Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ батырларының тағдыры. Саңырық Тоқтыбайұлы

2260
Қазақ батырларының тағдыры. Саңырық Тоқтыбайұлы - e-history.kz

Қазақ халқының елі мен жерін қорғап, өмірі ат үстінде жорықта жүрген талай батыр бабалар болған. Солардың бірі – Саңырық – батыр, мерген, қолбасшы (1691–1740). Тарихи тұлға Ұлы жүздің Ошақты тайпасының Тасжүрек руынан. Әкесі Тоқтыбай да батыр болған. Ол кісі кезінде батырлығымен бірге, таймас турашылдығымен, ауытқымас әділдігімен де елге танылып, аты шығыпты. Одан кейін Саңырықтың ағасы Дәнен, інісі Сарымерген де батыр болған. Атадан балаға жеткен әңгімелер арқылы Саңырықтың ұрпақтары аталарын «Ұзын бойлы, кең жауырынды, қолдары қарулы және түсі сұсты кісі болған» деп айтылып жеткен дейді. Ал, Саңырық батыр шешесі – жағынан Кіші жүз Жетіру ішінде Телеу Тайлақ батырдың жиені. Саңырық батыр жас кезінен батырлығымен таныла түсіп, кейін 1726 жылы Ордабасы Құрылтайына қатысып, 1727 жылы Бұланты шайқасына және 1729 жылы Аңырақай шайқастарында мергендер жасағын басқарған атақты қолбасшылардың бірі ретінде танылған [1].

Қоғам қайраткері М. Төлепберген «Саңырық батыр» тақырыбында жазған мақаласында: «Саңырық пен Тайлақ батырларды жалпы ұлттық батыр деңгейінде және сол биіктікте тану – ерен еңбекті бағалау және ақиқатқа жүгіну деп санаймыз. Ел арасынан алынған дереккөздерге қарағанда,  Саңырық Тоқтыбайұлы өзі Кіші жүз ішінде Жетіру Телеу Тайлақ Мәтіұлының жиені, жас жағынан нағашысынан кіші, бірақ көп емес, иықтас, замандас деуге болады» [2], – деп жазған. 

Кезінде Саңырықтың жасөспірім шағы болса керек. Ағасы Дәнен екеуі далада аң аулап жүргенде жортуылшы бірнеше қалмақтармен кездейсоқ кездесіп қалады. Бес қаруы сай жау қазақтың екі баласын оңай олжа көріп, қоршауға алады. Жастайынан жаттыққан ересектеу Дәнен бірнеше қалмақты найзамен түсіреді. Ал буыны қатпаған Саңырық өзімен жекпе-жек келген қалмақ батырын жеңбесе де, жеңілмей, өзін де алғызбай шайқасады. Ағасы Дәнен інісі Саңырықтың шайқасын байқап, жауды маған қарай жақындат деген екен. Сол сәтте ол қалмақты да Дәнен аттан құлатады. Жаудың атын олжалап, жүруге әлі келгендерін ауылына байлап әкелгенде осы бір шайқас ел аузында аңыз болып тарап та үлгерген. Сол кезде қалмақты аттан түсірген Дәнен емес, Саңырық батыр делінген екен. Сонда Дәнен ағасы: «Түбінде менің емес, інім Саңырықтың аты әйгілі болады екен» [3], – деп ырым жасаған көрінеді. 

Саңырықтың ерекше қасиеті, құралайды көзге атқан мерген болған. Алғашқыда атағы осы мергендігімен шыққан. Ошақтының атақты бір байы той жасап, сонда мергендер жарысын өткізіп, бас бәйгеге қалы кілем жабылған қара нар бастаған тоғыз және сүйектен жасап, алтынмен аптап, күміспен күптеген керемет садақты тігеді. Осы сайыста 16 жасар Саңырық бас жүлдені жеңіп алады. Кейін «Саңырықтың сарнауығы» деп аталып кеткен осы садақ Саңырық батырдың қалмақпен соғыстағы бас қаруының бірі болған [4]. 

