Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Парижден көрген-білгендер

2159
Парижден көрген-білгендер - e-history.kz

(Жалғасы. Басы бар)

Ізетті ілтипат музейді ілгері бастырар

Желтоқсанның 6-жұлдызында таңмен таласып тағы да сабаққа аттандық. Бұл күнгі тақырып негізінен музей қызметкерлері мен қонақтары арасындағы қарым-қатынас туралы болды. Дәрісті Франция Ұлттық ескерткіштер орталығының директоры Бенедикт де Барито (Benedicte de Baritault) ханым өзі жүргізді. Неше күн бойы тек сіркелеп жауған ақ жауыны  мен аспанды торлаған сұр бұлтынан көз ашпаған Парижде жаймашуақтанып күн ашылды. Терезеден күн сәулесі түсіп, онсыз да көркем аумаққа шұғыла шашылып ғажап көрінісі көз тарта берді. Бұл күні талқыға салынып отырған тақырыптың ауқымы біршама кең болатын. Музейге келген қонаққа көрсетілетін ілтипаттан тартып, музей мамандарының біліктілігін, қағылездігін көтеретін әдістердің француздық үлгісін біркісідей-ақ баян етті басшы маман. Сабақ ауқымы кең болғасын да бұл тақырып аясына музейдің тазалығы, қызмет көрсетудегі елгезек қимыл-әрекеттер, экскурссия жұмыстары, заманауи технологиялармен музей ішін жабдықтау, музейдің ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары, көзге тартымдылық пен көңілді жаулаудың жолдары, жарнамалық қызметтер, т.б. жалпы музей ісінің деңгейін көтерудің бұл елдегі тәжірибелері көрсетілді. 

Бұл күні айтылған әңгіменің қызықты тұстары да жетерлік. Дегенмен, қонақжайлылыққа келгенде қазақтың алдында көп ешкім түсе қоймасы белгілі. Әріптестеріміз дәріскер айтқан әрбір мазмұнның біздің елдегі жағдайын да салыстыра келіп, жиі пікір алмастырып отырды. Француздардың музей саласындағы жетістіктеріне қызыға да, қызғана да қарайсыз. Қызығатынымыз – бұл елде жүрген адамдарға қайда, қандай музей бар екенін айтып жатудың қажеті жоқ. Қызғанатымыз – бұл ел секілді керегесі кеңге жайылған өркениет біздің елде де болған. Әттең соны әлем халқына көрсете алмай отырмыз. Соңғы ғасырлардағы кісі қолына өткен егемендіктің тізгінімен бірге қаншама мұрамыздан айырылдық. Міне осы да сәулелі кісінің ашынышты күрсінісін шақырары даусыз. 

Біздің сапарласымыз, Алматыдағы музейлерде көптеген қызмет атқарған маман, Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығының жетекшісі Роза Жүнісқызы тыңдаған дәрістен түйген ойларын былай жеткізді: 

«Байқағаным – Франция мәдениет саласында медиация қатты дамыған екен. Мысалы, әр музейге келген адамдар саны экраннан толық көрініп тұрады. Бұл келушілердің жағдайын ары қарай зерттеуге қолайлылық тудырады. Онан кейін музейлердің көрерменмен жұмыс істеуі де ерекше көрінеді. Көреремендерге болған музей әсерін  анкета арқылы сараптап отыратын дәстүрлі қызмет түрі бар екен.   Орталық директорының айтысына қарағанда, музей қызметкерлері онда келген ата-аналармен, түрлі жастағы балалармен жиі сұхбаттасып, оларды не қызықтырады, не жалықтырады сұрап отырады. Олардың сөздерін естелікке ала отырып, сол негізде келешекте музей дамыту бағдарламасын жасайды. Әрине, біздің қазақ та әңгімешіл халық. Музейге келген қонақтармен әңгімелесіп біраз жерге барып қайтамыз. Бірақ, бұл кісілер әрбір қонақтың пікірін ескеріп, хатқа түсіріп, ғылыми түрде талқыға салып отырады екен. Заман талабы, адамзат қалауына қарай музей қызметтерін де жандандыра береді. Осы секілді жақтардан біздің аларымыз көп. Ал бұл кісілер айтып жатқан теле-арна, радио, газет-журналдар арқылы музейді жиі таныстыру, қонақтарға ілтипат көрсету түрлері Қазақстанға таңсық дүниелер емес. Біздің ел де ешкімнен кем емес. Дегенмен, француздардың жұмысындағы бірізді жүйеге келгенде еріксіз ойланамыз».

Р.Жүнісқызының түйген ойы, айтқан көзқарасы көкейге қонымды деп ойлаймыз. 

Армысың, Эйфель мұнарасы!

