Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстан таеквондосы және олимпиада

1937
Қазақстан таеквондосы және олимпиада - e-history.kz

Шығыс жекпе-жек өнері таеквондоның тамыры тереңде жатыр. Ол – шығыс күрестеріне жататын жауынгерлік спорттың бір түрі. Корей халқының ұлттық спорты ретінде әлемге танылған. Оның жеке жауынгерлік өнер ретінде тіркеліп, олимпиада бағдарламасына енуі бертінгі жылдарға тиесілі.

Таеквондо спортының Қазақстанға келуі әйгілі спортшы Мұстафа Өзтүріктің есімімен тікелей байланысты. Тайван халықаралық университетінде білім алған жас Мұстафа шығыс жекпе-жек өнерін қосымша оқып, әбден меңгереді. Ол Түркияға, кейін Германияға қоныс аударып, алғашқы таеквондо мектептерін ашып, шәкірттер жаттықтыра бастайды. 

Қазақстанда таеквондо спорты ресми түрде 1991 жылы өз жұмысын бастады. Мұстафаның елге келуі, алғашқы сапарында үлкен спорт сарайларында жекелей бағдарлама көрсетуі сол кездегі жастардың құштарлығын оятты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жас болғанына қарамастан, елімізде алғаш рет таеквондо федерациясы (WT) құрылды. Спорттық ұйымның іргетасы қалауға Мұстафаға досы, спортшы әрі суретші Бексейіт Түлкиевтің көмегі көп тиді. 

Анығында Мұстафаның тарихи отанға оралуына септігін тигізген адам – Бексейіт досы болатын. 1975 жылы Тайбэй қаласындағы Халықаралық саясат университетіне оқуға түсіп, 1980 жылы Тайвань қаласында халықаралық журналист мамандығы бойынша жоғары білім алған Мұстафа Германияның Мюнхен қаласында таеквондо мектебін ашып, жастар жаттықтырып, арасында осы жекпе-жектің арқасында түрлі фильмдерге түсіп, шытырман оқиғалы киноларда қиын трюктерді ойнап көзге түседі. Таеквондоның екінші мектебін Түркияның Ыстамбұл қаласынан ашып, ондағы шәкірттері де халықаралық ареналарға шыға бастайды. 

Мұстафаның атағына сырттай қаныққан Бейсейіт Түлкиев онымен Мюнхенге барған сапарында танысып, қатты достасады, елге шақырады. Сөйтіп Бексефйіттің айтуымен 1990 жылы Қазақстан Комсомолының жетекшісі Серік Абдрахманов, Иманғали Тасмағамбетовтер арнайы шақыртып, елге алғаш рет қадам басады. Араға бір жыл салып ол ҚР Таеквондо федерациясын (WT) құрып, елде осы спорттың түрін дамытуға бар күш-жігерін салды. 

Көп өтпей Мұстафа Өзтүрік Қазақстан азаматтығын алып, 1993 жылы қазақстандық федерацияның Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының құрамына енуіне белсене кірісті. 1995 жылғы 12 наурыздағы оқыс жағдай Мұстафаның өмірін қиып жіберді де, оның көптеген арманы, көкейдегі ойы іске аспай қалды.  

Таеквондо федерациясының тұңғыш президенті болып Бексейіт Түлкиев тағайындалды. Бексейіт де осал тұлға емес еді, ол таеквондо спортымен жауынгерлік өнерге тыйым салған ССРО қылышынан қан тамып тұрған кезеңінде де айналыса бастаған болатын. Мұстафа Өзтүрікпен бірге федерация құрсақ, онда қазақтың қара домалақ балалары жаттықса, олар әлемдік турнирлерге қатысып, елдің намысын көтерсе, көк туды желбіретсе деген ізгі ойын, армандарын жүзеге асырды.

Қазақстан таеквондо федерациясының тарихына қарайтын болсақ, алғаш рет біздің таеквондошылар 1995 жылы 1995 жылы әскери қызметкерлер арасындағы 7-әлем чемпионатына қатысып, Корея Республикасынан кейінгі командалық жарыстан 2-орынды жеңіп алған екен. Бұл аздаған жылда жеткен үлкен жетістік болады. Жерлестеріміздің еншісінде бір күміс және екі қола медаль бар болған.