Саңырық батырға қатысты деректер

Қазақ зиялыларының еңбектерінде: М. Тынышбаевтың «Қазақ халқының тарихы», І. Есенберлиннің Көшпенділер трилогиясының «Жанталас» кітабында, Ә. Кекілбаевтың «Үркер» романында, Ә. Әлімжановтың «Жаушы» кітабында, С. Байдәулетовтың «Алтын киімді ханзада ұранды қарт қазақтар» кітабында батырдың ерлік өмірі суреттелген. 

Қазақ пен қалмақ шайқастары туралы І. Есенберлин «Жанталас» кітабында: «Қазақтың ежелгі атамекен қонысы Жетісу мен Сырдария бойындағы сан қаласының, сар даласын қалмақтар басып алған, бейбіт қазақ елі босып көшкен атақты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» аяғы ақ түтек боран, сары аяз, қызыл шұнақ үскірік қысқа ұласты. Бүкіл дүниежүзінің айдаһары Сыр бойына жиналып, аузынан қар боратып, ысқырынып жатқандай, қарлы боран бірде-бір толастамады. Жығылғанға жұдырықтың кері кеп, жеті ағайынды жұт жетті. Арамнан жиналған ас болмайды. Халықты жылатып тартып алған қазақтың қыруар малы шөп жетпей мың-мыңдап қырылды. Қалмақтар бар табысынан айырылды. Ал, қазақ елінің бұл жылғы көргенін қағаз бетіне түсіру мүмкін емес еді. Тек сан айқасты басынан кешкен батыр ел бұл апаттан да тегіс қырылмай, әупірімдеп аман қалды.

Қазақ елі қалмақ қырғынынан кейін екі жыл уақыт өткенде есін жиып, басқыншыларға қарсы тұрды. Ең алғашқы жеңісті Кіші жүз Тайлақ батыр мен Ұлы жүз Ошақты руынан шыққан Саңырық батыр әкелді. Бұлар Бұланты-Білеуті өзендерінің ортасындағы «Қара сиыр» деген жерде қалмақтың қалың қолымен бетпе-бет айқаста ойсырата жеңді, – деп жазған еді. Бірақ, І. Есенберлин бұл тарихи шығармасында М. Тынышбаев еңбегіне сүйеніп, жаңылыс жазған. Тарихи орынның шынайы атауы «Қарасүйір» деген жер.

Жазушы Әнуәр Әлімжанов «Жаушы» романында Әбілқайыр хан өзінің ру басылары мен батырларына дөңгелек мөр алтын тай тұяқ үлестірген. Оның бетінде батырлардың ерекшеліктеріне қарай бүркіт, қабылан, жолбарыс, тау текенің айырма-белгісі болғанын жазған. Осы тарихи кітапта Бөгенбай, Малайсары, Саңырық, Қабанбай батырларға алтын арыстан белгісі бар алтын тай тұяқ, ал, Тайлақ батырға бүркіт бейнелі алтын тай тұяқ сыйлағандығы баяндалады. 

Осы аталған шығармаға назар аударсақ, қалмақтардың көмекке келе жатқан тың күшін талқандап, кейін қарай қуып тастаған соң өзінің сарбаздарын бастап Бұлантыға қарай жол тартқан Бөгенбай батырды Саңырық пен Тайлақ зор қошеметпен қарсы алды. Қапсағай бойлы, кең кеуделі Бөгенбай ақжарқын сабырлы еді. Ол батырлармен шын бауырларша көрісіп, өзінің дарқан мінезімен құрмет пен сенімге ие болды. Кездесуден кейін Тайлақ пен Саңырық  бірауыздан Бөгенбайды орталарынан бас батыр етіп сайлады [5], – деп мәлімет келтірген.

