Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шетелдегі қазақ балалары Бурабайда бас қосты

2325
Шетелдегі қазақ балалары Бурабайда бас қосты - e-history.kz

Шетелде тұратын қазақ балалары Бурабайда бас қосты. Әлемнің 12 елден келген 288 жеткіншек «Балдәурен» жазғы лагерінде демалып қана қоймай, 15 күн бойы тарихи отанының тұмса табиғатымен танысып, салт-дәстүрімізге қанығады. Сондай-ақ ана тілін дамытып, ортақ дос таба алады. Айтпақшы, жыл сайынғы дәстүрге айналып отырған бұл шараны Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мұрындық болуымен өтіп отыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба алыс-жақын шет елдерде тұратын қандастардың балаларын бір-бірімен табыстыруға үлкен мүмкіндік болып отыр. Бұдан кейін де олар интернет арқылы бір-бірімен қарым-қатынасын үзбейді. Осы арқылы ана тілін, салт-дәстүрін үйренеді.

Атамекенге демалуға келген балалардың қуанышында шек жоқ. Әсіресе, жазғы демалыстарының Бурабай секілді көркіне көз жетпейтін оқу-сауықтандыру орталығында болғанына қатты қуанған. Айтуларынша, балақайларды Бурабайдың тұмса табиғаты бірден баурап алған. Сол секілді ата жұртының салт-дәстүрі мен тарихымен танысудың сәті түскенін айтады.

Бурабайдың тұмса табиғаты баурап алған бүлдіршіндердің бірі – Ғани Бекболатқызы. Моңғолиядан келіпті. «Басқа елде туып өссем де, қаным қазақ қой, тартып тұрады» дейді. Әсіресе, жаңа достар тапқанына қуанады. 

Айтпақшы, «Балдәурен» жазғы лагеріне Еуропа елдерінен келген бүлдіршіндер де бар болып шықты. Хакан Жанкей есімді баламен тілдесудің сәті түсті. Польшада тұрады  екен. Жырақта туып-өссе де, қазақы тамырынан ажырамаған. Ағылшын түрік, поляк тіліне де жетік. Болашақта тарихи отанына көшіп келіп, білікті маман болуды армандайды. «Осындай мүмкіндік бергені үшін рахмет айтқым келеді. Достарыма да рахмет, олар менің осында үйренісуіме оңай қылып берді. Табиғаты әдемі, мұғалімдер де күшті», – дейді қуаныштан бал-бұл жанып. 

Тәттіарман Ғанимет есімді қарындасымыз Түркиядан келіпті. Ыстамбұлда тұрады. 11-сынып оқушысы. Атын атасы қойған. Түрік мектебінде оқыса да қазақшадан алыстай қоймаған. Жап-жақсы сөйлейді. Отбасында ата-анасы қазақша сөйлейді. 

«Болашақта ана тілімді дамытсам деп ойлаймын. Сол үшін келдім Балдәуренге» дейді ол. Бос уақытында биге қатысады, пианино, фортепиано секілді аспаптарда ойнайды.

Сондай дарынды балалардың бірі – Ердана Бірлесұлы. Қытайда келген. Алтыншы сыныпта оқиды. Досы Данияр екеуі «Бір шәугім шай» әнін орындайды. Әнді үлкендерден үйренген. Сұқбат барысында сегіз жасынан бері ән айтып жүргенін айтты. Байқауларға қатысып орындардан көрініп жүр екен. Досы Данияр да жастайынан ән айтуды серік етеді. Қазақстанға бірінші рет келген беті екен. Астана қаласы ұнапты. Әсіресе, Бәйтерек ұнаған. Арманы – өскенде Димаш секілді әнші болу. 

Айерке Еркінқызы есімді бүлдіршін аз уақыттың ішінде көптеген дос тапқанын айтып жатты. «Біз дос болып алдық. Бір қызығы көп жерде орысша сөйлейді екен. Бірақ менімен олар қазақша сөйлесіп жатыр. Әр түрлі ойындар ойнап, араласып кеттік. Қазақстанның табиғаты ұнады. Әке-шешем Қытайда тұрады. Түбі Қазақстанға келуді әке-шешеме айтып, жоспар құрып жатырмын», – дейді ол. 

