Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дүнген, ұйғыр этностарының Қазақ жеріне қоныстану тарихы VІІ бөлім

1143
Дүнген, ұйғыр этностарының Қазақ жеріне қоныстану тарихы VІІ бөлім - e-history.kz

Сужоуды тыныштандырғаннан кейін Зо Зұңтаңның дүнген көтерілісін басу операциясы аяқталды. Қалдық әскерімен Шығыс Түркістан жеріне өтіп кеткен Биянхуды айтпағанда, Шәнши, Ниңшиә, Гәнсу өлкелерін шарпыған дүнген көтерілісі толық жанышталды. Ендігі кезекте алпысты алқымдаған кәрі қолбасшы алдында жаңа міндет жүктелді. Ол Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысын бастықтырып, батыс шекарадағы чиң ықпалын орнықтыру болатын.

Чиң патшалығы тығырыққа тірелді

Зо Зұңтаң Шығыс Түркістан жағдайын саралап, соғыс стратегиясы мен тактикасын пысықтап жатқан уақытта Бейжіңнен күтпеген хат келді. Хат Зо Зұңтаңнан Шығыс Түркістан үшін соғысудың маңызын негіздеуді сұрады. Патшайым жолдаған хат обьективті жазылса да, Зо Зұңтаң желдің қайдан соққанын біле қойды. Шығыс Түркістан үшін қаражат шашудың түк те қажеті жоқ деген орда уәзірлері мен генералдарының қысымы еді бұл.  

1874 жылы Қытайдың шығыс оңтүстік теңіз жағалауында әскери қақтығыс туып, Жапония Тәйуанға әскер енгізді. Әскери операция экономикасы шатқаяқтап, ішкі шаруалар және ұлт-азаттық күресінен діңкелеп тұрған Шүршіт ордасын Шығыс Түркістан үшін күресу қаншалықты маңызды деген сұраққа бетпе-бет әкелді. Зо Зұңтаң бұл мезгілде Шығыс Түркістан топырағына жорық әзірлігін пысықтап жатқан еді. 

Мейдзи жаңғырығын өткеріп жатқан жапондар сыртқа бағыттаған алғашқы әскери әрекетін Тәйуаннан бастады. Бұл жолғы қақтығыстың түп себебі де сол Мейдзи реформасынан туды. Мейдзи өзгерісі Жапонияның капиталистік өндірісін дамытқанымен, кейбір ішкі қайшылықтарды қоздатты. Әсіресе, феодалдық өмір салтында елеулі орны бар самурайлар жаңа қоғамдық формацияда біртіндеп әлсірей бастады. Қоғамдық статусы төмендеді. Шетқақпайға ұшыраған самурайлар әлсін-әлсін дүрбелең тудырды. Сайго Такамори бастаған ұлықтар самурайлар қысымын жеңілдету үшін «кәріс түбегін жаулау» идеясын ортаға қойды. Сайго ішкі қайшылықты сыртқа ірге кеңейту саясатымен шешеміз деп сенді. Алайда жоба орда ішінде қарсылықтарға тап болды. Қолдау таба алмаған Сайго Такамори оставкаға кетті.

1871 жылы қарашада 54 Рюкю тұрғыны Тәйуанда қастандыққа ұшырады. Арал тұрғындарының құнын даулаған Жапония Мәнжүр ордасына қысым жасады. Чиң тарапы Рюкю мен Тәйуанның өзіне тиесілілігін көлденең тартып, Жапонияның ішкі іске араласуын қатаң айыптады. Екі тарап бір-бірін сөгіп, дипломатиялық жолдармен біразға барысты. Ушыққан жағдай 1874 жылдың мамырында Жапонияның Тәйуанға әскер енгізуіне алып келді. 

Қақтығыстың соңы ағылшындардың ара ағайын болуымен екі жақтың өзара ымырасымен аяқталды. Дегенмен әскери әрекетте қос тараптың да кемістігі көрінді. Әсіресе, кәсіби теңіз флотының болмауы Чиң шенеуніктерін ойға қалдырды. Асылы, Шән-Гән губернаторы болып ауысқанға дейін, Зо Зұңтаң 1866 жылдың тамызында Фу Жоудың Мауый тауы етегінде «Фу Жоу кеме зауытын» және зауыт жанынан матростар мектебін құрған-ды. Бірақ француз инженерлерін ұсыныс етіп құрған зауыт өзен-көлдерге арналған жеңіл кемемен шектеліп, теңізге шығарлық ірі соғыс кемесін дайындауға қауқары жетпеді. Жапонмен кикілжіңде Чиң үкіметі осы олқылығының зардабын тартты. Зеңбіректерін шарасыздан шағын кемелермен тасыды. Әскер тасымалын шет елдің ірі кемелерін жалға алып жүзеге асырды.

