Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ЖЫЛҒАРА БАЙТОҚИН І НИКОЛАЙДАН ДВОРЯНДЫҚ АТАҚ АЛДЫ

2847
ЖЫЛҒАРА БАЙТОҚИН І НИКОЛАЙДАН ДВОРЯНДЫҚ АТАҚ АЛДЫ - e-history.kz
Петропавлдық тарих және өлкетану әуесқойлары Қазақстанда аналогы жоқ бірегей құжатты өз көзімен көру мүмкіндігін алды

15 ақпан күні С. Мұқанов атындағы облыстық кітапханадағы «Краевед» клубында петропавлдықтарға Жылғара Байтоқинге Ресей империясының әулетті дворянин атағын беру туралы «Император І Николайдың сый грамотасы» ұсынылды. Бұл салтанатты рәсім 165 жыл бұрын болған еді. Сый грамотасының түпнұсқасы Солтүстік-Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақталып келген. 15 ақпан күні Петропавл қаласының өлкетану клубы  қоғам қайраткері өмірінің құпия сырларының бірін ашты. Жылғара Байтоқин XVII ғасырдың ортасы  XIX ғасырдың басындағы атақты қоғам қайраткері болғанын айта кету керек.

Мұрағаттық дереккөздерге сәйкес ол 1796 жылы поручик атағын иеленген,  1827 жылы – майор, ал 1830 жылы – подполковник атанған. Әскери қызметтермен қатар ол Көкшетау округінің Құдайберді Байымбетовтың болысына жататын аға сұлтан қызметін де атқарған. Қазіргі кезде бұл аумақ Солтүстік-Қазақстан облысының бір бөлігі болып табылады.  Байтоқин Солтүстік Қазақстан мен Батыс Сібірдің қоғамдық өмірінің белсенді қатысушысы болған. Соның арқасында патша сарайында оған назар аударылды.  1824 жылы оған алқызыл Александр бауында Алтын медаль табыс етілді.  XIX ғасырдың дереккөздеріне сәйкес мұндай сыйды белгілі бір мақсаттарды жүзеге асыруда үлкен ықылас пен жігерлілік танытқан адамдарға ғана табысталатын. Дәлірек, білім беру жүйесіне, жетімдер мен көмекке қамқор жандарға қолдау көрсетуде және т.б. Бұл сөзімізге дәлел ретінде медальға жазылған «Ынта-жігері үшін» деген жазуды келтіруге болады. Және бұл Жылғара Байтоқиннің иеленген жалғыз сыы емес.  1830 жылы оған Георгий-Владимир Бауында Алтын медаль табысталды. Кейін, 1852 жылы Жылғара Байтоқинге І Николайдың Ресей империясының әулетті дворянин атағын беру туралы грамотосы беріледі.  Осы бірегей құжат көрмеде көрсетілді. Құжаттың жасалғанына 165 жыл болғанына қарамастан ол жақсы сақталған. Өлкетанушы Лидия Мелехина атап өткендей, мұның сыры қағаздың және бояудың жоғары сапалылығында.  Грамотаның кейбір абзацтары «алтынмен» жазылған. Грамота екі жағынан көркем каллиграфикалық жазумен жазылған бірнеше парақтан тұрады. Әрине, құжаттың тілі қазіргі заманғы орыс тілінен қатты өзгешеленеді. Бұл грамота табысталған Жылғара Байтоқин халық пен биліктің құрметін және сенімін иеленген адам болды. Ол заманда мұндай  сыйлар Ресейдің «бөтен» мұсылман халқына сирек және ерекше жетістіктері үшін ғана бірелетін болған. Бұл бірегей отбасылық жәдігерді мұражайға Жылғара Байтоқиннің немересі – Роджеп Жәнібеков өткізді.

Аталған іс-шараға құрметті қонақ ретінде Байтоқиннің жетінші буындағы ұрпағы Спартак Рамазанов қатысты. Ол келушілерге өзінің атақты бабасы туралы айтып берді. Жылғара Байтоқиннің 10 баласы болған, сондықтан одан өрбіген ұрпақтары көптеп саналатын болуы керек. Н. Погодин атындағы орыс драма театрының директоры болып қызмет жасайтын Спартак Өмірзақұлының айтуынша, әрбір отбасы мүшелерінің бойында әйтеуір бір қасиет бар екен. Біреуі өлең жазса, енді біреуі музыкалық аспаптарда ойнайды... Бірақ барлығының ортақ бір қасиеті – ол атадан жеткен бейбітсүйгіштік пен үлкендерге деген құрмет. 

 Махаббат БОЛЬШИНА

Аударған: Гүлнұр СЕРІКҚЫЗЫ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?