Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Мұхаммет-Мақсұт Бекметовтың туғанына 140 жыл

1103
Мұхаммет-Мақсұт Бекметовтың туғанына 140 жыл - e-history.kz

Қазақ даласында ХҮІІІ ғасырдың ортасынан бастап өзге ұлт өкілдері мекендей бастады. Әсіресе ХІХ ғасырда Қазақстанның демографиялық бет-бейнесі үлкен өзгеріске түсті. Мұнда түрлі жағдаймен қоныс аударып келіп мекендеген ұлт өкілдерінің бірі – бауырлас, түбірлес татарлар болатын. Татар халқынан шыққан көкірек көзі ашық, зиялы тұлғалардың қазақ тарихындағы орны ерекше. Татар әдебиетінің классигі Ғабдолла Тоқайдың балалық, жастық шағының едәуір бөлігі Жайық бойында өткені белгілі.

Қазақ даласына келіп мекендеген татар ұлты өкілдері тілі, ділі, діни нанымы, салт-дәстүрі тұрғысында көптеген ұқсастықтар болғандықтан да, жергілікті жұртпен етене араласып, туыстасып кеткен мысалдар өте көп. Сондықтан да болар, татар халқы өкілдері арасынан қазақ халқының қамын жеген елеулі тұлғалар көптеп шыққан Солардың бірі – Мұхаммет-Мақсұт Бекметов болатын. 

Биыл қоғам қайраткері, көсемсөзші, күрескер тұлға Мұхаммет-Мақсұт Бекметовтың туғанына 140 жыл толып отыр. 1883 жылы бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезінің орталығы Қарқаралы қаласында дүниеге келген Бекметов Мұхаммет-Мақсұт Хамидоллаұлының әулеті Еділ бойынан Қарқаралыға келген екен. Қарқаралы қаласындағы ауқатты көпес отбасында дүниеге келген Мұхаммет-Мақсұт Хамидоллаұлы Бекметов – жастайынан қазақ балаларымен бірге ойнап, олармен етене өседі. Айналасына сыни тұрғыда қарауды жастайынан бойына сіңірген ол Қарқаралы қаласында жүріліп жатқан саяси өмірге де жасөспірім шағынан-ақ белсене араласады. Сарыарқаның кіндігіндегі Қарқаралы – ХІХ ғасырдың өн бойы мен ХХ ғасырдың басына дейін сол замандағы зиялы қауым шоғыры орналасқан маңызды қала болды. Мұхаммет-Мақсұт Бекметов түрлі саяси себепті жағдаймен Қарқаралыға келіп тұрақтап, осындағы мекемелерде қызмет еткен болашақ «Алаш» партиясының көсемдерімен танысып, олармен саяси көзқарас бойынша ниеттес, сыйлас болады. Өзінің азғана жылдық өмірін қоғамдағы әділетсіздік атаулыға қарсы күреспен өткізген көзі ашық, көкірегі ояу азамат Мұхаммет-Мақсұт Бекметовтің туғанына 140 жыл толуына орай оның ізгі есімін еске алуды жөн көрдік.

