Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш қаласына іссапарым

4562
Алаш қаласына іссапарым - e-history.kz

Маусым айының 18-22 жұлдызы аралығында Семей қаласында іссапарда болып қайттым. Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Қайым туған асыл топыраққа табан тіреудің өзі бір ғанибет дерсің. Алаш арыстарының басын қосқан киелі Семей топырағы - азаттық аңсаған Қазақтың бостандығы мен тәуелсіздігінің туын тіктеген өр рухын сезініп ерекше бір серпіліп қайттым.

Семей – еліміздің тарихи - мәдени орталығы болғандықтан, зерттеу нысаным - Қазақ емшілігі жөнінде, қазақтың байырғы емдеу тәсілдері мен қазақ даласында өткен дәрігерлер, емшілер жөнінде мәліметтер іздестіріп біраз материалдар жинақтадым. Алғашқы болып Абай облысы тарихи-өлкетану мұражайынан бастадым. Музей директоры Сабырбаев Қайрат Зекенұлы жылы қарсы алып, мұражайдың жұмыс бағыттарымен таныстырды. 

Тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми кітапханасындағы кітаптар қорынан қытай тілінде жарық көрген ХVІ ғасырдағы «Патшаларды емдеу» кітабынан өзіме қажетті материалдарды алып біршама қоржынымды толықтырып қайттым. 

Мұражайдағы ізденістерден кейін, Абай атындағы кітапханаға барып, кітаптар қорымен таныстым. Кітапхананың сирек кітаптар қорының ғылыми қызметкері Мәнжібаева Жаңылгүл Әділбекқызы ХХ ғасырдың басында жарық көрген қазақ медицинасына қатысты біршама құнды еңбектермен таныстырды. 

Атап айтқанда, Алаш қайраткерлері әрі дәрігер Халел Досмұхамедұлының 1927 жылы жарық көрген «Адамның тән тірлігі» еңбегі, «Дене бітімі және оның жұмысы туралы әңгімелер» (Ю. Вагнерден аударған), 1924 жылы жарық көрген «Обамен қалай күресуге болады?», Жұмағали Тлеулиннің «Гигиена», «Жұқпалы аурулар», 1935 жылы жарық көрген Ахметқали Мәметовтың «Денсаулық жолында» кітабы, 1938 жылы жарық көрген А.Н. Кабановтың «Адам анатомиясы мен физиологиясы» кітабы, 1935 жылы жарық көрген С.М. Дүкенбаевтың «Бөртпе сүзек және онымен күресу» кітабы, Күдерин Жұмахан Маусымбайұлының «Ботаника» еңбегі және де Батыс Сібір Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің жазбаларынан материалдар алдым. 

        

Абай атындағы кітапханадан шығып, еліміздегі іргелі оқу орны Семей медициналық университетінің оқу-ғылыми жұмыстарының бағыттарымен танысып қайттым. 

Кітапханадағы ізденістерімнен кейін, Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайына келдім. Онда Абай мен Шәкәрім әлеміне бойлап, Абай заманының тынысын сезініп, рухани дүниелеріне қанығып, Шәкәрімнің зерттеулерінен мағлұматтар алып рухани байып, Алаш қаласына келгендегі ғылыми-ізденіс сапарым оң болып қуанышпен Астанаға аттандым. 

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым Академиясының профессоры. «Қазақ емшілігі» 8 томдығының авторы, «Құрмет» орденінің иегері. 

Қайрат Айдарханұлы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?