Қазақ байларын тәркілеу науқаны қарқынды жүрген 1927-1928 жылдары Мұқан Абрахманов және басқа да жастар топ құрып, советтік биліктің асыра сілтеу саясатына қарсы тұрды. Олардың қазақ байларына қарсы қолданып отырған мал-мүлкін тартып алу, жер аудару науқандарының қателігі жөнінде Семей студент жастары арасында насихат жұмыстарын жүргізді.
Мұқан Абдрахманов 1901 жылы Қарағанды облысы бұрынғы Қарқаралы округі Қу ауданының 3-ауылында дүниеге келген. Атақты бай-кәсіпкер, Қоянды жәрмеңкесін ұйымдастырушылардың бірі, ағартушы-меценат, алаш қозғалысының көрнекті өкілі Хасен Ақайұлының жиені. Белгілі ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы да анасы жағынан туыс болып келеді. Арғы аталары Ақмола губерниясын мекен еткен текті әулеттен. Атасы Кенесары батырдың досы, өзі де батыр болған кісі. Ол Қу ауданынындағы қазақ байының қызына үйленіп, сол жерде тұрақтап қалған.
Мұқан – орта білімді, коммунистік партия қатарында болмаған адам. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақ мемлекеттік банкінде экономист болып қызмет еткен, үйленген. Голощекиндік-сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдары жауапқа тартылып, қызметтен босатылған. Тергеу ісі басталғанда Алматы қаласы Ыстықкөл көшесі 14 үйде тұрған. Қылмыстық кодекстің 58-10 бабымен (антисоветтік үгіт-насихат) айыпталып, жауапқа тартылған.
Тарихи деректерде Мұқанның өз әкесі де ауқатты, елге сыйлы адам болғаны, әкесінің барлық малын революциядан кейінгі алғашқы бөлініс жылдары, ет дайындау және салық салу кезінде большевиктер тартып алғаны айтылады. Мұқанның өзі де ата-анасының большевиктерден көрген қысымы мен қорлық, зорлығы туралы:
«Менің әке-шешем бай болғанымен, олардың барлық малдарын алғашқы бөлініс (1919-1920, 1921), ет дайындау (1926-1929) және салық салу кезінде билік иемденген. Биліктің барлық әрекеттері менің оған деген өшпенділігімді тудырды, мен оны жек көре бастадым. Неге екені белгісіз, билікке деген ашуым әлі де бар» [1, 210 п.] деп жазған.
Мұқан Абдрахманов нағашысы Ақайдың Хасенінің қолында, оның Ангел, Сәлім, Әли деген ұлдарымен тай-құлындай қатар өскен. Хасен – өзінің жетім қалған немере інісі Лев Мұрыновты да қамқорлығына алып, оның білім алуына мүмкіндік жасаған адам. Сарыарқа даласына өнер-білім таратып, қазақ руханиятын көтеруге үлкен үлесін қосқан белгілі қазақ байы Хасен Ақайұлы туралы жазылған зерттеулер, тарихи деректер бар, десе де бізге белгілі кейбір тың деректерді оқырманмен бөліскенді жөн көрдік.
Жоғарыда айтқанымыздай Хасен Ақайұлы Алаш қайраткерлерімен пікірлес, көзі ашық, көкірегі ояу, іскер азамат болған. «Сұңқар жемін шашып жейді» демекші, ол өзінің байлығын азаттық жолында күрескен Алаш қайраткерлерінің қажетіне жаратып, өзі де азаттық қозғалысына белсене араласқан адам. ХХ ғасыр басында Қарқаралы уезінің Желтау деген жерінде көшпелі мал шаруашылығын егіншілікпен ұштастырып, отырықшы өмір салтын қалыптастыра бастаған кезінде, патшалық билік Хасенді шаруашылығымен қоса орналасқан жерінен қуып шығады. Сөйтіп ол жерге «Заводской» деген атпен келімсектердің поселкасын ашады.
