Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Елорда тарихы

3774
Елорда тарихы - e-history.kz

Сурет: turkystan.kz

Қазіргі Астана қаласы тұрған аумақ – ежелден тоғыз жолдың торабы болған себепті, мұнда көне елді-мекендердің сорабы табылып жатуы заңды құбылыс. Көне қалалардан толық мәліметтер жетпесе де, 1816 жылы Есіл-Нұра өңіріне келген орыс офицері И.Шангин мұнда кішігірім қаланың жұрнағын көріп белгілейді. Бұл – ежелгі Бозоқ қаласының орны болатын. 1927 жылы көне қалашықтың орнында ақмолалық өлкетанушы Л.Семенов қазба жұмыстарын жүргізген. тарихшы, археолог ғалым Әлкей Марғұлан осы өлкедегі қалашықтар туралы біршама толық мәліметтер түзеді.  

Астана қаласының бұдан кейінгі археологиялық зерттеулер нысаны болуы – 1997 жыл. Отандық археолог Кемел Ақышев алдыңғы зерттеулер мен болжамдар негізінде кешенді жұмыстар жүргізеді. Ғалым басқарған экспедиция нәтижесінде мұнда сонау 8 ғасырдан абстап, кейінгі 16-17 ғасырларға дейінгі аралықта қалалар мен қалашықтар болғаны анықталған. Бозоқ қаласы – қазіргі Астана қаласына негіз болған, ежелгі өркениет нышаны ретінде қарастырылды. 

Қазақ ауыз әдебиетінде, тарихи жырларда Қараөткел аталатын өңірде Патшалық Ресей заманында бекініс салына бастады. Ақмола қаласы – ХІХ ғасырдағы бекіністің негізінде заманауи қала ретінде қалыптасып үлгерген болатын. 1862-жылдың жетінші мамырында осындағы Ақмола казак станицасына ресми түрде қала мәртебесі берілді. Ақмола атауымен Сарыарқадағы үлкен бір облыс аталды. Ақмола бұдан кейін де түрлі даму жолдарын бастан өткерді. Кеңес дәуірінде, 1939 жылдың қазанында Ақмола облыс орталығы болып белгіленді.

Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны кеңінен өрістеген жылдары Ақмола облысы Қазақстанның ең маңызды астықты аймағына, ауылшаруашылығы, машина құрылысы орталығына айналды. 1960 жылғы 26 желтоқсанда КСРО Бас Хатшысы Н.С.Хрущевтің «Тың өлкесін құру туралы» Жарлығы шығып, осыған байланысты1961 жылы қаланың аты Целиноград болып өзгертіледі. Бұл атау ресми түрде 1962 жылы бекітіледі.

Ақмоланың геосаяси тұрғыдан тиімді орналасуы, ондағы жер қабатының сейсимкалық тұрғыдағы берік сенімділігі, қаланың ірі тасымал торабының кіндігі ретіндегі және өнеркәсіптік, құрылыс индустриясы тұрғысындағы әлеуеті, азық-түліктік белдеуі, су қорларымен қамтамасыздығы т.б. қарастырылып, басым бағыт болып белгіленгені анық. 

Астана қаласы – әлем бойынша мемлекеттің бас қаласы мәртебесіне ие болған жас қалалардың бірі. Астана – ХХ ғасырдан бергі Қазақстанның төртінші астанасы. Бұған дейін Орынбор, Қызылорда, Алматы қалалары астана мәртебесіне ие болған еді. Әр қаланың астана болуының өзіндік тарихи, стратегиялық маңызы болды. 

Тарихшы мамандардың айтуынша, бұрынғы астаналардың орналасуындағы өзгерістер идеологиялық фактордың, орталық биліктің саясатының үстемдігіне байланысты болды, соның нәтижесінде өткен ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанның әкімшілік орталығы бір онжылдықта үш астананы ауыстырды. 1920 жылы Орынбор қаласы, 1925 жылы Қызылорда қаласы, 1929 жылы Алматы қаласы астана қызметтерін атқарды. Елордамыз Қазақстанның қазіргі тарихында төртінші астанаға айналды. 

