Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Байқадамовтар туралы не білеміз?

3517
Байқадамовтар туралы не білеміз? - e-history.kz
Байқадамовтар қазақ мәдениетіне зор үлес қосқан талантты әулет болды

Байқадамовтар әулеті туралы не білеміз?

Жапон ғалымы Tomohiko Uyama өткен ғасыр басында қазақ даласынан көптеген зиялылардың шыққаны туралы жазған еді және ол мынадай үрдісті атап көрсеткен еді, мәселен, зиялалардың саны жөнінен алғашқы үштікті Қостанай, Бөкей Ордасы және Торғай өңірі құрағанын айтады.

Мәселен, халқы 118,000 адамды құрайтын Қостанай өңірі (сәйкесінше Ресей құрамындағы қазақ халқының 3,0% құрайды), халқы 207 200 адамды құрайтын Бөкей Ордасы (тиісінше Ресей құрамындағы қазақ халқының 5,3%) және халқы 86 200 адамды құрайтын Торғай өңірі (тиісінше Ресей құрамындағы қазақ халқының 2,2%) зиялыларды көп берген екен.

ХХ ғасыр басында қазақ оқымыстыларының қаулап шығуының басты себебі оқу-білімге байланысты екенін айтқымыз келеді.

Ал, енді неліктен аталған өңірлерден ұлт зиялылары көп шықты дейтін болсақ, оның жауабы – алғашқы қазақ мектептерінің ашылуына байланысты болып отыр. Бөкей Ордасы мен Қостанай-Торғай өңіріндегі ағартушыларымыздың мектептері кейін талай ұлт ұстаздарының пайда болуына алып келді.

Нақты Торғай өңіріне тоқтайтын болсақ, есімізге бірінші кезекте Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы түсетіні әрине заңды құбылыс.

1-сурет. Қостанай облысының Жанкелдин ауданы Албарбөгет селолық округінің аумағындағы Байқадамовтардың атақонысы – Байқадам атты жер 

Бұл ретте мен халқымызға белгілі Байқадамовтар әулеті туралы баяндауды жөн көрдім.

Осындай мықты әулеттің бір өзінен ғана қазақ халқына танымал – мәдениет саласының майталмандары – Бақытжан Байқадамов, Данабике Байқадамова, Күнімжан Байқадамова, Айсұлу Байқадамова сияқты тұлғалардың шыққанын айтсақ та жеткілікті.

Байқадамовтар отбасының әкесі Байқадам Қаралдин аумалы-төкпелі замандағы мемлекеттік және қоғамдық қайраткер болатын. Байқадам Торғай қаласындағы орыс-қазақ училищесін, кейін Неплюев Кадет корпусын тәмамдайды. 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісі басталған кезде генерал-губернатор М. Эверсманға қазақтарға қарсы Патша саясатының зиянды әрекеті туралы айтып, қан төгіске жол бермеуге шақырады. Алайда, Ресей Империясы оны өзінің жауы деп танып, дарға асу арқылы өлім жазасына кеседі. Осы уақытта Ақпан Революциясы басталып, ол тірі қалады және Торғай үйезінің халық комиссары болып сайланып қазақ даласындағы саяси өмірге белсене араласады. Байқадам Қаралдин Ахмет Байтұрсынұлымен, Әліби Жангелдинмен бірге Мәскеуге барып, Қазақстанның болашағына қатысты келіссөздерге қатысады. Байқадам Қаралдин Торғай даласындағы суармалы егіншілікті ұйымдастырушы, кейін Қазақстандағы ауыл шаруашылығы артельдерін алғашқы жасаушы, Қазақ Кеңестік Республикасындағы бірінші кооператор болды.

2-сурет. Қазақстаның мемлекет және қоғам қайраткері – Байқадам Қаралдин 

1930 жылы Байқадам Қаралдин репрессияға ұшырап, үштік оны атуға бұйырып, үкім 30 мамырда орындалады.

