Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Түркіден жеткен ен байлық – ұлттық археологияның ұлы табысы

2974
Түркіден жеткен ен байлық –  ұлттық археологияның ұлы табысы - e-history.kz

«Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» автокеруені Өтүкен қойнауынан шығып, Ұланбатырды бетке алды. Жолда «Елсінтасырқай» аталған кұмды жазираға таяй бере, Номғон мен Көгмен (Көген) тауының айрығы, Тарны өзенінің аңғарындағы Құтлық Елтеріс қаған кешеніне ат басын бұрдық.

Былтырғы жылы күллі түркі дүниесі үшін тың жаңалық болып ашылған тарихи ғұрыптық кешен Құтлық Елтеріс қағанға тиесілі. Даңқты қаған Екінші Түрік қағанатын құрып, жат жұрттың күңі мен құлы болып жүрген халқына тәуелсіздік әперіп, Өтүкен атырабында түріктің билігін қайта орнатып, бабасы Бумын қаған құрған алып империяның туын тіктеді.  Құтлық – әйгілі түрік қағаны Қапағанның туған ағасы. Білге қаған мен Күлтегін батырдың әкесі. Тарихқа сәл шегініс жасайтын болсақ, Өтүкен қойнауында орналасқан түрік тас жазба ескерткіштерінде: Бумын Елқаған мен Естеми ябғудың 552 жылы құрған Көктүрік қағанаты 630 жылы Қытайдың Таң әулетіне бодан болады. Бұл кезеңді тас жазбалар былай суреттейді: «Түрік бектері «түрік» атын ұмытты. «Қытай» атын алды. Қытай билеушісіне мойынсұнып, оған елу жыл қызмет етті... Қаның судай ақты, сүйегің таудай үйіліп жатты. Бек болар ұлың құл болды, ханша болар қызың күң болды», – деп өкінішпен жырлайды тас жазба. 

Осындай қиын заманда, 682 жылы Құтлық Шығайқұзға бекініп, қол жинап Таң патшалығына қарсы көтеріліс бастайды. Бұл оқиғалар Күлтегін жазуында да былай деп жырланады: «Əкем қаған он жеті сарбаз жинапты. (Олар) тыста жортуылда жүр дегенді бəрі есітіп, қаладағылар жиналды. Таудағылар сонда барып қосылды. Жиналып жетпіс ер болды». Сонымен бірге, «Түрк Тəңірісі, Түрктің киелі Жер-Суы былай депті: Түрк халқы жойылмасын деп, ел болсын деп əкем Елтеріс қағанды, анам Ел-білге қатұнды Тəңірі төбесіне тұтып, жоғары көтеріпті ».

Құтлық Елтеріс қаған 687 жылы табғаш-қытай әскерлерін жеңгеннен кейін халық оны ақ киізге көтеріп, қаған сайлап, оған Елтеріс деген ат береді. Елтеріс – бытырап жүрген халықты жинап терді, елі жоқ халыққа ел әперді дегенді білдіреді.

Ендеше осындай ұлы бабадан қалған тарихи кешенді көру – кімнің де болсын арманы. Бұл кешенді ғылым тарихына қосқан – қазақ және моңғол археологтары. Бұл игі бастаманың дипломатиялық, саяси шешімі – тарихшы ғалым Дархан Қыдырәлінің ерен еңбегінің арқасы.

Ұлы қағанның ғибадат кешенінде экспедиция мүшелерін Түркі академиясының ғалымдары Нәпіл Базылханұлы мен Нұрболат Бөгенбаев, моңғолиялық археолог Алтынгерел Энхтөрлер қарсы алды. 