Мәнжүр үкіметі ит мініп, ирек қамшылап жүріп Тәйуанға түмен әскерін енгізді. Шындап келгенде, бұл доқ көрсетіп, айбат шегуге ғана жарайтын. Себебі жапон кемелері аралды құрсаулап тастаса, түмен әскер соғыспай-ақ аштан қататын. Тәуекелі мен қатері қос қабат шешімге барғанын шүршіттер де аңдады. Әйткенмен алғаш сыртқа әскер шығарған Жапонияның да жетерсіздігі байқалды. Сарбаздарын безгек жайлап, тұтас қосын салданып қалды. Әр екеуінің хәлі мүшкілденді. Осыдан барып соғыстың соңы британ дипломаты Томас Фрәнсис Уайдтың дәнекер болуымен бейбіт бітіммен аяқталды. Қос тараптың Бейжіңде қол қойысқан арнайы келісімінде Рюкю аралының жапонға қарастылығы мойындалды. 

Орда ішіндегі тартыс: Шығыс Түркістаннан «бас тартқан» Бейжің 

Генерал Ли Хұңжаң бастаған топ Жапониямен бітімге келген осы орайлы сәтті пайдаланып, дереу теңіз флотын жасақтау мен әскери кеме өндірісін қолға алуды ортаға қойды. Ұсыныс көптің көкейіне қонып, көңілінен шықты. Жалғыз гәп қаражатқа барып тірелді. Алайда орда қазынасында оны іске асыратын артық қаржы табылмады. Қолдағы ақшаның бәрі батыс шекараны бекемдеуге жұмсалып жатқаны ашыққа шықты. Осыдан барып, ордада «Шығыс Түркістан қаншалықты керек» деген пікірталас басталды. 

Шәнши-Гәнсу аймағындағы дүнген «бүлігін» басу үшін соғыс шығынына жыл сайын 6 миллионнан аса күміс жамбы, одан тыс 2-3 миллиондай  қосалқы шығын жұмсалатын. Әкімшілік шығындарды шегергенде артылған қаражаттың бәрі батысқа құйылып жатқаны белгілі болды. Бұдан хабар тапқан генерал Ли Хұңжаң «батыстағы құрлық, шығыстағы теңіз шекарасы да маңызды, бірақ мемлекеттің екеуін бірдей қамтамасыз етуге шамасы жетпеген жағдайда қазына күшін толық бір мақсатқа ғана бағыттау керек» деген пікірін алға тартты. Ли Хұңжаңның уәжі бейбіт күннің өзінде жылына 2 миллиондай шығын әкелетін батысты күшпен ұстаудың қажеті жоқ дегенге сайды. Орда мәжілісіндегі Ли Хұңжаң пікірін ұштап, ойын сабақтап дәлелдей бастады: «Батыс өлкесінің жері ұлан байтақ болғанымен, нақты пайдасы аз. Жан-жағынан империялар анталап тұр. Қазірдің өзінде ондағы мұсылман хандығы Османлының етегінен жем жеп, Ұлы Британия, Ресеймен ауыз жаласып отыр. Бүгін бар күшімізді салып алғанымызбен, ертеңге кепіл жоқ. Тағы айналып келіп, тыныштықты сақтауға қисапсыз ақша төгуге тура келеді. Ресей мен Ұлы Британия, түптің түбінде, оны бізден тартып алады. Ақыры айырылатын жер болса, оған ақша шығындауды доғару керек. Соғысты барған шегімізде тоқтатып, сол қаратқан жерлерді сақтауға құлық жасайық. Одан арғы территорияда сондағы хандықтармен бітім жасасайық. Кәріс, ветьнам секілді алман-салық төлеп, вассал ретінде бағынсын. Қазіргі жағдайда біз үшін ең басты қауіп – Жапония. Бүгінгі жапон – ішкі бұлқынысы оянған, менмендігі тасыған ел. Осы жолғы Тәйуан оқиғасы – соның айғағы. Олар теңіз флотымен ары-бері ойқастап жүргенде біз қол қусырып қарап отырдық. Тәйуаннан басқа Нагасакиде бір кеме қаңтарылып тұрды. Бар назарымыз Тәйуанға ауғанда оқыстан өкпе тұсымыздан соққыламақ болды. Ал әскери кеме болмағандықтан біз барлау, шарлау жұмыстарын жүзеге асыра алмай қапы қалдық». 

Ли генералдың ойлары шындықтан туған иланымды еді. Сондықтан тыңдаушының бәрі ұйып, еріксіз бас шұлғып отырды. Көпшілікті жағалай көзбен шолып, ықыласын аңдаған ол: «Енді өздеріңіз айтыңыздар, иек астындағы, көздің қарашығындай жерімізді қорғауымыз керек пе, әлде айдаладағы батысқа ақша шашып, шаңырағымыздың ортасына түскенін күтіп отырамыз ба», – деп сөз соңын салмақты сауалмен түйіндеді.  

Орда ұлықтарының дені осы пікірді қуаттады. Әуелде Зо Зұңтаңға сенім артып, батысты бағындыруға барынша қолдау танытқан патшайым да Тәйуан оқиғасынан кейін шығысқа алаңдап, мазасыздана бастаған. Сондықтан іштей Ли Хұңжаң байламына тоқтады. Дегенмен соғыс өтінде жүрген Зо Зұңтаңның да пікірін алғанды құп көрді. Зо Зұңтаңға ордадан жеткен хаттың мәнісі осы еді. 