Қазақстанның жаңа астанасын таңдау және оны көшіру, құру – тәуелсіздік кезеңінің өзі талап еткен үрдіс, әрі сәтті мүмкіндік болып табылады.  Шынында да Астананы көшіру идеясы кездейсоқ пайда болған жоқ, бұл ел дамуының жаңа бетбұрысын қалыптастыратын жаңа кезеннің шешімі болды. Ол сонау 1992 жылы “барлық салада түбегейлі өзгерістердің қажеттілігін айқын сезіну” кезінде де туындады. 

Алатаудың баурында орналасқан ірі мегаполис Алматының көркем табиғаты, климаттық, сауда-экономикалық, туристік т.б. тұрғыдағы артықшылықтарына қоса, экологиялық ахуал, сейсмикалық қауіпсіздік, тұрғындардың көп шоғырлануы, елдің діл ортасында емес, қиыр оңтүстігінде жатқандығы т.б. елеулі кемшілікті тұстары да байқалған болатын.

Осыған байланысты, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ ел астанасын Алматыдан көшіру идеясы көтеріле бастаған болатын. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та бұл идеяны қолдады. Осыған орай 1994 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілде күнгі №106 қаулы қабылдаған болатын.  Осы құжат негізінде Тәуелсіз мемлекет тарихындағы аса маңызды саяси оқиғаны заңдастыру нақты және дәйекті регламенттеледі. 1995 жылы 15 қыркүйекте   “Қазақстан Республикасының астанасы туралы”  заң Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен күшіне енді. Құжатта Қазақстан Республикасының Парламенті мен Үкіметі Ақмола қаласына көшкенге дейін Алматы қаласы мемлекеттің астанасы болып қала береді деп көрсетілген. Екі қала да Мемлекет басшысының резиденциясының орналасқан жері болып жарияланды. Осылайша елімізде екі астана болу жағдайына әкелген, бұл ретте әрбір қала өз дәуірінің символы, Алматы - өтіп бара жатқан жаңа кеңестің, Астана - Тәуелсіз Қазақстанның символы болды. 

Сондай-ақ атқарушы билік болып табылатын Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті де 1996 жылы 6 шілдеде ел астанасын Ақмола қаласына көшіру жөніндегі ұсынысты қабылдау туралы қаулыны бекіткен болатын. Алайда бұл қаулылар түрлі жағдайларға байланысты бірден жүзеге асырыла қойған жоқ. Оған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық реформаларға қатысты түрлі қиыншылықтар, т.б. өз әсерін тигізгені анық. 

Ақмола әрі Тың игеру атты орасан науқан тұсында Тың өлкесінің бас қаласы болған, солтүстік өңірдегі алдыңғы қатардағы қалалардың бірінен саналатын. Мұнда көлік және телекоммуникациялық инфрақұрылым болумен қатар, білікті кадрлар шоғыры да біршама баршылық болатын. Осы аталғандар және басқа да мүмкіндіктерді ескере отырып, ҚР Президентінің жарлығымен 1996 жылы 9 қазанда арнайы Ақмола экономикалық аймағы (ААЭА) құрылған болатын. Бұл – ел астанасын Ақмолаға көшіруге алғышарт болды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін өзге тілдегі атаулар тарихи әділеттілік бойынша қайтарыла бастады. Осыған орай 1992 жылы Целиноград қаласы мен облысы қайтадан байырғы атауымен Ақмола атана бастады.

ҚР Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1992 жылғы 6 шілде шығарған «Орал, Целиноград, Шымкент облыстары мен Целиноград қаласының тарихи атауларын қалпына келтіру туралы» қаулысына сәйкесті қаланың тарихи атауы қайта қалпына келтіріледі.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев 1997 жылы 20 қазандағы «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» №3700 жарлыққа қол қойды. Жоғарыда талған «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» ҚР Президентiнiң 1995 жылғы 15 қыркүйектегi Заң күшi бар Жарлығына және «Қазақстан Республикасының астанасын көшiру туралы» ҚР Жоғарғы Кеңесiнiң 1994 жылғы 6 шiлдедегi N 106 қаулысын негізге ала отырып, аталған жарлықта былай деп көрсетілді:

1. Ақмола қаласы 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының астанасы болып жариялансын.

2. Ақмола қаласының Қазақстан Республикасының астанасы ретiнде ресми тұсаукесерi 1998 жылғы 10 маусымда өткiзiлсiн.

3. Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Iс Басқармасы, Жоғары және орталық мемлекеттiк органдарды Ақмола қаласына көшiру жөнiндегi мемлекеттiк комиссия осы Жарлықтың орындалуын қамтамасыз ететiн болсын.

4. Осы Жарлық жарияланған сәтiнен бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының Президентi»

Осыдан кейін елдің астанасы Ақмолаға көшетіндігі нақты белгілі болды. 1998 жылдың 6 мамырда ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстанның астанасы – Астана қаласы болып аталды. 1998 жылдың 20 мамырында «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» ҚР-ның Заңы қабылданды. Сол жылғы 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Оған шетелдерден ресми делегациялар келіп қатысты. Астана қаласына Алматыдан басшылық корпус, көшіп келе бастады. Алғашында оларды жұмыс істейтін жағдай жасап беру үшін көп тер төгу қажет болды. Министрліктер мен мекемелердің ғимараттарын, өзге де құрылыс нысандарын салу үшін шетелдік құрылысшылар мен жобалаушылар тартылды. Кисе Курокава, Норман Постер сияқты әлемдік танымал қала жобалаушылар Астана қаласының жасампаз құрылысын салуға атсалысты. Астана қаласы осылайша әлемдік құрылс индустриясының жаңалықтарын жаңа идеяларын жүзеге асыратын алып тәжірибе-сынақ алаңы іспетті болды. Кейбір министрліктер мен мекемелер көршілес қалаларға, атап айтқанда Көкшетауда уақытша көшіп келіп өз жұмысын жүргізді. 1998 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары атақ беріліп, медальмен марапатталған болатын. Бұл атақ қаланың ары қарайғы дамуына зор серпін берді.

Астана қаласы – жеке адамдар тұрғысында да, мемлекет ауқымында да шын мәнінде батыл шешімдердің мекені бола алды. Қаланың жылдам өсіп өркендеп келе жатқандығын ескере отырып, 2000 жылы Қазақстан Үкіметі «Астана қаласын дамытудың бас жоспары туралы» қаулы қабылдады. Бұдан кейін де қаланы дамыту бойынша көптеген маңызды, тың шешімдер қабылданды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап 2007 жылға дейінгі кезеңді қамтитын «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылған болатын. Бұл аймақтың құрылысы бойынша алға қойылған міндеттер мен мақсаттар толық орындалуы арқасында қаланың алға қарай дамуына толық негіз қаланды.

Қала Есіл мен Нұраның ортасындағы кең алқапты аумақта салынып, заманауи мегаполиске айналу жолына түсті. Осы уақыттан бергі 25 жыл ішінде Астана қаласы өзінің қалыптасуының алтын дәуірін бастан кешті деуге толық негіз бар. Астана қаласы алғаш Алматы және Сарыарқа атты екі ауданға бөлінеді. Тұрғындар саны алғаш 250 мыңның айналасында болған қалада бүгіндері, 2023 жылдың басындағы мәлімет бойынша 1миллион 400 мыңға жуықтады. 2030 жылы бұл қалада екі миллионнан астам тұрғын өмір сүретін болады. Қала бес тарапқа қанат жаюы нәтижесінде Байқоңыр, Есіл, Нұра, Сарыарқа, Алматы аудандары құрылып, аумағы 797,8 шаршы шақырымға жетті. Астана болмай тұрғанға дейінгі Ақмола қаласында негізінен өзге ұлттар басым болып келген болса, қазіргі күні қазақтардың мұндағы үлесі 82 пайызға жетті. 

Алаш арманына айналған арайлы Астана жылдармен жарыса абаттанып келеді. Сәулет өнерінің жауһарлары саналатын “Салтанат сарайы”, “Пирамида”, “Бәйтерек”, “Триумф Астана”, “Думан” сияқты ғимараттардың қатары “Қазақ елі”, “Шабыт”, “Тәуелсіздік сарайы”, “Хан Шатыр” атты ғажайыптармен толықты. Екі ғасыр иінінде жаңа астана атанған шаһар тарихы ел шежіресінде айшықты оқиғалармен, қараса көз тоятын сәулетті ғимараттарымен жатталып қана қоймай, сонымен бірге келер ұрпақ жадына хатталып та жатыр.

