Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Шымкенттегі тарихи нысандар

2028
Шымкенттегі тарихи нысандар - e-history.kz

Сурет: otyrar.kz

Шымкент – қонақжай қала. Тұрғындары – бауырмал, қандай да бір қиындық туған сәтте көмектесуге дайын, өте мейірімді әрі жанашыр. Шымкент қазақ халқының салт-дәстүрлерін берік сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа қалтқысыз мұра қылып қалдырып келеді. Жергілікті халық қазақ мәдениеті мен қазақ тілінің қалыбын бұзбай сақтап, атадан балаға мирас еткен. Ал қала атауының шығу тарихына көз тастасақ,  «шым» дегеніміз – өзен жағасындағы саздан ойылып алынатын, бетінде майда өскін шөбі бар, сазды топырақ кескіндісі деген мағынаны білдіреді. Ертеректе адамдар Қошқар ата жағасындағы ылғалды саздан шым ойып алып, үй тұрғызған. Уақыт өте келе, осындай шымнан тұрғызылған үйлер көбейіп, елді-мекенге айналғанда, «шым» сөзіне «кент» деген, яғни «қала» деген сөз жалғанған. Сонымен Шымкент – шымды қала, яғни үйлері шымнан тұрғызылған қала. Егер Шымкентке ат басын бұра қалсаңыз, міндетті түрде көруіңіз керек тарихи жерлерді ұсынбақпыз...

Қошқар ата өзені – қаланың қақ ортасындағы жер астынан бастау алатын бұлақ. Судың бір ғажабы – жыл бойы температурасы бір қалыпта, яғни +11 градус болып сақталып тұрады. Құрамы пайдалы элементтерге бай болғандықтан, Қошқар ата суы шипалы болып саналады. Бұл жерге адамдар дұға тілеп, дертіне шипа іздеп келеді. Сонымен қатар өзен – жаз мезгілінде аптап ыстықтан құтқаратын бірден-бір тамаша жер ғана емес, дертке дәру шипалы су. Ежелгі аңыздарға сүйенсек, Қошқар ата Қожа Ахмет Яссауидың шәкірті болған деседі. Сондықтан да ол ұстазының еңбектерін терең зерттеп, ізін басқан. Азан шақырып қойған аты Қылыш болған. Құран аяттарын жақсы білген, ел арасында үлкен құрметке ие болған. Аңызға айналған тұлғаның денесі Қошқар ата өзенінің бастауында жерленген.

 

Қарашаш ана кесенесі – Шымкент қаласының Сайрам шағын ауданы  Сайрам ауылында орналасқан, XIX ғасырларға жататын тарихи және сәулет ескерткіші. Кесене сопы, әулие Қожа Ахмет Яссауидың анасына арнап салынған. Шын есімі – Айша бибі. Қарашаш ана Сайрамдағы танымал шейх Мұсаның қызы әрі өз заманында оқыған, ең білімді, сауатты әйелдердің бірі болған. Өзі ақсүйек, өзі бай отбасынан шыққан Қарашаш ана халық арасында қарапайымдылығымен танылған. Ананың бойына емшілік қасиет қонып, адамдарға түс жоруға да көмектескен. Жұрттың жадында сақталған әңгімелерге сүйенсек, ол тек бала тәрбиесіне көп уақыт бөліп қана қоймай, көмекке мұқтаж, азап шеккен және сырқат жандарға қол ұшын  созуға тырысқан.

 

Шымкентке қонақ болып келген жұрттың  дені жасыл желек жамылған Дендросаябаққа соқпай кетпейді. Қазақстанда ең алғаш салынған дендросаябақ Шымкентте орналасқан. Саябақ белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен 1979 жылы бой көтерген. Сондай-ақ мұнда Қазақстанның қызыл кітабына енген өрік, іле бөрі қарақаты, кавказ таудағаны, зеравшан аршасы, недзвеция алмасы, сиверс алмасы, соғды шағаны атты 7 түрлі ағаш бар. Оған қоса сирек кездесетін 61 түрлі ағаш та осында. 2019 жылы саябақтың 40 жылдығына орай Асанбай Асқаровтың есімі берілді.

 

Шымкенттің ең атақты көрнекті жерлерінің бірі – біздің дәуірімізге дейін ІІ ғасырда іргесі қаланған Ескі қалашық. Бұл жердегі қаланың бойтұмары – оның ұзыннан созылып жатқан қабырғасы мен бекініс-қақпалар. Қазу жұмыстарын жүргізген археологтардың пікірінше, қаланың жасы 2200 жылдан артық. Оған аталған жерден табылған мынадай олжалар дәлел: моншақ, қола айна, үзеңгі, күміс әшекей, монеталар мен тағы басқалары. Осындай тарихы терең көне қалашық қазақ тарихына қызығушылық танытқан әрбір туристің жасаған жол сапарына тың серпін беріп, рухани көкжиегін байыта түсері күмәнсіз.

 

Жалпы оңтүстік өңірден шыққан сансыз бабтар мен билер, тарихи тұлғалар жетерлік. Соның ішінде есімі елге мәшһүр тұлға – Бәйдібек би. Бәйдібек Қарашаұлы (1356-1419 жылдар аралығы) – аты шыққан би әрі қазақ халқының батыры, Ұлы жүздің албан, суан, дулат, сары, үйсін, шапырашты, ысты, ошақты қазақ руларының аты аңызға айналған бастаушысы. Әмір Темірдің (Ақсақ Темірдің) досы әрі серігі болған. Халық арасында ол өзінің әділдігімен, сөз тапқырлығымен, адамгершілігімен, даналығымен танымал. Оның ескерткіші Шымкент қаласының солтүстіктегі 220 метрлік ең биік нүктесінде орналасқан. Жалпы салмағы 9 тоннаны құрайтын мыстан жасалған мүсін рекордтық мерзім – 20 күн ішінде соғылған. Сонымен қатар Бәйдібек ата кесенесі Шымкенттегі Бәйдібек ауданы, Бәйдібек ата ауылында орналасқан. 

Қазығұрт – Шымкенттен оңтүстікке қарай 20 шақырымға созылып жатқан ұзын тау сілемі. Оның ең биік нүктесі теңіз деңгейінен 1876 метр биіктікте орналасқан. Бұл таудың Қазақстанның рухани әлеміндегі маңызы өте зор. Себебі аңыз бойынша, Нұхтың алып кемесі Қазығұртқа тоқтаған. Сондықтан аталмыш жерде жергілікті жұрт «Кеме қалған» деп атайды. Осы жерден әлемнің жаңа тарихы басталады делінеді.

 

Иә, бұл – Шымкенттегі тарихи нысандардың бір парасы ғана. Өйткені өңірді көремін, аралаймын деген жандарға шаһардың ұсынатын мәдени һәм рухани жерлері жетерлік. Ендеше алдағы жазбаларымыздың бірінде осы туралы кеңірек жазатын боламыз…

 

                                                                                                                                                    Аяулым Леспаева

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?