Патшайымды ниетінен айныту 

Орда ішіндегі пікірталастың аужайын айта келе, патшайым Зо Зұңтаңға үш сауал қойды. «Батыс өлкесін алудың нендей маңызы бар? Батысты басы бүтін өзімізге қаратуға қанша қаражат керек және неше жылда бағындыра аламыз?  Соғыс ұзаққа созылып, соңы итырғылжыңға ұласып кетпей ме?» 

Бейжіңнен жеткен орда хатын оқығанда Зо Зұңтаңды іштей ыза кернеді. Өзі батыста жан алысып, жан берісіп жатқанында Ли Хұңжаңның ордада отырып «бүлік» бастағанына налыды. Патшайымға бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп, бетін бері қаратудан басқа лаж қалмағанын ұқты. Қолына жүн қаламын алып, сияға матырды да хатына кірісіп кетті. 

«Генерал басымен Ли Хұңжаң ағылшындардың ақпарат арбауына түскен екен», – деп сөкті Зо Зұңтаң қарсыласын. «Шығыс Түркістанда Яқұпбектің ықпалы зор – бұл рас. Алайда Яқұпбекті қолдап отырған – ағылшын үкіметі. Ендеше, ағылшын үкіметінің біздің Шығыс Түркістанды алуымызға кедергі келтіретіні талассыз. Өз мүддесіне жету үшін бұл соғысты ұзаққа ұласатын машақатты шайқас ретінде тәпсірлейді. Ағылшындардың түп мақсұты – бізге Жетішәр хандығын мойындату. Сөйтіп Тянь-Шань мен Күнлүн арасындағы территорияны Яқұпбек хандығына кесіп беріп, Ресеймен буфер аймағын құрмақ. 

Ағылшындар біздің ең осал тұсымыз – қаржы тапшылығы екенін бес саусағындай біледі. Олар осы мәселеден сыналап кіріп отыр», – деп Зо Зұңтаң өз пайымын жаймалап, тарата бастады. Одан әрі ол Ағылшын үкіметінің «теріс» ақпаратты Ли Хұңжаң бастаған орда ұлықтарына бейсаналы түрде қалай сіңіріп отырғанына тоқталды. «Ағылшынның алғашқы айласы, – деп ойын ұштады Зо Зұңтаң, – Жапонмен бітімге делдал болған Томас Уайд арқылы Жапонияның күшін шексіз әсірелеп баққан. Томас Уайд жапонның қоқан-лоқысы мен құқайын асыра айтып, Ли Хұңжаңға теңіз қорғанысын күшейтпей болмайды деген танымды әбден сіңіріп тастаған. Теңіз флоты мен әскери кеме өндірісін қолға алу үшін сөзсіз қыруар қаражат керек. Қаражат теңіз қорғанысын күшейтуге жұмсалса, Шығыс Түркістанды алуға соқыр тиын қалмайтынын ағылшындар айтпай-ақ түсініп отыр. Ли Хұңжаң ә дегеннен ағылшындардың осы тұзағын қауып отыр». Зо Зұңтаң патшайымның көзін әбден жеткізу үшін бұдан әрі ішкерледі. «Ағылшындардың екінші айласы ақпараттық монипуляцмямен орда ұлықтарының көзін байлап, теріс түсінікке жетелегендігінде. Сол себепті батыс ақпаратына бөгіп алған генерал Ли Хұңжаң мен оның сыбайластары сау ақылдан адасып, бұрыс ұғымға басы ноқталанған. Сіз жіберген хатта Ли Хұңжаң өз уәжіне дәлел ретінде шетел басылымындағы аргументтерді алға тартады. Демек оның көптеген тұжырымдары осы басылымдағы көзқарастан туғанын аңғару қиын емес. Ал Ли Хұңжаңның көзін көлегейлеп, құлағын саңырау еткен «Шын Баудың» иесі ағылшындар екенін оның есепке алмағаны өте өкінішті. Газетті қытай тілінде бастырғанда ағылшындар отарлаудың жаңа әдісі ақпараттық құрсауды көздеген. Әйтпесе, біздің отанымызға келіп, қытайша газет шығаруға ағылшындарға нендей мұқтаждық туды?» 

Зо Зұңтаң хатында тілге тиек еткен «Шын Бау» 1872 жылдан Шаңхайдағы ағылшын аренда аймағында шығатын гезет еді. Ағылшындар құрылтайшылық ететін басылымның ақпараты халықаралық саясатты талдап-түсіндірумен құнды болатын. Тілшілер ұстап, жедел хабар тарату, Қытайдың ішкі оқиғалары мен соғыс барысын баяндауда оның ақпары анық әрі дәл шығатын. Сол себепті орда ұлықтарының өзі «Шын Бауды» сенімді дереккөз ретінде пайдаланды. Қытай элитасы да «Шын Бауға» алабөтен иланды. Зо Зұңтаңның бұл басылымға суық қарап, тысқары пайым жасай алатын себебі ол Фу Жоуда кеме зауытын қолға алғанда француздармен одақтасты. Солардың дүниетаным, ой-көзқарасынан үңіле алатын тәжірибеге жеткен еді. Он жылдан артық соғыс майданында жүргендіктен Шығыс Түркістандағы нақты жағдайды орда ұлықтарына қарағанда тереңірек білді. 