XVIII ғасырдағы қазақ тарихы бойынша ірі зерттеуші М.П. Вяткин «Очерки по истории Казахской ССР» аталатын еңбегінде орыс дерек көздеріне сүйене отырып, қазақ-қалмақ шайқасы туралы: «Басқыншылықпен келген қалмақтарға тойтарыс беруді қарапайым халық ішінен шыққан батырлар ұйымдастырады. Атап айтсақ, Кіші жүзді Тайлақ, Ұлы жүзді Саңырық және Орта жүзді Бөгенбай батырлар ұйымдастырып шықты. Олар 1727-1729 жылдары қазақ-қалмақ шайқастарында жеңіске жетіп, жауға тойтарыс берді» [6], – деп нақты тарихи дерек негізінде атап көрсеткен.

Ордабасы Құрылтайы

Қазақ халқы өз өміріндегі аса ауыр апат, зор зобалаңға тап болып, адам айтқысыз аянышты күндерді басынан кешірді. Атақоныс, құтты мекен, мал-мүлкінен және баспанасынан айырылып, аш-жалаңаш, жаяу-жалпы шұбырған қарапайым халық бұқарасы қатты қиналды. Ашаршылыққа ұшыраған жұрт жол жөнекей жер желегін, шөптің тамырын, қозықұйрық сияқты жабайы өсімдіктерді теріп жеп, қайыр сұрап күнелтті. Әйелдер мен балалар және қарт адамдар адам төзгісіз жол азабына шыдай алмай, жапан түзде қалып аштан қырылды. Бұл ауыр оқиға қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» [7], – деп аталды.

XVIII ғасырдың 20-ншы жылдардың ортасына қарай Қазақстанның оңтүстік шекарасында қалыптасқан аса шиеленісті және үрейлі жағдай күштірек және жақсы ұйымдасқан жаумен күресу үшін Үш жүздің күштерін тез арада біріктіруді талап етті. Осындай әскери одақтың шұғыл өзектілігін негізге ала отырып, 1726 жылдың аяғында Шымкенттің батысында орналасқан Орда басы төбесінде Үш жүздің халық өкілдерінің құрылтайы шақырылды. Еділ қалмақтары мен Шығыс Түркістан қалмақтарына қарсы осы алқалы кеңесте ортақ келісім бойынша қолбасшысылыққа Әбілқайыр сайланып, есімі бүкіл қазақ даласына танылды. Дәстүр бойынша құрбандыққа шалынған ақ боз атты болашақ табыстың ырымы ретінде қабылдады [8]. Ордабасы Құрылтайына Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс хандар, сұлтандар, Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған билер, даңқты қолбасшылар мен батырлар шақырылған.

Осы кезден бастап қалмақ-қазақ соғысындағы шабуыл бастамасы қалмақтардан қазақ жасақтарының қолына өтіп, олар Әбілқайырдың қолбасшылығымен оңтүстік майданның әр түрлі бағыттарында жаулап алған аймақтарынан қалмақ жасақтарын белсенді түрде ығыстыра бастады.

Саңырық батыр – мергендер жасағының қолбасшысы

Тарихи деректерге назар аударсақ, Саңырық батыр жас кезінен садақ атуға машықтанған ерекше мерген болған екен. Сол тұста қазақ-қалмақтың жаугершілік заманында жас балаларда балалық шақта болмай ерте есейген. Азаматтар елді қорғау үшін қолына қару алып, 15-16 жас шамасында атқа қонған. 