Бірінші президент Бексейіт Түлкиев «Мұстафа өмірінің шындығын ашамын» деп жүргенде, яғни 1998 жылы қапияда кісі қолынан қаза болды. 

Федерацияның басшылық тізгіні таеквондодан жетінші дан қара белбеу иесі, Ұлттық олимпиадалық комитеттің мүшесі Шамсат Исабеков қолына өтті. Оның басқаруы кезінде 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында таеквондошы Арман Шылманов алғаш рет қола медаль иеленді. 

Блогер Мерей Ермұхановтың Арман Шылмановтың олимпиададағы жолы жайлы «Құдайдың сүйген құлы» деген әсерлі постындағы оқиғаны өз сөзімізбен қайта жазып шықтық. Бірге оқиық. 

Жас спортшының бағы бар екен. Арман Шылманов бірінші кездесуінде алдыңғы олимпиаданың финалисі, грек Александрос Николаидиспен шығады. Одан, әрине, жеңіледі. Кез келген спорттың жазылмаған заңдылығы, жеңілген спортшы жеңген қарсыласының финалға жетуін тілейді. Шылманов та Николаидистің финалға дейін жетуін қатты күтеді. Өйткені, жеңіліс тапқандар жұбаныш белдесуіне шығып, қол үшін таласуы әбден мүмкін. 

Арман Шылманов ендігі белдесуінде әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, марокколық Зруримен шығуы керек еді. Өз жолында қарсыластарын қоғадай жапырып келе жатып, Николаидиске есе жіберіп алған Зрури енді жұбаныш белдесуіне бізге белгісіз себептермен шықпай қалады. Әлде жарақаты болды, әлде кешігіп қалды, әйтеуір айқас болмайды. 

Сөйтіп Шілманов келесі кезеңге өтіп кетеді. Енді оны үшінші орын үшін «төбелес» күтіп тұр еді. Бұл жолғы қарсыласы мықты спортшы, 2000 жылғы Олимпиада чемпионы, кубалық Анхель Матос. Шарт та шұрт аяқ тебісуде, әрине, Матос Шылмановты 3:2 есебімен ұтып жатады. Кенет... ол аяқ асты жарақат алып қалып, дереу медициналық көмекке жүгінеді. Таэквондо ережесі бойынша спортшылар тек бір минуттық үзіліс жасай алады, ал 60 секундтан кейін швед төрешісі матч жеңімпазы ретінде Шылмановты жариялап кеп жібереді. Орнынан тұрған Матос мұнымен келіспейді, ашу шақырады, қапталдағы төрешіні итеріп жіберіп, кілем төрешісі Шелбаттың басынан теуіп, ернін жырады. Мұның барлығын әділетсіздік деп есептеген ол кілемге түкіреді, ары-бері жұлқынады, ақыры залдан қуылып тынады. 

Бұл кезде біздің спортшымыз Арман Шылманов көк туымызды қолға алып, басынан асыра көтеріп, кілемді айнала жүгіріп жүрген болатын. 

Осы Арман Шылмановтың сақал қойып, ұстанған діни сеніміне де қатысты дау туып, оның федерация президенті болғанына байланысты түрлі сөздер жазылды... 

Қазіргі уақытта Қазақстанда таеквондомен 20 мыңнан астам спортшы айналысады, күн санап бұл спорт түрімен айналысатындар қатары артып келеді. 

Ал биылға Париж олимпиадасына Қазақстан атынан екі спортшы ел намысын қорғайды. Олар: Батырхан Төлеуғали (80 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) мен Самирхон Абабакиров (58 келіге дейінгі салмақ дәрежесі). Бұл спортшылар Қытайдың Тайань қаласында Азиялық іріктеу турнирінің финалында өнер көрсетіп, Париждегі ойындарға олимпиадалық лицензияны жеңіп алған болатын. 

Осылайша еліміздегі таеквондо спортының басталуы мен даму тарихына қысқаша шолу жасадық. Мұзбалақ Мұстафа Өзтүрік пен бекзада Бексейіт Түлкиевтің шәкірттері алда әлі талай биік белестерді бағындырады деп сенеміз. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?