Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ас – қазақтың олимпиадасы

2179
Ас – қазақтың олимпиадасы - e-history.kz

Сурет: Ералы Оспан

Ас беру – қазақтың өмірімен тұтасып кеткен дәстүр екені белгілі. Бүгін біз қазақ халқының ас беру дәстүрінің қашан басталғанын зерделеп көрмекпіз.

Зерттеушілердің айтуынша, қазақта ас беріп, ат шаптыру дәстүрі сонау ежелгі заманнан бар бар. Бірақ жаппай дәстүр ретінде орта ғасырларда қалыптасқан. Белгілі зерттеуші Зейнолла Сәніктің еңбектерінде қазақ дәстүрінде әйгілі тұлғаларға ас беріп, ат шаптырудың даңқы зор болған, оның салтанаты бірінен-бірі асып отырғанын айтады.

«Қазақ халқы ас беру дәстүрін қашан, қалай бастаған? Бұл туралы мынадай аныздық деректі келтіруге болады. Дөрбілжін ауданында тұратын әйгілі шежіреші Бейсенғали Садықанұлының айтуына қарағанда, қазақта ас беріп, ат шаптыру сонау орта ғасыр кезінен бар екен. Шежіре деректерінде Найманнан Сүйінші, Сүйіншіден Төлегетай туады. Төлегетай жас ортасына келгенде бір ұлды болады. Ырымдап ұлы жүз Аусар биді шақыртып, ат қойғызады.

Айтады балым,

Бір жақсылық барын.

Жақсы лебізжарым ырыс,

Бұрыннан қалған тәлім.

Қояйын атын Қытай,

Қытайдай ұрықты қылсын құдай. 

Жарылқады тәңірің,

Жылама, Төке, бұдан былай! – деп бата беріп, ат қояды Аусар би. Сол Қытайдан Дөртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай төрт ұл туады. Сол ұлдардың алды сегізге, арты үшке шыққан мезетте Салбурында жүрген Қытай биге өзінің құсы түсіп, қаза табады. Құстан қорғанатын өрлігін апармағанына налып, қапыда қалған Төлегетай баба зар еңіреп жүріп, ақыры көзден айырылады. Жыл уағы болғанда Қытай биге салтанатты ас береді. Аста Керей, Найман, Арғын үш ауыл күтуші болады. Керейден Байжігіт би, арғыннан Қанжығалы, Найманнан Бура Досаман би үшеуі асты басқарады. Аста ат шаптырады, бәйгеден Жалайыр Сағымбайдың қызыл кұласы бірінші боп келеді. Балуан түсіргенде Ашамайлы Көбен балуан ағалап алдыға шығады. Бәйгеге 100 жылқы, балуанға екі тоғыз сыйлық беріледі. Өлімге ас беріп, ат шаптыру, балуан түсіріп, мергендік өнер көрсету сонан қалыпты деген сөз бар», – дейді зерттеуші.

Ас – қазақ даласының олимпиадасы

Қазақ үшін ас беру үлкен абырой болғаны белгілі. Әрі сонымен қатар берілетін адамның абыройына байланысты ас салтанаты да бірінен-бірі асып түсіп отырған.

Тағы бір айта кетерлігі, атақты Абылай өмірден өткен соң дүркіретіп ас беруге тыйым салынған екен. 

«Құрбанғали Халидидың жазуына қарағанда, 1780 жылдардағы Абылай асынан кейін екі нәрсеге тыйым салынған. Оның бірі – ірі тұлғалар дүние салған соң, оның сүйегін Түркістанға апарып жерлеуге тыйым салынған: «Сол себепті, Ботақара би, Байқара би, Байжігіт, Шернияз төре сияқты әйгілі адамдар өз жеріне жерленген. Олардың күмбезі Аягөздің басында тұр...», – деп жазған тарихшы өз еңбегінде («Атаның алтын іздері», 491-бет). 

Тыйым салынған нәрсенің екінші бірі – ас беру салты. Сол себепті ол: «Сүлеймен бидің асы Абылай асынан кейін қайтадан қалпына келтірілген ұлы ас болды» деп жазған», – деп көрсетілген зерттеуші Зейнолла Сәніктің еңбектерінде.

«Қазақта таяу замандағы үлкен астын бірі – Өскенбайдың асы еді деп жазады зерттеуші өз еңбектерінде. Ас он күнге созылып, 320 ат қатысқан аламан бәйге өтіп, елу атқа жүлде берілген.