Әдбуахит есімді батыр да Моңғолиядан келген екен. Айтуынша, спортты жақсы көреді. Әсіресе, волейбол ойнағанды ұнатады. 10 сынып оқушысы. Облыстық жарыстарға қатысып жүлделі орындардан көрініп жүр.  Қазақстаннан көптеген достар тауып алғанына қуанышты.

Әсел қарындасымыз Өзбекстаннан келген. Ағылшын тілін жақсы көреді. Көптеген айқаулардың жеңімпазы. Кітап оқығанда жақсы көреді. Соңғы кездері қазақ жазушыларын оқуға көшкен. Жоғары білімді Қазақстаннан алғысы келеді.

Биылғы жазғы демалысқа балалар Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Сауд Арабиясы, Иран, Түркия және Еуропадан жиналған. Тек Ресейдің өзінен 60 бала келген екен. Соның ішінде 11 бала Астрахань өңірінен.

«Бұлардың дені өнерлі балалар, биге қатысып жүлде алып жүргендері қаншама. Балаларымыз өзінің таихын, өткенін білгісі келеді. Ұлттық өнерге деген қызығушылықтары өте жоғары. Бірақ сол тіл жағы кедергі болып отыр. Себебі, өзіңіз байқағандай, балаларымыз қазақша біле бермейді. Жақсы түсінеді, бірақ жауап бере алмайды. Астраханьда 150 мыңдай қаза тұрады. Бірақ қазақ мектебі, қазақ сыныбы деген атымен жоқ. Отбасында қазақша сөйлегенімен, күнделікті байланысы, қарым-қатынасы орысша болғандықтан Ресейде тұратын қазақтар үшін тіл мәселесі өте қиын болып тұр. Шынын айту керек жасы отыз-қырыққа дейінгі буын қазақ тілінде сөйлей алмайды. Қолдан келгенше өз тамырынан ажырап қалмасын деп жұмыс жасап жатырмыз. Облысымызда Тіл және мәдениет жолдастық қоғамы бар. Әрбір ауданда филиалымыз бар. Шамамыз келгенше қазақ тілін үйретуге тыысып жатырмыз. Мұндағы келу себебіміз де сол, тілден өзінің тарихынан ажырап қалмау. Оған мүмкіндік жасап жатқан қауымдастыққа зор алғысымыз бар»,  – дейді Әлия  Омарова. 

Әлия Елеусінқызының Ресейдің Астрахань облысындағы Тіл және мәдениет жолдастық қоғамының өкілі екенін айта кету керек. Сонымен қатар Астрахань техникалық университетінде оқытушы болып қызмет етеді. Қазақ тілінен сабақ береді. 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жастар бірлестігінің төрағасы Нұрдаулет Бөкейханұлының айтуынша, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және Қазақстан Оқу-ағару министрілігі ұйымдастырып отырған бұл «Балдаурен» жобасына кілең үздік, мықты балалар іріктеліп алынған.

«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының негізгі миссиясы да осы. Балаларды тарихи отанымен байланыстырып, тамырын тереңдету», –  дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков «Балдаурен» жаздық лагерінің ашылу салтанатында. 

Тұрысбеков мырзаның айтуынша, бүгінде нәтижесін беріп отырған бұл бағдарлама сонау 2003 жылы басталған. 

«Небары бес баладан басталған бұл жоба биыл 288 баланы қамтып отыр. Бүгінгі бала ертең халық болады. Келешек осы балаларда, жастарда. Елге келген соң балалар өзара араласады, танысады. Түсінген адамға бұл үлкен дүние.  Қауымдастықтың негізгі мақсаты сырттағы ағайының басын қосу. Сонымен қатар оқуға түсетін квотаны көбейту секілді жұмыстар жүріп жатыр. Алдағы уақытта да бұл жобалар жалғаса береді. 

