Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қайрат Құл-Мұхаммед: Менің тағдырым бір тарихи кітапқа жүк болады

2330
Қайрат Құл-Мұхаммед: Менің тағдырым бір тарихи кітапқа жүк болады - e-history.kz

Қытайда қазақ айтысының ғылыми деңгейде қалыптасқан мектебі бар-тын. Төл өнердің көрші елде дамуына ондағы айтыс ақындары үлкен үлес қосты. Соның бірі Қайрат Құл-Мұхаммед еді. Ақынның шығармашылығы мен қилы тағдырын осы сұхбат барысында сұрап білуге тырыстық.

– Айтыс ақыны ретінде әлем қазақтарына атыңыз мәшҺүр еді. Бірақ қазір сізді сахнадан да, айтыскерлер арасынан да мүлде көрейміз...

– Мен елге оралған алғашқы жылдары айтысқа қатыстым. Астанада, Тәшкентте, Мәскеуде өткен халықаралық ақындар айтысында өнер көрсеттім. Кейін мынадай ой болды. Мен ауесқой, жас ақын емеспін. Біраз биікке шыққан, қазірге дейін әлемнің 8 елінен атақ алған ақын ретінде бәріне жүгіре беруді ыңғайсыз көрдім. Мына жасқа келгенде біздің айтқан сөздеріміздің барлығы ауаға ұшып кете беруі керек емес шығар деген өймен жазуға кірістім.

– Демек, домбыраны қаламға ауыстырдыңыз ғой?

– Иә, мен бес кітапты қатар жаздым. «Сәлемдеме» деген кітабым – толғау-өлеңдерім, «Олжа» да – поэзиялық кітап. Онда көбінесе поэмалар, ән мәтіндері бар. Үшіншісі – «Меркіт тарихы». Ол шежіре емес, 29 жыл жинаған дерек негізінде жазылған ұлыстың тарихы. Төртіншісі – «Жекпе-жек», айтыстарымның жиынтығы. Бесіншісі «Белгі» деген кітап,  онда мақала, очерк, сұхбаттарым, естелік, эсселерім басылған. Бұлардың барлығы жарық көріп, Алматыда белгілі қаламгерлердің қатысуымен тұсаукесері өтті. Ал енді қазір екі тарихи роман жазу үстіндемін. Мен тағдыры күрделі адаммын. Тарихи романдарда өзімнің өмірім ғана емес, мен көрген қоғам туралы айтылады. 

– Айтуға ауыр болмаса сол қиын тағдырыңыздан бір үзік сыр шертесңіз...

– Бір әкеден екі мемлекетте туылып, екі шешеден өрбіген ұрпақ 34 жыл дегенде қауыштық. Оның арасында, арғы-бергі беттегі әңгіме айтып тауысқысыз. Бұл жайлы кітабымның соңғы бөлімінде жаздым. Ал, кітаптың басы сонау арыдан басталды. Қытайлардың тыныс-тіршілігі, ондағы саяси науқандар, бұл жақтағы Совет одағы құрылудан бұрынғы және құрылғаннан кейінгі саяси өмір баяндалады. Екі елге бірдей тоқталғаным, қай елде, қай үкімет кезінде өмір сүрсе де саясаттың сойылы ең алдымен біздің ата-бабаларымызға тиіп отырған. Гоминдаң Қытай 1938 жылы атамды өлтірді. Одан кейін де біздің әулет торғайдай тозды. Әкем жан сауғалап шетелге кетті, шешем тас түрмеде үш жылын өткізді. Ағам 12 жыл айдауға көмір шахтасына кетіп, екінші топтағы мүгедек болып оралды. Сол үшін мен тек қана өз ата-бабамды, ата-анамды жаза беру емес, сол арқылы саяси науқандардың қалай жүргізілгенін атажұрттағы қандастарымыз, еліміз, жұртымыз түгел білсе екен деген өймен жаздым.

Мұндағы қазақтарға көп нәрсе беймәлім. Мәдениет революсиясы болған деп айтады, бірақ оның ішкі мәнін, ұрандарын жұрт көп біле бермейді. Сондықтан осылар жайлы қалам тербеу міндетім деп есептедім.

– Әкеңіздің не үшін қудаланғанын, шетел асып кеткенін оқырман білгісі келетін шығар?