Қазақ-қалмақ арасындағы 1727 жылы Бұланты және 1729 жылы Аңырақай шайқастарында Саңырық батыр ерекше көзге түскен. Шайқас кезінде Саңырық, Дәнен, Сарымерген басқаратын білтелі мылтықты жүздік пен 200 садақшыны алғы шепке шығарады. Екі жүздікті жаудың ту сыртынан атой салуды бұйырады. Бұл жүздіктерді орағытып ұзақ жүретін болғандықтан жедел аттандырады. Алғы шептегі мергендер үш-төрт дүркін оқ атысымен, 500 сарбазбен өзі бастап тұтас көтеріліп қылыштасуға ұмтылатынын ескерткен. Осы тұста садақшылар екіге бөлініп, жүз-жүзден жаудың қос бүйірінен оқ жаудыратын болған. Саңырық қол бастап жау бағытында қарсы жүрген. Осындай жауынгер мергендер жасағын Саңырық пен Тайлақ Арқа жерінде жаттықтырған. Шайқаста Саңырық білтелі мылтықты үш жүз және садақшы бес жүз мергенді бөлек топтастырған. Шабуыл кезінде жүздік басшыларынан ең алғыр жігіттерге сеніп тапсырған. Оларға шапшаң қимылдап, зеңбіректер мен атқыштарды жою қатаң тапсырылған. Осындай ерекше жүздіктің бірін найман Кенже, екіншісін Саңырықтың інісі Сарымерген басқарып шыққан деп айтылған.

 Ал, жалпы мергендердің жауға қарсы жорығын Саңырық батыр өзі қадағалап жүрген. Шайқаста дайындықтан өткен және іріктелген мергендер сұсты жаудың алғашқы қарулы тобын Саңырық батырдың мергендері мылтық пен садақтан оқ жаудырып, жапырып жіберген және олар ерекше ысқырып ұшатын жебелерді дайындаған. Оны «Саңырықтың сарнауығы» [9], - деп атап кеткен. Шайқаста «Айқораланды» әдісімен қоршап алу және Саңырық пен Тайлақ батырлардың өздері ойластырған «Қанды қақпан» әдістерінен жау шыға алмай қырылатын болған.

Бұланты шайқасы

Қасиетті Ұлытау жеріндегі Бұланты-Білеуті өзендерінің аралығындағы кең жазықта қазақ халқының тағдыры шешілген шайқас болғандығы анық. Қазақ халқының тарихында 1723-1727 жылдар аралығын қамтыған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталатын қайғылы оқиғадан кейін Үш жүздің ру-тайпалары бас қосып, алқалы кеңес өткізген жер Оңтүстік Қазақстандағы Ордабасы болды. Осы арадан бірлікпен аттанған қазақ жасақтары Әбілқайыр ханды бас қолбасшылыққа сайлаған. Қазақ жауынгерлері алғашқы жеңіске 1726 жылы Шұбартеңіз маңында қол жеткізді. Одан кейін мықты қаруланған жоңғар әскеріне қарсы Ұлытау мен Сарыарқаны қорғау мақсатында 1727 жылы Бұланты мен Білеуті аралығында «Қарасүйір», «Қалмаққырылған» деген жерде жан алып, жан беріскен шайқас өткен [10].

Белгілі тарихшы, ғалым Б.Б. Кәрібаев осы шайқас туралы: «Ордабасы тауындағы жиыннан кейін қазақ әскерлерінің алғашқы ірі жеңісі шамамен 1727 жылы Сарысу өзенінің батыс жағындағы Бұланты бойында болды. Әбілқайыр хан бұған дейін тек қана Кіші жүз бен Орта жүздің жекелеген руларының әскеріне қолбасшылық жасап, қазақтармен жеке майданда соғысса, Бұланты бойындағы шайқаста бүкіл қазақ әскерін басқарып, тұтас майданда ұрысқа шығады. Өзен бойындағы «Қара сиыр» деген жерде Кіші Жүздің жетіруынан  Тайлақ батыр мен Ұлы Жүз ошақтыдан Саңырық батыр ерекше көзге түскен [11]», – деп жазды.

Көрнекті фольклоршы, этнограф Ә. Диваев біздің заманымызға талай тарихи аңыздарды жеткізді. Атап айтқанда, аңыздың бірінде былай делінген: «Кіші жүздің үш руы Орта орданың бір бөлігімен бірге Сарыарқаның солтүстік шекарасында жоңғарлармен соғысты. Ұрыстарда атақты мергендер Тайлақ Кіші жүзден және оның жиені Саңырық мерген Ұлы жүз Ошақты тасжүрек руынан көзге түсті. Жоңғар езгісінен арылуға шақырған жалынды ұранға барлық қазақтар үн қосты» [12], – деп жазған. 