Зо Зұңтаң хаты патшайым ойын кері төңкерді. Цы Ши тағы бір мәрте бәсті Зо Зұңтаңға тігуге бекінді. Шаруалар мен дүнген көтерілісін басып, ұзақ жыл ұрыс өтінде жүрген бұл генералына ордадағы көбік сөзді, жалпының пікірі қалай шықса, солай ауа кететін күнбағыс уәзірлеріне қарағанда көбірек сүйінетін. Іскерлігіне мойынсал болатын. Сондықтан тағы бір мәрте Зо Зұңтаңға сенім артты. Оның үстіне Зо Зұңтаңның хаттағы қаққан қазықтай нық шыққан уәждері де патшайымды мойынсал етті. «Біріншіден, теңіз бен құрлық шекара қорғанысы бірдей маңызды. Бұны мынау артық, мынау кем деп бір-бірінен бөле жаруға келмейді. Екі жақты да бірдей күшейтуіміз керек. Фу Жоу кеме жасау мекемесін құрғандағы менің тілегім де теңіз қорғанысын арттыру болатын. Алайда теңізден сұғынып кіргісі келген еуропалықтардың көкейін тескені – бізбен сауда қарым-қатынасын орнату. Олар бізді сауда арқылы кіріптар еткісі келеді. Еуропалықтардың әскери іс-қимылдарының қозғауы – сауда жасауға күштеп көндіру. Оған көнбесек қана жоқты сылтау етіп соғыс ашуы мүмкін. Қазіргі уақытта біз еуропалықтармен, Жапониямен бітім жасастық. Әл-әзірге теңіз тарапынан үлкен дау өрши қоймайды. Аздаған кикілжің туса да, дипломатиялық жолмен реттей аламыз. Сондықтан теңіз қорғанысы маңызды болса да, дәл қазір тықсырып тұрған жоқ. Ал батыстағы құрлық шекараны қорғамай болмайды. Бұл орайды қолдан ұзатсақ, Шығыс Түркістан екінші қайтып уысымызға түспейді. Екіншіден, теңіз қорғанысын бекемдейік дегегендерде бір жаңсақ түсінік бар. Олар батыстан баз кешсек, қаражат үнемделеді, сол қаржыны әскери кеме өндірісіне жұмсай аламыз дейді. Бірақ бұл сыңаржақ пайым. Шығыс Түркістаннан бас тартқанмен де бәрібір күнбатыста шекара күзететініміз анық. Ол Шығыс Түркістан болмаса, не Моңғол сахарасы, не Гәнсу аймағы болатыны күмәнсіз. Қай өңір болса да, қаражат жұмсамай қорғау мүмкін емес және оның мөлшері де азая қоймайды. Ендеше ақыры шекара қарауылдайды екенбіз, неліктен шекарамыздың қазығын бір сүйем болса да ары апарып қақпаймыз? Оның үстіне қазір әскер қысқартып, батыстан шегінер болсақ, әскерлерге берешек қарызымызды өтеудің өзіне біршама қаражат шығындаймыз. Бұл әскери шығынды кеміткені былай тұрсын, арттыра түседі. Үшіншіен, ұзаққа созылған итжығыс соғысқа айналып кетпей ме деп сұрапсыз. Мен батыстағы басты жау Яқұпбек турасынан айтсам, ол еш қорқыныш тудырмайды. Яқұпбек Шығыс Түркістанның төл топырағынан туған билеуші емес. Оның әміріне шарасыздан көніп отырғандар көп. Яқұпбек Шығыс Түркістанда аяғын әлі нықтап баса алмады. Сол себепті Шығыс Түркістанды өзімізге қаратудың ең оңтайлы, ұрымтал тұсы осы. Бүгін Шығыс Түркістанды жедел алмасақ, уақыт ұзаған сайын Яқұпбек тамырын тереңге жіберіп, мызғымастай орнығып алады. Жыл аунаған сайын біздің Шығыс Түркістанды алуымыз да алыстай түседі. Тіпті, мәңгілік қол үзіп қалуымыз мүмкін. Төртіншіден, Шығыс Түркістаннан бас тартудың көзге көрінбеген тағы бір салдары бар. Егер біз бүгін Шығыс Түркістан мәселесінде жалтақтық танытсақ, ертең алдымыздан тибет, моңғол және басқа да ұлттардың мүдде-талаптары кесе көлденең тұрады». Осылай деген Зо Зұңтаң көндіктіретін себептерді санамалап көрсетті. Патшайымның дегбірсіз ой, тұрлаусыз пікірі байыз тапты. Цы Ши орда мәжілісін шақырып, уәзірлер мен генералдардың кейбір қарсылығына қарамастан сенімді түрде Зо Зұңтаңның батысты алуын қолдауға әмір етті. Патшайымның батасын алғаннан кейін Зо Зұңтаң Шығыс Түркістанды жорық әрекетін бастады. 

Зо Зұңтаңның соғыс саясаты

Патшайымның батасын алғаннан кейін Зо Зұңтаң соғыс қаражатын: әскер, азық-түлік шығындарын тәптіштеп есептеуге кірісті. Азық-түлікпен қамтамасыз ету қиындығын ескеріп, ол әскер санын қысқартты. Күші тың, тынық 6 түмен әскерді қалдырды. Оның өзінен 4 түменін кейінгі тылда ұстап, жорыққа аттанатын 2 түменін сұрыптап шығарды. 2 түмен әскер ішкерлей отрядтарға жіктелді. Лю Жинтаңға 25, Жаң Яуға 14,  Шүй Жәнбиауға 5 отряд үлестірілді. Шығыс Түркістанда ілгеріден орныққан Жин Шүн қосыны тағы қосылды. 