Бұл күні кеште Францияның жауһары – Эйфель мұнарасына бардық.

Эйфель мұнарасы (фр. Tour Eiffel) — Париждің ең танымал сәулеттік туындысы. Мұнараны құрастырушы Густав Эйфельдің атымен аталған. Париждің бұл нышаны уақытша ғимарат ретінде 1889 жылғы әлемдік көрменің кіреберіс дарбазасы қызметін атқару үшін жобаланып, салынған болатын.[The Eiffel Tower as a World monument] Манхеттендегі Крайслер салынғанға дейін 40 жыл бойы әлемдегі ең биік мұнара болып саналды.

Teletex Holіday тур фирмасы жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, әлемнің 7 кереметінің ішінде Эйфель мұнарасы екінші орында тұр. Осы уақытқа дейін мұнараның үшінші қабатына 200 млн адам көтерілген. Ол бүгінде Францияның символы ғана болып қоймай, жылына 53 миллион еуро әкелетін үлкен табыс көзіне айналды. Қараңыз, Франция үшін бір ғана мұнара жылына 25 миллиард теңге тауып береді екен. Сапар естелігіміз басталғаннан бері бұл елде туризм қатты дамыған деп отырғанымыздың себебі де осы. Бұл тек бір мұнараның кірісі. Басқа да ескерткіштері мен музейлері ел қазынасының жантамыры. 2007 жылы Эйфель мұнарасының 120 жылдық мерейтойы аталып өткен болатын. 2005 жылы осы мұнараның астына су қатырылып, мұз айдыны жасалды.[«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия]. 

Метродан жер бетіне шыға келіп бірер ғимараттан кейін солға қарағанда асқақ мұнара менмұндалап тұрады екен. Париждің қақ төріне орналасқан сәулетті де асқақ мұнараға саяхатшының бәрі ғашық көрінеді. Иін тірескен қалың адам. Айналасы жүргіншілерге арналған кең алаң екен. Алаң толы әлемнің әр жерінен келген туристер. Эйфельдің биігіндегі қуаты күшті шырақ тоқтаусыз айналып, күллі Париж қаласының маңдайын нұрлы жарықпен сипап тұрады екен. 

Алып мұнара француздардың туындай үшке бөлінген. Алғашында оның бірінші қабатында мейрамханаға қажет бөлмелер, екінші қабатында лифтіні көтеруге арналған су қоймасы мен әйнек галереясындағы мейрамханалар орналасады. Ал үшінші қабатында астрономиялық және метеорологиялық обсерватория және физика кабинеті болған. Оның ең үстіңгі қабатында маяк орналасқан. Оған түскен прожекторлардың жарығы 70 шақырым жерден көрініп тұрады. Мұнара басында физиктер жердің тартылыс күшінің принциптерін зерттеген, теңізшілер уақытты айырған. Оның төбесінен 140 шақырымға дейінгі аймақты шолуға болады. «Эйфельдің жобасы 700 жобаның ішіндегі ең үздігі деп танылып, конкурсты жеңіп алады», – дейді ресми деректер. Осы дерек кім-кімді де ойландырар. Осыдан 124 жыл бұрын француздар әлемге әйгілі бір еңселі құрылыс салуға елдегі күллі сәулетші жобагерлердің бәріне жар салса керек. Сонда 700 жоба келген екен. Иә, осыдан бір ширек ғасыр бұрын бір ғана Францияда әлемді таң қалдыратын мұнараның жобасын сызуға тәуекелдік еткен 700 жобагер (дизаинер) бар деген сөз. Алыстағы бір елдің бір кездегі жетістігін мақтай беру де ыңғайсыз. Дегенмен, Еуропа төсіндегі бұл елдің жаңалыққа деген талпынысы мен ғылым, өнерге деген құштарлығын Эйфельге қарап тұрып-ақ көруге болады. Көріп тұрып еріксіз сауысқанша шықылықтап жібереміз. 

Эйфельдің айналасында тамашалап, естелік суретке түсіп бір сағатқа жуық жүрдік. Жауынды Париждің кешкі салқын да таза ауасын жұтып әлемге әйгілі мұнараның түбінде бірер минут тынығып тұрармыз деп ойладық па?!

Әлемнің әр жерінен келген, Адам атаның әр алуан ұрпақтарының өкілдері Эйфельді тамашалап жүр. Өткен жазбамызда айтқанымыздай, бұл алаңда да сатушылар, қала тәртібін бақылау қызметкерінің көпшілігі ақша жүзді француздар емес, қаралтқым өңді франциялықтар екен. 

Бір сағат өткенде уәделі жерге жиналып, келесі межелі жерге асығыс аттандық. 