Қазақстанда 16 млн қазақ бар. Сыртта тағы бес миллионы жүр. Кезінде қазақты әлемге тарыдай шашылып кетті дейтін еді. Шындығында Қазақ тарыдай шашылған жоқ. Бар қазақ осы ата жұртының төңірегінде, шекара аумағында тұрады. Қытайдағы 1,6 млн  қазақ өзінің тарихи жерінде тұрып жатыр. 1870 жылы шекара сызылып, қазақтың ұйып отырған жері қытайдың территориясы болып шыға келді. Осы себепті ол жақта қазақ қалып кетті, көптеген бауырар қалып қойды. 

Моңғолияның Бай-өлкесінде тұратын қазақтар да солай. Бүгінде ол жерде 98 пайыз қазақ тұрады. Өзбекстанның Ташкент өңірі, Сырдария, Жизақ ары қарай Түркімен шекарасындағы Сурхандария, Қашқандарияда да қазақтар тұрады. Бұл да кезінде қазақтың өз жері болған. Ресейдің Астраханнан бастап Алтайға дейінгі аумағында тұратын қазақтардың барлығы да өз аумағында мекен етіп жатыр. Қазақ бауырларымыз шетте жатыр деуге болмайды. 

Тек Қытайдың қуғынынан қашқан қазақ қана Еуропа асуға мәжбүр болған. Қытайдан қашып, Тибет асқан қазақтар жалпы саны 21 көш болған екен. Әр көште орта есеппен мың адамнан болды дегеннің өзінде кемі жиырма мың адам болған. Тибет арқылы өтіп Түркияға бет алған сол жиырма мыңның тек екі мыңдайы ғана аман жетті. Яғни он адамның бірі ғана аман жеткен», – дейді ол.

Қазақ – тірісі түгілі өлісін тастамаған халық

Зауытбек Тұрысбеков жобаның ашылу салтанатында ақсақалдардан естіген бір оқиғаны сөз етті. Соны назарларыңызға ұсынсақ:

Тибетте жазды күннің өзінде -27 градус аяз болады. Қайтқан адамды жерлесе, тибеттің аюлары қазып алып жеп кетеді екен. Амалсыз Қытайдан ауған аталарымыз мәйіттерді түйеге таңып алып жүрген өздерімен. Бір жерге тоқтап, бірнеше адамды бір жерге қойып отырған. 

27 градус аяз. Жер тоң болып қатып қалған. Жерді от жағып жібітіп, сүйменмен қазып, көміп, үстіне қой жамырататқан. Қойдың тұяғымен таптатып, шуашын сіңірген. Аюлар адам иісін екі метр тереңдіктен сезеді екен. Қойдың иісі мен шуашы сол иісті сездірмеу үшін істелген амал болған. Иіскелеп таба алмаған аюлар жайына кеткен. Біздің бабаларымыз – тірісі түгілі өлісін тастамаған халық.

Осылай үнді еліне келіп жетеді. Олар «Тибеттен өткен не деген мықты халық» деп таң қалған. Осындай рухты халықпен араласып, қанымызды жаңартайық, қалыңдар деп ұсыныс жасайды. Ақсақалдар ақылдасып, «сиырға сыйынған халықтың арасында қала алмаймыз» деп ары қарай кетеді. Пәкістанға жеткенде АҚШ өкілдері келіп Америкаға алып кетпек болады. Бізге «мұндай халық керек» деген. Алайда «біз өзіміз үшін емес, ұрпағымыздың болашы үшін көшіп барамыз» деп ақсақалдар АҚШ емес тегі бір халық қой деп Түркияны таңдайды. Сол жерде тұрақ тапқан қазақтың саны 45 мыңға жетеді. Өсіп-өніп ары Еуропа асады. Сол көшкен қазақтың ұрпағы Мюнхен, Париж секілді қалаларда тұрып жатыр. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?