– Біз байдың, Совет одағы кезіндегі «кедейді қанаған ақсүйектің» тұқымымыз. Біз осы жақтан кеткен қазақ емеспіз. Ата-бабамыздың барлығы сонда туып-өскен қазақпыз.

Бір әңгімеге шегініс жасай кетейін: мен мынадай пікірге келіспеймін. Зиялы азаматтардың аузынан да, тіпті бұқаралық ақпарат құралдарынан да көріп, естіп, оқып жатамыз. Шетелдегі қазақтар бастарына ауыр күн туғанда жан сауғалап қашуға мажбүр болды дейді. Кезінде Отандарыңды тастап қашып кеткенсіңдер, егемендік алғанда жетіп келіпсіңдер деген сөзді де естіп жүр, керең болғыр құлағымыз.

Кейбір қазақ 28-30-шы жылдары ашаршылықта Қытайға өтті. 37-38-шы жылдары «Халық жауы» деп атып-шабуда жан сауғалап кеткен қазақтар да бар. Алайда Қытайдағы қазіргі 2 млн қазақтың барлығы осы жақтан кетіп қалған жоқ. Аягөз, Семей, Нарынқол, Жетісу өңірінен барған қазақтар болды. Бірақ олардың көбі 1955-62-ші жылдары еліне қайтып келді. Ал біз ата-бабамыздан сол жақта туып-өстік. Себебі, қазіргі Шынжаң – қазақтың атажұрты.

Әкем Құл-Мұхаммед Манасбай деген байдың ұлы, ал шешем Алтай, Сауырға аты машһүр Алтынбек байдың қызы болған. Қазақтың «бай байға, сай сайға құяды» деген қағидасы бойынша отасқан. Қытай Халық Республикасы 1949 жылы 1 қазанда құрылды ғой. Осыдан бұрын әкем білім беру, ағарту саласында жұмыс істеген. Қытай құрылған соң да сол ұстаздық жолын Жеменей, Қаба аудандарында жалғастырған болатын. Мектеп директоры болған.

1958 жылы Қытайдың «Стиль дұрыстау» деген саясаты оңшылдармен, ұлтшылдармен күресе бастады. Сол кезде әкем Құл-Мұхаммед Манасбайұлы 4 жылға сотталады, бас бостандығынан айырылды. Қызметінен шығарылады. Қайтып келгеннен кейін ауыр режімде жұмыс істеді. «Стиль дұрыстау» 1966 жылғы «Мәдениет төңкерісіне» ұласты. 1965 жылы 5 мамыр күні ҚХР-дың Жеменей ауданының Базарқұл ауылынан менің әкем 40 жасында қазіргі Қазақстан-Қытай шекарасынан рұқсатсыз қашып өтеді. Мен әкемнен 9 айымда қалдым.

Ол кезде Қытай мен Совет одағының саяси атмосферасы нашарлап тұрған. Рұқсатсыз шыбын өтуге болмайтын Совет үкіметінің шекарасын бұзып өткен әкемді 3 жылға соттап, Беларусьқа жібереді. Алла сәтін салып, Совет үкіметі 1967 жылы Қазан төңкерісінің 50 жылдығын өте үлкен мереке ретінде атап өтеді де, «Саяси қылмыс өткізгендерден басқасы босатылсын» деген рақымшылдыққа әкем де ілініп, екі айдан аса бере қайтадан Қазақстанға қайтады. Сөйтіп, Шығыс Қазақстанның Күршім ауданында ғұмыр кешіреді. Үйленіп, бұл жақта екі ұл, үш қыз өсіреді.

– Осы кезде арғы беттегі Құл-Мұхаммед отбасы қандай күй кешіп жатты?

– Әкем кеткен соң шешем Қиза Алтынбекқызы «Халық жауының әйелі», «Кедейді қанаған байдың қызы», «Кедейді қанаған байдың келіні», «Отанын Советке сатқан халық жауының әйелі» деген жалалармен 1971-1974-шы жылдары түрмеде отырды. Ағам 17 жасынан 29 жасына дейін 12 жыл жаза майданында – кен шахтасында көмір қазып, екінші топтағы мүгедек болып оралады. Ал мен көрінген жерде қаңғырып өстім...