Былтыр халықаралық Түркі академиясының сол уақыттағы басшысы, тарихшы ғалым Дархан Қыдырәлі Моңғолияның Арханғай аймағындағы Номғон алқабынан көне түркі дәуіріне жататын құнды ескерткіштің табылғанын күллі әлемге сүйіншілеген еді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осынау тарихи дүниені табуға атсалысқан ғалымдарды арнайы құттықтаған болатын. Шынында да Номғон ойпаты – айналасы көк жасыл мұнартқан, жусан иісі бұрқыраған, таулары ғажап, жері құйқалы, қарағайлы, бұталы жұмақ мекен екен. Тарихшы ғалым Дархан Қыдырәлі еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Құтлық қағанның құтты қонысы: Көне түркі дәуірінің ескерткіш кешені табылды» атты мақаласында: «Бізге белгілі болған мәліметтер аталған тарихи кешеннің Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түркі қағанатының қуатын еселеп жаңғыртқан Құтлық-Елтеріс қағанға арналғанына көз жеткізіп отыр. Бұл тарихымыздың талай ақтаңдағын айқындайтын айтулы жаңалық, әлемдік түркологияның елеулі жетістігі», – деп жазған болатын. Экспедициямыздың ғылыми жетекшісі, түрколог Тұрсынхан Зәкенұлы айтқандай, Номғон алқабындағы Құтлық қаған кешені – түркі мұрасының алтын қазынасы. 

Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының бірлесіп жүргізген кешенді жұмыстары биыл да жалғасын тауып жатыр. 

«Құтлық қаған деген жазуы бар һәм «түркі» сөзі алғаш айтылатын бұл кешенді табу кездейсоқ жүзеге асқан жоқ. Мұның алдында Халықаралық Түркі академиясы Шивээт-улаан ғұрыптық кешенінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді. Осыған орай 2016 жылы аталған өңірге арнайы экспедиция ұйымдастырды. Құтлық қағанның тұсында салынған салтанатты кешеннен таңбалар, түрлі артефактілер табылуымен қатар олардың мерзімі анықталды. Кешен 2018 жылы Түркі академиясы тарапынан қоршалып, қамқорлыққа алынды», – дейді тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі.

Бұл расында да Түркі дүниесінің төрт құбыласын түгендеуге, тарихын төрт тарапқа танытуға деген ерекше жаңалық болды. Дүниенің қай тарабында болсын түркілердің қасиетті ізінің қалғаны белгілі. Соның айқын бір дәлелі – Құтлық қағанның құтты қонысы екені даусыз. Бұл ретте Халықаралық Түркі академиясының еңбегі мол. 

2019 жылы басталған Номғон экспедициясы әлемді шарпыған пандемияға байланысты үзіліс жариялағанымен, Түркі академиясы бұл бағыттағы ізденісін тоқтатқан жоқ. Мұқым дүниеге мәлім болған бұл тарихи жаңалық осындай ізденістердің жемісі болып отыр.

Экспедиция мүшелері Құтлық қаған кешеннің жалпы жағдайымен және қазба жұмысының мән-жайымен танысты.

Археолог ғалым Нұрболат Бөгенбаевтың айтуынша, кешеннің жалпы аумағы 49х41,5 м жерді алып жатыр. Батыстан шығысқа қарай сопақша болып созыла орналасқан кешенді айналдыра қоршап ор қазып, одан шыққан топырақты үйіп қамал жасаған. 

Кешеннің батыс жағында ортасында ойығы бар төрт бұрышты үлкен текше тас (алтарь) бар. Алтарьдың астына іргетас ретінде өлшемі: 160 см, ені 80 см, қалыңдығы 14 см болатын төрт бұрышты тас платформа қойылған. Сонымен қатар,  адам тас мүсіндері мен қатар бауырында екі аланы бар арыстан тас мүсіні және екі қошқар тас мүсіндері табылған. Кешеннің қақпасынан шығысқа қарай 54 балбал тас тізіле орналасқан. Олардың ішінде бес балбалдан Ашина әулетіне тиесілі «таутеке» таңбасы анықталған.  

Сонымен қатар қазба барысында өңделген дөңгелек тастар мен ағаш қалдықтары, жылқы, қой сүйектері, өртелген құрбандық орындары кездесіп отырған.

