Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз.» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударғаны белгілі.
Халқымыздың ұмыт бола бастаған қaзaқ кәciпшiлiгiн қайта жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, зергерлерді, суретшілерді және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу өте өзекті болып отыр.
Осыған орай, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасы аясында ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеуде ұмыт бола бастаған дәcтүpлi қaзaқ кәciпшiлiгiн жандандырып, қоғамға пайдасын тигізген азаматтар туралы мақалалар жариялайды.
Киім дизайнері – ерекше мамандық түрі. Мұндағы басты қағида – дизайнердің киім үлгісі өзгелерге ұқсамауы тиіс. Сондықтан бұл сала ой жүйріктігін қажет етеді. Соңғы жылдары елімізде дизайнерлік киім өндірісі қарқынды дамып келеді. Олар өнер туындысы іспеттес. Себебі дизайнерлік киімдер – ерекше, бірегей және сапасы жоғары. Бүгінде бұл саланы кәсіпке айналдырған жандар жетерлік. «Бизнес шахмат ойыны тәріздес. Бірнеше алғы қадамдар ойда дайын тұруы тиіс» деп америкалық кәсіпкер Тед Тернер бизнеске осылай сипаттама берген. Қазіргі таңда қазақтың салт-дәстүрін эксклюзив киім-кешектер арқылы шетелге таныстырып жүрген киім дизайнері, әрі жаны шығармашылыққа құмар кәсіпкер Фарида Бердіқанқызымен сұхбаттасқан едік.
Кейіпкеріміз жастайынан қатарластары секілді қуыршақпен емес, ине-жіппен ойнап, қайшымен дос болған. Осылайша, ине-жіпке икемі бар ол маталардан қуыршақтарына әдемі киім-кешектер тіккен. Бүгінде Фарида заманауи, қазақи нақыштағы киімдерді елімізде ғана емес, шетелде де паш етіп жүр.
– Фарида ханым, қайырлы күн! Алдымен, өзіңіз жайлы қысқаша таныстырып өтсеңіз...
– 1975 жылы Ақтау қаласында дүниеге келдім. Дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында білім алдым. Бала кезімнен өнерге құштар болдым. Әсіресе, спорт пен би өнеріне қатты қызықтым. Сондай-ақ мектеп кезінен бастап кесте тігіп, сурет салғанды ұнатамын. Қатарластарым қуыршақпен ойнап жүргенде, мен үйде әжемнің жанында инесін сабақтап беретінмін. Сөйтіп, бірте-бірте тігін тігуді үйрендім. Сондай-ақ әпкелерім киіз басумен айналысты. Оларды көріп, мен қолөнерге жақын болдым. Есейе келе ою-өрнекке қызығушылығым оянды. Әлбетте, бұл – оңай жұмыс емес. Өйткені ісмер әр ою-өрнекті кестелеп, пішіннің формасын келтіріп, өрнектеу қажет. Әсіресе ойдағы дүниені қағазға және матаға түсіру қажырлы еңбекті талап етеді.
– Дизайнерлер әрдайым ізденісте жүретіні рас. Өйткені бір киімді тігу үлкен шаруа. Айтыңызшы, қандай да бір эксклюзив матаны кестелеуге қанша уақыт кетеді? Және ең бастысы идеяны қайдан аласыз?
– Эксклюзив матаны кестелеуге шамамен 1 айдай уақыт қажет. Әлбетте, айтуға оңай. Сол процесстерден өту үшін шебер шыдамды, табанды және сабырлы болуы қажет. Ал киім-кешектерге ою-өрнектерді мен арғы ата-бабаларымыздың тарихынан аламын. Негізінен ерекше туынды жасау адамның талантына тікелей байланысты деп ойлаймын. Өзім әдемі табиғат көріністерінен шабыт аламын. Бір айта кетерлігі, мен өзгеге ұқсамайтын киім-кешектерді тіккенді ұнатамын.
– Сіздің ойыңызша, қазіргі таңда ұлттық нақыштағы киім-кешекке сұраныс қандай?
– Заман өзгерсе де, ұлттық киім-кешекке және бұйымға қызығушылық та, сұраныс та жоғары. Уақыт өткен сайын қазақтың иісі аңқыған ұлттық бренд те заманға сай жаңғырып жатыр. Байқасаңыз, қалада қыз-келіншектермен қоса ер азаматтар да күнделікті өмірде ұлттық киімді заманға сай лайықтап, киіп жүр. Олар ұлттық нақыштағы, әсіресе, жұмысқа киюге ыңғайлы киімдерді тіктіреді. Ал, біз қалаған киімді тігіп беруге әрқашан дайынбыз. Сондай-ақ, мен ойдан шығарып, қолдан түрлі әшекей бұйымдарын жасаймын. Алғашында киімдерге моншақпен кестелеп, дизайнерлік эксклюзив әзірлеп, өзім киіп жүрдім. Кейін әдемі тастармен әшекейленген бұйымдарды тағып, дизайнерлік киімді киіп, той-томалаққа бардым. Онда менен көрген әншілер ұсыныс жасап, тапсырыс бере бастады. Бүгінгі таңда киім-кешектерді көнеден қалған бізкесте стильде әзірлеп, оларды біз құралы арқылы кестелейміз. Этностиль сұраныста болғандықтан сол бағыттағы оюларды көбірек бейнелейміз.