Анам 8 жасымда, 1974 жылы түрмеден келді. Базарқұл деген шағын ауылда тұратын едік. Бүкіл ауыл тайлы-тұяғы қалмай жүгіріп, «Қиза түрмеден келіпті» деп жатты. Шешемнің кеткені, оның түр-әлпеті есімде жоқ. Бірақ жұрттардың «Қизаның баласы, Құл-Мұхаммедтің ұлы» дегенін естіп жүретінмін. Шешемнің түрмеден келгенін көруге жұртпен ілесіп мен де бардым.

Төрт жағында мылтықтарын серт ұстаған солдаттары бар үлкен әскери көлікпен шешемді алып келді. Көліктен сарт-сұрт етіп солдаттар түсе қалды. Екі әскер үстінде қалды. Шешемнің белінен, аяғынан шойын шынжырды ағытты. Сөйтсем ол кісен екен. Шешемді қолтығынан ұстан секіртіп түсірді. Қолында бір нәрсе жарқырайды. Баламын ғой, сағат тағып алған екен ғой дедім. Түрме дегенді де түсінбеймін ғой. Сөйтсем ол жапонның қол кісені екен, қимылдаған сайын қысатын.

Мектепке апарып жиналыс өткізді. Кісі қарасы көп. Дені қызық көріп жүргендер. Оның үстіне әйел адамның түрмеге отыруы деген ол кезде ғажайып әңгіме. Жиналыстан шешем шықты. Артынан білдік, «бұл мерзімді қамау жазасын өтеп болды, бірақ ауыр режім астында айдауда күндіз-түні еңбек ететін болады және бұл үйге қадағалау-бақылауды күшейту керек, күндіз-түні үйден күзет кетпесін. Анау Советке қашып кеткен Құл-Мұхаммед қайтадан шпион болып келуі мүмкін. Сол кезде ұстап аласыңдар» депті.

Бұрын сұры костюм болған сияқты, үстінде ағарып оңып кеткен киімі бар. Оның ешкімге сөйлеуіне, ешкімнің оған сөйлеуіне шектеу қойылған. Шешем еңкейіп кетіп бара жатты. Біреулер қылтың-сылтың ғып күлді. «Түрме Қизаға жағыпты, өңейіп алыпты» деп сыбырласып жатты. Ал жаны ашығандар «осы байғұстың түрмеге кетіп қалғаны жақсы болды. Әйтпесе осы күнге дейін ұрып өлтіріп тастайтын еді» десті.

Кішкентай ауыл, әркім өзінің үйінің тұсында қалып жатты. 3-4 әйел біздікімен көрші болса керек. Шешем көне дуалдардың арасын айналып келді. Үйіміздің сол екенін сонда ғана білдім. Мен үйден шығып кеткем. Көрінген жерде қаңғырып жүрдім ғой. Ана үйге барам тамақ береді. Мына үйге барам қуып жібереді «кет, қашқынның баласы!», «халық жауының баласы!» деп. Кәрі қызыл қасқа сиырымыз бар еді, соны ғана таныдым. Шешем ескі аулаға кіре беріп еді кепкен көңнің үстінде жатқан сиыр мөңіреп келіп шешемнің қолын жалады. Жем беріп, сауған иесін сиыр ұмытпаған екен. Сол кезде бізбен еріп келе жатқан көрші әйелдердің көзіне жас алғаны есімде.

Шешем үйімізге келді, отырды. Өмірден түңіліп кеткен екен. Маған көңіл бұрған жоқ. Көре сала бас сап құшақтап сүйіп, бауырына басып жылайды ғой деп ойлап едім. «Сен әлі тірімісің?» деп қана басымнан сипап қоя салды.

Қас қарайды. Ол кез біреуден біреу қорқатын, біреуді біреу аңдитын заман. Сен «халық жауына» жанкүйер болып жүрсің деп бірін-бірі әшкерелеуден қорқады. Қанша дегенмен ел емес пе, кеште біреулер кесенің түбіне салынған майларын, жүгері, нандарын, тарыларын алып келді. Шай, тұздарын алып келді біреулер. Қи-тезектерін, отын-суларын әкеп жатыр. Тіпті, тамақтарды, киімдерді, ыдыс-аяқтарды есіктің алдына жасырын қойып кеткендер де болды. Олардың кім екенін білмедік.

