Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Ел ағасы Құрметбек Байтазаұлы туралы толғам

1332
Ел ағасы Құрметбек Байтазаұлы туралы толғам - e-history.kz

Моңғолияда мекендеп келе жатқан бір шоғыр қазақтың өзіне тән жүріп өткен жолы, қилы-қилы кезеңді тарихы бар. Алдындағы малының сүмесіне сүйенген кешегі бірыңғай көшпелі тірліктен бүгінгі қала салып техниканың тілін меңгеріп, технология игергенге дейінгі аралықта осы елдің қара қазанының бүтіндігі, сары баласының тоқтығы жолында қажыр-қайратын жұмсаған небір айтулы ерлер өткен. Қазіргі күні қол жеткізген игіліктер – солардың көрегендігі, мәмілегерлігі, білімділігі, батылдығы мен жігерлілігінің арқасы екенін бүгінгі ұрпақ ұмытпай, алдыңғы, аға буындардың ерен еңбегін, еңсегей тұлғасын жадында жаңғыртып отыруы – ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауы. Осы алтын арқауды ширату үрдісінде ел жадында жатталған тұлғалардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, Моңғолияға Еңбек сіңірген ұстаз, профессор Құрметбек Байтазаұлы.

Ұстаздық, ел басқарушылық жолында биік белестерді бағындырып, МХРП Орталық Комитеті жанындағы Партия мектебінің ректоры, Увс, Баян-Өлгий аймақтары Партия Комитетінің Бірінші хатшысы қатарлы биік лауазымдар мен МХРП Орталық Комитеті Саяси бюро мүшелігі қатарлы сайланбалы қызметтерді абыроймен атқарып, халқының алғыс-ризашылығына бөленген Құрметбек Байтазаұлының ғасырлық тойы қарсаңында тұлғаның өмірі мен қызмет жолы турасында қанаттаса қызмет істеген, тәлім-тәрбиесін көрген тұрғыластар мен жасы кіші іні-қарындастардың, көзін көрген, елі үшін еңбегін ой елегінен өткізген кейінгі буынның, етжақын туыс-туғандар мен ұрпақ жұрағаттарының өзекжарды естеліктері, ой толғамдары ақ қағаздың бетіне төгіліп, жинақталып, баспа өнімі ретінде сақталуы құба-құп. Бұл да болса көргенді, өсер елдің, өскен елдің атқаратын ісі, ұрпақтық парызы. Құрекең дәуірінің балғын буыны, әрі көзін көрген аталас туысы, сол кезеңнің қазанында қайнаған жандардың айтқанын тыңдап, жазғанын оқып өскен азамат ретінде осы бір игілікті іске өз үлесімізді қосуға бекінгендіктен, Құрметбек Байтазаұлының ата-тегі, әулеті, ел ағасы болып қалыптасу белестері жайлы осы бір тарихи шолу эссемізді жазып ұсынып отырмыз.

«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп дана қазақ бекер айтпаған ғой. Себебі, қандағы тектілік ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Жалғасқан ұрпақ өзінің арғы тегінің абыройлы жолын лайықты жалғастыруға тырысады. Ата-бабаның атақ-даңқына кір келтірер іс-әрекетке барудан бой тартады. «Тегінде бар тек жатпас», - деп өзі де тегіне сай іс қылып, елінің елеулісіне, халқының қалаулысына айналмақ. Ел ағасы, қайраткер тұлға Құрметбек Байтазаұлының өмірі мен қызмет жолы – осы сөзіміздің айғағы. Ендеше ел ағасының ата-тегіне аз-кем шолу жасау артықтық етпейді.

Арғы қазақты айтпағанда, бергі қазақтың төре мен қожадан өзгесінің шынайы шежірелік тізбегі асыра айтқанда он алты-он жетінші буында үлкен бір тайпаға барып тіреледі. Құрекеңнің түп тайпасы – Орта жүздің керейі, оның ішінде абағы. Абақтан бері таратқанда, осы рулық бірлестікке кіретін он екінің бірі – шеруші. «Алты шеруші» атанған, «Байтайлақ!» ұранды бұл рудың үлкен бөлігін ХҮІІІ ғасырдың жетпісінші жылдары Көбеген Киікбайұлы мен Қырбас Рысқұлұлы деген батырлар қазіргі Қазақстанның Қалба-Зайсан өңірінен қазіргі Шыңжанның Буыршын ауданы жері, Шұңқыр деген жеріне бастап әкеліпті дейді, көнекөз шежірешілер. Көбеген батырдың әкесі Киікбай – елін жаудан қорғаған ерлердің бірі болса, атасы Байғара – күл болып қираған сүйекті жымдастырып жинаған, «Оташы аға» атанған сынықшы болыпты. Оташы аға» кейін Отағасыға айналып, одан тараған жеті ұл «Жеті Отағасы» деген жеті рулы ел болып өсіпті.