Орыс отаршылдарына тәуелді болмай, ел ішінде кәсіп ашып, экономикалық еркіндікке жетуді мақсат еткен Хасен Ақайұлы «Қазақ» газетіне хат жазып, кеңес сұрайды. Ол өз хатында:
«Кәсібім қазақша мал бағу, азырақ сауда қылу, азырақ егін егу еді. Бұл күнде малдан басқа кәсіптерімнің бәрін бір ғана кәсіпке аударғым келіп тұр. Қу тауының өлкесінде атақоныс көлім бар. Сол көлдің басына салған қыстау, қора-қопсы мүлкім бар. Осы көл басынан былғары заводын һәм тері илету кәсібін бастағым келеді. ...Қазақтар терілерін арзанға сатып, қымбатқа қайта өзі сатып алады. Ел ортасында істеген былғары һәм басқа терілер нағыз басқа жерге барып істеліп келгендей қымбатқа түспес еді. ...Бұл істі жүргізу үшін қандай завод жабдығы, құрал-саймандар керек болса, алдырар едім. Менің мұқтаж болып тұрғаным, осы істі істеп жүргізуге керек білім. Сондықтан мұнан істің ғылымын оқыған яки оқып жүрген бауырларымнан өтінемін: бұған не нәрселер керектігі, не шамаға түсетінін газета арқылы, хат арқылы ұғындырып, қысқалап смета көрсетіп түсіндіруі» [2, Б. 149] деп жазған.
Қарқаралы уезінің Қу тауын мекен еткен Хасен Ақайұлының хатына орай Әлихан Бөкейхан: «Завод ісі жұрттың жалпы шебер, көнбіс, ұста болуына байлаулы. Қазақ білетін атақты Зингер киім машинасы Америкадан келеді. Мұны біздің Россияда істеуге қызмет атқаратын жұрт шеберлігі кем. Завод ісі мәдениет дәрежесіне байлаулы. Біздің қазақ анық білетін саудаға келелік. Сауда өнері де мәдениет дәрежесіне құл. Мәдениеті кем жұртта саудалық алдау, ұрлықтан қылдай жіңішке болып айрылады. 50-60 жыл бұрын біздің қазақ жерінде бір шай бір ат, бір түйе болған. Мұның ұрлықтан артық-кемі қанша. Орыс көпесі шығарған бір мақал бар: «Алдамасаң, сатпайсың!» Бұл мақалға біздің қазақ саудагері де құл. ...Біздің Россияда мәдениеті төмен. Жақсы нәрсе шығаратын завод, фабрика жоқ. Істеген ісі сарт шегесі, сарт бөзі сияқты. Жақсы киім, жақсы нәрсе ұстайтын адам бұларды Англия, Бельгия, Франция, Германиядан алғызады. Бұлардың саудасында ұрлық, істерінде қаяу жоқ» [2, Б. 187-190] деп, елдегі ғана емес, әлемдік экономикалық ахуалға салыстырмалы талдау жасай келіп, тері илеу үшін не қажет, біздің елдің жағдайында бұл істі алып кету мүмкін бе деген сауалдарға кең көлемді жауап жазған. Хасенге оның қолынан келетін, өзіне де, жұртқа да пайдалы іс ‒ мал шаруашылығын өркендету екенін айтып, кеңес берген.
Өкінішке қарай қылышынан қан тамған советтік тоталитарлық жүйе ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясын түгелдей дерлік қынадай қырғаны белгілі, солардың арасында 1928 жылғы бай-кулактарды тәркілеу науқаны кезінде жасы 70-тен асқан Хасен Ақаевтың мал-мүлкі тәркіленіп (16 және 58-баптардың 11 және 13-тармақтар бойынша айыпталған), ұлдары Ангел Хасенұлы (16 жаста) Сәлім Хасенұлы Ақаевтар (14 жаста) Қарқаралы тоғыз жылдық мектебінің 7 сыныбынан, Әли Хасенұлы Ақаев (12 жаста) 2 сыныбынан байдың баласы ретінде, немере інісі Төкен Мағатұлы Ақаев (15 жаста) аталған мектептің 7 сыныбынан байдың немере інісі ретінде оқудан шығарылды. Х. Ақайұлы ата-анасы дүние салып, тұл жетім қалған немере інісі Лев Мұрыновты да қамқорлығына алғанын жоғарыда айтқан болатынбыз, алайда оның қамқоршысы ретінде ресми құжат беруден ресми органдар бас тартты. Қазақстан және онымен шекаралас Омбы, Троицск, Орынбор, Орта Азия, Ташкент, сондай-ақ Мәскеу, Ленинград, Киев, Харьков, Ростов қалаларынан өзге қалаларға өзінің қалауы бойынша тұруға рұқсат етілгендіктен, ол отбасының 14 мүшесімен Уфа қаласына баруды ұйғарды. Хасен Ақайұлының 1929 жылдың 3 сәуірінде бүкілресейлік староста М.И. Калининге жазған 4 беттен тұратын шағымында:
«Мен өмір сүру үшін Башқұрт АССР-ның Уфа қаласын таңдадым, бірақ мен күнкөріс құралдарынан айырылған, жасым егде тартқан өзімнің және 14 адамнан тұратын отбасымның, Қазақстаннан алыс жерде аштық пен өлім құрасуында қалғанын елестетемін» [3, 84 п.] деп, Қазақстанмен шекаралас аймақтардың біріне орналастыруын өтінді.