Шешем орнынан тұрды да от жақты. Ыстық тамақ жасады. Үйіміз көк аязданып тұр екен, жылынды. Менің 3 жылдан бері ауыстырылмаған шоқпыт шапанымды ауыстырып отқа жаққанда биттің бытырлағаны әлі есімде. Есіктің алдына қойып кеткен киімдерді кішірейтіп кигізді. Өмірімде сол түні ұйқым қанып еді. Сол ұйқым әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Хан сарайында, миуа бақтың ортасында жатқандай ләззат алғанмын. Менің оысндай бақытсыз балалық шағым болды. Аллаға шүкір, қазақ: «кезекті дүние, кезбелі несібе», дейді. Ата-анамның тартқан азабын Алла маған бүгінгі күні бақытқа айырбастап беріп отыр.

– Бақытсыз балалығыңыз қанатыңызды ерте қатайтып, ақындық өнерге жетелеген болды ғой?

– Иә, Ааллаға шүкір, кейін ел қатарлы болдық, жұрт танитын ақын атандым. Өмірімнің 35 жылы Қытайда өтіпті. 19 жасымнан бастап үлкен сахналарға шықтым. Сол кезде менің тырнақалды туындыларым  баспасөз беттерінде де жарық көре бастады. Мәдениет үйіне жұмысқа орналастым. 1987-1990-шы жылдары Үрімжі қаласындағы Шынжаң өнер институтының бұқаралық мәдениетті басқару мамандығын оқыдым. 1990-1992-шы жылдары Шынжаң университетінің филологя фәкултетінен тәлім алдым. Өнерде жүрген 29 жылдан бері тек қана бас бәйге мен 1-орындағы жүлделерді алыппын. 1998 жылы Қытай маған «Осызаманғы үздік көркемөнерші» деген мемлекеттік сыйлығын берді. Сол Қытайда жүргенде АҚШ-тан «Әлемнің әйгілі адамы» деген атақ алдым.

– Шекара асып кеткен әкеңізден хабар алдыңыз ба?

– Менің 9 айлығымда әкем шекара асып кетті ғой. Ол кездегі екі ел арасының жағдайы барлығымызға аян. Әкемізден хабар болмады. Біраз өмір құрсауланып тұрған күйде өтті. Кейін арада жылымық болып Қытай мен Совет үкіметінің арасында барыс-келіс пайда болған соң 1991 жылы мамыр айында Қазақстанға келдім. Бірақ әкем 1985 жылы 3 ақпанда 58 жасында дүниеден өтіпті. Сол кезде Қытайдан келген баланы көреміз деген ел-жұртқа айтқаным:

Сөзімді баршаңызға арнап өтем,

Ағайын, бұл сөзімде бар ма бөтен?

Сіздерден жасыратын ештеңем жоқ,

Әкеден тоғыз айда қалған екем.

Көруге алты жылдай кешігіппін,

Осыны өкінішпен арман етем...

Әкем 1967 жылы шекара бұзып қашқаннан кейін біздің туысқандар көгеннен ағытқан қозыдай Қазақстанға қашты да отырды. Аяғы 1976 жылға дейін Қытаймен қоштасып жатты. Соңғы кеткен туыстарым маған үнемі хат жазып тұрды, шақырту жіберді. Бір қызығы, бұлардың барлығы Құл-Мұхаммед болып хат жазып тұрыпты. Туыстарым әкесінің о дүниелік болғанын білсе мені Қазақстанға келмей қояды деген өймен осылай ұйымдастырғанын кейін білдім.

Совет үкіметінің кезі, ол кезде визаны Пекиннен береді. Жазысқан хат араға 3-4 ай жүреді. Мысалы, Шығыс Қазақстанның Күршім ауданынан хат жазса Өскеменге барып, Өскеменнен Алматыға, Алматыдан Мәскеуге, одан Пекинге, Пекиннен Үрімжіге келіп, Үрімжі арқылы Алтайға, ең соңында Жеменейге жететін. Хаттардың барлығын сақтап отырмын. Сол туыстардың шақыруымен келіп, екі інімізді, үш қарындасымызды көріп көзайым болған кезім 1991 жылы мамыр-шілде айы болды.

–  Осы сапарыңыз атажұртқа бір жолата көшіп келу орайын сыйлады ма?

– Отан, Қазақстан деген ұғымдардың қасиеті бөлек қой. 2001 жылы тамыз айында Қазақстанға бір жола көшіп келдім. Шешем де 77 жасында атажұртына оралды. Мүгедек ағам да тарихи Отанын көру бақытына ие болды. Шешем осында 5 жыл ғұмыр кешті. Ағам 60 жасында бақилық болды. Тәуба деймін, атажұрттың топырағы ол кісілерге бұйырды. Алатау бөктеріне мәңгілікке жайғасты. Жер-ана құшағына жерледік қой, бірақ сол кісілерді мен жүрегіме жерледім деп есептеймін.