Көбеген батыр елуден асқанша бір перзентке зар болып жүріп, тағдырдың бұйрығымен Буыршын өлкесіне көшіп келіп, қазақ ішінде егін салып жүретін орыстың қызына үйленіп, сол анадан Тортай, Ақтай, Бозтай, Ырысбай, Кәрібай атты бес ұл көріпті. Тортай он үш мүшелінде қайтыс болып, өзге төрт ұлы азамат болып, ат жалын тартып мініпті. Сол ұлдарының ішінде Ырысбай – көп жасап, «Кәріатаң» атаныпты. Алты шерушінің билігін Көбегеннен кейін Ақтай одан Жылқышы иеленеді. «Алтайдағы «қызылаяқ дүрбелеңі» тұсында, яғни 1867-жылдары әке жолды Ырысбай, Кәрібайлардың қолдауымен Жылқышы бастаған бір қауым ел Қобда бетке асып келіп мекен тебеді.

Екі ағасы Алтайдың күн бетінде тыныс тапса, Кәратаңа топырақ Тұлбадан, інісі Кәрібайға Қобда ішінен бұйырады. Кәратаңның Қорабай, Қосанбай, Қостықбай, Жұртбай, Мәлтік, Кемпірбай, Салданбай атты жеті ұлының алтауынан өрбіген ұрпақтар бүгіндері рулы елге айналды. Осы бір ордалы әулеттен ел бастаған көсем, сөз иесі шешен, дін жолын ту еткен белгілі имамдар мен қажылар, әйгілі ұстаздар мен ғалымдар, ерен күш иелері мен спорт майталмандары, еңбек ері мен іскер азаматтар туып шықты.

Кәратаң ішінде малы мен басы тең өскені – Мәлтік ата ұрпақтары. Заманында Мәлтік бай атанған бұл кісіге қылқұйрықты молынан бітіпті. Бір замандарда Орықтының аузынан Байынзүркінің басына дейінгі кең аңғарды Мәлтік байдың қалың жылқысы ен жайлап жатыпты деп ел аңыз қылып айтатын. Мәлтік байдың Садық, Ахмет, Байтаза, Тапал атты ұлдарының ішінде Тапал да дәулетті, жомарт, өнерге жаны құмар адам болыпты. Атақты Бурылбайдың асындағы Алтай-Қобда күйшілерінің сайысына төрелік етіп, бас жүлдеге қойнынан бір дорба күміс ақша шығарып ұсынғаны туралы Сақай Қарсыұлының «Күй керуен» еңбегінде ризашылықпен аталады.

Мәлтік байдың 1886-жылы дүниеге келген үшінші ұлы Байтаза 1923-жылы отыз жеті мүшелінде өмірден өткенде, соңында қалған жеті баланың кішісі, болашақ ел ағасы Құрметбек – қырқынан шығып үлгермеген шақалақ екен. Бұралаңы мол, ойпыл-тойпыл заманда шиеттей жас балаларын аузына тістеп өсіріп, ел қатарына қосқан – абзал ананың еңбегі өлшеусіз екені айдан анық қой. «Алып – анадан туады», - деп халқымыз бекер айтпаған. Құрекеңнің анасы – он екі абақтың бірі молқының машан атасынан тарайтын Зәке қызы Мәукіш деген кісі екен. Байтазадан тараған Қажекбер, Минал, Әнуарбек, Талғатбек, Қизатбек, Құрметбек атты ұлдарының бәрі жақсы ісімен, ересен күшімен ел есінде, тарихта қалғандығы бекер емес. Осы ұлдардың үлкені Қажекбер – рулы елдің намысын қорғап, хошуынның палуаны атанса, інілері моңғол күресінің аймақтық деңгейдегі атақтарын иеленген екен. Атап айтқанда Талғатбек – аймақтық арыстан, Әнуарбек – аймақтық лашын, Қизатбек – аймақтық піл атақтарына ерен күштерімен қол жеткізіп, Баян-Өлгей аймағындағы палуан күресі тарихында есімдерін қалдырған күш иелері. 