«Бұл кез Құнанбайдың дәурендеп тұрған кезі еді, сондықтан тұтас үш жүздің әулетіне жыл бұрын сауын айтып, әкесі Өскенбайға үлкен ас береді. Ас уақыты жыл бұрын хабарланып, әр елдің адамдары күні бұрын дайындық жасап, жарысқа салатын бәйгелерін, балуандарын, мергендерін, әнші-күйшілерін сұрыптап, өз алдына шағын жарыстар жүргізіп, сынақтан өткізген. Уақыты жеткенде «ас 10 күн жалғасады» деп жариялаған. Ең әуелі балуан түсіріп, қыз қуу, теңге ілу, қамшы тастау сиякты қызықты ойындар өткізген. Екінші күні ат жарысын өткізіп, 320 атты бәйгеге қосып, 50 атқа бәйге берген. Сонда Қаңлының Нар атанған алып балуаны мен найманның Малбағар деген балуаны күресіп, екеуінің күші тең шығып қалып, ұлы жүз Ұласар би бұларға қос бәйге берген. Ақ жамбы, ақбас құндыз, түйе бастатқан тоғыздан сыйлық үлестірген. Ат жарысында Шерубай Танамырзанын сары бауыр аты біріншілікті алып, 50 жылқы айдап қайтқан. Кейінгі бір астарда балуан мен бәйге аттын кұны мұнан да жоғары мәртебеге ие болған»,- деп жазады зерттеуші. 

Өз зерттеулерінде тарихшы ғалым Құнанбайдан кейін аға сұлтан болған Байжігіт Бұтабайдың асына да тоқталған. Асты Керей Жәке би басқарғанын және бәйгеден Алтайдан Жәдік Табыкенің торысы деген ат бірінші келгенін сөз етеді. Жүлде ретінде 100 жылқы, 30 құндыз тігілген.

1916 жылы Тарбағатайда өткен Тұрысбектің асына екі елдің қазақтарынан 17 болыс ел шақырылады. Сонда Қажығабыл деген балуанның күші мығым болып, бір айғыр үйір қысырақ сыйлық алған.

«Көп жағдайда адамдар есінде асқа қанша ел жиылып, қаншалық салтанат құрғаны емес, сондағы бәйге алған аттар мен балуандардың есімі ғана қалатын көрінеді. Ілгеріректе Тарбағатайдың қариялары: «Жұмық Шідерінің асы 30 болыс ел жиылған үлкен ас еді, бәйгеге Мұрынның қырғын көгі, Маңғабылдың қара қасқасы, Жарболдың құла қасқасы, Жұмық Мүлік бидің торысы, Мамырбектің ақ танауы... түскенде Мүліктің торысы бірінші, Мамырбектің ақ танауы екінші болып келіп еді» десетін. Соңғы кездері Тарбағатайда Қанағат болыстын балуаны Темірхан, Мамырбектің балуаны Елубай, Басбайдың балуаны Кәрі және Шәуешек ауданында Қасен балуан, Қарамайлы өңірінде Қапас балуан дегендер ел аузынан түспей жүрді. Тарбағатайда өткен бір тойда Мамырбек Алтайдан Қайса балуанды алдырып, Қанағаттың балуаны Темірханмен күрестіреді екен. Сонда жиырма беске енді ілінген Темірхан Қайсаны ұстай алғанда, елуді еңсерген Қайса балуан: «Қарағым, күреспей жолымды берейін. Осы уақытқа дейін сенің қолыңдай тегеурінді қолды көрмеген екенмін» деп жас балуанға жолын беріпті. Ол күннің адамдары қолының күшіне, денесінің шымырлығына, тұрқына қарап балуандарды да сынай білетін. Көзі жеткенде күреспей жолын да беретін еді. Бұраталада өткен Қамсыз, Аманбек, Зәңгібек балуандар да өз дәуірінің мықтылары болатын.

Құлжа ауданында тұратын Мәткерім ақсақалдың айтуына қарағанда, 1920-1930 жылдар аралығында Іле өңірінде «Нүптебектің асы», «Түйекенің асы», «Естеместің асы», «Мырзақұлдың асы» деген әйгілі астар болған. Түйекенің асында Тойлыбай деген балуан жүлдегер болды. Күшіне қайран қалған Қаракерейдің бір байы бәс тіккенде қодастың бұқасының мойнын бұрап өлтіргендігі үшін кейінгі кезде күреске түспей, бәйге алып жүрді. 1930 жылдың орта шенінде өткізілген Естеместің асында бас бәйгеге 80 жылқы, 30 былғары берілгендігі есімде. Сол аста 5 мың жылқы біткен Оразақан ақалақшынын аты бас бәйгені алған-ды. Ал Мырзақұлдын асы бұлардан да үлкен болды. 500 үй тігіліп, 1000 бие байланды. Бас бәйгені Мырзақұлдың сарқызыл айғыры алды, оған 100 жылқы, 50 түйе берілді. Екіншілікті бір қырғыздың аты алды, оған 100 жылқы берілді. Үшіншілікті сол жылы бесті болған менін ала құнаным алды, оған 50 түйе берді...