Қалмақтармен күрестің бұл кезеңі туралы М.П. Вяткин былай деп атап өткен: «Орасан көп адам мен малдан айырылу қазақтарды топтастыруға мәжбүр етті. Қазақтардың ойраттарға алғашқы соққыны сұлтандардың басшылығымен емес, қайта Кіші Жүзден Тайлақ, Орта жүзден – Бөгенбай және Ұлы жүзден Саңырық батырлардың бастауымен жасағанын атап өту назар аударарлық. Бұл қақтығыстың зор маңызы болды, ол барлық Үш жүз қазақтарының күштерін жаппай ұйымдастыруды бастап берді [13]», – дейді. 

Осы Бұланты-Білеуті өзендері аралығындағы шайқаста ерекше көзге түскен және ең алғашқы жеңістің туын желбіреткен Кіші жүз жетіруынан Тайлақ батыр мен оның жинені Ұлы жүз ошақты Саңырық батырлар туралы деректі қазақ қарияларынан ең алғаш рет жазып алып, Әбубәкір Диваев «Көк-Кесене»  атты мақаласында 1905 жылы жариялаған. Одан кейін қазақ зиялысы М.Тынышбаев «Қазақ халқының тарихы» еңбегінде жазған. Осы аталған еңбектерге кейін тарихшы Ирина Ерофеева сілтеме жасаған [8, 142]. Осы аталған Ә. Диваевтың мақаласы «Көккесене» тақырыбында жарияланған. Этнограф экспедиция сапарында Талас өңіріндегі Ақкесене мен Көккесене маңына тоқтап, шайқас туралы көне көз қариялардан сұрап жазып алған сияқты.

Жеңілуді білмейтін қалмақ әскері Қарасүйір аңғарында Саңырық қолынан қырғынға ұшырап, аман қалғандары бас сауғалап далаға қашып шыққан. Бұл Бұланты-Білеуті шайқасында жаудың алдынан шығып, алғаш рет бетін қайтарған Саңырық пен Тайлақ батырдың ерлігі болған.

Бұланты-Білеуті шайқасының маңызы қазақ халқының тарихында ерекше. 2019-2020 жылдары Бұланты-Білеуті шайқасына қатысты зерттеулер жүргізіп, экспедицияға жанашыр азаматтармен барғанбыз. Шайқастың болғандығы рас. Шайқас алаңында батырлардың қорымдары бар, ондағы Үш жүзден қатысқан батырлардың ру таңбалары қашалған. Тіпті, жебе ұшы мен мылтық оқтары да табылды. Бірақ, әлі көп зерттеуді қажет етеді. Сондықтан, болашақта дұрыстап зерттеулер жүргізіп, мақалалар жазып, іргелі ғылыми еңбектер шығаруымыз керек.

Аңырақай шайқасы

Қалмақ басқыншыларына қарсы қазақ халқы Отан соғысының (1729/1730) жеңіспен аяқталуында Аңырақай шайқасы аса көрнекті рөл атқарды. Ол туралы қазақтардың дәстүрлі ауыз әдебиетінде айтылады. Сондай-ақ, М. Тынышбаевтың еңбегі және басқа да бірқатар жанама деректемелер арналған. Тарихта Аңырақай шайқасы өткен алқап Балқаш көлінің оңтүстік-шығыс жағында 120 шақырым жерде болғандығы айтылады. 