Ақыл-парасат та ананың сүтімен, тәлім-тәрбиесімен келетіндігіне де Мәукіш ананың мына бір әрекеті айқын мысал бола алады. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Алтайдың күн бетіндегі Шыңжан қазақтары небір аласапыранға толы күндерді бастан кешіп жатқан-ды. Шыңжандағы қантөгісті оқиғалардың әсері көршілес Моңғолияға да сезіліп жатты. Шекара бұзушылық, қақтығыстар жиі болып тұрды. Моңғолия билігі Шыңжандағы оқиғаларға тікелей араласу арқылы өзіне келетін қауіпті сейілту үшін әрекет жасай бастайды. 1945 жылдары Алтайдағы ұлт-азаттық көтерілістің қолбасшысы Оспан батыр Сіләмұлына көмектесу деген мақсатпен ерікті әскер жасақтап, оны Қалқабай, Қаби, Ноғайлар бастайды. Партизан отрядына атса тигізетін, алысса жығатын мықты жігіттер мен қуса жетіп, қашса құтылатын жүйрік те шыдамды аттарды таңдайды. Ішкі істер ұйымының басшысы, әрі жылқы түлігінің жай-жапсарын жазбай танитын әйгілі атбегі Қалқабай Орынұлы өлке көлеміндегі мініске жарайды-ау деген аттарды жинауды өзі басқарыпты. Кімнің қолынан қай жүйрік пен жорғаны алғысы келеді, алып кететін, оған қарсы келетін заман емес. Көбісі ашық айтпаса да, іштей лағынетін айтып, пейіл-қабақ танытпайтынын бұлар да біледі. 

Сондай таңдаудың бірі – Байтаза шаңырағындағы Әнуарбектің күреңқасқасы деген атқа түседі. Дігірлеп шауып барған өкілдерді қарсы алған Мәукіш ана: «Сырты түк, іші боқ хайуанды ел қорғайтын ерлердің жолынан аяймыз ба? Бердік ықыласымызбен!» - деп ақтық байлап көлденең тартады. Мұны естіген Қалқабай бастық: «Шын пейілмен берген осы атты өзім мінейін!» - деп, күреңқасқамен Алтай асады. Онда барған отряд абыроймен оралғанның келесі жылы Оспан батыр Сарсүмбені азат ету құрметіне той жасап, аламан жарыс ұйымдастырғанда Күреңқасқа бәйгенің алдында келген екен. Қалқаң бастық Күреңқасқаның бұл бәйгесінде кезінде өзіне Мәукіш ананың шын пейілмен берген жақсылығына жорыған екен. «Батасыз құл жарымас, баталы құл арымас» дегендей, ықылас-батаның орны қай заманда да бөлек болғандығының анық бір мысалы – осы. «Әкең жақсы кісі еді, жел жағыңа пана еді, шешең жақсы кісі еді, жетімдерге пана еді», - дегендей, әкеден жас қалған балаларды өсіріп жеткізу – жақсы ананың қолынан келетін әрекет қой.

«Қиындық көрсең, мұқалма, ауырлық көрсең, жұқарма», - дегендей, текті туған Байтаза ұрпақтары жетімбіз деп жасып жұртта қалмапты. Үлкені Қажекбер діни білімді молынан игеріп, туысы Мүрсәли мешітінде бала оқытса, Әнуарбек жаңаша оқуға қабылданғандар сапында болып, көкірек көзін аша түседі. Өзге ағаларындай талап қуған жас Құрметбек те жасынан арабша хат таниды. Ағасы Әнуарбекке ере жүріп, он екі жасында Ұлаңқұсындағы бастауыш мектепке түседі. «Шолтай қызыл», «қызыл жатақ» атанған, күні-бүгінге дейін сақталып тұрған шатырлы ағаш ғимаратта білім алған небір марғасқалардың есімі бүгіндері дүйім жұртқа әйгілі. Солардың бірі Құрметбек Байтазаұлының ұстаздық жолы да осы жерден білім алумен басталған еді. Бастауыш мектепте үш жыл оқығаннан кейін, өкілдер мен басшылықтың ұйғаруымен, сауат ашатын мұғалім келтіріп беру туралы Көкмойнақ халқының арыз-тілегі бойынша таңдау талапты шәкірт Құрметбекке түседі. Сұмын әкімі Әжікен Сәдуұлы мен мектеп директоры Шолтай Себетұлынан алған нұсқау көмекпен жолға шығуға бекінеді. 

