Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Ел таныған Елтай неге жағымсыз?

3002
Ел таныған Елтай неге жағымсыз? - e-history.kz
NDH редакциясының қоржынына Серік Орынбаев есімді оқырманымыздан қазақ тарихында жағымсыз деп сипатталатын саяси қайраткер Елтай Ерназаровтың өмірі мен қызметіне қатысты тың деректерге толы хат түсті

Қазіргі қоғамдық санада 1927-1934 жылдары Қаз АССР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болған Елтай Ерназаровтың өмірі мен саяси-қоғамдық қызметіне байланысты екіұдай пікірлер бар. Бірінші тарап «бұл саяси тұлға қазақтың ұлттық буржуазиясының жан-жаққа бытырап, конфискациялауды жүзеге асырып, қол қойған және ашаршылыққа ұшыраған халыққа көмектесуден бас тартқан, надан, сауатсыз басшы» десе, екінші тарап «оның мұндай іске қатысы шамалы, себебі орталық билік Мәскеуден келген пәрменді орындамасқа амалы жоқ» деп қорғайды. Қалай болғанда да Е. Ерназаров өмірі, оның шын мәнінде кім болғандығы, қандай қызмет атқарғаны жайлы нақты деректер сөйлеуі тиіс. Енді ары қарай Е. Ерназаров туралы С. Орынбаев жазған көлемді мақалаға орын берейік.

Советтік дәуірдегі мемлекет және қоғам қайраткерлері арасында таласты пікір тудырып келе жатқан тарихи тұлғалардың бірі – Елтай Ерназаров. Е. Ерназаровтың ҚазАССР ОАК төрағасы, жалпы мемлекеттің саяси қайраткері ретіндегі қызметі туралы шындыққа жанаспайтын, ғылыми негізі жоқ, субьективті ой-пікір білдірген авторлар Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовтың «Құз басындағы аңшының зары» атты екеуара кітабында Ерназаровты жағымсыз кейіпте беруі біздің Елтай Ерназаров туралы тарихи зерттеу жұмысын жүргізуімізге себепші болды.

Зерттеудің негізгі мақсаты: Е. Ерназаровтың өмірі мен қызметіне тарихи тұрғыда зерттеу жасау арқылы оның өз халқының, өз заманының адал перзенті болғандығын нақты фактілер келтіре отырып дәлелдеу, оны негізсіз қаралауға жол бермеу. Осы жұмысымыз үш бөліктен тұрады: алғашқы бөлігінде Елтай Ерназаорвтың тегі мен өскен ортасы, әулеті және туған мекені жайлы сөз етеміз.

Елтай Ерназаров – ата-бабасы жөнінде Шыңғыс ханның баласы Шағатайдан тараған ұрпақ. Төре тұқымы. Атақты әулие Шайхантәуірден ұл болмаған, одан бір қыз ғана көрген. Ол қыз Омардың әйелі. Осы қыз көп уақыт бала көтермей жүріп, ақыры ғайыптан жүкті болып, ұл табады, оның атын Сахайхан деп қояды. Осы сахайханды нағашы атасы Шайхантәуір асырап алған соң, ол сағымнан пайда болды деген аңыз таратады. Ал шындығында Сахайхан – Шағатайдан тараған ұрпақ.

Сахайхан ер жеткен соң қол бастап, хан дәрежесіне дейін жеткен. Ол Қоқанды билеген. Сахайханнан кейін оның баласы Жолбарысхан ел басқарып Жолбарысханнан Смайылхан, одан Самдиярхан, одан Рүстем, одан Иманәлі, одан Көшен, Көшеннен Ерназар, Ерназардан Бекназар, Әбіш, Түйебай, Елтай болып тараған.

Міне, осылай келе Елтай Ерназаров және оның ұрпақтары қазіргі Төлеби ауданындағы Шутөбе ауылында өсіп-өніп, өркендеп қанат жайған. Шутөбе Балдыберек өзенінің терістік жағында, екі шақырым жерде орналасқан. Қай заманға тән екені белгісіз, тегі Шыңғыс хан заманында болар, әйтеуір қолдан жасалған биік төбе. Басына шыққан адам айналасын алақандай көріп тұрады. Солтүстік жағы Ақсу өзені, оңтүстік жағы Алатау сілемдері. Табиғаты өте әсем болғандықтан, Ақсу-Жабағылы табиғи қоры осы жерде құрылған. Ақсу өзені өте тереңнен ағады. Судың арнасы таулы-тасты болған соң, сарқырап, күбіге піскен қымыздай көпіршіп, аппақ болып ағады. Сол себепті Ақсу атанған.

