«Ауыл сағынышы» дейтін керемет ән бар. «Ұқсайсың меніменен бір туғанға, Ұқсайды мінез-құлқың, тұр-тұлғаң да, Анамның саусағының табы түскен, Ағатай, жанқалтаңда құртың бар ма?...» деп басталып соңы: «Сағындым сахараның қыр көктемін, Сағындым Сарғұсынның жел өттерін, Сағындым сары күзде қоңыраулатып, Қайтатын аққу-қаздың тізбектерін» деген аса мұңлы, нәзік әуенмен аяқталады.
Жоғарыдағы әннің сөзін жазған – Жәркен Бөдешұлы. Жалпы, бұл ақын ағамыздың тұла бойы сағыныш, соның ішінде туған жерін, балалық бал күні өткен мекенін саналы ғұмырында жүрегіне арқалап, санасына шегелеп өткен шайыр. «Туған жердің қар-мұзы, Аязыңмен жуындыр, Туған жердің бал қызы, Бұрымыңмен буындыр, Туған жердің бұлағы, Толқыныңмен ат мені, Туған жердің жыланы, Шырылдатып шақ мені...» дейді Жәркен жырау. Қандай теңеу, қандай шынайылық.
Ал жоғарыдағы «Ауыл сағынышы» әніне келер болсақ, бұл кездейсоқ бұрқ ете қалған жүрек әмірі тәрізді. Жырдың жазылу тарихына қатысты автордың өз аузынан естіген Сағи Мұсаұлы деген азаматтың айтуына қарағанда, 1990 жылдары Талдықорған өңірінен Шәкен деген кісі Іле Қазақ Автономиялы Районының Тарбағатай аймағына туысшылап барады. Осы сапарында атажұрттан келген жолаушы Толы ауданының тұрғыны Ғизат Сейітқазыұлы деген күйшімен танысады. Ғизекең азғана күн дәмдес болған Шәкенді шекара шебіне дейін жеткізіп салып тұрып, аузын ұқыптап тіккен жұдырықтай түйіншек ұстатады. «Мына сәлемдемені Жәркен Бөдешке табыс ет!».
Сәлемдеме аман-есен иесіне жетеді. Ашып көрсе, бір бума арша мен бір уыс құрт. Ең бастысы туған жердің исі аңқып тұр. Көңілі толқиды, көзде жас... Сөйтіп, апақ-сапақта Жәркеннің көкейіне қазіргі керемет жырдың сұлбасы ұялайды. Екі күннен кейін көкейге сұлбаланған жыр қағазға түседі. Арада бір-екі жыл өткенде Жәркен бұл өлеңді телеэкранға алып шығады. Күркіреп оқиды, ел дүркіреп қол соғады...
Дәл осы сәтті шекараның арғы жағында қазақ теледидарын бұлдыр-салдыр көріп отырған жоғарыдағы Ғизат күйші Жәркен оқыған мәтінді диктофонға жазып ала қояды. Ертеңінде сазгер болуға талаптанып жүрген баласы Думанға тыңдатады. Сергек жігіт бірден: «Әке, мынау әнге сұранып тұрған мәтін ғой», деп іске кіріседі. Сөйтіп, қазіргі таңда көпшілік сүйіп тыңдайтын «Ауыл сағынышы» әні дүниеге келеді.
«Араға талай жыл салып Жәркен Бөдешұлы туған жері Толыға келді. Жерлестері ақынды «Ауыл сағынышы» әнімен қарсы алды. Замандасы күйші Ғизат сағыныш жыршысы Жәркенге арнап «Сарқасқаның сарыны» атты күй шығарып, кездесу кезінде орындады. Сағыныш жырына керемет ән шығарған Думан Ғизатұлына ақын ағасы Жәркен ризашылығын білдіріп, алғыс-батасын жаудырады» деп жазыпты ШҰАР Бұратола автономиялық Моңғол облысы Жың ауданының тұрғыны, әдебиетші-ұстаз Сағидолда Мұсақынұлы атты қандасымыз.