Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Соғыс өнертапқыштары

2434
Соғыс өнертапқыштары  - e-history.kz
Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қорғану мен жауға шабуыл жасаудан туындаған қару-жарақтар мен құрал-жабдықтар сол кезеңнің технологиялық ноу-хауы болды

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары жеңіс жолында майдан алаңындағы соғыс пен тылдағы еңбек бірдей қарқында жүрді, сонымен қатар ой еңбегінің де маңызы кем түспеді. Жүздеген өнертапқыштар соғыс машиналары, қару-жарақ түрлері, құрлық, су және әуе соғыс көліктері, тағы басқа соғыс құралдарын және бұрынғы үлгілерді жетілдіру туралы тұжырым жасап, жауды жеңудің түрлі тәсілдерін, сондай-ақ жаралыларды емдеу үшін медициналық жаңалықтар ойлап тауып, билікке ұсынып жатты.

Құнды өнертабыс авторларының арасында тек соғыс жағдайында Қазақстанға эвакуацияланған Ресей ғалымдары ғана емес, сонымен қатар жергілікті азаматтар, студенттер мен мектеп оқушылары да болды. Отан соғысы жағдайында бұл қозғалысты өрістету аса маңызды міндеттердің бірі болып саналды. Оның табысты түрде іске асуы үшін әскери комиссариаттар мен олардың саяси органдарының байсалды көңіл бөлуі, авторларға нақты көмек берілуі, жағдай жасалуы, ынталандыру жұмыстары жүргізілді.

Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақстан КП  (б) ОК бірлесіп қабылдаған қаулылар жинағында баяндалғандай. Олардың ішінде оқ-дәрі, қару-жарақтың кейбір түрлері өндірілген. Ойлап табылған бұйымдарға сынақ жасалып, авторлар түсіндірме жазбалар, суреттеулер дайындалып, арнайы мамандардың қорытындысымен комиссия қарауына беріліп отырған.

Комиссияда мақұлданған өнертабыстар іске асырылуы үшін авторларымен қоса Мәскеуге Қорғаныс халық комиссариатына, Әскери комиссариатқа, Орта Азия Әскери Округы (ОАӘО) Штабының Әскери дайындық бөлімі сияқты тағы басқа тиісті органдарға, қалаларға жөнелтіліп отырды. Ойлап табылған өнертабыс бұйымдарының жасалуына қойнауы табиғи ресурстар мен шикізатқа бай Қазақстан ыңғайлы келді, әрі өндіріс анағұрлым арзанға түсті.

1942 жылы доцент, медицина ғылымдарының кандидаты М. Н. Русановтың эфирлі ингаляциялық наркозға арналған газға қарсы тұмылдырығы (противогаз) жасалып шығарылды. Қазақ КСР Денсаулық сақтау халкомының орынбасары В. Г. Ермолаев бұл соғыс жағдайында қолданылып жүрген бірегей жоба деп өз бағасын берді. Мұндай әдіс бойынша 70-ке жуық ота жасалынған. Тұмылдырық ота жасалатын адамды улы, лас ауадан сақтайтынын дәлелдеген. Наркозға арналған газға қарсы тұмылдырық құрылысы пайдалануға қарапайым әрі ыңғайлы, алайда шағын техникалық жетілдіруді – ота жасалатын адам құса қалған жағдайда қабылдағыш қосуды талап етеді. Комиссия аталған жобаның меңгеріліп, өндіріске шығуын мақұлдады.

Одан басқа соғыс кезінде Орта танк командирі, аға сержант, майданда алған жарақаттан кейін Түркістан-Сібір темір жолының Матай станциясында емделу демалысында жатқан М. Т. Калашниковтың Қызыл Әскер мен флоттың командалық-саяси құрамы, парашют десанттары, партизан отрядтары, әуе сауытты танк әскерлерінің жеке құрамы үшін ойлап тапқан пистолет-пулеметі қаралды. Пистолет-пулемет қарудың автомат түріне жатады. Ұнтақ дәрі жанған кезде пайда болатын газдың күші арқылы тетігін бір басқанда бірнеше дүркін атылады. Минутына 650 рет атылады. Комиссия үлгіні толық қабылдап, оны Ташкент қаласы Артиллериялық басқармасына сынақ жасауға жіберді, ұсынылған қаруды зерделей келіп, автоматты аяқталмаған құрал деп таныды.

Алайда автор қару жасауда асқан табандылық көрсетіп, көп күш жұмсағандықтан оған 1000 рубль сомасында ақшалай сыйлық беруді ұсынды және қаруды жетілдіре түсуге нұсқау берді. Осы жылдың 28 қазанында қайта өңделген пистолет-пулеметке тағы сынақ жасалынды. Аталған қару қанағаттанарлық нәтиже берді.