«Былғары қоржынның бір басына бірнеше дәптер, ақ қағаз, қарындаш, жалғыз дана «Әліппе» оқулық, бір-екі өлең кітап, ал екінші басына киім-кешегімді салып меденнің қара жал, қара құйрық сұр атын мініп Көкмойнаққа келдім. Партия ұясының бастығы Дөйтеннің ұйымдастыруымен жиналған халық құрметпен қарсы алды. Айына алатын еңбекақым – 70 сом. Мектептің отын-суын жатақханадағы оқушылардың азық-түлігін халық өзі көтереді. Сабақ жүргізетін орын – шымнан салынған мешіт еді», - деп жазған екен, Құреке өзінің естелігінде.

Көкмойнақтағы сауат ашу мектебіне алғаш негіз болған – Әміре Күсемісұлының шым мешіті еді. Сауат ашуға қамтылушылардың жасы – он мен елудің арасында болғанын ескерсек, бұл орасан айырмашылық жас талап ұстазға бірден оңай соқпағаны анық. Дегенмен талапты да өжет жасөспірім ұстаздың еңбегі далаға кеткен жоқ. Туған жері, елі қолдап, біртіндеп нәтижеге қол жеткізе бастайды. Құрекеңнің алдынан алғаш шым үйде сауат ашқандар мен білімін көтергендер арасынан кейіннен Қобда бет қазағына белгілі зиялы адамдар шықты. Олардың арасында Баян-Өлгий аймағында жауапты басшылық қызмет атқарған ерлі-зайыпты Дәріпхан Бекенайұлы мен Шөрке Баймұхаметқызы, тарих ғылымдарының докторы Мініс Әбілтайұлы, бірнеше сұмында алғаш дәрігерлік бөлімше құрған, ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагері Қамбар Рақымбайұлы, белгілі математик ұстаздар, әрі мектеп директоры болған Дәрел Дөйтенұлы, Сағидолда Әрінұлы, озат малшы, Халық Ұлы Хуралының депутаты болған Ақбапи Әубәкірұлы т.б. болды. Осылайша жасөспірім бала шағында өзі шырағын жаққан Көкмойнақ мектебі – бүгіндері Моңғолияның ең батысындағы толық орта мектеп ретінде қалыптасып, білім беру саласында лайықты қызмет етіп келеді. 1988-жылы мектептің жарты ғасырлық торқалы тойына арнайы барған Құрекеңді сол заманның дәстүрімен пионерге ілестіріп, мойнына ал қызыл галстук тағу құрметіне ие болып ықыласын алған озат оқушы Салтанат Кеңшілікұлы қазіргі күні Көкмойнақ мектебінің әкімі қызметін абыроймен атқарып отыр. «Жақсыдан – шарапат», - деген осы. 

Құрекеңнің Көкмойнақтан басталған ұстаздық жолының өзі қырық жылға жуықтайды екен. 1940-жылы Баян-Өлгий аймағы Қобда аймағынан отау болып шыққанда, жас кадр Құрметбек осында жаңа орнаған балалар, жастар одағының бөлімшесін басқарады. Бұдан соң 1942-1944 жылдар аралығында МХРП Орталық комитеті жанындағы Партия кадрларын дайындайтын мектепте оқып, үздік бітіреді. Бітірген соң осы оқу орнында бес жыл бойы оқытушылық қызмет атқарады. 1949-1951-жылдары туған өлкесі Баян-Өлгий аймағына келіп, МХРП комитетінде бөлім меңгерушісі, Орталық партия комитетінде лектор болып жұмыс істейді. 1951-1954, 1957-1958 жылдары Партия жоғарғы мектебінде оқытушы болып жұмыс істейді. 1954-1957 жылдары Мәскеудегі СОКП жанындағы Жоғары партия мектебінде оқып бітіреді. 1958-жылы МХРП Орталық комитетінде тете бөлім бастығы, 1959-1963 жылдары Увс аймақтық Партия Комитетінің бірінші хатшысы, 1963-1980-жылдары Партия жоғарғы мектебінің ректоры қызметін абыроймен атқарады. Моңғолияның бірнеше буын басшы кадрларын даярлауға еңбек сіңіріп «Бек захирал» дегізіп, зор құрметке ие болады. 