Аңырақай шайқасы өткен аймақ Аңырақай таулары, Ақсүйек сайы, Хантау шоқылары орналасқан жерден Алматы бағытында 200 шақырымға созылған кең далада өткен. Ол жерде «Үлкен Орда қонған», «Сұмқайтты» деген жерлер бар. Аңырақайдағы шайқасқа Әбілқайыр хан басшылық етті. Шайқастың сәтті басталуы қазақ жауынгерлерін жеңіске жігерлендіретіндігі күмәнсіз. Сөйтіп, олар жеңіп шықты. Асқақ рух сезімімен қанат біткен олар өздерінің ерлігін, ержүректігін, тастүйін бірлігін және жоғары әскери машықтанғандығын танытты. Әбілқайыр ханның өзі мен оның серіктерінің ең жақсы қасиеттері осы шайқаста көрінді. Аңырақай шайқасында жеке ерлігін және ұйымдастырушылық қабілетін көрсеткендер арасында көптеген батырлар, билер, сұлтандар, рубасылары, барлық үш жүздің өкілдері болды.

Қалмақ басқыншылығына қарсы қазақ халқы Отан соғысының жеңіспен аяқталуында Аңырақай шайқасы аса көрнекті рөл атқарды. Ол туралы қазақтардың дәстүрлі ауыз әдебиетінде айтылады, сондай-ақ, оған М.Тынышбаевтың еңбегі және басқа да бірқатар жанама деректемелер арналған. 

Аңырақай шайқасының уақыты мәселесіне келгенде барлық авторлар негізінен бірауызды. Ауызша аңыздарды пайдаланғандар да, М. Тынышбаевтың ізімен жүрушілерде солай деп жазды. Отан соғысы шамамен1730 жылы екендігін анықтайды. Аңырақай қырғыны (Болаттың қайтыс болуында) «1730 жылдың көктемінен кешікпей болған, өйткені сол жылдың шілдесінде Әбілқайырдың елшілігі Уфаға жетіп те үлгереді», – деп сеніммен жазады.

М. Тынышбаев Аңырақай шайқасы өткен жерді Балқаш көлінің Оңтүстік шетінен оңтүстік-шығыс жағында 120 шақырым жерде жатыр, ол қазақтар арасында «Итішпес деген атпен мәлім» деп санауы орынды. 1730 жылы жазға салым қазақ жасақтары өз аттарын Мойынқұм, Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайты, Шу өзендерінің аңғарларында тыңайтып алып, Хантау, Аңырақай таулары өңірлеріне шықты.

Аңырақайдағы шайқаста Әбілқайыр хан басшылық етті. Нақ осы шайқас оның саяси қызметінің шарықтау шыңы болды. Шайқасқа барлық Үш жүздің жасақтары қатысты. Бұл шайқаста батырлардың бойын ерлік, қайсарлық, өздерінің жеңісіне деген мызғымас сенім биледі [14]. 

Осы аталған Аңырақай шайқасы туралы Ж.Қ. Қасымбаев: «Тек соңғы жылдардағы ізденістер негізінде осы бір қоныстың қазақтың атақты батыры Бөлекпен жекпе-жекте жер жастанған ойраттың Аңыра атты батырының есімімен байланыстылығы айқындалды. Бұған күмәнданатын негіз жоқ. Қаскелең, Боралдай, Шарын өзені және тағы басқа қоныстар ойрат есімдерімен аталғаны белгілі» [15], – деп жазды.

Аңырақай шайқасына байланысты тарихшы И.В. Ерофеева өзінің «Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик» атты еңбегінде нақты деректер келтірген. Онда Аңырақай шайқасына қатысқан Бөгенбай, Қабанбай, Тайлақ, Саңырық, Малайсары және тағы басқа көп батырар қатысқан деп жазды.

Ғалым бұл еңбегінде қазақтар мен қалмақтар шайқастан кейін бейбіт келісім жасады дейді. Осы шайқастың өткендігі туралы 1730-1731 жылдары Әбілқайрдың Башқұрттарға барған елшілері айтқан. Башқұрттар қазақ-қалмақ арасында осындай үлкен шайқас болдығын Ресей үкіметіне хабар берген [8, 147].