- Дизайнерлік киім-кешектерді қайда сатасыз?
- Қазіргі кезде заттарды онлайн сатамыз. Алдағы уақытта жеке бутик ашу жоспарда бар.
- Жұмыс барысында не нәрсеге мән берген жөн?
- Кез келген жұмыста қиындықтар болады. Ал егер адам өзінің ұнатқан ісімен айналысса, барлық проблеманы шеше алады. Бастысы ісмер өз жұмысын жан тәнімен сүюі қажет. Нәтижесінде ол кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп шығады.
- Сән өнері бойынша байқауларға қатысып тұрасыз ба?
- Иә, мүмкіндігінше қатысуға тырысамын. 2016 жылы Ақтау қаласында өткен «Сән мен сахна» атты фестивалге қатыстым. Ол кезде біз, қатысушылар үздік киім топтамаларын көпшілік назарына ұсындық. Нәтижесінде әділ қазылар шешімімен фэшн көрсетілімде туындыларым үздік деп танылып, жеңімпаз атандым. Сондай-ақ Түркияда өткен сән фестиваліне де жолдама ұтып алдым.
- Қандай жетістіктеріңіз бар?
- Қазақстан атынан шетелде халықаралық деңгейдегі сән көрсетілімдеріне қатысып тұрамын. Мұндағы басты мақсат – ұлттық брендімізді өзге елдерге кеңінен насихаттау. Осы уақытқа дейін Ыстамбұл, Милан, Дубай және басқа да елдердегі қалаларда дизайнерлік киім көрсетілімдеріне қатысып, жүлделі дипломдармен марапатталдым. Бір айта кетерлігі, бұған мемлекет тарапынан ешқандай қаржылай көмек болмады. Барлық іс-шараға өз қаражатыммен қатыстым.
- Шетелде өтетін сән көрсетілімдеріне қатысудағы басты мақсатыңыз қандай?
- Қазақта «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» деген жақсы сөз бар. Бүгінгі таңда қазақи нақыштағы киім-кешек заманға сай лайықталып, сәнге айналды. Бұл – қуантарлық жайт. Ал, қазақтың қаракөз қыздары оларды ұлттық брендке айналу үшін үлес қосып жүр. Сондай ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүрген ісмер және шеберлерді көргенде іштей риза болмайтын адам кемде-кем шығар. Мен солардың бірі екеніме мақтан тұтамын. Өзге елде ұлтымның салт-дәстүрін басқаға ұқсамайтын әрі бірегей туындылар арқылы таныстырып, көпшілікке көңінен насихаттағым келеді, насихаттап та келемін.
- Фарида Бердіқанқызы, бұл кәсіппен айналысу үшін адамның бойында қандай қасиеттер болуы керек?
- Қолға алған кез келген ісіңіз нәтижелі болғанын қаласаңыз, мақсатыңыз айқын болуы тиіс. Сондай-ақ сол мақсатқа жету жолында қажырлы еңбек етуіңіз қажет. Бұл кәсіп адамнан табандылықты, шыдамдылық пен ізденісті талап етеді. Бастысы қызығушылық болуы керек. Сол кезде ғана қиындықтарды еңсеріп, мақсатыңызға жетесіз.
- Табысты болу үшін не істеу қажет?
-Табысты болу үшін адам сол кәсіпке жан-тәнімен беріліп жұмыс істеуі тиіс. Үздіксіз ізденіп, еңбек ету керек. Кез келген жетістік кәсіпкердің еткен еңбегіне тікелей байланысты екенін естен шығармаған жөн.
- Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
- Менің өмірлік ұстанымым – «Еңбек – бәрін де жеңбек». Менің ойымша, кез келген адам өмірде әрекет етсе, береке табады. Сондықтан «Әрекет түбі –береке» екенін білейік және басқаларға үлгі болайық!
- Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?
- Расын айтсам, менде бос уақыт мүлдем болмайды. Мен үнемі ізденіс үстінде жүремін. Сонымен қатар, сурет саламын және кестелер тігемін.
- Алдағы жоспарларыңыз туралы айта кетсеңіз…
- Жоспар өте көп. Ілгеріде айтқанымдай, қазіргі таңда заманауи стильдегі қазақи киімдерге сұраныс бар. Сондықтан сатылымға шығаратын орындар іздеу керек. Сондай-ақ түрлі көрмеге қатысуды жоспарлап отырмын. Оған қоса, алдағы уақытта мемлекет тарапынан берілетін қаржылай гранттарға өтініш беремін.
- Фарида ханым, мәнді де мағыналы сұхбатыңызға рақмет. Сізге шығармашылық табыс, ісіңізге береке тілеймін!
Ақкербез МЫРЗАХМЕТ
(Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды)