Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Өмірбек Қанай: Ғылымның көсегесін көгерте алмай келеміз

2257
Өмірбек Қанай: Ғылымның көсегесін көгерте алмай келеміз - e-history.kz

Әмбебап білімді болу, көп тіл білу – қазіргі заман талабы. Дәуірдің алға тартқан осынау ауыр сынынан сүрінбей өтіп, бірнеше тіл біліп, ғылымның да бірнеше саласын меңгеріп, Қазақ ғылымына үздік үлес қосып келе жатқан жас ғалымдар қатары өсіп келеді. Өрге шапса өршеленер шын жүйріктей бірнеше ғылым саласында еңбектеніп жүрген тарихшы, аудармашы, жас ғалым Өмірбек Қанайдан алаштанушы Әділет Ахметұлының алған сұхбатын оқырман назарына ұсынамыз. 

– Өмеке, ғылыми жұмысыңыздағы соңғы жаңалық ретінде өзіңіз аударып,  жақында ғана тұсауы кесілген Ибраһим Калынның көлемді кітабынан бастасақ. Бұл кітаптың артықшылығы неде?

– Түркияның көрнекті мемлекет қайраткері, дипломат, дінтанушы ғалым, профессор, доктор Ибраһим Калынның «Мен, Өзге және Өзгесі: Ислам-Батыс қарым-қатынасының тарихына шолу» атты кітабы аты айтып тұрғандай, автор Ислам әлемі мен Батыс әлемі арасындағы өзара қарым-қатынастың ұзақ та күрделі, қатпары қалың, қалтарысы көп тарихын  зерделеуді мақсат еткен ғылыми еңбек. Мұнда автор Ислам мен Батыс тарихын бөліп-жарып қарастырмастан, исламдық және батыстық өркениеттің бір-бірімен байланыста болған тұстары мен кезеңдеріне тереңдей үңіліп, олардың бір-біріне жанамалай әсерінен гөрі, өзара ықпалдасу үдерісінің өткені мен бүгінгі мән-мағынасын көкейге қонымды түрде сипаттайды. Бұл тұрғыда автор Ислам әлемі мен Батыс әлемі арасындағы қарым-қатынас пен ықпалдастықты талқылай келе, кітапта бастан-ақыр «мен» және «өзге» диалектикасын арқау ете отырып ой өрбітеді. Осылайша екі түрлі қоғамның «мен» және «өзге» туралы таным-түсініктерін мұқият қарастырып, екі тараптың да «мендік» түсінігі мен «өзгелік» танымының психикалық, саяси, мәдени және эстетикалық жақтарын егжей-тегжейлі баяндайды. Екі түрлі дүниетаным мен оны ұстанатын халықтардың аталмыш тұжырым мен таным арқылы бір-бірімен қандай қарым-қатынас орнатқанын, олардың қай мәселеде келісіп, қай мәселеде келісе алмағанын, бір-бірінен не алып, не бергендерін зерттеуге тырысады. Соғыс пен бейбітшілік заманда, достық пен дұшпандық қарым-қатынаста, қақтығыс пен қатар өмір сүру кезеңіндегі «өзін» тану мен «өзгені» танудың атқаратын рөліне талдау жасап, Ислам мен Батыс қоғамының «мендік» түсінігі мен «өзгелік» танымы өткеннен болашаққа дейінгі осы үдерістердің арқауында болып келгенін, бола да беретінін алға тартады. Нақтап айтқанда, Ислам әлемі мен Батыс әлемі арасындағы саяси, дипломатиялық, мәдени, әлеуметтік және әскери қарым-қатынастың ұзақ тарихын арқау еткен бұл кітап тарихтан әдебиетке, мәдениеттен өнерге, діннен пәлсапаға, саясаттан дипломатияға дейінгі бірқатар салаға түрен салған еңбек болуымен құнды. Ал, Ибраһим Калын мырзаның әлемнің бірқатар озық университеттерінен білім алған, ағылшын, француз, араб, парсы тілдерін жетік меңгерген ғалымдығымен қатар, жоғары дәрежелі мемлекеттік қызметтерде істеп келе жатқанын ескерсек, автордың бұл еңбегі белгілі деңгейде түрік элитасының Ислам мен Батыс қарым-қатынасының өткені мен бүгіні, тіпті болашағы туралы көзқарасын көрсетеді. Сондықтан түрік бауырларымыздың аталмыш кітапты қазақ тіліне аудару туралы ұсынысын қабыл алып, қазақ оқырмандарына қалпын бұзбай жеткізуге күш салдық.

– Өмеке, неше тіл білесіз? Аударманың қандай ләззәті болады?

«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген ата-бабаларымыздан жеткен асыл сөз бар ғой. «Болмасаң да, ұқсап бақ» деп, азды-көпті бес тілді місе тұтқан жайым бар. 

Ал, аудармаға келсек, ол да шығармашылықтың бір түрі дер едім. Мейлі ғылыми аударма болсын, мейлі әдеби аударма болсын, әсіресе, автордың жеткізбекші болған ойы мен пікірін дәп басып түсініп, түпнұсқа мәтіннің тілі мен көркемдігін сақтай отырып, тағы бір тілде оқырманға қалпын бұзбай, сүрлеуінен жазбай жеткізу қажырлы еңбекті, талғампаз жасампаздықты қажет етеді. Кейде бір сөзге немесе бір сөйлемге балама таппай, айналсоқтап тұрып қалатын кездер болады. Сондай бір шиырдан ұрымтал жол тауып шыққанда бір жадырап қаласың. Айлап, жылдап жасаған аудармаң оқырманға ұнап жатса, одан артық қуаныш бар ма!? 

– Шынжаңдағы Құтыбиде туып-өсіп, Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінде білім алдыңыз. Әрі қарай Германияға кетіп, бірнеше елде білім сапарында болып, Алматыға оралдыңыз. Өзіңіз тапжылмай қызмет істеп отырған Еуразия ғылыми-зерттеу институты туралы, өзіңіздің ғылыми еңбектеріңіз туралы айтыңызшы.

– Өзің айтқандай, шетте оқыған-тоқығанымды өз елімнің игілігіне жаратсам деген арманмен 2013 жылы Атажұртқа оралдым. Бірнеше жыл Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында істегеннен кейін, 2016 жылы мамырдан бастап Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Алматыдағы Еуразия ғылыми-зерттеу институтында жұмыс атқарып жатырмын. 

Еуразия ғылыми-зерттеу институты – жалпы Еуразия аймағына, жүйеден түркі тілдес мемлекеттер мен халықтарға қатысты тың зерттеулер жүргізуді мақсат еткен ғылыми орталық. Институт құрылғаннан бері аталмыш аймаққа қатысты экономика, қаржы, энергетика, халықаралық қатынастар, қауіпсіздік, көлік, технология, білім беру, өнер, тіл білімі, дін, философия, әлеуметтану, саясат, тарих, археология және экология салалары бойынша түрлі деңгейде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде ғылыми еңбектер жариялап келеді.

Институттың міндеттері мен ғылыми жұмыстары аясында Қазақстан тарихы мен мәдениеті, түркі әлемі, Шыңжаңның өткені мен бүгіні, Орталық Азия-Қытай қарым-қатынасы, т.б. тақырыптар бойынша түрлі ғылыми мақала мен сараптама жазып, жариялаймын. Осындай күнделікті зерттеу жұмыстарынан тыс, әріптестеріммен бірлікте бірқатар кешенді зерттеу жұмыстарын да атқардық. 

Атап айтқанда, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ағылшын тілінде «The Wisdom of the Great Steppe» және екі томдық «Абай Құнанбайұлы: сипаттамалы библиографиялық көрсеткіш» кітаптарын баспадан шығардық. Ағылшын тілінде Түркияның астанасы Анкара қаласында жарық көрген «The Wisdom of the Great Steppe – Abai Kunanbaiuly» ұжымдық монография шетелдік қауымға қазақтың бас ақыны Абай мен оның мұрасын жан-жақты танытуды мақсат еткен ғылыми басылым. Кітапта отандық және шетелдік абайтанушы ғалымдардың ұлы ойшыл ақынның заманы мен өмірі, әулеті мен әдеби айналасы, ұлт зиялыларына ықпалы, шығармашылық мұрасы мен әдеби мектебі, шығармаларының қолжазбасы мен тілдік ерекшелігі, діни көзқарасы мен тарихи дүниетанымы, философиясы мен данышпандығы, абайтану саласындағы өзге де өзекті мәселелер қамтылды. Ал, екі томдық «Абай Құнанбайұлы: сипаттамалы библиографиялық көрсеткіші» 1889 жылы баспасөзде Абай туралы шыққан алғашқы мақаладан бастап 175 жылдық мерейтойы өткен 2020 жылға дейінгі барлық жарияланымдарды қамтыды. Аталмыш библиографиялық көрсеткішке Абай шығармалары мен абайтану саласындағы кітаптар, монографиялар, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар, библиографиялық материалдар, диссертациялар (кандидаттық, докторлық және PhD), газет-журнал мақалалары мен тағы басқа да жарияланымдарды қамтыған жалпы 12 мыңнан астам дерек енгізілді. Бірінші томда қазақ және шет тілдеріндегі Абай шығармалары мен абайтану бойынша 1069 басылымға сипаттама жазылды. Соның ішінде, Абайдың өмірі мен шығармашылығы, өнер түрлеріндегі көркемдік бейнесі, абайтану саласының қалыптасуы мен дамуына, зерттелу деңгейі қатысты түрлі салада қорғалған 105 кандидаттық, докторлық және PhD диссертацияның сипаттамасы берілді. Екінші томға отандық және шетел газет-журналдар мен ғылыми конференция материалдарында Абай және абайтануға қатысты түрлі тақырыптарда жарық көрген 10600-ден астам мақаланың, сондай-ақ, «Абай жолы» роман-эпопеясының барлық тілдердегі тізімі кірді.

2022 жылы институттағы әріптестеріммен бірлікте дайындаған «Tarihi İpek Yolunun Yeniden Canlandırılmasında ORTA KORİDOR: Mevcut Durum-Potansiyel-Güncel Meseleler» (Тарихи Жібек жолын жаңғырту тұрғысына Транскаспий халықаралық көлік дәлізі: ағымдағы жағдайы, әлеуеті және өзекті мәселелер) атты ғылыми сараптамалық еңбегіміз Түркияда жарық көрді. Еңбекте Түркі мемлекеттер ұйымы тарапынан қабылданған «Түркі әлемінің келешегі - 2040» стратегиялық құжатына сәйкес, тарихи Жібек жолын жаңғырту тұрғысына Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жан-жақты қарастырылды. Бұл бағытта Транскаспий дәлізінің ағымдағы жағдайы мен әлеуетін ашып көрсету арқылы түркі мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық және халықаралық жүк тасымалы саласындағы ынтымақтастық мүмкіндігін одан әрі дамыту тұрғысынан болашаққа бағытталған ұсыныстар айтылды.

2023 жылы түркиялық ғалымдармен бірге Түркияда «Orta Asya ve Uzak Asya» (Орталық Азия және Қиыр Шығыс) атты ұжымдық монографиямыз баспадан шықты. Аталмыш кітапта құбылмалы жаһандық геосаяси және геоэкономикалық өзгерістер аясында Орталық Азия мен Қиыр Шығыс елдерінің түрлі салалардағы қарым-қатынасы қарастырылды. Бұл тұрғыда Орталық Азия елдерінің Қиыр Шығыс елдерімен қарым-қатынасы тек энергетика саласымен ғана шектеліп қалмай, жаңа инновациялық технологияларға да бағыттала бастағаны ашып көрсетілді. 