Осы ретте ең алдымен әйгілі Бекметовтер әулеті және олардың Қарқаралы өңіріне келуі туралы қысқаша мәлімет бере кеткен дұрыс болмақ. Еділ бойының тумасы Бекметовтер немесе Бекмұхамедовтер әулеті ХІХ ғасырдың басында Қазан қаласынан сауда-саттық жүргізу мақсатында шығып, қазақ даласына, Сарыарқаға көшіп келіп, уезд орталығы Қарқаралыға орын тебеді. Оның басты себебі – әйгілі Қоянды жәрмеңкесі болатын. Қояндыда жыл сайын өтіп тұратын Қоянды жәрмеңкесі – ақша табудың жолы білетін саудагерлер үшін тамаша табыс көзі болатын. Бұл арада өздерінің бағыты бойынша сауда-саттықпен шұғылданған ағайынды Хамит пен Жағыпар Бекметовтер азғана жыл ішінде әжептәуір қаражат жинап, дәулеті шалқыған жақсы тірлікке қол жеткізеді. Қаладағы саудасын ғана жүргізіп қоймай, олар қырдағы елдің арасына да жиі шығып, сұраныстарына сай белсене жақын араласады. Күні кешеге дейінгі заманда Арқаға қоныс аударып келген орыстар мен татарлар, немістер мен казактар – барлығы да қазақ тілін жақсы меңгеріп, қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі ретінде пайдаланылғаны тарихи деректерде айтылады. Татар ауқаттысы Бекметевтер отбасы Қарқаралы қаласының сәулетін келтіруге атсалысып, мешіт пен медресе салдырады. Балаларды оқыту үшін мектеп ашады. Осы жұмыстар үшін Қазаннан діни сауатты адамдарды, шебер ұсталарды алдырып, жалпы өңірді көркейтуге зор үлес қосады. Бекметовтер әулетінің мал-басы Қарқаралы жерінде жақсы өседі. Атап айтқанда мұсылмандық шарты бойынша төрт әйел алған Хамит Бекметовтің жиырма баласы болады. Ол ұрпақтардың көбі туған өңірлерінде тұрақтап, түрлі кәсіптің көзін ұстайды. Солардың ішінде Хамит Бекметовтің ұлдары Халиолла, Хамидоллалар Балқаш маңында кен көздерін ашып, түсті металл өндірумен шұғылданады. Кәсіпкер Хамидолла Бекметов осы өңірден табылған кенорнына өзінің қайғылы қазаға ұшыраған сүйікті қызы Гүлшаттың есімін береді. Осы кенорын негізінде құрылған Гүлшат кенті жаңа Қазақстан картасында бар. 

Бекметовтер – өздерінің жергілікті халықтармен, әсіресе қазақтармен тату-тәтті, туыстық байланыстар орнатуымен қатар, алыс өңірлерге де сапарлап, қазақ даласының әр түкпіріне танымал болғандығы тарихи құжаттардан айқын болып отыр. Атап айтқанда Шәуешек өңіріндегі қытай қазақтары арасына барғандығы айтылады. Қарқаралы қаласындағы «Бекметовтердің көк үйі» атанған өз заманының көркем ғимаратының тарихы тереңде. Бірде бір темір шегесіз салынған дейтін, күні бүгінге дейін Қарқаралы қаласының кешегі тарихының куәсіндей болып тұрған бұл әсем үйге кезінде Абай және басқа да небір зиялылары келіп қонақ болған екен.

Қазақ топырағындағы туыстық тамырын тереңге тартқан татар халқынан шыққан Бекметовтер әулетінің қазақ тарихындағы орны ерекше. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының 4-томы 702-бетінде мынадай мәліметті оқуға болады: «Құнанбай аға сұлтан болып тұр ғанда, Халиулла баймен жақын араласып, кейіннен бұл үйде Абай да жиі болып тұрған. ХХ ғасырдың бас кезінде бұл үйде Алашорда қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Ж.Ақбаев, Р.Мәрсеков тағы басқалар жиі-жиі бас қосып отырған. Белгілі алаш қайраткері Жақып Ақбаевтың әйелі Гүлбахор – Бекметовтің туған қызы». Қарқаралы қаласындағы Құнанбай мешіті құрылысының салынып бітуіне де Бекметовтер әулеті елеулі ықпал жасап, көмектескені айтылады. Сондай-ақ Бекметовтер әулетінің қазақ халқымен туыстық байланысын да айта кеткен жөн. Жақып Ақбаев, Райымжан Мәрсеков, Әміре Айтбакин, Шәріп Өтепов, Әмірхан Сембаев қатарлы белгілі қазақтар Бекметовтер әулетінің қыздарына үйленген болса, Бекметов әулетінің ерлерінің бірсыпырасы қазақ қыздарына үйленген. 

Әкесі сияқты, Хамидолла отбасы да көп балалы болады. Хамидолла отбасында он жеті бала болған. Болашақ қайраткер тұлға Мұхаммет-Мақсұт отбасындағы ең тұңғышы болғандықтан, кішкентай бауырлары мен қарындастарына қамқор болып, ата-анасына көмектесе жүріп ерте есейеді.