Тағдыр жолы партияның ысылған кадрын туған жерге тартып тұрғанын сол жылдары Құрекең білмеген де болар. Оған себеп болған – Баян-Өлгий халқы баастан кешкен сүреңсіз кезеңнің құқайлы  жағдайы еді. «Жақсыдан әкім қойсаң, елді түзетер. Жаманнан әкім қойсаң, елді жүдетер», - дейді, халық даналығы. 1940-жылы жеке аймақ болып шаңырақ көтерген Баян-Өлгий аймағының алғашқы басшысы, партия комитетінің бірінші хатшысы Қаби мен Ноғайлардан кейін қазақ пен моңғол ұлтты көптеген азамттар басқарып, барлығы да елдің бірлігі мен берекесін кетірмей, қалыпты ұстап келген екен. 1976-жылы аймақтық партия комитетінің бірінші хатшысы Я.Жигжид жұмыс ауыстырып, орнына Я.Хүрлээ деген партиялық кадр Баян-Өлгий аймағының тізгінін ұстайды. Бұл азаматтың кадр саясатындағы солақайлығы, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүріне деген теріс көзқарасы, күдікшілдігі мен өзімбілемдігі салдарынан аз жыл ішінде ел ішін берекесіздік жайлайды. «Күлім көз» атанған көпірме сөзді Хүрлээ бастық келе сала ел ағасы, аймақ әкімі Сарай Асқанбайұлы бастаған білікті қазақ кадрларды орынсыз қудалап, қазақ тілінің қолдану аясын шектеуге тырысумен қатар, қазақтарға суыр мен шошқа етін жегізбек ниетін де жасырмайды. Бірінші басшының осы және көптеген оспадар әрекеттері салдарынан Баян-Өлгий халқы моральдық-психологиялық күйзеліске ұшырап, шаруашылық шатқаяқтап, экономкиалық көрсеткіштер де кері кетеді. 

Ақыры былайша жалғаса берсе соңы үлкен қатерге соғатынын аңғарған МХРП Орталық комитеті 1980-жылы 18 қаңтарда Партия жоғарғы мектебінің ректоры Құрметбек Байтазаұлын Баян-Өлгий аймақтық Партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындайды. Аймақтың барша халқы, басшы кадрлар Құрметбек Байтазаұлының тағайындалуына үлкен үмітпен қарайды. Мұны айқын сезінген  Құрметбек басшы келіп қызметке тағайындала салысымен «Жаңа өмір» газетінде аймақ халқына арнап «Арнау-ашық хат» жариялап, халықты жігерлендіріп, алдағы күндерге деген сенімін оятады.

Аймақ халқының бүгінгі жай-күйімен таныстыру үшін МХРП Бас хатшысы Ю.Цэдэнбалды Баян-Өлгийге шақырып, елмен жүздестіріп, мән-жайды ұғындырып, көптеген мәселелер қойып, өзі басшылық еткен жылдары ретімен сәтті шешкізуінің арқасында аймақтағы әлеуметттік шиеленісті ахуал қалыпқа келіп, елдің еңсесі көтерілгендіктен экономикалық көрсеткіштер күрт жақсарып, барлық салада ілгерілеушілікке қол жеткізіледі.

«Көпшілік жағдайда, кабинетіндегі жұмыс сағаты аяқталысымен, машинасына отыра салып, жуық маңдағы малшы табындарын аралап келіп, ертеңгілікті жұмысына бағыт-бағдар белгілеп, тиісті жауаптыларына тапсырып жататын. Бір партиялық басшылық жүйесі қалыптасқан дәуірде барлық істің тізгіні мен жауапкершілігі партия басшыларының қолында болғаны да шындық. Осыған байланысты аймақ өмірінің сан-салалы шаруасына Орталық Партия комитеті алдында жауап беретін тұлға болды. Сондай-ақ аймақтағы бірден-бір билік иесі де осы парасатты адам болатын-ды. Бірінші хатшыға осынша құқық берілгенімен Құрекең ол құқығын пайдаланған әкімгер (диктатор) адам емес еді», - деп баға берген екен, Баян-Өлгий аймағында ұзақ жылдар басшылық қызметтер атқарған қоғам қайраткері Жүкей Шәңгішбайұлы.