Атақтың көбін де атажұртыма келген соң алдым. Халықаралық ақындар айтысында, жыр мүшәйрасында жеңімпаз болдым. Тәшкент қаласында өткен халықаралық ақындар айтысыда бас жүлдені еншілесем, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Моңғоляның Баян-Өлгей аймағында өткен ақындар айтысында да бас бәйге алдым.

Ресейде ұйымдастырылған ақындар айтысына барып аяқ астынан бір сыйлыққа ие болғаным бар. Бұл жолы Ресейдің Омбы өңіріндегі қазақтарға бардық. Омбы өңірі туралы тарихты жақсы білуші едім. Бұрынғы Югославия президенті Иосип Броз Тито деген кісі азаматтық соғыс жеңіліске ұшыраған кезде Омбыдағы Иса деген байдың қолында тұрғанынан хабарым бар еді. Сөйтіп мен толғауымда Омбының қазақ жері екенін де жырлап келіп:

«Келдім мен ізгілікті әндетем деп,

Біздің ел мейірімді хан көтермек,

Келдім мен Броз Тито паналаған,

Иса байдың ұрпағы бар ма екен деп?», деймін ғой. 

Сөл кезде көрерменнің арасында Ресей думасының депутаты Олег Смолин деген кісі отырады. Менің қазақша өлеңімді түсінбесе де, Броз Тито деген сөзімді естіп қалған ол қасында отырған көрермендерден: «анау Қазақстаннан келген жігіт не айтып жатыр?» деп сұрапты. Олар түсіндіреді. Халықтардың достығын жырлаған бұл азаматқа неге сый-сиапат көрсетпеске дейді де, сол сапарда менің қанжығама Ресей думасынынан «Халықтар достығының жыршысы» деген атақты байлайды.

Мен Түркядағы қазақтардың шақыруымен сонда бір айдай болдым. 1930-1940-шы жылдары қан кешіп, жауды да қырып, өздері де қырылып, Такламаканның шөлін басып, Гималайдың шыңын асып мың бір машақатпен қырылып-жойылып жеткен қазақ түрік елінде бүгінгі күні өсіп-өніп келеді. Осылардан тараған ұрпақ Еуропаның оннан астам елінде ғұмыр кешуде. Жыл сайын Еуропаның бір елінде Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өтеді. Өнер сапарымен Германяға бардым. Сонда айтқан шумақтарымнан:

Тұлғасындай анау Альпі шыңының,

Эйнштейн тапса ғылым тұнығын.

Сол ғалымдар жалғастырды деп білем,

Әл-Фараби бабамыздың ілімін.

Шопенгауэр, Гегель неміс жұртында

Пәлсафамен ұлы еткен ұлтын да.

Ибн Сина Куффераттың ұстазы,

Құрманғазы Бетховенмен бір тұлға.

Шиллер, Шефер, Гёте ақын арайлы,

Жырларымен тамсандырған талайды.

Сұрайыншы білеме екен немістер,

Асан қайғы, қобыз-Қорқыт, Абайды?

Әр халықта хакімдер мен ақын көп,

Ойшылдарға жүрміз солай мақұл боп.

Қазағымды танымаса өзге жұрт,

Менің оған еңкеюге қақым жоқ.

Осы еңбектерім еленбей қалған жоқ. Отан деген ұлы ұғым. Батыстың бір ойшылы: «өз Отаныңда туу бақыт, өз отаныңда өлу одан да бақыт», деген екен. Сол арманмен келіп едік, мұратымызға жеттік. Бірінші – Алла, екінші – Отан. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында «Қазақстанның мәдениет қайраткері» деген құрметті атақты алдым.

– Отбасыңызға оралсақ...

– Отбасылымын. Қытайда жүргенімізде Жадыра, Шуақ деген қызымыз болды. Ол елде үшінші баланы алуға рұқсат жоқ. «Жоспарлы туу» деген саясат бар. Алла тілегімізді қабыл етіп, атажұртқа оралған соң екі ұлым өмірге келді.

–  Әәңгімеңізге рақмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?