрегінен орын тапқан. Танаш Дәуренбеков 2000 жылы Алматы қаласында дүниеден өтті. 

Гүлсім Мағзұмқызы Әзімжанова – зерттеуші ғалым, филология ғылымдарының докторы.  Алматы педагогикалық шет тілдер институтының неміс тілі факультетінің (қазіргі Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті) түлегі. Еңбек жолын өзі оқыған институтта оқытушы болып бастаған. Кейіннен аға оқытушы, доцент  қызметтерін абыройлы атқарды. 2000 жылдан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясында доцент, профессор қызметтерін атқарады. 

Гүлсім Мағзұмқызы  «Қазақ көркем проза мәтінінің прагматикалық әлеуеті» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Тіл ғылымының стилистика мен лингвистика салалары бойынша 60-қа жуық ғылыми жарияланыммен монография, әдістемелік-оқу құралдарының авторы. Ғалым 1948 жылы қазіргі Абай облысы, Жарма ауданы, Кеңтармақ ауылында дүниеге келген. 

Шавкат Әнуарұлы Саитов - мұнай-газ өнеркәсібінің қайраткері. Ол 1951 жылы 20 маусымда Қырғыз Республикасында дүниеге келген. Уфа мұнай институтын «Газмұнай құбырларын, газ қойма-және мұнай базаларын жобалау және пайдалануға енгізу» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын «Саратовтрансгаз» бірлестігінің Мақат желілік-өндірістік басқармасында бастаған. Қазақстанның мұнай-газ саласында әр түрлі қызметтер атқарған. 1994 жылдан - «Қазақгаз» МХК газ көлігі басқармасының бастығы. 1995 жылдан - «Батыстрансгаз» АҚ газ көлігі басқармасының бастығы. 1997 жылдан - «Интергаз Орталық Азия» ЖАҚ «Орал» АО басқармасының бастығы, менеджері. 2000 жылдан - «Интергаз Орталық Азия» АҚ батыс аймақ бойынша техникалық менеджерінің орынбасары, «Атырау» магистралдық газ құбырлары басқармасы директорыныңКС бастығы, Орал желілік-өндірістік басқармасының аға инженері, «Оралтрансгаз» МБ инженері. 2008 жылдан - «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Ақтау» МГБ директоры, аға инженері. 2009 жылдан бері - «Интергаз Орталық Азия» АҚ техникалық дамыту жөніндегі атқарушы директоры қызметін атқарды. 

Болат Нұрғалиұлы Қалымбетов – актер, кинорежиссер, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі. Парасат және Құрмет ордендерінің иегері.   Актер 1956 жылы 20 маусымда Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған. Атақты кино режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» фильміне түскен. 

Болат Нұрғалиұлы 50-ден астам киноға түсіп, «Тамшы», «Айналайын», «Соңғы суық» кинофильмдерін түсірген. 1998 жылы Елбасының жарлығымен жоғарғы мемлекеттік марапат «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағымен марапатталды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры. Өнертану ғылымдарының доценті.

Берік Садыр – сықақшы, журналист. 1977 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын Нарынқол ауданындығы «Қызыл шекара» орта мектебінде мұғалім болып бастаған. Берік Садырұлы көп жылдар бойы республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде  тілші,  «Қазақ әдебиеті» газетінде аға тілші, «Ара—Шмель» журналында техредактор, фельетонист, «Ұлан» газетінде жауапты хатшы, «Егемен Қазақстан» газетінде аға тілші қызметтерін атқарған. Сатира жанрында да шығармалар жазып, тұңғыш сатиралық кітабы «Жалын» баспанасынан «Не десем екен?» деген атпен жарық көрген. «Арман қанатында», «Кеш жарық», «О несі-ай?!», «Қосымша ми» атты әзіл әңгімелер кітабының авторы.  Қаламгер 1954 жылы  Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері. 