«Жеңімпаздар биігіне» шықтық бүгін ...

Эйфельден шығып жіті басып жылжып отырып, «Жеңімпаздар биігіне» (Триумфальной арки) бардық. Парижге келген күннің ертеңінде де бұл киелі алаңға барғанымызды, бірақ, еңселі биікке шыға алмай қайтқанымызды жазғанбыз. Бүгін тағы келдік. Мұнда да иін тірескен адам. Біздің алдымыздан Қазақстанның Франциядағы елшілігінің қызметкерлері қарсы алды. Елшілігіміздің ғылыми жобалар бойынша жауапты өкілі Әсел Ноғайбаева бірнеше әріптестерімен бізді күтіп тұр екен. Сапарлас ұжыммен танысып, шүйіркелесіп қалдық. 

Бұл жерден біз франциялықтардың отаншылдығына куә болдық. Аталған биік ескерткіштің түбінде құрбандарға арналған мәңгілік алау бар. Сол алаудың жанына жиналып, Францияның қорғаныс саласының қызметкерлері, әскерлері қаһармандар рухына тағзым жасап жатыр екен. 1923 жылдан бері бір күн де құрғатпай, әр кеште соғыс құрбандарын еске алу параты болады екен. Қатар тізілген әскерлердің жасы да, жасамысы да, ардагер қарттар да Франция туын тік ұстап, маршты әндерін әуелетіп бір сағатқа жуық іс-шара өткізеді. Француздардың осы салты келушілерді таң-тамаша етті. Әр жылы, әр айда емес, әр күні кеште. Жол бастаушылар қандайда бір жағдайлар оның өтуіне оралғы бола алмайды деп түсіндірді.  

Іс-шара аяқталғанша алысырақ жерде топталып күттік. Аздан соң бізді Жеңімпаздар биігіне шығарды. Бұл биікке шығарардан бұрын әр жолаушыны күзет қызметкерлері қадағалап тексереді екен. Лифтімен көтерілдік.  

217 жыл бұрын іргетасы қаланған бұл еңселі құрылыс туралы өткен жазбамызда да сөз еттік. Екі ғасырдан астам француз жұртының жеңісі мен жеңілісінің, күйініші мен сүйінішінің куәшісі болып түрған бұл ғимарат та есті кісінің таңданысын тудыратын алып өнер жемісі. Үстіне шыға салысымен Жеңімпаздар рухына арналған құрылыстың тарихын таныстыратын кең-мол алаңқайды аралауға болады. Бірнеше тарихи жәдігерлер, естелік бұйымдар дүкені орналасқан. Қабырғаларға үлкен экран орнатылып, сол экраннан бұл ғажап құрылыстың басып өткен тарихын бейнелеп қойыпты. Адамзаттың ақыл-ойының, күш-қуатының, рух-жігерінің алмайтын шыңы жоқ екен-ау деген ой түйдік.  Әлемнің көптеген кереметтерінің бірі деп айтуға болатын секілді. 

Ескерткіш қызметкерлері бізге бұл алып жәдігердің тарихын тәптештеп түсіндірді. Жарты сағаттай аялдап, онан да жоғары баспалдақпен көтеріліп, Жеңімпаздар биігінің төбесіне шықтық. Алты қабаттық үйлер де бұл құрылыстың үстінен қарағанда тым төменде қалады екен. Ғасырлар бұрын салынғанына қарамастан, қазір де қаланың ең алып та асқақ есігі осы ескерткіш болып тұр. Ескерткіш төбесін айналып күллі Парижді тамашалауға болады. Парижді төбесінен түнде көру де бір ғанибет.

Бұл күні оқыған сабақтан да мол тағылым алсақ, Францияның әйгілі екі ескерткішін бір кеште көріп, сан алуан ой түйіп, рухани жақтан күш алып қайттық. Тоғыз жолдың торабында тұрған Жеңімпаздар биігінің маңы да сондай көркем. Франциялықтар қаланың өзге құрылысын, әсіресе, бұл бағалы ескерткіш маңында бірде-бір ғимаратты бойталастырып мұндай биік салмаған. Ел қорғаны болған оғландарына арналған ескерткіш бәрінен асқақ болсын дегені де. 

Ескерткішке келіп қосылатын сан тарам көшелердің бойындағы ең сәулетті ғимараттардың бірінде еліміздің Көк байрағы желбіреп тұр. Қазақстан елшілігі. Шалғай елде сапарда жүргенде желбіреп тұрған Көк туымыз қарсы алып тұрса, қандай қазақ баласы қуанбасын. Иә, Ту – тәуелсіздіктің бір белгісі!  

Әділет Ахметұлы, алаштанушы

Суреттер автордікі.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?