Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мергендер жамбы атысып, аттар шауып...

1171
Мергендер жамбы атысып, аттар шауып... - e-history.kz

Алдағы қыркүйек айының 8-і күні Астана қаласында этноспорттың 21 түрінен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны басталады. Осындағы сайыс түрлерінің бірі – Жамбы ату. Бұл дүбірлі доданы ұйымдастыру өткізу жөніндегі дирекцияның таратқан мәліметіне жүгінсек, жамбы ату сайысы – 07-11 қыркүйек аралығында Этноауыл қалашығында: мажар стилі, корей стилі, түрік стилі, жамбы ату стилі, «Тайтұяқ» сайысы бойынша өтеді деп күтілуде. Осы орайда, ат үстінде садақ атудан әлемдік сайыста жеке стиль ретінде сынға түсіп отырған халқымыздың «Жамбы ату» өнері жайлы жазылған зерттеу еңбекті ұсынып отырмыз.

Қазақтың бай тілінде «мерген» дейтін сөз бар. Бұл – атқан оғы жерге түспейтін садақшыларға қарата айтылған ұғым. Ертеде мергендік өнер ұлыс бекемдігі үшін баға жетпес құндылық саналған. Сондықтан да көшпелі халқымыз ер баланы жастайынан садақ атуға үйретіп, елін қорғауға тәрбиелеген.

Ескі жазбаларда ғұн қосынында арнайы мергендер жасағаны болғаны хақында айтылады. Тіпті мергендерді жаттықтыратын арнайы сардар тағайындалып, оның іс-әрекеті жарғы бойынша атқарылып отырған. Мергендерді сыналту үшін жамбы ату жүйесін құрған. Көне қытай жылнамаларында және ІV ғасырда өмір сүрген византиялық тарихшы Прокопий Кесарийский жазбаларында ғұн жауынгерлері ат үстінде шауып келе жатып, садақ атудан алдына жан салмайтыны жайлы айтылса, Жошы ұлысының негізін қалаушы тұлғаның бірі Бату ханның мергені 1240 жылы поляктарды жаулау кезінде бір щақырымдай қашықта қорған үстінде тұрған қарауылды атып түсіргені жайлы дерек бар. 

Атақты қолбасшы, сардар, ақын  Захраддин Бабырдың (1483-1530) 1982 жылы Ташкентте жарық көрген «Бабырнама» атты шығармасында: берік арқанның төменгі ұшына шығыршық байлап, арқанның келесі басын салдауыр ағашқа мықтап бекітеді де, арқанды барынша бұрайды. Қатты бұралған арқанды босатып жібергенде арқанға байлаулы шығыршық-шеңбер көз ілеспейтін жылдамдықпен шыр айналды. Осыдай сәтте түркі-қыпшақ мергені көздеген оғын шығыршық-шеңберден өткізіп жіберетін еді деп жазады (Қайрат Сәки. Ер қаруы – бес қару. – Астана: Фолиант, 2020. – 73-б).

Атақты ортағасырлық тарихшы Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») атты еңбегінде «Дала нояндары көктем шығып, гүл-бәйшешек гүл атқан тұста Қарақорым қаласына жиналып, бір ай бойы сауық құрады. Қала қорғанының батыс жағында орналасқан 12 метр биік бағанаға нысана – жамбы іліп қояды. Күн сайын сайыс өткізіп, жеңімпазды «Басбармағы майыспас» деп мадақтайды» деп жазса, осы жылдары Қарақорымда болған еуропалық саяхатшы Джованни Плано Карпини: «Дала сарбаздары садақ атудан басқа ешнәрсеге маңыз бермейді. Балаларына жасына қарай үлкен-кіші әртүрлі садақ жасап береді. Олар садақ атудан басқа ештеме білмейді» депті.