Айпарткомның бірінші хатшысы болып тағайындалғанын естіген кезде туған өлкесіндегі қариялардың қуана құптап қауқылдасып жатқаны бала болсақ та әлі есімізде. Көп өтпей көршіміз Дөйтен ақсақалдың үйі жанына келіп тоқтаған қоңыр «ГАЗ-69» машинасынан түсіп жатқан көкбұйра елтірі тымақты, еңселі кісінің бірінші басшы Құрметбек дарғы екенін білдік. Ел солай атайтын Құрметбек дарғы біздің Соғақ бөлімшесіне келіп кетіп жүретін еді. 1983-жылы атам Жанат өмірден өткенде де арнайы келіп көңіл айтып кеткені есімде. Ол заманда неге екенін кім білсін, кішкене машина («ГАЗ-69» ел аузында солай аталатын) көрсе, елдің дегбірі қашып тұратын. Ол машинамен аймақ, сұмыннан өкіл, бастықтар келіп, тапсырма беріп, тексеріп әбігерге салатындығынан, үлкен түгілі балалар да бастықтардың машинасының маңынан қашатынбыз. Тізгіншісі өзіміздің Қалаш ағамыз, бастығы бірінші хатшы Құрметбек дарғы, ақсақалдардың үйіне жайма-шуақ кіріп әңгіме шертетіндіктен бе екен, бір жылылықты сезінетінбіз. «Ұлық болсаң, кішік бол», - дегендей, ел ішінде өзін қарапайым ұстай білетіндігі, әрі туып-өскен, балалық шағы өткен ел-жұртына келіп арқаны кеңге салып жүрген шағы екен ғой, ұлық тұлғаның. Қалай болғанда да сол өткен ғасырдың сексенінші жылдарының куәсі үлкен-кішінің есінде Құрметбек дарғы басқарған уақыт – мамыражай берекетті кезең ретінде қалғаны анық. «Құрметбек пен Қызырхан аймақты басқарған уақыттағы бірлік пен береке қандай еді!» - деген сөзді қазіргі ұлы қариялардың аузынан жиі естиміз. Бұл – білікті басшылардың іс-қызметіне ел-жұрттың берген әділ бағасы.

Осылайша халықтың риясыз ризашылығына бөленген профессор Құрметбек Байтазаұлына 60 жасқа шығуына орай, көп жылдық еңбегін ескере отырып 1984-жылы «Еңбек сіңірген ұстаз» атағы беріледі.

Уақыт шіркін зырлайды, бір орнында тұрмайды. Кеңес Одағындағы «қайта құру» атты жылымық кезең Моңғолиядағы саяси ахуалға да әсер етіп, 1990-жылдан бастап елде демократиялық қозғалыс өрістей түсті. МХРП-ның жетпіс жылдай уақыт бойы дара билігі аяқталды. Монғолияны мешеу феодализмнен дамушы социализмге өткізу жолына өмірін сарп еткен аға буын кадрлардың көбі-ақ бұл тұста абдырап қалғаны, ол Құрметбек дарғының да басынан өтіп, ой елегінен өткізгені анық. Сол дәуірдің бел ортасындағы куәсі Жүкей Шәңгішбайұлы ақсақал былай деп жазады: «1990-жылы 5-айда шақырылған МХРП-ның төтенше съезіне дайындық, жаңарту концепциясын жасайтын орталық комиссия құрамында жұмыстап, белсене араласты. Қазаққа біткен пендешіліктің салдарынан болар, кейбір әпербақан, жеңілтек жас азаматтар демократияның желеуімен, ол кісіге ауыр сөздер айтып, партия атымен шабуылдап, асыл ағамыздың көңіліне қаяу түсіріп, ренжіткен жағдайлар да шығарды. Ол кісіні орнынан кетуін тақауырлауы да ол күндерде орынсыз еді. Олай дейтініміз, орталықта да, аймақта да партия бұрынғыдай барлығына басшылық жасап, билік жүргізуден бас тартып, негізгі билік құқығы аймақ әкімінің қолына өткен кез болатын. Құрекең олардың тақауырынсыз-ақ жасының ұлағюына сай өз пікірімен 1990-жылы 4-айдағы аймақтық партия комитетінің Ү пленумында бірінші хатшылықтан рұқсатталып, зейнет демалысына шықты.»

