Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

#Құрылтай-25. Нығмет Мыңжанұлы

4028
#Құрылтай-25. Нығмет Мыңжанұлы - e-history.kz
National Digital History порталы #Құрылтай-25 жаңа хэштегімен Дүние жүзі қазақтарының ішінде өз саласы бойынша үздік шыққан айтулы тұлғалар жайлы мақалалар сериясын ұсынады

Нығмет Мыңжанұлы көп оқымаған адам, ал тарих пәнін тіпті арнаулы оқыған да емес. Бірақ Нықаң оқығанынан ойына тоқығаны көп талант иесі еді. Ол өзі туралы бір әңгімесінде айтқанындай, «инемен құдық қазғандай» тапқан-тергенін қойын дәптеріне жия берген. Сондай жағдайда кейбір дәптері әуелі «энциклопедия» болып кетеді екен. Бұл Нықаңның сонау оқушы кезінде-ақ білім соңына түскен өте ұқыпты адам болғанын аңғартады. Оның өз бетімен үйреніп, ғылым заңғарына өрлеген дарын иесі екенін қазақтану ғылымының әр саласына қосқан қыруар үлесінен байқауға болады.

Атақты манасшы Жүсіп Мамаймен сұхбат. Солдан оңға қарай: Тұрсынхан Зәкенұлы, Нығмет Мыңжани, Жақып Мырзахан

Нығмет Мыңжанұлының ақын-жазушылығын, баспасөз жане аударма саласындағы мамандықтарын былай қоя тұрғанда, зерттеу саласында сіңірген еңбектері қазақтың тарихы, әдебиеті, тілі, этнографиясы қатарлы салаларды қамтып жатыр. Соның ішінде «тарих жағы басымдау», жұрт ең алдымен оны тарихшы деп біледі. Бұл жөнінде Нығмет мырза өзі былай дейді: «Жұрттың мені тарихшы деп жүргені тарих саласындағы азды-көпті еңбегімізге орай болуы мүмкін. Жалпы алғанда, мен бірнеше саладан зерттеп келе жатырмын, яғни еңбектерім қазақ тарихы, қазақ әдебиеті, қазақ тілі және қазақ этнографиясы қатарлы салаларды қамтып жатыр екен», «ал осы көлемнің ішінде де тарих жағы басымдау. Олай болатыны, қазақ тарихымен айналысуым азаттықтан бұрын басталды... Азаттықтан кейін, ұсақ-түйек мақалалардан тыс, өздеріңізге таныс көлемді еңбек – «Қазақтың қысқаша тарихы». Ал басқа саладағы менің зерттеп жүргендерімнің де дені сол пәннің тарих жағы». Демек, Нығмет Мыңжанұлы қазақ тарихы жөнінде ізденуі мен зерттеуін сонау 1940-ыншы жылдар ішінде бастаған. Профессор Су Бихай мырза Нығмет Мыңжанмен таныстығының, зерттеу саласындағы әріптестігінің қалай басталғаны туралы былай дейды: «Нығмет Мыңжан (ханзуша ныспы – нихуады) мырза − қазақтан шыққан үздік тарихшы, тіл маманы, әдебиетші, аудармашы әрі отаншыл қайраткер. Мен 1945-інші жылы қаңтардың 1-інші жаңасында Үрімжі қаласына келген соң, алғаш танысқан адамым Нығмет Мыңжан мырза болды, ол терең ойлы, өте білімділігімен мені баурап әкетті. Әне содан бастап қазақ тарихын бірге зерттедік. 1945-1949-ыншы жылдар аралығында «Қазақ тарихының дерегі» қатарлы шығармаларын жазды. Олар ханзушаға аударылып «瀚海潮» журналында және Шыңжаң газетінде жарияланды. Сөйтіп, қазақ тарихының шындық көрінісін еліміздегі әр ұлт халқына тұңғыш рет таныстырды».

Нықаңның қазақ тарихын зерттеу жолына қалай түскендігі жөнінде өзінің және кәсіптес досы Су Бихайдың айтқандарын олардың замандасы Кәрім Әкрами мырза былай деп растайды: «1946-ыншы жылдан бастап Нығмет ханзу тарихшылары Уаң Рыннан, Су Бихайлармен танысып, қазақ тарихын зерттеу, жазу жағында бір-бірімен бастан-аяқ жақсы сәйкесті. Су Бихай жазбақ болған қазақ тарихына Нығмет көмектесті, ал Нығметтің ханзу тілінен аудармақ болған өз шығармалары Су Бихайдың көмегімен сәтті аударылып, ішкі  өлкелерде басылым көрді. Осы екі ғалымның еңбектерінің сәтті шығуын екеуінің достық пейілінің, рухани жақындастығының нәтижесі деуге болады». Олардың достығы азаттықтың алдындағы дәуірмен тоқтап қалған жоқ, олар «мәдениет зор төңкеріс» деп аталған ойранды жылдардың тұсында түрмеде жатып бір-біріменн кеңескенде жағдай жақсыланса-ақ қазақ тарихын бірге жазсақ деп армандайды.