Елорда атына сай көшелердің атауы да ұрпаққа тарихтан тәбәрік бергендей салмақты естіледі. Бұл пікірмен келісерсіз деп сенемін. Астанада қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының атындағы даңғыл ең ұзын көшелердің бірі де бірегейі. Ұзындығы 5300 метрге жуық осынау көшенің о шеті мен бұ шетін жаяу жүріп өту мүмкін емес. Бұл қатарға “Қабанбай батыр”, “Мәңгілік ел”, “Абылай хан”, “Тұран”, “Бауыржан Момышұлы”, “Тәуелсіздік” даңғылдарын жатқызуға болады. Соңғы уақытта қазақтың ұлы үш биі мен батыр тұлғаларымызға, алаш зиялылары мен тарихи қалаларымызға көше есімдері беріліп, Астананың көрікті көшелеріне айналуда. 

Астана – армандар орындалатын қала. Мұнда Қазақстанның және әлемнің түкпір-түкпірінен келген қаракөздер тоғысып, отбасын құрып, ұрпақтарын өсіріп, жаңа астанамен бірге көркейіп келе жатқаны көз қуантады. Астана қаласының сыртындағы жасыл желекті аймақтың арқасында мұндағы фолра мен фаунаға үлкен әсер етті. Астана қаласының аумағында Ботаникалық бақ, Президенттік бақ т.б. заманауи бақтардың болуы – қаланың адамдар өмірі үшін жайлы ете түсуде. 

Еуразия жүрегінде орналасқан Астана қаласының жаңа тарихы – бұл тәуелсіздік тарихы, бұл мемлекеттілік тарихы, бұл ұлттық тарих. Ал Астана қаласының құрылысы - төл тарихымыздың жаңа беттерін құрайды. Астана – жасампаздық қаласы. Бұл қалада Орта Азиядағы ең биік әрі ең үлкен ғимараттар бар. Олардың жобалаушылары мен тікелей салып шығушылары – отандық мамандар мен құрылысшылар екендігі және құрылысқа жұмсалатын материалдардың біршамасы made in KZ болуының өзі біздің еліміздің осы ширек ғасыр ішіндегі жетістігіміздің көрінісі болып табылады. 

Бүгінгі жаңа  Астанамыз еліміздің елордасы болуымен шектелмейді. Ата-бабаларымыз аңсаған  тәуелсіздік пен ұлттық болмыстың, елдіктің қайта орнауының символы іспетті.  Еліміздің шетелдермен жоғары деңгейдегі ресми кездесулері, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, спорт пен туризм саласындағы іс-шаралардың бәрі біздің Астанамызда өтеді. Елорда төрінде жаһандық ауқымды іс-шаралар, самиттер, халықаралық съездер өткізілуде, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИЫҰ, Еуразиялық экономикалық самиттер,  Әлемдік дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, “ЭКСПО-2017” Халықаралық көрмесі, Қысқы Универсиада мен Азия ойындары желбіреді. Елордада алпыс елдің дипломатиялық елшілігі, дипломатиялық мәртебесі бар ірі халықаралық ұйымдардың өкілдері бар. Еуропалық комиссияның өкілдігі, Азия даму банкі, Еуразиялық даму банкі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ тағы басқа.  ХХІ ғасырдағы бүкіл жаһандық үдерістердің бел ортасында тіршілік ету – әлемдегі кез келген ұлттың пешенесіне жазылмаған. Астана өзінің жаңа тарихында өзге ұлттарды ғана емес, бүкіл адамзатты бейбітшілік пен келісімге шақырып отыр және шақыра бермек.  

Астана еліміздің жас қаласы болғандықтан шығар, шаһарда жастар қатары көп екені анық байқалады. Жігерлі жастардың энергиясы жақсылыққа жұмсалса, қала бүгінгіден де өркендеп, гүлдене түсетіні белгілі. Жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізетін түрлі үйірмелер еліміздегі адами капиталдың сапасын арттырып, бәсекеге қабілетті азаматтардың үлес салмағын көбейтетіні рас.

Астана – осы қысқа мерзім ішінде мемлекетіміздің саяси, әкімшілік, экономикалық, мәдени орталығы бола алды. Астана – елдіктің, ұлттық бірліктің, жасампаз жастықтың нышанына айналған қала. Ширек ғасырлық мерекесін тойлап отырған Астана қаласының болашағы алдағы кезеңде бұдан да зор болатындығына сеніміміз зор! Жаса, жайнай бер, Астана! 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?