Алматы, Семей, Қарқаралы, Томск және басқа да архивтерде, ХХ ғасыр басындағы «Қазақ» т.б. басқа мерзімді басылымдарда Хасен Ақайұлы мен оның ұрпақтарына, Алаш қайраткерлерімен қарым-қатынасына қатысты деректерді зерттеп, ғылыми айналымға қосу алдағы уақыт еншісінде.
Хасен Ақайұлы 1925 жылы Семей қаласында орналасқан Педтехникумның директоры, алаш арысы Әбікей Сәтбаевқа хат жазып, жиені Мұқанды оқуға аттандырады. М. Абдрахманов Педтехникумға оқуға түсіп, оқуда жүрген жылдары Ә. Сәтбаевтың кеңесімен комсомол қатарына өтеді. Бұл жылдары большевиктік билік толық орныққан кезең болатын. Сондықтан Алаш идеясын жастар арасына таратып, оларды ұлттық рухта тәрбиелеудің жолы – ресми билік органдары құрған ұйымдарға кіріп, жұмысты жалғастыру еді. Сондықтан Әбікей Сәтбаев та жастардың комсомол қатарына өтуіне ықпал етті. Мақсат – Алаш идеясын жастар арасына тарату және олардан отаншыл азаматтар дайындау еді. Педтехникум комсомолдары Абдрахманов, Мусин, Бегалиев, Ұзақов және басқалар жастар жиындарын өткізер алдында Ә. Сәтбаевқа барып, ақыл-кеңес сұрап, жұмыс бағытын анықтап алып отырды.
Алашордашыларды жауапты қызметтен алу, оқу-ағарту жұмыстарына араластырмау, оларға қарсы қуғын-сүргін ерекше қарқын алған 1927 жылы Әбікей Сәтбаев Педтехникум директорлығынан босатылды.
Семей жастары өз жұмыстарын жалғастыра берді. Бұл жылдары қазақ балаларының мектеппен, қажетті оқулық құралдарымен қамтылуы аса күрделі мәселе болатын. Семей жастары Губерниялық атқару комитетіне, Губерниялық халық ағарту мекемелерінен жастарды оқуға орналастыруды талап етті. Демонстрация жасап, Губерниялық атқару комитетінің (пред. Губисполкома) төрағасы Досовқа, Губерниялық халық ағарту мекемесінің (зав ГубОНО) басшысы Сейдалинге, Губерниялық халық ағарту мекемесінің (зав. отделом ГубОНО) бөлім басшысы Әміржан Сыдықовқа өз талап-тілектерін білдірді. Бұл істің басы-қасында Мұқан Абдрахманов та болды.
Қазақ байларын тәркілеу науқаны қарқынды жүрген 1927-1928 жылдары Мұқан Абрахманов және басқа да жастар топ құрып, советтік биліктің асыра сілтеу саясатына қарсы тұрды. Олардың қазақ байларына қарсы қолданып отырған мал-мүлкін тартып алу, жер аудару науқандарының қателігі жөнінде Семей студент жастары арасында насихат жұмыстарын жүргізді.
Губком[1], Горком және басқа да совет кеңес мекемелерінен келген белсенді коммунистер Семей жастары тобын контрреволюциялық-ұлтшыл деп атап, жастарды «сәтбаевшылдыққа»[2] айыптады. Абдрахманов Мұқан, Мусин Төлеужан, Бегалиев Сапарғалиды техникумнан және комсомол қатарынан шығару туралы қаулы қабылданды.