Ол заман халқымыздың көшіп-қонып жүретін ежелгі салтының үзілмеген кезі. Сонау Меркіде тұратын Иманәлі (Елтайдың үшінші атасы) Иманәлі ұлы Әкетөремен бірге қоныс алу үшін жолға шығады. Меркі мен Шутөбенің арасы 250 шақырымдай жер болса керек. Осы жерді иемдену үшін дау-дамайсыз шешілмейді. Әкетөре сөзге шешен, оқыған, дау-жанжалды шешуге жетік адам екен, Шутөбе жеріндегі «сайдың аты қараөлген емес, Ханөлген, сендердің қай бабаң хан болған еді. Осы жерде біздің хан бабамыз қайтыс болған, снымен бірге Ханарық та біздің атамыздың атымен аталған» деп дәлелдеп жеңіп және Шутөбе жеріне ие болған екен. Бұл даудың тағы бір шарты, сол заманда иелік еткен жерге кім су әкелсе, соған берілмек.

Иманәлі, Әкетөре әйелдерімен бірге шығыстағы Қаратөбе маңындағы өзеннен бір түнде Шутөбеге су жеткізеді. Қос өгіз жеккен екі-үш жер ағашпен бірінің артынан бірі жүріп отырып арық салады. Ол кезде жерді тек жер ағашпен жыртқан. Жер ағаштың ұшына темірден жасалған тіс орнатылатын болған.  Осы әдіс жер жыртуда тәп-тәуір нәтиже беріп, су жеткізеді. Сондағы су жеткізілген арық әлі де бар. Ол бес-алты шақырым жердегі өзенмен жалғасып жатыр.

Елтай Ерназаровтың өзі 1887 жылы қараша айында сол кездегі Шымкент уезі Бадам болысына қарасты ШУтөбе ауылында дүниеле келген. Әкесі Ерназар Елтай туардан  алты ай бұрын қайтыс болған. Ерназардан төрт ұл, бір қыз болған, олар: Бекназар, Түйебай, Әбіш, Елтай және қызы Ұмсынай.

Әкесі дүние салған соң, Елтай шешесі және өзінен он үш жас үлкен ағасы Бекназардың қамқорында өседі. Жас баланың өмірге лайықты тәрбиеленуіне ағасы Бекназардың ықпалы зор болды, Елтай алғашында ауыл молдасынан оқып, хат танып, сауатын ашады. Кейін білімін тереңдету мақсатында ағасы Шымкенттені Кенқожа ишанның медресесіне оқуға жібереді. Ал жазғы демалысында Елтай ауылына келіп жұмыс істейді.

Бір жолы осындай жазғы демалысына келген Елтай оқуға бармаймын, ауылда тірлік жасаймын десе керек, ағасы оны оқуға баруға мәжбүрлейді. Осылайша екеуінің арасында түсініспеушілік туындап, ағасы ашумен оны есік алдындағы шалшық суға қарай лақтырып жіберіпті. Осыдан кейін Елтай еш қарсылық танытпай, оқуына барған.

Елтай Шымкенттені медресені 1914 жылы тәмамдап, Сайрам өзенінің бастау алатын жағында Сайрам ауылындағы Қазыбай, Абылғазы деген байлардың балаларына сабақ беруге жалданады. Осы жерде бір жылдай молдалықта істеп, кейін өз ауылына оралады, өзі жеке кәсібімен айналысады. Ауылда өз малымен қоса ағайындарының да малын бағады. Содан соң, Әулиеатадағы аталас ағасы Төрежанның шақыруымен сонда барып, дүкенде үш жылдай сатушы болып істейді.

1915 жылы Елтай анасынан айырылады. Бұл – Елтайдың үйленетін жылы. Бірақ олардың үйленуі үлкен жанжалға айналған. Себебі Елтайдың сүйген қызы Патшайым Байырбектің үлкен ұлы Құлбекпне атастырып қойған екен. Құлбек Патшайыммен бас қосқанымен, көп ұзамай қайтыс болады. Бірақ араларында ешқандай бала болмайды. Ал Елтай мен Патшайымның қосылуы көптеген адамдардың ризашылығын алмаса да, жұптары жарасқан қос ғашық ақыры қосылады. Екеуі де хат танитын болғандықтан, бір-біріне хат жазу арқылы хабарласып, келісімге келген. Олардың сезімінің дәнекері, куәсі хат тасушы қызметін атқарған Бекназардың қызы Күләнде болған. Патшайым Құлбектен жесір қалғанымен, әмеңгерлік жол – Құлбектің інісі Әмірбектікі. Патшайым болса бұл салтты бұзды. Осыған байланысты Байырбек ұрпағы дау шығарып, Патшайымға құда түскенде берген қалың малды қайтаруды сұрайды. Бұл құнды өтеу үшін Елтай мен оның ағасы Бекназар біраз мал беріп шығындалады да, аз малымен қалады.