Міне, осылайша он жыл бұрын өзі билік тізгінін ұстауға келгенде шиеленісті ахуалда болған туған Баян-Өлгийінің өсіп-өркендеуіне күш-жігер, білім-білігін арнап, түзу арнаға салған Құрекең дарғы халықтың демократиялық түзілімге бет бұрған тұсында бар қадір-қасиетімен басшылық лауазымын өткеріп береді. Ұзақ жылғы еңбегінің зейнетін көріп, құрметті демалысқа шыққанымен, қоғам өмірінің қайнаған ортасында болған Құрекең дарғы өзінің сан жылдар бойы жинақталған басқару тәжірибесін кейінгі буын кадрлермен бөлісу үшін Министрлер Кеңесі жанындағы Басқару институтының Баян-Өлгий бөлімшесін құрып, болашақ әкім Мейрам Қадырұлы екеуі нарықтық экономика теориясы мен практикасы бойынша дәрістер өткізеді. Тек Баян-Өлгий ғана емес, батыс аймақтардан жас маман кадрлар келіп, білім-білігін жетілдіруге мүмкіндігі бар, компьютермен, қажетті кітап-құралдармен жабдықталған, ағылшын тілінің лингафон кабинеті бар бөлімшеде қажетіне жарай орталықтан жетекші сала мамандары шақыртылып дәріс оқып тұрған. «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» дегендей, үлкеннен өнеге, тәлім-тәрбие, икем-тәжірибе жас буын кадрларға қажеттігін, ұрпақтар сабақтастығы желісінің үзілмеуін ойлаған көрегендік еді, бұл. Амал нешік, ел ағасы Құрекең қайтыс болғаннан кейін бұл оқу үрдісі жалғасын таппаған екен.

Алпыс жылға жуық елге қызмет еткен Құрекең халық қалаулысы ретінде Моңғолия Ұлы Құрылына он рет делегат болып қатысып, төрт мәрте депутат болып сайланған екен. МХРП Орталық комитетінің толық бюро мүшелігіне 5 мәрте, орынбасар мүшелігіне 3 мәрте сайланып, осы елдің жоғарғы саяси билік органында ең көп жылдар бойы атсалысқан қазақ азаматы да осы Құрекең болып есептеледі. Әрі мұның өзін Құрекеңнің ел басқару ілімі тұрғысындағы теориялық, практикалық жоғары білім-білігіне, жаңашылдығы мен ұйымдастырушылық қабілетіне, адами мінезіне негізделген қатысым деп түсінгеніміз дұрыс болмақ. 

«Жылқы ішінде жүйрік көп, қазанаты бір бөлек. Ел ішінде жігіт көп, азаматы бір бөлек». Бұл тұжырым – қоғам қайраткері, білікті басшы, ұлағатты ұстаз, ел ағасы Құрметбек Байтазаұлының тұлғасына лайықты сөз. Заманында қаншама жыл зор биліктің тізгінін ұстап ел басқарса да, ЕЛ АҒАСЫ дейтін, елдің өзі беретін атаққа мінезімен, іс-әрекетімен лайықты бола алмаған, сөйтіп біртіндеп тарихтың шаңына көмілгендер қаншама? Адам – тағдырын өзі жасайды. Тағылымды тағдыр тарихтың бетінде, елдің есінде қалады. Ел ағасы Құрметбек Байтазаұлының тағдыр жолы – осындай тағылымды, ел есінде қалатын жол. Халық қай дәуірде болсын, өзіне шынайы қызмет еткен асылдарын ешқашан ұмытқан емес. Құрметбек Байтазаұлы – сол асылдар қатарынан. «Тау алыстаған сайын биіктейді». Заман көші ілгері тартқан сайын, сол көштің жүре түзелуіне өз дәуірінде еңбек сіңіргендердің тау тұлғалары да алыстан самаладай мұнартып, биіктей бермек.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?