Азық-түлік мәселесінде Зо Зұңтаң 3 түрлі әдісті қатар қолдануды жоспарлады. Олар: Құмыл алқабында арнайы егіс егу, ішкі өлкенің Бау Тоу, Гүй Хуа аймағынан сатып алып тасымалдау және Ресей мен жергілікті өңірден сатып алу. Ішкі Қытайдан тасу Ресейден сатып алғаннан үш есе қымбатқа түсетіндіктен Зо Зұңтаң мүмкіндігінше қаржы үнемдеу жағына ден қодйы. Яқұпбекпен ұрыста Ресейден азық сатып алу қиынға соқпайтынын ол іштей ұғынды. «Ресей бұған қуана келіспесе, талабымызды тойтармайды», – деп межеледі. Осының бәрін саралай келе Зо Зұңтаң Шығыс Түркістанды түбегейлі бағындыруға 10 миллион қажет деп тапты. Мүның жартысын орда қазынасынан бөлдіртіп, қалған жартысын ағылшын банкінен қарызға алуды жоспарлады. 

Зо Зұңтаң ағылшын банкінен қарыз алудың да жолын барлап, банктердің тамырын басып көрген. Ағылшындардың өзінде де ішкі элиталық тартыс, мүдделер тайталасы барына француз дипломаттарынан көз жеткізген. Сондықтан қарызды Чиң патшалығының Шығыс Түркістанды алуына қарсы «Британ Шығыс Үндістан компаниясынан» емес, Британияның ішкі қаржылық құрылымына тән «Гонконг және Шанхай банк корпорациясынан (HSBC банкі)» сұрамақшы болды. Егер HSBC банкінен несиеге қолы жетсе, банк құрылтайшылары Шығыс Түркістан мәселесіндегі Ұлы Британия ұстанымына да белгілі бір деңгейде ықпал ететінін қаперге алды. Сөйтіп, Зо Зұңтаң Ұлы Британияның сыртқы саясатына әсер ететін ағылшын алпауыттарының мүдделер қайшылығын өз мақсатына ұтымды пайдаланғысы келді.  

Жорық саясатында Зо Зұңтаң әуелі теріскейді алып, содан оңтүстікке жылжу стратегиясына тоқтады. Жетішәр хандығының негізгі әскері Шығыс Түркістанның күнгейінде шоғырланып, теріскейде Биянху мен Ма Рынды қосыны орныққан. Бұл екеуінің күші Яқұпбектен анағұрлым әлсіз еді. Зо Зұңтаң солтүстіктегі үйреншікті жау Биянхуға тиімді тойтарыс бере алатынына сенді. Оның үстіне теріскейдің егін егерлік тылы да бар болатын. Ал оңтүстікте арқа сүйер тылдың жоқтығы оған әуелі солтүстікте табан тіреудің маңыздылығын ұқтырды. Зо Зұңтаң шайқаста «жедел алып, байыпты жылжу» тактикасын құп көрді. Шығыс Түркістанның жері ұланғайыр әрі қала-бекіністерінің арасы алшақ болғаны себепті азық-түлік жеткізу қиындық тудыратын. Сол себепті қалада шапшаң шайқасып, жедел алуды, бірақ тылдың мезетінде үлгеруі үшін келесі межеге толық дайындықпен жылжуды құнттады. Отряд басшыларына да осыны қатаң ескертті. 

1876 жылы Зо Зұңтаң соғыс дайындығын толық аяқтады. Ол Лю Жинтаңды шайқас шебінің қолбасшылығына бекітіп, өзі Су Жоуда штаб басқарды. Зеңбірек атылып, шарап ішіп анттасқан қосын батысқа бет алды. 

Шүршіт қолы Шығыс Түркістанға кірді 

Чиң әскері Шығыс Түркістанға аттанды. Десе де Зо Зұңтаңның бұл жорығына орда ішіндегі қарсылас ұлықтарды былай қойғанда, Шығыс Түркістанның жергілікті билеуші әмір-сұлтандары да күдікпен қарады. Тіпті, келіп жетем дегенше сүйегі саудырап, қосынның құр сүлдері ғана қалады деп тон пішті. Олай ойлауға себеп жоқ емес. Екі ара алыс болғанның үстіне, шарт-жағдай ауыр-ды. Лю Жинтаң Су Жоудан Чиң қоластына қарасты Баркөлге 4 ай уақыт жұмсап, әрең жетті. Осыдан барып тұтас Шығыс Түркістанды қаратуға чиң әскерінің әлі келер ме деген күдік туды. 