Кешеннен Құтлық қаған тастұғыры жазба ескерткішінің жоғарғы бөлігі (маңдайшасы) мен тасбақа тұғыры табылды. Бұл құнды олжаның қас бетінде 12 жолдан тұратын көне түрік бітік жазуы, ал екінші қырында көне соғды жазуы, үшінші қырында брахми жазуы қашалған. 

Түркітанушы Нәпіл Базылхан тарихи кешеннің ескерткіш мәтінінде «Тәңір», «түрк», «Құтлық», «түмен», «жүздік» секілді бірқатар сөздің жазылғанын айтып өтті. Бұған қоса, бітіктас «түрк» атауы алғаш рет кездесетін ең көне түркі дәуірінің жазба ескерткіші саналады.

Биыл «Номған-2023» археологиялық қазба жұмыстары жалғасып жатыр. Археолог ғалымдар, жоғарыда біз айтып өткен Құтлық қаған тұғыртасының орта бөлігін тапсақ деп үміттеніп отырғанын айтып өтті. 

«Ескерткіш мәтінінде: «Құтлық қаған» «түрік» деген сөйлемнің бөлшектері «түмен-түмен» деген, «жүз-жүз» деген сөздер бар дедік.  Сосын ұлдарымыз, қыздарымыз деген сөз бар. «Өңді қыздарымыз» деген тіркес бар. Жоғарыдағы ескерткіштегі жазуға қарап, бұл кешен Елтеріс қағандікі дегенге келіп отырмыз. Неге дейсіз ғой? Бұл ескерткіш Күлтегін мен Білге қаған ескерткішіне жақын орналасқан. Екіншіден ортасында ойыңы бар «альтар» тастың кездесуі. Ондай тас үш-ақ кешенде бар. Біріншісі – Білге қаған, Күлтегін қаған, үшіншісі – Елтеріс Құтлық қағанда», – дейді археолог ғалым Н.Базылхан. 

Іс-шара соңында «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» халықаралық экспедициясы Номғон алқабында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтарға құрбандық малының етін тапсырып, Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері Нәпіл Базылхан мен Моңғолия Ғылым академиясы Тарих, археология институты Ортағасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекшісі Алтынгэрэл Энхтөрлердің иығына шапан жапты. Олар да өз кезегінде Құтлық қаған кешеніне алғаш келген қазақстандық экспедицияға алғысын білдіріп, археологтар қосына дастархан жайып, әңгіме-дүкен құрды. 

Номғон алқабында түркі кезеңіне қатысты 9-ға жуық ғұрыптық кешен орналасқан. Археолог ғалымдар экспедиция мүшелеріне Тарны өзенінің қырқасындағы Қаған тасты көрсетті. Басы жоқ. Бір қолы шабылған ескерткіште жағасы, белдігі ою-өрнекпен көмкерілген. Батыстан шығысқа балбалтастар қаз-қатар тізілген. Тағантасы шошайып шығып тұр. Бұл жерге де жақын арада қазба жұмыстары жүргізіледі деп отыр. Археологтардың айтуынша, бұл кешен Қапаған қағанға тиесілі болуы мүмкін. Оны алдағы қазба жұмыстары дәлелдей жатар. Біз де өз тарапымыздан ақпараттық материал әзірлеп беру үшін қаған тасты суретке түсіріп, жер бағдарын қойын дәптерімізге түртіп алдық.

Номғон алқабында Моңғолия Ғылым академиясы Тарих, археология институтының Ортағасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекішісі Алтынгэрэл Энхтөр мырзамен аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен болатын. 

– Алтынгэрэл мырза, Номғон жазығындағы археологиялық қазба жұмыстары туралы айтып өтсеңіз. Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Тарих, археология институтының бірлескен жұмыстары қашан басталды?