Педтехникум директорлығынан босатылса да жастар арасындағы жұмысын жалғастыра берген Әбікей Сәтбаев Семей жастары көтеріп отырған мәселенің дұрыстығын, Қазақстандағы бай-құлақтарды тәркілеу кезіндегі заңсыздықтарды Мәскеуге дейін жеткізу керектігін айтып, ара түсті. Әбікей Сәтбаев шалғайда орналасқан Қазақстанда болып жатқан саяси-экономикалық науқандардың олқылықтарын, жастардың жазықсыз оқудан, комсомол қатарынан шығарылуы туралы өз аузымен айтып, екі өтініш жазғызды. Өтініштерді Мәскеуге апарып, тиісті адамдарға тапсыру Мұқан Абдрахмановқа жүктелді. Мұқан Мәскеуге барып өтініштерді М.С. Калининнің қолына табыстады. Дәл сол кезде Киселев бастаған арнайы коммисия жасақталып, Қазақстанға жүргелі тұр екен. М.С. Калинин ол өтініштер туралы комиссия басшысына арнайы тапсырма беріп, өлкедегі ахуалды реттеуді бұйырды.
1929 жылы М. Абдрахманов Шыңғыстау ауданына мұғалімдікке жіберіледі. Ол 1930 жылдың жазына дейін атақты бай Медеу Оразбайұлының[3] ауылында тұрды. Ол мұнда Медеу Оразбай, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы және басқа да Шыңғыстау елінің зиялыларымен жиі кездесіп, елдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік ахуал жайлы өзара ой-пікір бөлісіп отырады.
Ол Шыңғыстауда атақты Ике Әділұлымен танысты. Бір күні түнде М. Оразбайдың үйіне Ике келеді. Ол кезде Мұқан ұйқыда жатса керек, Медеу ұйықтап жатқан Мұқанды оятып, Икемен таныстырады. Ике таңға дейін Медеудің үйінде болып, ертемен жолға шығады. Бұл – Ике Әділұлының Шыңғыстауда жасырынып жүрген кезі болатын. Ел іші мазасыз, халық толқу үстінде: «тобықтының ержүрек халқы малын тартып алып, тәркілеуді жалғастыра берсе, совет өкіметіне қарсы шығады» [1, 210 п] деген сөз жиі естілетін. Айтқандай болды. 1931 жылдың басында Медеу Оразбай, Санияз Медеуұлы, Оспан Бегімбетұлы қатысқан Шыңғыстау көтерілісі басталды.
Мұқан Абдрахманов 1930 жылдың күзінде Алматыға келіп, оқуға түсті. Алайда, анасы мен бауыры және ауыл-аймақ ашығып жатқаны жөнінде хат-хабар алып, 1932 жылы оның елге қайтуына тура келген. Аштық пен аурудан туған анасы мен қарындасы Семейде қайтыс болып, қайғы-қасірет шегеді.
Семейде ОблЗУ-ға, Комвузға өтініш жазып, оқытушылық жұмысқа тұрады. Онда ол Қадаубаев Қадыр, Омаров Жұмағали, Шақабаев Ділдаш, Қалиақпаров деген оқытушылармен танысып, оларға совет билігінің жүргізіп отырған саясатының дұрыс еместігін ашық айта бастайды. Жоғарыда аттары аталған азаматтардың барлығы дерлік партия мүшесі болғандықтан, өз пікірлерін алғашында ашық білдірмегенімен, уақыт өте келе елдегі ауыр ахуалға алаңдап, батыл қимылдай бастағаны байқалады. Экономикалық күйзеліс пен аштықтан әбден қалжырап, қажыған халықты аман сақтап қалу мақсатында Семей интеллигенциясы әр түрлі шараларға да барған. Соның бірі – Ораз Исаевтың Семейге келген кезіндегі Семей интеллигенциясының толқуы. Олар: «Қазақ халқының өліміне Исаев пен Голощекин ғана емес, Сталин де кінәлі, соңғы екеуі қазақты аямайды. Қазақ Исаев мансап үшін қазақ халқын құрбан етеді, сондықтан Исаевты өлтіру керек» дейді. Әсіресе Шақабаев Ділдаш батыл қимылдап, О. Исаевты үш күн аңдыған, алайда оған қарсы әрекет етудің қолайлы сәті келмеген.
Облыстық сот төрағасы Даутов, облыстық сот төрағасы орынбасары Сүлейменов, облыстық қаржы бөлімінің (ОлбФО) басшысы Жұмағалиев және Шақабаев Ділдаш, Имамбаев Шаймерден, Қадауов Қадыр, Біржанов Бастами, Ибраев Басар (Ізбасар) және басқалар жиналыстарда партия мен совет билігін ашық сынға алып: «қазақ иттей қырылып жатыр, құрып кетуге партия мен үкіметтің өзі жағдай жасап отыр» деп ашық қарсы тұрған. Орталықтан келген жауапты қызметкерлерді «қазақты құрту үшін Голощекиннің жіберген елшісі» [1, 276 п] деп қабылдаған.