Яғни ертеде аталарымыз жамбы аттыру арқылы мергендердің сапасын анықтайтын болған. Кімнің оғы қанша қашықтыққа жетеді, мергеннің қуат-қарымы мен дәлдігі қандай? Осы талаптарды ескере келе мергендер қосынын жасақтайтын болған. Яғни, мергендердің оғы қуат-күшін жоғалтпай жететін қашықтықтарды анықтап, оларды 50 оқтық, 100 оқтық, 150 оқтық... ең ақырғысы 500 оқтық қашықтыққа дейін бөліп мергендер шебін жасақтаған.

Келесі кезекте бабаларымыз жамбы аттыру арқылы жауынгерлердің мергендік қабілетін жетілдіретін болған. Бұның басты маңызы: біріншіден, әскери-жауынгерлік дайындықты жетілдіріп отыру болса, екінші тараптан ел арасындағы мергендерді (садақшыларды) анықтап оларды көтермелеу үшін қажет болған, үшіншіден, сыналған садақшылардан арнайы  топ жасап соғыс кезінде күштік құрлым ретінде пайдаланған. Осы негіздерге қарағанда, жамбы атудың мәні: жауынгерлердің шеберлігін дамытамын ойын түрі екені даусыз.

Үстіне осы тойдың батыр келді, 

Көп қалмақ жамбы атып жатыр еді.

Басына бір теректің іліп қойып, 

Жамбыны мерген кісі атып еді. 

Ешкімнің оғы тимей тұрды жамбы, 

Қалмақтың өте сұлу қызы сәнді. 

Армансыз бұл дүниеден өту керек, 

Қолына түсірген жан мұндай жанды

 (Алпамыс батыр жыры: А.Нысанов нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  33 – том. 80-80 бб).

1871 жылы жазылған «Көк шежіре» атты кітапта, Шу мерген ат үстінде шауып келе жатып, 100 садақбойы қашықта орнатылған жалауды алғашқы оғымен атып түсірген деген дерек болса, осы кітаптың 4-ші дәптерінің 19-бөлімі 26-бетінде: «1194 жылы күллі ұлыстың мерген садақшылары қатысқан жамбы ату сайысында Зүрген тайпасының 16 жасар Зүлгетай, Сөнед тайпасының Көлеген батыры, Жүршіттердің Сүбгедей батыры, Маңғыт тайпасының Құйылдар мергені 500 садақбойы қашықтан үш-үштен оқ атып, барлығын дәл тигізді. Сайыс қортындысы бойынша 5 адамға «Бас мерген», 600 адамға «Тете мерген», қалған 1400 адам жауынгерлік атақ һәм сыйлыққа ие болды» деп жазыпты.

Орта ғасырда қазақ даласын көктей өтіп, шығысқа саяхат жасаған италиялық жиһангер Марко Пола көшпелілер арасында өткен жамбы ату мергендер сайысында барлығы 335 құлаш жердегі нысанаға бәрі дәл тигізгенін жазады. Енді мынаған назар аударыңыз: Түрік сұлтаны ІV Мұрад Газис 210 құлаш (1255 фут), ертедегі грек мергені 282 құлаш (1692 фут) жерден нысана атып дәл тигізгені жайлы деректер бар. Бұл деректерге назар аударсаңыз: дала көшпендлілерінің басқа жұрттан қаншалықты жауынгер болғанын аңғарасыз

Советтік этнограф, Орта Азия халықтарының этнотұрмысын терең зерттеген С.П.Толстовтың жазбаларында ертеде тұрандықтар  мемлекеттік сайыста жамбыны атып түсірген мергенге патша бір күнге тағын босатып беретін болғаны туралы айтады. 

Фламанд саяхатшысы, монах Гилем де Рубрук 1255 жылдары Қарақорым қаласында ұйымдастырылған мергендер сайысында адырнасын толық тарту үшін 70-80 кило қуат жұмсалатын тек аса кұүшті мергендер ғана тартатын Бас садақ (көп деректерде мемлекеттің «Дархан садағы» делінген) туралы жазады. Атам қазақтың зор дүниені немесе биік адамды: «Дархан дала» немесе «Дархан адам» деп әспеттейтіні, дәл осы ұлыстың символы болған үлкен садақпен астасып жатқан сияқты.