Аңырақай шайқасынан кейін Үш жүздің ханы Болат өлді, таққа Кіші жүз ханы Әбілқайыр, Болаттың ұлы Әбілмәмбет таласты. Таққа Әбілмәмбет отырды. Соғыс алаңын әуелі Әбілмәмбет, іле-шала Сәмеке тастап кетті. Қазақ қонысы шегінді, Орта жүз Шу бойына кетті, Ұлы жүз қалмаққа бағынды. Әбілқайыр орыс шекарасына жылжып, іресін Орта жүзден аулақ салды, сүйтті де Ресеймен одақ болу жөнінде келіссөздер жүргізді [16]. 

Дуылғалы Дала перзенттері Тайлақ пен Саңырық батырлардың Бұланты мен Аңырақай шайқастарында қазақ сардарларының қолын бастап шыққаны, ту ұстаған батырлардың бірегейі болып танылуы тарихи ой-түйін айтуға да негіз болады. Ең әуелі мына мәселені атап өтуіміз қажет. Саңырық батырдың көтерілген биігі, оның батырлық абыройы, қиын-қыстау сұрапыл кезеңде елі мен жерін қорғау жолында ұран салған ерлігі мен жеңісі бүкіл қазақ даласына мадақ болып естіліп, мақтаныш болып жырланған. Тарихи жырда:

«Босқан елді құрап ал,

Қол бастаған Cаңырық.

Алладан медет сұрап ал,

Жол бастаған Саңырық.

Қарсы келген жауына,

Қырғын салған Саңырық.

Анталаған қалмаққа,

Сүргін салған Саңырық.

Тайлақ батыр екеуі,

Серік болған Саңырық...» [17], – деп жырланып, арғы замандардан халық арасында ерлік дастаны болып жеткен.

Саңырық батыр жасағы бұдан кейін де талай шайқасқа катысқан. Оның Талас бойын жаудан тазартудағы, әсіресе, Ақкесене, Көккесене деп аталатын екі мұнара түбіндегі шайқастағы ерлігі ел аузында аңызға, жыр-дастанға айналған.

Қаратаудағы шайқас

Қалмақтар Қалдан Цереннің кезінде 1739-1741 жылдары қазақ даласына үлкен жорық ұйымдастырды. Олардың Үш түменге бөлінген әскерін үш қолбасшы басқарды. Ертіс пен Тобыл бағытында – Септен ноян, Ташкеттен Сарыарқа мен Есіл бағытында – Лама Доржы және Түркістаннан -Сыр бойының бағытында Сары-Манжа ноян басқарды. Алғашқы жорықтары 1739 жылдың көктемі мен жазында басталған [18].

Қолбасшы Тайлақ батыр мен жинені Саңырық батырдың Ордабасы, Қаратау және Қазығұрт аймағында қалмақтарға қарсы соғысқанын көп ел біле бермейді. Ол шайқастар туралы кезінде ескілікті қариялардан көп тыңдаған және сол мәліметті жеткізуші Әбілдә бидің келіні, руы құлшығаш Қылышбектің қызы Үрзия. Бұл Әбілдәнің аталары Тайлақ батырдың немересі Қазанғап батырмен туыс болған. Қазанғап батыр осы Бадам төңірегіне қоныстанған соң өзі сұрастырды ма, әлде ескі қариялардың көрсетуімен айтты ма екен? Тайлақ батыр мен Саңырық батырдың қалмаққа қарсы соғысқан жері деп қазіргі Қараспан төбеден ары Бадамға шыға берістегі бұрынғы Жамбыл елді-мекенінің жерін айтады екен. Шайқаста Тайлақ батырың мыңбасы батырлары қасында жүрген [19]. 

Міне, осындай жойқын шабуылдардың бір бағыты Cары-Манжа ноянның қол бастауымен Сыр бойына бағытталған уақытта 1739-1740 жылдары шамасында Тайлақ батыр жаумен шайқаста қоршауда жараланып шығып, кейін Қаратау мен Шиелі арасында қаза тапқан сияқты. 