Замандастарының еске алуларына қарағанда, ол өз кезінде (1940-ыншы жылдарда) Үрімжідегі аз ғана қазақ зиялысы арасында білім өресінің жоғарылығы, білімінің молдығы және ханзу тілі мен шетел тілдеріне (әсіресе араб, парсы тілдеріне) жүйріктігімен ерекше көзге түсіпті. Өз кезінде Үрімжіде оқып, қызмет істеген Қазақстан жазушысы Ахмет Жүнісовтің еске алуынша, 1940-ыншы жылдардың бас кезінде, Үрімжідегі үркердей қазақ зиялысының арасында Нықаңның орны бөлекше екен. Ахмет Жүнісов сияқты білімге құмартып жүрген қазақтың қарасирақ балаларына «қол ұшын ең көп бергені» Нықаң болыпты. «Бұл кезде Нықаң жергілікті үкіметтің саяси орнында қызмет істейтін, марқұм атамыз Шәкерімның ұлы Зият пен Райымжан Мәрсекұлы Үрімжі түрмесіне алынғанда, Шыңжаңға ол екеуі апарған қолжазбаларды түрмеге өткізбей алып қалыпты. Біз бұл кісіден Шәкерімнің, Мағжанның, Міржақыптың, Жүсіпбектің, Ілиястың, Сәкеннің, Бейімбеттің, Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлы) қолжазбаларын алып оқыдық» деп жазды ол.

Демек, Нықаң сол кезде қолына түскен тарихи, әдеби шығармаларды молынан пайдаланып, үңіле зерттеп, білімін кеңейте түсуден сырт, білім құмар, болашағынан үміт бар оқушыларға да қол ұшын беріп отырған. Бұл, меніңше, сол кезде Үрімжідегі үркердей қазақ зиялысының ортақ қасиеті. Ахмет Жүнісовтің жазуынша, талапты оқушылар Нықаң қатарлы білімдар ағаларын көруге, олардың сөзін естуге құмар болған. Ал сол бір топ саялы ағалары оларды қанағаттандыруға, баулуға қашан да дайын тұрған.

Нығмет Мыңжанұлы шәкірті Тұрсынхан Зәкенұлымен

Нықаңмен 40 неше жыл бірге жасасқан ұйғыр халқының әйгілі ғалымы Ыбырайым Мұти өзінің еске алуында: «Нығмет Мыңжанұлымен бірге ғылыми қимылдарға қатынасуым 1946-ыншы жылы Жаң Жыжұң генерал ішкі өлкелерден ұсыныспен шақырған тарихшылармен − Шыңжаң тарихы мамандарымен өткізілген сұхбат жиынында, ішкі өлкелерден келген тарихшылардың Шыңжаңдағы ұлттардың тарихы хақында қойған сауалдарына жауап берумен басталған еді. Сол жиында Нығмет Мыңжанұлы қазақ тарихы жайында сұралған мәселелерге (200-дей сауалға) жауап әзірлеп, өзінің қазақ тарихы жөніндегі сол білімімен тұңғыш рет жұрт назарын аударған еді» дейді. Қазақстан жазушысы Ахмет Жүнісовтің жазуынша, 1946-1948-інші жылдар аралығында Үрімжіге шетелден (Араб, Пакистан, Иран, Совет одағынан) және Қытайдың өзінен келіп жиналған әр ел мамандары ғылыми лекциялар оқыпты. Сол кезде Нығмет ағамыз да қазақ тарихы жөнінде ұзақ дәріс оқып, басқалардың басын шұлғытыпты, мойындатыпты. Демек, Нықаңның қазақ тарихы жөніндегі мол білімінің негізі сол кезде-ақ салынған еді.

Нықаңның қоғамдық ғылымының сан-саласын зерттеуде құлашын еркін сермеген кезі 1980-інші жылдарда болды. Біз Нықаңның бұ кезде жазған, құрастырған, редакциялаған шығармаларын бір-бірден айтып отырмасақ та жұртқа аян. Солардың ішінде тағы да тарих жағы басым орында болғаны анық.

Жақып МЫРЗАХАН, тарих ғылымдарының докторы, профессор (ҚХР)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?