3-сурет. Байқадам Қаралдиннің Торғай шаһарындағы үйінің жұрнағы (ХХ ғасыр басындағы ғимарат ретінде қалпына келтіруге болар еді). Сурет – Ләззат Хамзинаның Фейсбуктегі парақшасынан алынды

Айтқандай Байқадам атты жер (олардың жұрты орналасқан жер) менің Көкалат атты ауылымның құрамына кіреді (бұл алдында айтқандай Қостанай облысы Жанкелдин ауданының Албарбөгет селолық округі).

Және бір айта кетерлігі кезінде Байқадам Қаралдин тұрған үйді қалпына келтіріп (екі ғасыр тұрған ғимаратты) музей жасап қоюға болар еді.

4-сурет. Қаралдиндердің Байқадам қонысында салған мешітінің жұрнағы. Фото авторы – Жомарт Түбекбаев

Ал Байқадамовтардың анасы – Үрзипа Төлебаева Сарыторғай мектебін бітіріп, қыз балаларға арналған жабық пансионда оқиды. Өз дәуіріндегі көзі ашық, білімді адам болған. Қос ғашық жүрек бір-бірін тауып, кейін Үрзипа мен Байқадамның кіндігінен 18 бала тарайды, алайда олардың алтауы сәби кезінде шетінеп кетеді.

Міне, осындай отбасында дүние келген олар халық жауының баласы деген «атақтарына» қарамастан, әрқайсысы өз саласының көшбасшылары болды. Байқадамовтар қазақ мәдениетіне зор үлес қосқан талантты әулет болды.

5-сурет. Данабике Байқадамованың жас кезі және Мұхтар Әуезовпен бірге жұмыс үстінде. Фото Интернеттен алынды.

Данабике Байқадамова – алғашқы қазақ стенографисткасы, Данабикенің арқасында Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы қағаз бетіне түседі.

Байқадамовтар әулетінің тағы бір өкілі – Күнімжан Байқадамова – профессор, филолог, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер болды.

6-сурет. Күнімжан Байқадамова (оң жақтағы бірінші) және Айсұлу Байқадамова. Фото Жұмат Әнесұлының Твиттердегі парақшасынан және интернеттен алынды

Байқадамовтар әулетінен шыққан тағы бір таланты жан – ол Айсұлу Байқадамова. Айсұлу – кәсіби опера әншісі, Қазақ Советтік Республикасының халық әртісі атағын алған.

Осы ретте, Байқадамовтар әулетінің тағы бір мүшесі және биыл 100 жылдығын тойлайын деп отырған Бақытжан Байқадамовқа ерекше тоқтала кетсем.

Бақытжан Байқадамов 1917 жылы Торғай қаласында туған, белгілі қазақ композиторы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Өмірінде небір қиыншылықтарды көргеніне қарамастан өзінің екбекқорлығының арқасында Алматы мемлекеттік консерваториясын тәмамдайды. 1941 жылдан бастап Қазақ радиосы хорының жетекшісі болды, 1947-1949 жылдары ән және би әйелдер ансамблінің жетекшісі, дирижёры болып еңбек етті. 1969 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Қазақ қыздар педагогикалық институтында сабақ берді. «Майра» (1952) музыкалық драмасының, көптеген симфониялық поэмалардың, хорға арналған сюиталардың авторы, көптеген вокальдық композицияларды, хорға арналған поэмаларды жазды. Тұтастай алғанда, Бақытжан Байқадамов Қазақстандағы хор өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Сонымен бірге «Айгүл» атты эстрадалық ансамблдің де негізін қалаушы Байқадамов болатын. Қазір оның аты Қазақ хор капелласына берілген.

7-сурет. Байқадам қонысына жақын маңдағы Тентек өзені

Менің ойымша биыл 100 жылдығын атайын деп отырған Бақытжан Байқадамовтың мерейтойын оның туған жері – Торғай өңірінде кеңінен атап өтіп, сәйкесінше ұрпақтары Қаралдиндер әулетінің жұртын (үйлерін, ескі мешітті) және Торғай қаласында екі ғасыр куәсі болып тұрған Қаралдиндердің үйін күрделі жөндеуден өткізіп, музейге айналдырса деген тілек бар.

Амандық ӘМІРХАМЗИН

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?