Арон Александрович Сольц[4] Семейге келгенде Қазақстанда орын алған сүреңсіз оқиғалар туралы Қ. Қадауов, Д. Шақабаев және басқалар «қазақ халқының тарихында мұндай шыбындай қырылған апат болмаған» [1, 276 п] деп, елдегі аштық апаты туралы ашық айтып, шара қолдануды сұраған.
Қазақстандағы аграрлық қайта құрулардың салдарынан миллиондаған адамның өмірі қиылып, халық қасірет шегіп жатқанда бірінші басшы Ф. Голощекин қазақ интеллигенциясын ұлтшыл, топшыл, оңшыл, т.б. деп айыптап, көтеріліске қатысқан адамдардың соңынан түсіп қуғындаумен болды. Мәскеу Қазақстандағы ахуалға назар аударған кезде қазақ халқының жартысы аштықтан қырылып, шет ел асып, ауыр азаптан әбден әлсіреген еді. Ф. Голощекиннің орнына келген Л. Мирзоян экономикалық сауықтыру шараларын қолға алғанымен, тоталитарлық жүйенің қысымы мен қуғын-сүргіні жалғаса берді. Мәселен, жастар қозғалысының белсенді мүшелерінің бірі Мусин Төлеужан 1933 жылдан Семей қаласы интеллигенциясы мен студент жастарынан құрылған контрреволюциялық ұлтшыл ұйымға қатысы бар және республикадағы ұлтшылдардың көбімен байланыста деген күдікпен бақылауға алынып, 1934 жылы Алматы қаласында ұйымдасқан ұлтшыл-контрреволюциялық топпен байланысы [4, 74-75 пп.] тексерілді.
1934 жылы Мұқан Абдрахманов Алматыға барды. Онда Сабалақов Аниял[5], Мұқашев Санияр[6], Оразбаев Қабыш[7], Әлжанов Ғани[8], Аблайханов[9], Таукелев Абадин[10], Маскеев[11], Бегалин[12], Ахметов Мұхаметкәрім[13], Тажин Жоңқабай[14], Мусин Төлеужан[15], Сәулебеков Ормаш[16], Қоқымбаев Шәкір[17] және басқалармен қарым-қатынаста болды[18]. Аталған азаматтардың барлығы дерлік контрреволюциялық ұйымға мүше деген күдікке ілініп, Мұқан Абдрахмановты 1936 жылдың 4 қыркүйегінде Қазақстан УГБ УНКВД тұтқындады. Оған ішкі тергеу абақтысында қамауға алу түріндегі жазалау шарасы [1, 308 п.] қолданылды. 1943 жылдың 30 шілдесінде Шымкент қаласында қайта тұтқынға алынып, Оңтүстік Қазақстан облыстық соты оған (58-14 РСФСР УК) 10 жылға Еңбекпен түзеу лагеріне үкім шығарды [5]. Қазақ халқының азаттығы жолында күрескен алашшыл аяулы тұлға Мұқан Абдрахмановтың сталиндік қуғын-сүргін жылдарындағы тағдыры туралы тарихи мұрағаттық деректер осылай дейді.
Данагүл МАХАТ, тарих ғылымдарының докторы, «Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ» КЕ АҚ «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының басшысы
Пайдаланылған деректер:
1 Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы архиві (Бұдан кейін ҚР ҰҚК АА). 9-қ., 1-тізбе, 312-арх.ісі, 210 п.
2 «Қазақ» газеті /Бас редактор Ә.Нысанбаев. ‒ Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998. – 560 б.
3 ҚР ОМА. 5-қ., 10-тізбе, 42-іс, 82-85 пп.
4 ҚР ҰҚК АА. 9-қ. 1-тізбе, 54-арх. ісі, 74-75 пп.
5 Источник: Сведения ДКНБ РК по Южно-Казахстанской обл. https://lists.memo.ru/d1/f20.htm
[1] Бұл кезде Губерниялық атқару комитетінің төрағасы Беккер болатын.
[2] «Сәтбаевшылдық» – Ф. Голощекин бастаған коммунист белсенділердің ұлттық бағыттағы қазақ интеллигенциясымен күрес әдісі. «Сәтбаевшылдыққа» айыптау алаш зиялысы Әбікей Сәтбаевтың шәкірттерін қуғындау мақсатында жасалып отырғаны анық.