Есесіне шаңырақ көтерген жас жұбайлар бақытты болып ғұмыр кешеді. Төрт қыз, екі ұл көреді. Үлкені Райхан 1917 жылы, Мырзаби 1922 жылы, Райыс 1924 жылы, Жамал 1927 жылы, Нариман 1933 жылы, Мәрия 1936 жылы туған.

1917 жылы ел басына үлкен нәубет төнді. Бекназар мен Елтайдың отбасы тіршілік атауға үміттен гөрі күдікпен қарайтын қысылтаяң шаққа бетпе-бет келді. Жылан жылы жаңбыр жаумай, еккен егін де шықпай, елді қуаңшылық жайлады. Халық ашаршылыққа ұшырайды. Адам да, мал да қырыла бастайды. Ашаршылық көп адамды сүзек ауруына шалдықтырады, әсіресе жастар жағы көп қырғынға ұшырайды. Осы жылы Елтайдың ағасы Бекназарды да оба кеселі жалмап кетті. Оның балалары Тассейіт пен Бейсейіт Елтайдың қамқорлығында қалады. Тассейіт ауылдағы Филип деген байға жалданып, соның құлы болып жұмыс істейді. Осындай қиын кезеңде Елтай да сүзек ауруына ұшырап, төсек тартып жатып қалады, қатты қиналады. Есі біресе кіріп, бірде шығып қиналып жатқан шағында ғайыптан аурудан тез жазылған екен.

Осы жылы Ресейде дүниені төңкерген 1917 жылғы революциялар бірінен соң бірі орындалады. Үкімет билігі коммунистердің қолына өтеді. Революцияның шарпыған оты Қазақстанға жетеді. 1919 жылы мамыр айында №2 ауыл деп аталатын Шутөбеде Шымкент уездік партия комитетінің шешімімен бастауыш партия ұйымы құрылады. Бұл оқиғалар Елтайдың өміріне көп өзгерістер әкелді.

Ол Шутөбеге жақын Тасарық ауылында тұратын батырақтар Емельян Шпотин, Поликарп Воровский, Панкрат Каутенко секілді большевиктермен танысып, Елтай коммунистік партия қатарына бірінші болып қабылданады. Жаңа бас көтеріп келе жатқан жергілікте советтердің жұмысына бел шеше араласады. Бұған себеп, жастайынан өмірдің зардабын тартып, жоқшылықты көп көрген кедей абалсы Елтайдың  санасын Октябрь революциясы мен Ленин идеясы оятты. Үш адамнан тұратын партия ұйымы хатшыларының бірі осы Елтай болды. Ауылда алғашқы «Қосшы» одағын құрып, нәтижелі қызмет атқарған Елтай Бадам облыстық партия комитетінің хатшысы болып жүргенде уездік партия конференциясында 1926 жылғы 26 желтоқсанда шешуші дауыспен губерниялық партия конференциясына делегат болып сайланады.

Шымкент уездік партия комитетінің 1926 жылғы 9 желтоқсандағы №3 қаулысында былай деп жазылыпты:

«Тышканбаев Елтай ответ секретарь Бадамского волкома ВКП (б) практический стаж по должности ответ секретаря имеет 10 м. Проявлять некоторую инициативу, в политвопросах интересуется. Практический стаж по партийной работе 5 лет 4 месяц. Имеет склонность к таковой.

Постановили: прикреит к партийно отрасли волостного масштаба по должности отсека В.К.»

Міне, осы құжаттарға қарағанда, Елтайдың істеп жүрген қызметіне сенім білдірілген. Осы жерде Елтай неге Тышқанбаев деп жазылғанына тоқтала кетсек. Ол кезде қайындарының атын жеңгелері атамайтын. Олар осыған байланысты қайындарын, өздері шығарып алған атпен атаған. Елтайдың әкесі, яғни Ерназар бала кезде кішкентай болған, сол себепті оны тышқанбай деп атапты. Елтай Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болған соң, оның фамилиясы Ерназаров болып өзгертілген. Фамилиясы осы Шымкент қаласындағы азаматтардың хал актілерін тіркеу (ЗАГС) мекемесінде өзгертіліпті.

Жалғасы бар...

Серік ОРЫНБАЕВ

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?