– Жоғарыда аталған аударма еңбекте ғалымның ғылыми еңбегінің соңындағы өлеңді қазақ поэзиясындай төгілте аударыпсыз. Автор да ақын, сіз де ақынсыз ба өзі?

– Кітапты аудармас бұрын автордың өмірбаянын бір сүзіп шыққан едім. Сүйтсем, Ибраһим Калын мырза саясаткер, дипломат, ғалым ғана емес, ақындығы мен сазгерлігі ұштасқан өнер иесі де екен. Бірқатар өлеңдерімен қатар, сөзі мен сазын өзі жазған «Seni mene vermez ise» (Сені маған бермесе), «Sen Benimsin Ben Seninim» (Сен мендіксің, мен сендік) және «Elif Bacı» (Елиф қарындас) қатарлы бірнеше авторлық әндері бар. Өзі де саз шалып, дәстүрлі әндерді орындайды. Алайда, тілге тиек болып отырған кітапта автордың өз өлеңі кездеспейді. Тек Ислам-Батыс қарым-қатынасының белгілі бір тұстарын айшықтайтын өлеңдер мен тарихи жырлардан үзінді келтіріпті. Ондай жыр жолдарын мен де өз әлімше өлеңмен аудардым, бағасын оқырман қауым бере жатар. Мысалы, кітапта британдық ақын және әдебиет бойынша тұңғыш Нобель сыйлығының иегері Рудярд Киплиңнің (1865-1936) Батыс әлемінде Шығыс туралы қалыптасқан негізгі танымның бір қырын көрсететін өлеңінен үзінді берілген, соны қазақша тігісін жатқызуға тырыстым:

Шығыс – шығыс, батыс – батыс әрқашан,

бұл екеуі тоғыспайды ешқашан. 

Бұл екеуі жер мен көктей басқаша,

Тәңір өзі дәргейінде қоспаса. 

Кітаптың соңында XIII ғасырдағы андалусиялық ақын Әбу әл-Бака Салих әр-Рундидің (1204-1285) «Феряднаме» атты ұзақ жоқтау өлеңі бар: 

Шыққан түсер, тұрған құлар, әр нәрсенің соңы бар,

Мал-мүлікке, атақ-шенге адам неге құнығар?

 

Не бар болған қалпын сақтап, өзгермейтін ешқандай, 

Өзгересің бір күн нұрлы, бір күн бұлтты аспандай.

 

Дүние кімнен қалмаған, сенен дағы қалады,

Жер бетінің өлмейтұғын еш нәрсесі жоқ әлі.

 

Уақыт қатал, өлшеулі, оралмайды керіге,

Қайта келер ақша, байлық, сауыт-сайман бәрі де!

 

Уақытқа төтеп бермес темір қылыш, тас шаһар,

Қын да тозар, дауал құлар, болатты да тот басар.

Сұңқар көзді, қыран қабақ батырды да оқ тосар!

 

– Қазақтың зиялы азаматы ретінде сізді не толғандырады?

– Көсіліп айтып көсемсігім келмейді, бірақ ашынып айтар сөз де көп. Ешкім ешнеден арсынбас, ғалымы пен залымы да дәм-тұздас болған, ұлығы пен ұрысы сыбайлас, кәрісі мен жасы құмарлас болған, діні дүдәмал дүмше көбейген, ата дәстүрін бүркемелеген, рухани кедейлігі мен әуейілігі басым бір кезеңге дүп келген қазақтың болашаққа көшін кім түзейді? Не дүзейді? Әрине, тек ғылым! Бірақ сол ғылымның көсегесін көгерте алмай келеміз. Бұл салада да басы таудай, аяғы қылдай бастама көп, баяны жоқ. Ғылыми конференцияларды да әлеулетіп, жалаулатып тойға айналдырып жібереміз. Нағыз мамандардың тапшылығы, ал жұмыс істейін деген мамандардың қағазбастылығы өз алдына бір мәселе. 

– Әңгімеңізге рахмет, биік шығармашылық белес, ғылыми табыстар тілеймін!

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?