Мұхаммет-Мақсұт Қарқаралы қаласындағы мектепте бастауыш білім алады. Одан соң Омбы мен Санкт-Петербургте оқуын жалғастырады. Ол үнемі өзін жетілдірумен айналысып, орыс және шетел әдебиеттерін көп оқиды. Сонымен қатар патша билігі оқуға тыйым салынған әдебиеттерді оқып, әрі билікке сыни көзқарастағы құпия үйірмелердің жұмысына да қатынасады.

 Ол өзінің сауатты әрі елшілдік рухтағы мақалаларын өлкелік басылымдарда жариялатты. Атап айтқанда Омбыдан шығатын «Қырғыз дала уәлаятының газетінде» патша шенеуніктерінің өзімбілемдігін әшкерелеген материалдар жолдады. Халықты оянуға, ұлттарды езіп қанаушы царизмге қарсы белсене күресуге шақырды. 

Қарқаралы қаласы ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басына таман Ресейдің еуропалық өңірлерінен саяси сенімсіздік бойынша жер аударылғандар көптеп шоғырланған қалаға айналды. Олар Қарқаралы қаласындағы мемлекеттік кеңселер мен өзге де мекемелерде жұмыс істеді. Бұл адамдардың Қарқаралыда болуы жергілікті тұрғындардың өмірлік көзқарасына да әсер еткені анық.

1900 жылдан Омбы пошта-телеграф кеңсесінде қызмет атқарған. Қарқаралыға Еділ бойынан келіп орныққан ауқатты татар отбасынан шықса да Мұхаммет-Мақсұт Бекметов жастайынан айналасында болып жатқан әділетсіздік пен озбырлыққа жаны қас болып өседі. Әсіресе ол Патшалық Ресей билігінің жергілікті ұлтқа деген кемсітушілік пиғылына қарсы болады. Ол Омбы қаласында жұмыс істеп жүрген кезінде митингтер мен жиналыстарда, ереуілдерге қатысып, көп алдында жалынды сөздер сөйлейді. Саяси үндеулер жазып таратумен қатар, патша үкіметінің  зиянды телеграфтық өкімдерін таратпай кешіктіру сияқты кішігірім қарсылық ниетін жүзеге асырып отырады. Оның бұл ниетін жергілікті полиция аңғармай қалған жоқ. 

Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесі қызған кезеңде, яғни Сарыарқаның дәл кіндігінде жатқан Қарқаралы қаласында қазақ даласында алғаш рет 1905 жылы патшаға үнқату петиция жазылды. 14500 адам қол қойған бұл петицияны ұйымдастырушылардың бірі – Мұхаммет-Мақсұт Бекметов болғандығы туралы тарихи құжаттарда айтылады. Бұл петициядан кейін Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов қатарлы қазақ зиялылары түрмеге қамалып, қуғынға түседі.