 Номғон экспедициясы – ұласпалы дәстүрлі экспедиция. Халықаралық түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы археология институтының бірлескен бұл экспедициясы өз жұмысын 7-8 жыл бойы жүргізіп келе жатыр. Біз алғаш Бұлғын аймағы Баян-агт ауданының жері Шивээт Улаан деген жерде ғұрыптық кешенге қазба жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Ол жерден көптеген артефактілер табылған еді. Атап айтқанда сынтастар, аң бейнелі тас мүсіндер т.б. табылған болатын. Төрт жыл бойғы бұл жұмысымыз аса нәтижелі болған еді. Оның бір жылында Хөшөө-Цайдамда жұмыс істеген едік. Номғондағы жұмыс 2019 жылдан басталды. Бұл кешенді алғаш 2001 жылы Довдойн Баяр мен досы Жанлав екеуі келіп зерттеп, Хөшөө Цайдамнан кішірек ғұрыптық кешен екен деген қорытынды жасаған болатын. 

– Өтүкен қойнауынындағы Номғон алқабының табиғаты ерекше екен. Жердің топонимикасы мен тарихына аз-кем тоқталып өтсеңіз. Мына таулар мен қыраттардың, өзен-сулардың атауы туралы айтсаңыз. 

Жалпы осы маңның жер бедері де ерекше екендігін атап өткен жөн. Қарсы беттегі Көгнө Тарни деген биік тау жатыр. Солтүстікте Кіші Номғон тауы, мына жағында Үлкен Номғон тауы орналасқан. Ертедегі адамдар жергілікті жердің сипатын өте шебер меңгеріп сезінгенін көреміз. Осы таулардың сурет пішіні ғажап үйлескендіктен, бұл өңірге таңдау жасалған. Мынау биік тауға қарасаңыз: екі аяғының тырнағын жерге батыра, алтын жібек таспаны ирелеңдете ойнап жатқан айдаһарға ұқсайды. Бер жағында жыландай ирелеңдей өзен ағып жатыр. Ал мына жақтағы тау жеті бұзауын соңынан ерте, аса бір жайбарақат келе жатқан пілге ұқсайды. Солтүстіктегі тау қанатын кере жайған самұрыққа ұқсайды. Бұл кешен орналасқан Номғон ойпатын моңғолдар «Тыныштық ойпаты» деп атайды. 

– Бірер жыл бұрын Моңғолияның Арханғай аймағы, Өлзиті сұмыны жерінен ғұн ордасы табылған болатын. Түркілердің құт мекені Өтүкендегі бір кездері ғұндардың ата-мекені болғаны ғой. 

- Жаңа сіздердің жаңа барған жерлеріңіз – Орхон ойпаты. Бұрынғы Ұланбатыр университетінің, қазіргі күнде Моңғолия мемлекеттік университетінің жас археологы Идэрхангай деген азамат онда қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ғұн дәуіріне тән қала екендігіне өте көп дәлелді. Ғұн хандарының таңбасы бар төбе қыштары табылып отыр. Қытай шеберлері ханның жарлығымен иероглифтермен тілек сөздер жазған екен. Мұнда: «Тәңірдің ұлы Тәңір сияқты түмен-түмен жасасын!» деген сияқты жазбалары Таң дәуірінің алдындағы Хань империясы тұсындағы, Ғұнның І ғасырына тән жазулар екені анықталып отыр. 

– Өтүкен қойнауы түріктерден бұрын кімнің атақонысы болды? 

– Өтүкен бағзы заманнан көшпелі халықтардың ұлы мекені болды. Ғұндардан бұрынғы тайпалар да мекендеді. Ғұндардан кейін ғибадат ғұрыптарын ұйғыр, түрік, қырғыз, кидандар деген сияқты атқарып отырған.

– Сұхбаттасқаныңызға рақмет! Істеріңіз ілгері болсын!

Біз белгіленген жоспарымыз бойынша осы бір киелі Тыныштық ойпатын артқа тастап, шығысқа беталдық. Ары қарайғы беталысымыз – Ұланбатыр. Асфальт жолдың кемесі – қуатты автомашиналар жер апшысын қуыра түседі. Толы өзеніне жақындай бере, мыңғырған мал, үйірлі жылқы азая берді. Түркінің байырғы қонысы – малға жайлы мекен екен деп, артымызға қарай алмай, қимай қоштастық. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?