Баркөлдегі Буратай тәйжінің баласы Қабен ақсақалдың айтуынша, 1931 жылы Көктоғайда Құли тәйжінің асы болған. Ат жарысында Бурылтоғайдан Шабырбай қажынын бурылы, Сәлімбақы үкірдайдың күреңі және біздің әкелеріміз Қабдолла тәйжінің көк аты құйрық тістесіп қатар келіп қалады. Ат көмбеге келгенде Шатырбай қажынын адамдары Қабдолланың көк атына қарап: «Әттеген-ай, мына атты жылқыдан ұстап әкелген беті жаратпай бәйгеге салған екен-ау. Бізге берсе, бәйгені осы алады екен, біз атты күні қалады», – деген екен. Сонда бұрын баптаймыз, жер тезек береміз», біздің ағамыз Қайдар деген кісі: «Жылқы тұрмақ адамға пара беріп көргенім жоқ. Мандыр болса шабады, мандыр болмаса депті. Шабырбай мен Сәлім бақы ағайынды адамдар болатын. Екеуі де «ат шаптыруға шебер» деп аталып жүретін, тіпті олар жер жағдайына қарай Алтайдың екі жерінде өткізілетін бәйгеге екіден ат баптап, бір уақыттың ішінде, бір күнде екі аты бірдей бәйгеден келген шақтары болыпты. Сонымен, бәйгенің қызығына берілген жұрт құйрық тістесіп келген әлгі үш атты үш күн бойы ұдайы жарысқа салыпты. Үш күнінде де қатар келіп отырыпты. 

1932 жылы Шақабай Жапар тәйжінің асында бұл үш ат тағы бәйгеге түседі. Сәлім бақының күреңі өліп, орнына «Жез аяқ» деген атты әкеп қосты. Бұл реткі бәйгеде Шабырбайдың бурылы бірінші, жезаяқ екінші, көк ат үшінші болды. Тары тәйжінің асында әкем Буратай тәйжі Көктоғайдың Машан молқысынан Қажыбала деген балуан жігітті алдырып, моңғолдың үкірдайы Намжаның сонау Ұланбатырды тыйған балуанымен күрестірді. Ақырында Қажыбала Намжаның балуанын жығып, бүкіл қазақтын даңқын көтереді. Әкем разы болып: «Қарағым, бұл жолы сені асса, қазақтың, қалса, Абақтың аруағы қолдады. Күреске көп түсе берме, абыройдан бір-ақ күнде айырыласын. Орынсыз жерге күшінді салма», – деп батасын беріп, ат мінгізіп, шапан кигізіп, мол сыйлықпен қайтарған-ды.

Құсайын тәйжінің інісі Нығмет Рақымбайұлы былай дейді: «Еренқабырғаға данқы кеткен Қайысбай балуан менің туған нағашым еді, жойқын күштің иесі болатын. Ол кісіні мен 10 жасымда көрдім. Төртбақ келген, шымыр денелі адам, өзі «өмірі ешкіммен белдесіп күреспедім, ұстасуға келгенде тақымымның астынан өткізе салушы едім» деп отыратын. Алып адамның ішуі де алып бола ма, қалай? Бір рет шөліркеп келгенде төрт кісілік тайқазан толы іркітті, үлкен шарамен бірнеше рет салқ еткізіп сарқып ішіп болып: «Үh, шөлім қанып қалды ғой», - деп орнынан тұрып кеткені есімде. Ол кісінің соңғы өмірі Мори ауданында өтті. Жұрт «балуандығыңызды көрсек» деп өтіне берген соң: «Мен 16 жастан бастап жарысқа түстім, қазір алпысты алқымдап барамын. Бетім қайтып, жауырыным жерге тиіп көрмеді. Енді қартайғанда жарбақтап кіммен ұстасып жатам, артқы ұрпаққа естелік болсын», – деп Баянқұмар деген сайға - жолдың астына бір дәу тасты көтеріп әкеліп қойған. Сол тас орнында әлі тұрған болар, сонан-ақ ол кісінің алыптығын көруге болады. Моридың Үшқиған деген жерінде «балуан тас» деп аталатын тас бар, ел мұны да Қайысбай қойған тас деседі. Ұзындығы бір құлаш, жуандығы құлаштан жуан бұл тасты тізеге алып, екі тастың үстіне қойыпты. Құлап қалған екен, сол тасты кейін 4 жігіт сүйменмен көтеріп қайта орнына қоя алмапты. 

Қайысбайдан Жүніс деген ұл туды. Ол да айтарлықтай балуан болды. Қайысбай туралы мынадай бір қызық әңгіме бар: Қайысбай Кәпірауызы деген жерде отырғанда қойға бір тас қора салып, соның аузына бір дәу тасты қоймақ болып, екі інісін көмекке шақырады. «Балуансың ғой. Өзің қой», деп інілері қыртиып, келмей қояды. Сонда 18 жастағы Зәуре деген қызы: «Ата, мен көтерейін, менің арқама қойыңыз», – деп сұранып, үйден шығады. Қайысбай қызының бетіне қарап тұрып: «Сен де менен шықтың ғой, көтерсең көтерші», деп жас қыздың беліне қойып, өзі сүйемелдеп қораның аузына әкеледі. Қора бұзылмаса, сол тас әлі тұрған шығар... Қайысбай және оның ұрпақтары, міне, осындай ерен күштің иелері еді».

Жалғасы бар…

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?