Лю Жинтаңның Баркөлге итшілеп жүріп, 4 айда әзер тұяқ іліктіруінің басты себебі ауыз судың тапшылығынан еді. Су Жоу мен Баркөл арасы ауыл саны андыз, құмдауыт; кісі аяғы сирек жүретін жазира. Кей жерінде суын сарқып алса, күн салып барып қана толатын жалғыз құдық кездесетін. 20 мың әскердің шөлін қандырмай, тек таңдайын жібіткеннің өзінде айлап аял жасаудан басқа шара жоқ-ты. Сол себепті Чиң қолбасшысы әскерлерін елулік, жүздіктерге бөліп, ілгерінді-кейінді ілбіп қана басты. 

Чиң қосынының мысықтабандап жылжуына және бірқанша себеп қосылды. Жасақтың дерлік жаяу әскер болуы, құмдауыт жолмен зеңбірек тиеген арбаларды алып жүрудің қиындығы һәм батыстан шығысқа үдей соғатын құмды борандар – барлығы аяқ алысты ақырындатты.  Осының бәрін біле тұра бас қолбасшы Зо Зұңтаң Лю Жинтаңға кешіккенде де шілдеде соғыс бастап, тамызда теріскейдегі ырықты жеңіске жетуді бұйырды. Людың мойнына қыркүйектен қалмай Үрімжіні алу міндеті артылды. 

Мұндай қатаң әмірге Зо Зұңтаң бір жағы шарасыздықтан барды. Өйткені ұзаққа ырғасқан соғыстан қаржының желге ұшатынын айтпағанда, күз ауып, қысқа қалса, ұланғайыр Шығыс Түркістан даласында екі түмен әскер азықтан тарығып, аштан өлуі мүмкін. Күзгі орақ маусымы басталғанға дейін Үрімжіні алу – «жау» астығына ие болудың алғышарты. Қолға түскен сол астық қосынның жалғасты алға жылжуын қамтамасыз етпек. Зо Зұңтаңның әу бастағы тіккен бәсі, есебі осы еді. 

Шындық ұңғысымен үңілгенде, бұл орындалуы неғайбыл, жоспарда жүйрік, іске шабан ой-тын. Су Жоудан Баркөлге дейін 750 шақырым жол басып, шалдыққан қосынды Баркөлден Үрімжіге дейінгі 500 шақырымды ай ішінде жетуге бұйыру ақылға томпақ келетіні рас. Оның үстіне бұл бір ай ішінде Лю Жинтаң суыт жүріп қана қоймай, Ескішәріден Үрімжіге дейінгі қабырғасы қалың, сан мың қарауыл күзеті бар бекіністі түгел алуы керек. 

Шығыс Түркістандағы Жетішәр хандығының да бұл уақытта әскер саны артып, жарағы жаңарды. 1873 жылы Стамбұлға елшілік миссиямен барған Сейіттің сапарынан кейін Яқұпбек қолы рухани серпілді. Османлының көмекке келген тәжірибелі офицерлері Яқұпбек жасағын шыңдап, шыт-жаңа түлетті. Бұрынғы оқтаған мен кезенгенге ғана сауатты қарадүрсін әскер Еуропа мәнеріндегі әдіс-тәсілге арқа сүйеген жаңа қосынға айналды. Ұлы қол Еуропа үлгісінде отрядтарға ажыратылып, винтовкаларға қолы жетті. Жаңаша зеңбіректерге де ие болды. 1876 жылы Лю Жинтаңмен бетпе-бет келетін Яқұпбек қолы сапа жағынан да, қару-жарақтан да шүршітке есе жіберерліктей емес еді. Қиян-кескі шайқас басталған бетте Жетішәр әскері Үрімжідегі Биянху мен Ма Рындыға бірден көмекке келе алатын. Осы себепті Лю Жинтаңға Яқұпбектің қалың қолы келгенге дейін Үрімжіні алудан басқа жол  қалмады. Кешіксе қос тарапты қыспақта қалып, талқаны таусылмақ. Бұл соғыста күнгейден темірқазыққа ту ұстайтын Яқұпбек қосыны мен шығыстан батысқа беттейтін Лю Жинтаң әскерінің қайсысының межелі жерге тез жетуі – жеңістің кілтіне айналып үлгерді. 

Биянхудың айласы

1876 жылдың 21 маусымында Ескішәріден шыққан Лю Жинтаң шілде басында Ескішәріде Шүй Жәнбиаумен, Жемсарыда Жин Шүнмен түйісті. Қалың қол Үрімжіге бет түзеді. 

Үрімжіде Биянху бас болып отыр еді. Ертеден соғысқа ысылып, ыспарланған әккі қолбасшы шүршіт әскерінің уақытпен жарысып келе жатқанын аңғара қойды. Сондықтан Яқұпбек қолы жеткенше сан айлаға салып, Үрімжіні қалай да қолдан шығармауы тиіс. Биянху жаудың келгенін күтіп жатпай, жолын бөгеп уақыттан ұтқысы келді. Жансыздары арқылы шүршіт әскерінің Ресейден ақырындап астық топтап жатқанынан хабар тапты. Ә дегеннен осы жолды кесуге әрекет етті. Зо Зұңтаң Ресейден сатып алған астығын Іледен Моңғол асырып, Ескішәріде қамбаға құйып жатқан. Биянху жасақ шығарып, осы керуен жолын бөгеді. Бар жылдамдықпен алға беттеп келе жатқан Лю Жинтаң шарасыздан тосылды. Зо Зұңтаңның әдепкі жоспарына сай Ресейден сатып алғанның сыртында былтыр Жин Шүн Баркөлде, Жаң Яу Құмылда егіс егіп, онысынан өнім де алып үлгерді. Қолда азық тақа таусылып тұрмаса да, қор қыркүйекке дейін ғана жететін. 