 Бұндай садақ тек жалғыз болған. Оны ұлыстың символы ретінде сарайда сақтаған. Мұндай садақ мергендердің күшін анықтау үшін қажет болған сияқты. 1900 жылдары жазылып, 1940 жылдары жарық көрген моңғол нояны Набанлубысын Цеден Максаржабтың қолжазба еңбегінде: «Ертеде мықты мергендер Дархан қара садақпен 300 садақбойы (480 метр) жердеге қойылған құнды затты (жамбы) атып, тигізген мерген алатын болған» дейді (Магсаржав хурц. «Долоон хошуу наадам». – ҰБ., 1987. 83-б).

Жоғарыдағы деректен біз ертеде көшпелілер өмірінде жамбы атудың осындай ерекше түрі болғанын байқаймыз. Оқырманға түсінікті болу үшін тәпсірлеп айтар болсақ: садақ біреу, оны тек қуаты мол мерген ғана ата алады. Сол ауыр садақты кезектесіп бірнеше ондаған (жүздеген) мерген атады. Жамбыны атып түсірген адам оны алады. Шын мәнінде ел ішіндегі мергендердің қуат-қарымы мен мергендігі анықталады. Дархан садақпен жамбы атып түсірген мерген ұлыстың бас мергені аталады.

Бұл жерде ескеретін дүние, ертеде мергендер сайысында жамбыны жебесі сүйек немесе ағаш оқпен ататын дәстүр болған.

Ат шапты, құнан шапты, тай да шапты,

 Жүгіріп жаяу бәйге жайға шапты. 

Ағашқа ақ жамбыны іліп қойып, 

Мергендер арыстандай айға шапты.

Кермеден жамбы аттырды оғын кезеп, 

Садақшы дәлдеуіне барды тежеп. 

Садағын сағымға ілген мергендер жүр, 

Аяғы аттарының безек-безек. 

(Қозы Көрпеш – Баян сұлу жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  26-том. 52-б).            

Сол мергеннің бірі боп, 

Батыр да бара қалады. 

Тигізе алмай көп мерген, 

Қаңғыртты оғын даланы.

 Нәубеті келіп Алпамыс, 

Жамбыны атып салады. 

Түсірді бір оқпенен-ақ

 Қозғалмай жерден табаны. 

 («Қисса Алпамыс». Ә. Байтұрсынұлы нұсқасы: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  34-том. 297-298 бб). 

Ал жамбының түбіне,

Садағымен үңіле,

Мергендер келді жалақтап,

Мергендер қызық істепті,

Қамшыларын тістепті,

Аттарынан түсіпті,

Көкірегі ісіпті,

Мойындары ұзарып, 

Білтелері қызарып,

Жамбыға қадап көздерін,

Ұмытқандай өздерін,

Қызығымен, дуымен,

Жұмысы жоқ өзгенің...

(«МАНАС». Екінші кітап: Қазақ Мемлекетік Көркем Әдебиет Баспасы. – Алматы, 1962 жыл. 61-63 бб).

Даурығып дөңге шықты, жұрт екі жар, 

Жігіттер дуылдасып, тартты көкпар. 

Мергендер жамбы атысып, аттар шауып, 

Жұлқысып күресуде палуандар

 («Жантай батыр» жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 60-том. 334-б).

Дәл бүгін балуан күрес, ат та шаппақ,

 Көкпар мен мергендер де жамбыны атпақ

Сый алып ақын, жыршы қайтып жатыр,

 Құттықтап, өлең айтып бекті мақтап.

(«Жапал батыр мен Таңшебер қыз» дастаны: Әбділла Тұтқышұлы нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  61-том. 104-б).

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?