[3] 1931 жылы Шыңғыстау көтерілісін ұйымдастырғаны үшін жауапқа тартылып атылған.
[4] Сольц Арон Александрович (1872-1945) – советтік мемлекет және партия қайраткері, заңгер, журналист. Литвада көпестер отбасында дүниеге келген. Санкт-Петербург университетінде оқыған. 1917 жылы «Социал-демократ» және «Правда» газеттері редакциясының мүшесі. 1921 жылдан РСФСР, КСРО Жоғарғы Сотының мүшесі, кейін КСРО прокуратурасында жұмыс істеді. 1920-1934 жылдары-партия Орталық Комитетінің мүшесі, Коминтерн Халықаралық бақылау комиссиясының мүшесі. Жауапты лауазымды атқара отырып, көптеген жазықсыздарды Гулагқа өлімге жіберді. Ол Сталин мен А. Вышинскийге ашық қарсы шығып, қуғын-сүргін саясатын сынаған жалғыз адам болды.
[5] Сабалақов Аниял – ҚазМУ студенті. Кәмпескеге ұшыраған ірі байдың ұлы. Шыңғыстау ауданынан, онымен М. Абдрахманов 1929 жылдан таныс.
[6] Мұқашев Санияр – бұрынғы алашордашы, Каменное платода орналасқан демалыс орнында бухгалтер. Кәмпескеге ұшыраған ірі байдың ұлы. Шыңғыстау ауданынан, онымен де М. Абдрахманов 1929 жылдан таныс.
[7] Оразбаев Қабыш – дәрігер, Оразбайұлы Медеудің баласы.
[8] Әлжанов Ғани – Мемлекеттік банк қызметкері. Шыңғыстау ауданының тумасы, бай баласы.
[9] Аблайханов – КазЦИК қызметкері, Шыңғыстаудан. М. Абдрахманов Аблайхановтың ағасы Аблаханов (Аблайханов) Төлеуғазымен қарым-қатынаста болған. Ол кейіннен Қытайға кеткен.
[10] Таукелев Абадин – музтеатр қызметкері. 1931 жылы үш жылға жер аударылған. Әкесі ірі бай болған, Ақбаев Хасеннің немере інісі.
[11] Маскеев – Ауыл шаруашылық институтының (СХИ) оқытушысы, Қу ауданынан. Ақбаев Хасеннің немере інісі.
[12] Бегалин – М. Абдрахмановтың мектептес досы, Қарқаралыдан. Семейде техникумда оқып, кейін Мәскеуге кеткен, МГУ-ін бітірген. Алматыда тұрады, соңғы жылдары денсаулығы нашарлаған. 1928 жылы Семейде құрылған комсомолдардың ұлтшыл тобында болған.
[13] Ахметов Мұхаметкәрім – Госбанк қызметкері, Қарқаралыдан, әкесі ірі бай болған. 1928 немесе 1929 жылы контрреволюциялық әрекеті үшін атылған.
[14] Тажин Жоңқабай – Алматы Казторг базасында жұмысшы, Қарқаралыдан.
[15] Мусин Төлеужан – 1907 жылы Семей облысының Абыралы ауданында туған, ұлты қазақ, КП(б)К мүшеі, жоғары білімді. Қарқаралыдан, 1928 жылы Семейде құрылған комсомолдардың ұлтшыл тобында болған. В/К ОблЗУ да агроном, ВХСХШ да оқытушы болған.
[16] Сәулебеков Ормаш – Қарқаралыдан, Наркомземда қызмет жасаған, бай баласы.
[17] Қоқымбаев Шәкір – Қарқаралыдан (Қу ауданы), Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген, бай баласы.
[18] 1940 жылдары Семей қаласында 1935-1936 жылдары жасырын әрекет еткен контрреволюциялық ұйымды, оның мүшелерін іздестіру жалғаса берді. Адамдарды жауапты қызметке орналастыру кезінде де оның өзі, туыстары тексеруден өткізілді. 1946 жылы Т. Мусиннің жұбайы, Семей облыстық комсомол комитетінің хатшысы Халитова Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне кандидат ретінде ұсынылғанда, Т. Мусиннің өткен жолы қайта қаралып, түрмеде отырған Рахым Уәлиахметов, Ибади Матақов, Ерғали Тәжмұхановтардан жауап алынды.