Азық керуенінің жолы қашық болғандықтан Биянху баяғы тосын шабуыл әдісін пайдаланды. Әр кезде әр жерден шалт қимылдап, ұстатпай кетіп отырды. Чиңнің қорғаныс әскері ұдайы Биянхудың шаңын қауып қала берді. Керуен қорғанысын арттырып, әскер санын ұлғайтуға жоспарланған артық қаражат жоқтықтан Лю дәрменсіз күй кешті.

Жемсарыдан Үрімжіге дейін 300 шақырым шығатын. Жолай Фукаңды басып өтіп, Үрімжіге терістік шығыстағы Көктаудан ену қажет. Шайқас пен қырғыннан тозып, ұзақ жыл күтім көрмеген Фукаң әлсіз бекініске айналған. Биянху шүршіттерді Көктауда қарсылауға бекінді. Үрімжіден 20 шақырым қашықтағы Көктау қорғанысқа қолайлы жағдайымен Биянхудың ойынан шықты. 

Фукаң-Көктау арасы 100 шақырым-ды. Фукаңнан шыққан көш екі бағытпен: күре жол және тар соқпақпен Көктауға жететін. Тар соқпақ өзенді жағалай ұзайтындықтан ауыз судан таршылық тудырмайтын. Көктауға апаратын жүрдек жол осы еді. Бірақ бұл жүлгенің жер жағдайы қорғанысқа қолайлы келгенімен, шабуылға қиын, үлкен қосынның жүруіне тиімсіз. Екіншісі – күре жол. Бұл кең әрі жатық-ты. Бірақ мұның міні: жол сорабы қылтан өспейтін медиян даланы бойлайтын әрі ұызына бойына екі-ақ жерде су көзі бар еді. Биянху тар соқпаққа қат-қабат қалтқы орнатты. Оның ойы – Лю Жинтаңды қорғанысы бекем тар соқпақпен емес, құм арасымен жүруге мәжбүрлеу. «Тұтас қосын іргесі ажырамай түгел шықса, судан таршылық көріп, Көктауға жеткенше әл-дәрмені құриды», – деп тон пішті Биянху. Ал отрядтарға ұсақтап, ілгерінді-кейінді бет түзесе, жырымдалған жасақты оңай-жем қылмақ жоспарын құрды. Ұрыс алаңын өз орайына қолайлаған Биянху Лю Жинтаңның жолын тосты. 

Көктаудағы алғашқы айқас

Фукаңға тамыз басында тұяқ іліктірген Лю Жинтаң Көктауға үлкен арнамен, құм арасымен жүруге пәрмен берді. Биянху сценарийдің өз қалауымен өрбіп, Лю Жинтаңның қақпанға түскеніне қуанды. Ол тар соқпаққа орналастырған бір бөлік әскерін құмдақ жолға қайтып алдырды. Тар бекіністегі қалдық күш жау жасағының үлкен арнаға ойысқанын байқап босаңсып, немқұрайлы күйге түсті. Осыны күткендей, 10 тамыз қою қараңғыда шүршіт қолы баспалап келіп, шырт ұйқыдағы дүнген жасағын тып-типыл етті. Әу баста үлкен жолмен шеру тартқан қалың қол да жүрісін кенет өзгертіп, қайтып оралып тар соқпаққа ойысты. Сөйтіп Биянху аңдап үлгеріп, оңтайлы шешім шығарғанша, Лю Жинтаң Көктауға екі-ақ күнде жетіп қойды. Биянхудың қат-қабат кедергісі ілікке аспады. Бұл уақытта Яқұпбекттің суыт жүрген 3000 адамдық ылғар отряды Үрімжі күнгейіндегі Дауанға кірген еді. Қағлез Биянху дереу өз жасағы мен Ма Рынды қолын біріктіріп, Көктауды тас қамал бекініске айналдырды. Бас-аяғы 10 күн шыдас берсе, Яқұпбектің екі түмен әскері жетіп үлгермек. Биянху құрған тұзағына түспей, керісінше өзін сан соқтырып кеткен Лю Жиинтаңға көзқарасы өзгерді. Оның қатардағы дүмбілез біреу емес екенін Ниңшиа, Гәнсудағы ұрыстардан білседағы, Зо Зұңтаңның көлеңкесінде шала таныған екен. Осы жолғы бетпе-бет шайқаста айлакерлігіне көзі жете түсті. 

Шүршіт қолы Үрімжіні бетке алып шыққанда Биянху мен Ма Рындыға қарай екі түмен әскер көмекке аттанған. Лю Жинтаңның табаны Көктауға тиген мезгілде Қашқардан шыққан екі түмен қол да жолды орталап, Тұрпанға таяды. Егер Лю Жинтаң Яқұпбек жеткенге дейін Биянхумен шайқасты аяқтап, Үрімжіні алып үлгермесе, шүршіт әскерінің күлі көкке ұшатыны аныққа айналды. Бұны қай-қайсы да білді. 