Қорытындылай келгенде, қазіргі уақытта Саңырық пен Тайлақ батырлардан тараған ұрпақ және елінің азаматтары бар. Олар бір-бірімен тарихи туысқандығын біледі. Өйткені, қазіргі буын олардың 8-9-шы ұрпақтары саналады. Әр қазақ жеті атасын жақсы біледі. Батыр бабаларының жорық жолдарына қатысты тарихи мәліметтерден де хабардар. Саңырық батырдың ұрпақтарының айтуынша, батыр бабасы жаугершілік заманда бір шайқаста қатты жараланып, кейін сол жарақатынан қайтыс болған дейді.

Қазақ халқының азаттығы жолында күрескен тарихи тұлға, даңқты қолбасшы Саңырық Тоқтыбайұлының ерлігі мен жорық жолдарын әлі көп зерттеу қажет. 

Әдебиеттер:

1. Төлеуова Ә. Саңырық Тоқтыбайұлы // Қазақстан. Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Б.Аяған. – Алматы: «Қазақстан энциклопедиясының» Бас редакциясы, 7-том. - 2006. – 550 б.

2. Төлепберген М. Саңырық батыр //Асыл мұра. - 2015. - №5.  – 7-20 бб.

3. Саңырық батыр // Қазақ батырлары: танымдық жинақ /Құрастырған:  С. Қорабай/. – Алматы: «Айғаным» баспа үйі, 2016. – 38 б.

4. Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009. 47 б. 

5. Әлімжанов Ә. Жаушы. Романы. Орысшадан аударған С.Мұратбеков. – Алматы, Жазушы, 1976. – 320 б.

6. Вяткин М.П. Материалы по истории Казахской ССР (1741-1751 гг.). ІІ том.  /(Акад. наук КазССР. Ин-т истории)/. - 1948. – 320 с.

7. Нығымет Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. Арап қарпінен көшірген – Мұратқан Қани. Алматы: Жалын, 1994. – 273 б.

8. Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. Научное издание. – Алматы: Санат, 2002. – С.141.

9. Садықбекұлы Ә. Саңырық батыр // Қазақ батырлары: танымдық жинақ /Құрастырған: С. Қорабай/. – Алматы: «Айғаным» баспа үйі, 2016. – 39 б.

10. Моисеев В.А., Сулейменов Р.Б. Из истории Казахстана XVIII (о внешнейи внутренней  политике Аблая). Алматы: Наука, 1988. – С. 23.

11. Кәрібаев Б.Б. Қазақ-қалмақ-орыс қатынастарындағы Бөкенбай батырдың рөлі  // Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе, 2011. – 24-35-бб.

12. Диваев А. Мавзолей Кок-Кесене. Историко-археологическая заметка. Протоколы заседаний и сообщения членов Туркестанского кружка любителей археологии. Год десятый. Ташкент, 1905. С.40-42.

13. Вяткин М.П. Очерки по истории Казахской ССР. Алма-Ата: Огиз.Госполиздат, 1941. - С.121. 

14. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. – Алматы: «Атамұра, 2010. – 130-131-бб.

15. Қасымбаев Ж.Қ. Тағы да Аңырақай шайқасының ақиқаты хақында // Қазақ тарихы. - 2000. - №2. - 53-56 бб.

16. Левшин А.И. Описание киргиз-казачых, или киргиз кайсацских, орд и степей (под общей редакцией академика М.К. Козыбаева). – Алматы, «Санат», 1996. – С.169-170.

17. Төлепберген М. Саңырық батыр: Тарихи-танымдық зерттеу, ойлар мен толғаныстар. – Алматы: Казстатинформ, – 2007.  – 7 б.

18. Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи (XVII-XVIII вв). - Алма-Ата: Ғылым, 1991. – C114–118.

19. Байдәулетов С. Алтын киімді ханзада ұранды қарт қазақтар. ІІ Кітап. 223 б.

Қанат Еңсенов, Мемлекет тарихы институтының  жетекші ғылыми қызметкері,  тарих ғылымдарының кандидаты,  қауымдастырылған профессор

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?