Қайта жетілдірілген пистолет 1942 жылы 19 желтоқсанда қайта сыналды. Соңғы сынақ комиссия мүшелерін толық қанағаттандырды. Қарудың практикалық мәні зор деп танылды. Авторларды Қызыл Әскердің Бас артиллериялық басқармасына ақырғы қорытынды жасауға аттандырды. 1943 жылы 21 қаңтарында КСРО ХКК жанындағы Қазақ КСР ХКК Тұрақты Өкілі И. Шәріповтан А. Қойшығұловқа М. Т. Калашниковтың қару үлгісі жоғары баға алды деген үкіметтік жеделхат келді. М. Т. Калашников ерекше үлгілі пистолет-пулемет ойлап тапқаны үшін Қызыл Әскер Бас артиллериясы басқармасының бастығы, генерал-полковник Яковлевтің бұйрығы бойынша 5000 рубль сыйлық алады.

1943 жылы Ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлеу бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институты филиалының профессоры міндетін атқарушы, инженер Я. М. Жуктың соғыс алаңындағы зақымданған танкілерді эвакуациялайтын жартылай автоматты шынжыр құрылғысы қаралды. Ұсынысты Комиссия бірден мақұлдап, сынақ үлгі жасап, Алматыдағы танк гарнизонында танкке шынжыр ілетін тетіктер жасап, байқау жасалсын деп шешті.

1942 жылы 23 сәуірде өнертабыс авторы әскери комиссар П. Б. Алексеевтен оның ЖШ-42 маркасы қабылданғанын хабарлады және оның 100 данасын шығарып, майданға жолдауларын, онда тағы баға берілетін айтты.

1942 жылы мамырда ҚазКСР Жер бөлу халкоматы Қостанай қаласындағы МТМ-да директоры А. Н. Кимельфельдтің ВДДК-1 – Екі әрекетті жарғыш (Взрыватель двойного действия Кимельфельда) өнертабысы миналар мен қопармаларды (фугас) жаруға арналған құрылғысы ұсынылды. Онымен нысандарды миналауға, шекаралар мен елді мекендерді қорғауға болады, тиімді әрі бірегей.

Комиссия осы сынақ қорытындысында ВДДК-1 жарғышы сынақ бағдарламасында көрсетілген тактикалық-техникалық талаптарға толық сәйкес келеді, оны әскер қаруландыруға қабылдауға болады деп шешті және Ресей мамандарының қарауына жолдады. Осы сынақ материалдарды қарап, Қызыл Әскер Бас Әскери Инженерлік Басқармасы (ҚӘ БӘИБ) Инженерлік комитеті бекіткен 1942 жылы 3 сәуірдегі қорытынды да аталған жарғыштың қорғау функциясы жоқ, сондықтан қауіпті, оны танкіге, жаяу әскерге қарсы қолдануға болмайды, тек алдау операциясы үшін ғана пайдаланылады деген шешімге келді. 

Бұдан бөлек Бүкілодақтық кинофото ғылыми-зерттеу институтының №10 лабораториясының жетекшісі, доцент А. Н. Качеровичтің «Инфрапеленгатор» атты баяндамасы бойынша лабораторияның жау самолеттерін түнде атуға арналған инфра пеленгатор жасау – инфра қызыл сәулелерді пайдалану арқылы самолеттің қараңғыда қай жерде ұшып бара жатқанын анықтап, оқты дәл тигізетін құрал туралы жұмысы тыңдалды.

Қазақстан Компартиясы ОК Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде зауыттарда жасалған қару-жарақ пен оқ-дәрілердің жаңа үлгілерінің тізімін береді. Онда қарастырылып отырған қару-жарақтардың бірқатары, атап айтқанда: мина-50 мм, 37 мм жарқырағыш артиллериялық снаряды, 76 мм жарықшақты және фугасты артиллериялық снаряды да кездеседі. Калашников автоматы әйгілі қаруға айналды. Қару туралы мәліметтер орта мектеп бағдарламасының бастауыш әскери дайындығы курсына да енгізілді. Мектеп оқушылары Калашников автоматын шашып, қайта жинап үйренді, әрбір тетігінің атауын, қалай қызмет ететінін зерделеді.

Жоғарыда баяндалған бірегей өнертабыс авторлары тегінен көріп отырғанымыздай дені еврей ұлтының өкілдері еді. Олардың қарсыластарын жоюға бағытталған қару-жарақ ойлап табуы – Екінші дүниежүзілік соғыстың алпауыты А. Гитлерді тіксіндірген терең ақыл-ой иелері болмысының сапасы биік еді.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?