Яқұпбектің ылғар отрядының келіп жетіп, кейінгі қалың қолдың да таяғанын Лю Жинтаң білді. Ол үшін бәрінен қымбаты уақыт еді. Сондықтан Көктауға жеткен бойда әскерлеріне аяқ-қолын созуға мұрша берместен бірден қала қамалын айналдыра қоршатып, зеңбірекпен атқылатты. Зеңбірек оғы қамалды көздеп, тоқтаусыз борады. Ет асым іркіліссіз соққылаған зеңбірек оғынан қамал қабырғасы бірқанша тұсынан қақырады. Қамалды алты мыңдай адам қорғап тұрған еді. Бұл алты мыңның бәрі де от пен су кешіп, өлім мен өмір арпалысында жаны сіріленген жүрек жұтқандар болатын. Сондықтан зеңбірек оғынан шайлықпады. Атой салып, опырылған тұстан анталаған шүршіт қолын қайтадан тықсырды. Лю жинтаң әлденеше мәрте қамалға басып кіруге бұйрық берсе де бекіністегі дүнген қолы ентелеген жасақты тоқтаусыз кері шегіндірді. 

Екі тарап қиян-кескі шайқасып, өліспей беріспей тұрған уақытта ұрымтал орайды бағып Биянху жатты. Ол қамал ішінде емес еді. Ең ержүрек, ширақ деген бірнеше мың әскерді екшеп шығарып, қамал сыртындағы тасада бұғып жатты. Мақсаты – Чиң әскері қожыраған сәтте атып шығып, ойран салу. Айтып-айтпай Лю Жинтаң қосынды реттеп, тәртіптеген әредік уақытта Биянху пәрмен берді. Бұйрық күтіп, сақадай сай ширақ жатқан әскер атой салып алға ұмтылды. Зақпының тасындай жау бүйірінен тұтқиылдан соқты. Қамал ішінде қорғаныстағы әскерлер де Биянхудың серппедей атылғанын көріп, қираған қамал қабырғасынан сыртқа лап қойды. Чиң әскері қос тарапты қыспақта қалды. Лю Жинтаң сасқалақтап, сабырынан айырылған жоқ. Ол дереу қосынға жинақталып, қорғанысқа өтуге пәрмен берді. Алға озып, тарқатылған қосын, лезде жұмырлана қойды. Зеңбіректер қамалдан қара нөсердей қаптап келе жатқан дүнген жасағын көздеп, қаз қатар қойылды.  Ал ұшқан құстай зымырап келе жатқан Биянхуға қарсы Лю Жинтаң Дұң Фушиаң атты отрядын жұмсады. Биянху мен Дұң Фушиаң ата жау еді. Шәншиде дүнген көтерілісі бұрақ еткенде Биянху қытайларға қырғидай тиіп, оған қытайдан жасақ құрап, қарымтаға шыққан осы Дұң Фушиаң болатын. Сондықтан ұзында өші, қысқада кегі бар Дұң Фушиаңды Биянхуға қарсы жұмсағанда Лю Жинтаңда Дұң Фушиаңға қарата «ата кегіңді қайтаратын орай туды» деген емеурін жатты. Бірін соң бірі үзіліссіз атылған зеңбірек оғы қамал ішіндегі дүнген қолының сыртқа шығуын қапысыз бөгеді. Ал ұран салып, алға ұмтылған әскер шүршіттің бораған оғынан мерт болды. Алдыңғы лек шүршіт сапына жетуге арқан бойы қалып барып жығылып жатты. Дұң Фушиаң мен Биянху арасында кескілескен шайқас жүрді. Қандалмаған қанжар, сұғылмаған сүңгі қалмады. Ауыр салмақпен келіп, бір-біріне «шаң» ете тиген қылыш жүзінен ұшқын шашырады. Сүңгінің ұшы «кірш» етіп кіргенде екпінмен келген сарбаз найза сабына шаншылды. Шала жансар дене ат тұяғында тапталып өлді. Ышқынған дауыстан құлақ тұнды. Бірақ сонда да соғыс толастамады.

Ау-жайды кірпік қақпай байқап, біртіндеп басымдықтың қолдан сусып бара жатқанын сезген Биянху әскерлеріне бұйрық салып қашты. Биянху қашқанымен, Көктау қамалындағыларда таңдау жоқ еді. Тегеурінді қарсылық жалғасты. Биянхудың көз алдында сытылып бара жатқанын көрген Лю Жинтаң артық ештеңе істей алмады. Қамалды алмайынша, Биянху соңынан түсуге, яки кісі жіберіп қууға жүрегі дауаламады. Сол себепті артық бір адам қашып құтылмастай қамалды айнала қоршап, тезден алу үшін зеңбірекпен атқылауды үдетті. 

17 тамыз күні шүршіттің толассыз зеңбірек соққысынан қамалдың оңтүстік қақпасы ашылды. Шүршіт әскері лап қойып, қаладағы алты мың дүнген қолын тып-типыл етіп, көзін құртты. Соғыс басталған 12 тамыздан бес күн өткенде Лю Жинтаң Көктау бекінісін өзіне қаратып, алғашқы жеңісіне қол жеткізді. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?