20 маусым - Әлемде

20 маусым - Дүниежүзілік босқындар күні. БҰҰ-ның шешімі бойынша Африка босқындарының күнімен қатар аталып өтеді. 2000 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бірауыздан арнайы қарар қабылдап, босқындар күні датасын бекітеді. Осы қарарға сәйкес Бас Ассамблея 2001 жылы 1951 жылғы босқындар мәртебесі туралы конвенцияның елу жылдығын атап өтті. Сонымен бірге, Африка бірлігі ұйымы (OAU) Дүниежүзілік босқындар күнін африкалық босқындар күнімен бір уақытта — 20 маусымда атап өтуге келісті.

Босқындар мен мәжбүрлі қоныс аударушылар өз елдерінен нәсілдік, діни, азаматтық, саяси көзқарастар немесе белгілі бір әлеуметтік топқа жатудан қорқып, қайтып оралғысы келмейтін немесе келмейтін адамдар ретінде анықталады. Көптеген адамдар соғыстардан, табиғи апаттардан немесе техногендік апаттардан босқын болады.

Қазіргі уақытта планетада шамамен 22,5 миллион босқын және 25 миллион ішкі қоныс аударушылар тіркелген. Әр минут сайын 24 адам өз өмірлері үшін соғыстар, қудалау немесе қорқыныш салдарынан туған жерлерінен кетеді. Әлемдегі барлық босқындардың 80% - ы әйелдер мен балалар. 

20 маусым – Аргентинаның мемлекеттік мейрамы - Байрақ күні. Аргентина - Оңтүстік Американың оңтүстік-шығысында орналасқан мемлекет.  Батысында Чилимен, солтүстігінде Боливия, Парагваймен, солтүстік-шығысында Бразилия, Уругваймен шектеседі. Әкімшілік жағынан 22 провинцияға, 1 ұлттық территорияға және 1 федералды астаналық округке бөлінеді. Астанасы - Буэнос-Айрес қаласы. Ресми тілі - испан тілі, сонымен қатар ағылшын және итальян тілдері де кеңінен қолданылады. Ақша бірлігі – архентино. Қазақстан Республикасы мен Аргентина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы маусымның 25-де орнатылды. Аргентинадағы байрақ күні  - Аргентинаның ұлттық батыры, адвокат, генерал және Ту дизайнының авторы Мануэль Белгран қайтыс болған күнге сәйкес келеді. Мереке ресми түрде 1938 жылдан бастап тойланып келеді.  Белгранның туған қаласы Розариода ту апталығы өтеді, оның шарықтау шегі 20 маусымда Ту күніне байланысты іс-шараларға айналады. Мереке кезінде билік пен жұртшылық өкілдерінің қатысуымен ашық митинг өтеді. Тудағы көк және ақ түстер сәйкесінше Анд тауларының аспаны мен қарын бейнелейді. 1818 жылы туға күн бейнесі қосылды. Бұл мамыр күні (sole de Mayo) - Аргентинаның ұлттық символы. Бұл символ 1810 жылы 25 мамырда тәуелсіздікті қолдайтын алғашқы жаппай халықтық демонстрация болған кезде бұлтты аспанда күннің пайда болуын еске түсіреді.

20 маусымда 2005 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Қазақстанның ән өнерінің атақты шеберлері атты үнтаспаның тұсаукесер рәсімі өтті. Үнтаспа Асыл мұра жобасы шеңберінің аясында шығарылды. Асыл мұра - қазақ музыкасының алтын қорын қалпына келтіруге және сақтап қалуға бағытталған коммерциялық емес гуманитарлық жоба. Оның мақсаты - Қазақстанның ұлттық мұрасын көпшілікке тарату. 

20 маусым - бүкіл әлемде Халықаралық Wi-Fi күні аталып өтеді. Осы жаһандық бастама цифрлық теңсіздікті жоюды көздейді. Себебі ғаламтор арқылы халықтың білімін ғана емес, компьютелік сауатталығын арттырып, сондай-ақ, көзқарасын кеңейтуге болады. Бүгінде әрбір мемлекеттің экономикалық дамуы цифрлық әлеуетке тікелей байланысты.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?