1905 жылы қарашада М.Бекметов Омбы пошта-телеграф конторы жұмысшыларының ереуілін ұйымдастыруға қатысады. Полиция М.Бекметовты үнемі аңдып, оның пәтерін тінтеді. 1906 жылы 9 наурызда М.Бекметов патшаны мазақ еткені және қазіргі мемлекеттік құрылысқа қарсы үгіт-насихат жүргізгені үшін мемлекеттік қылмыскер деп танылып, үш айлық мерзімге түрмеге жабылады. Түрмеде жалғыз жатқан кезінде ол былай деп жазады: «Расымен де, өзге 15 адамның ішінде мен ереуіл үшін жұмыстан қуылдым, себебі өз ар-ұятымның алдында кішіреймеу үшін жұмыстан кету туралы өтініш жазудан бас тарттым. Соңғы күнге дейін, біздің делегаттар Мәскеуден келгенге дейін ереуіл жасадым. Омбы телеграф конторасы мүшелері жиналысында «ереулідеу керек пе, жоқ па» деген сұрақ талқыланған кезде, ереуіл жасау керек деген шешім қабылданды. Мен төрт жолдасыммен бірге жиын хаттамасын жазу және жиналысқа әзірлеуді жүзеге асырдым», - деп атап көрсетеді. Осы және 1906 жылы пошта-телеграф қызметі жұмысшыларының ереуіліне қатысқаны үшін және императорға тіл тигізгені, өкіметке қарсы үгіт-насихат жүргізгені үшін деген айыптармен тұтқынға алынып, каторгаға жіберілді. Өзінің ұлт-азаттық идеясы үшін біржола полицияның бақылауына алынады. Қарқаралыдан, отбасынан аулақтатып, Қазан қаласына жер аударылады. Мұхаммет-Мақсұт Хамидоллаұлы – публицистика жанрында біршама өндіртіп жазған қаламгер. Оның саяси-әлеуметтік, мәдени-ианымдық мазмұндағы мақалалары «Қазақ» және басқа да қазақ тілді басылымдарда, сонымен қатар орыс тілінде де жарық көрді. Саяси өмірге белсене араласқан Мұхаммет-Мақсұт Хамидоллаұлы Бекметовтің патша үкіметі 1909 жылы қайтадан тұтқындап, Орынборға жер аударады. 

Қарқаралы – бұл кезеңде уез орталығы әрі сауда-экономикалық, саяси-басқарушылық тұрғыда да маңызды орны бар бар қала болды. Бұл қалада ресейлік әр ұлтты интелигенция бар болатын. Көптеген қазақ зиялылары, кейіннен «Алаш» партиясының көсемі болған Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов т.б. өмірінде Қарқаралының орны ерекше. Мұхаммет-Мақсұт Бекметов олардың барлығымен жақын араласып, ниеттес, пікірлес болады. Қарқаралы уезі жерінде атақты Қоянды жәрмеңкесі өтетін еді. Осы жәрмеңке қызған шақта жан жақтан келген базаршы қауым Қарқаралының саяси-рухани өмірін де ерекше жандандырып отырған.

1909 жылы Санкт-Петербургте шығатын «Речь» газетінде Семей түрмесінде азап шегіп жатқан Ахмет Байтұрсынұлына бостандық беруді талап еткен мақала жарық көреді. Оның авторы – Мұхаммет-Мақсұт Бекметов болатын. Сонымен бірге М.Бекметовтің «Қазақ өлеңі» атты жинағы 1909 жылы Орынборда жарық көреді. 

М.Бекметовтің жазалы мерзімі аяқталғаннан кейін генерал-губернатордың өкімі бойынша қазақ даласына баруға тыйым салынады. Осы кезде ол өзінің ата-бабаларының мекені Қазан қаласын таңдайды. Бұл қалаға ол 1906 жылы 22 маусымда келіп жетеді. Бұл қалада да оған полицияның ашық бақылауы тағайындалады. 1906 жылы оған Омбыға оралуға рұқсат беріледі. Мұнда оралған соң да М.Бекметов халық арасында патша режиміне қарсы үгіт-насихат айтудан тыйыла қоймайды. Осыдан кейін патша үкіметі оны Орынбор өлкесіне мәңгілік қоныстану үшін жер аударып жібереді. Каторгада жүргенде өкпесіне суық тиіп, сырқатқа ұшыраған Мұхаммет-Мақсұттың денсаулығы Орынборға келген соң күн өткен сайын нашарлай түседі. «Айқап» журналының 1912 жылғы №2 санында: Мұхаммет-Мақсұт Бекметов 1912 жылы 9 ақпанда Орынбор қаласында көкірек ауруынан қайтыс болды», - деп хабарланған.

«Алаш» зиялылары турасында айтылғанда туысқан татар халқынан шыққан күрескер тұлға, қазақ халқы мен оның Ахмет Байтұрсынұлы сияқты көсемімен пікірлес болған, царизмге қарсы күресті өмірінің өзегі етіп, жастай туған жерінен жырақта бақилық болған Мұхаммет-Мақсұт Бекметов есімі де ұмытылмауы тиіс деп білеміз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?