Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қазақ мұрағаты жөнінде сөз етсек ....

2588
Қазақ мұрағаты жөнінде сөз етсек .... - e-history.kz
Қазақстан тарихының мұрағаты, мұрағат ісі басын ХІХ ғасырдан алады

Толығырақ тарқатар болсақ 1924 жылғы Қырғыз (Қазақ) АКСР губерниялық мұрағат бюроларының мәліметтерінде Бөкей губерниялық бюросында көлемі 2000 пұтқа жуық тарихи маңызы бар революцияға дейінгі кезеңнің материалдары бар екендігі, осы күнге дейін оларды сақтайтын ғимарат болмай, мұрағат бюросының бүкіл жұмысын бір ғана қызметкер атқарып, оның, әрине тек қана күнделікті жұмысты ғана атқаруға шамасы келетіндігі мәлімделеді.

Қырғыз (Қазақ) АКСР Еңбек және қорғаныс кеңесінде Астраханьдағы мұрағаттардың сақталу дәрежесі Ордадағыдан жоғары деп саналып, сондықтанда өлкелік Бөкей Ордасы мұрағатына құжаттардың берілуіне қарсылық білдірілді, алдымен құжаттардың сақталуына жағдай жасау керек, қажетті маман қызметкерлермен қамту, сонымен қатар жұмысына салғырт қараған жауапты адамдарды жазаға тарту керектігі баса айтылды.

1924 жылы мұрағат басшылығы Хан мұрағатының Орталық өлкелік мұрағатына мемлекеттік сақтауға алынуы туралы мәселені көтеріп, Астрахань мұрағатының қырғыздарға қатысты істерін, Хан мұрағатын тұтасымен және Адай губерниясындағы Форт-Урицкийдегі көлемі 300 пұтты құрайтын Закаспийский мұрағатын Орынбор қаласына әкелу керектігі сөз етілді. Содан соң мұрағат құжаттарын сұрыптап, өңдеуден өткізіп, оларға тізімдеме жасау қажеттігі, өйтпегенде күнде оларды оқып, танысуға, зерттеуге мүмкіншілік болмайды делінді.

Бөкей хандығының құжаттары Орталық өлкелік мұрағатына тек 1925 жылы келіп түсті. Республика астанасының бірнеше рет көшірілуі салдарынан «Хан мұрағатының», «Хан қорының» түпкілікті өңделіп, ғылыми пайдалануға реттелуі 1934 жылы аяғына қарай ғана мүмкін болды.

Мұрағат ісін ұйымдастырудың алғашқы жылдарында бұрынғы Орынбор губерниясының аумағында Орынбор-Торғай губерниялық мұрағаты бой көтеріп, ол РСФСР Мұрағат ісі жөніндегі бас басқармаға қарады. Орынбор-Торғай губерниялық мұрағатының дүниеге келуі Қазақстанның болашақ ғылымы, соның ішінде тарих ғылымы үшін зор саяси маңызы болды.

1923 жылы шілде, тамыз және қыркүйек айларында мұрағат жұмысы бойынша Орынбор Шекаралық комиссиясы мен Торғай облыстық басқармасы мұрағаттарынан әкелінген 36 арба құжаттарды және сот мекемелерінен әкелінген 70 арба құжаттарды реттеу мен қорларға бөлу жұмыстары жүргізілген.

Мұрағат ісінде мамандардың жетіспеуі, бар мамандардың шала сауаттылығы мен тәжірибесінің аздығынан 1928–1930 жылдары Семей, Петропавл қалаларындағы қағаз дайындау фабрикаларына бағалы мұрағат қорларын өткізіп жіберуге әкеліп соқтырған жағдайлар да кездескен.

Осындай келеңсіз жағдайлардың қайталанбауы үшін 1931 жылдан бастап Қазақ АКСР-ның Орталық мұрағат бөлімі кадр мәселесін күн тәртібіндегі басты мәселелерінің бірі етіп қойған, соның нәтижесінде1931 жылы Мұрағаттану Институты ашылды. Осыдан соң Орталық мемлекеттік мұрағат қорына келіп түскен құжаттарды ережеге сай жинақтап, тізімге алу шаралары да бір ізділікке түсіріп, мұрағат қызметкерлерінің біраз іс-тәжірибе жинақтап қалғандығы назарға ілінеді. Мысалы, 1927 жылы 1 қазанынан келіп түскен құжаттардың жинақталып, тізімге алынғаны 30% болса, 1931 жылы 50%-ға жеткен.

Мұрағат қорының көптеген құжаттары тізімге алынбай, арнайы қорлар есебінің жүргізілмеуіне ел астанасының бір қаладан екінші қалаға көшірілуі де себепкер болды.

XIX ғасырға қатысты көптеген құжаттар, тарихи деректер алғашқы кезеңінде біржола жоғалды, бүлінді, ұрланды немесе жойылып кеткен. Деректердің үлкен бөлігі Қазақстаннан тысқары жерлерде сақталды. 1925 жылы Қазақстанның астанасын Қызылордаға көшірген кезде осы құнды мұрағаттық деректемелер Орынборда қалып қойған. 1928–1929 жылдары мұрағат мекемелері Қызылордадан Алматыға көшіргенде де деректер мен құжаттардың белгілі бір бөлігі жоғалған. Оңтүстік Қазақстан, Жетісу және Сырдария облыстарының тарихына қатысты құжаттардың елеулі бөлігі Ташкентте қалып, Өзбекстанның мемлекеттік мүлкі саналды.

Дегенмен республикалық мұрағат мекемелері объективті және субъективті қиындықтарды жеңе отырып, жазба деректерді бір орталыққа жинау мен сақтау, сондай-ақ оларды зерттеу мен жариялауды ұйымдастыру бойынша қыруар жұмыстар атқарды. Соның барысында бірыңғай мұрағаттық тораптардың қалыптасуы мен орнығуына орай, республикада тарих ғылымының құжаттық негізі қорланып, ұлғая түсті.

1927 жылдан бастап Қазақстан тарихына қатысты құжаттар Астрахань, Омбы, Орынбор, Ленинград, Ташкент, Жаркент қалаларындағы мұрағаттардан жинақтала бастады.

Астрахань мұрағатынан Орталық мұрағатқа 1875 жылдан бастап Бөкей Ордасының Астрахань губерниясына қосылуына дейінгі құжаттар алдырылса да, көптеген құжаттар қорлардың бей-берекетсіз жинақталуынан табылмады.

Орталық мемлекеттік мұрағат қорындағы бар құжаттар бойынша қазақ халқының тарихын XVIII ғасырдың аяғынан бастап жазу туралы бастама көтерілді. Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұрағаттың негізінде 1994 жылы мемлекет Басшысының Жарлығымен ҚР Президентінің Мұрағаты құрылды.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты – еліміздегі өз қорында негізінен XVIII ғасырдың 30-шы жылдардан бастап 1,5 миллиондай әртүрлі тарихи кезеңдердің құжаттары бар ең ірі мұрағат қоймасы болып табылады.

Мұрағатта Кеңес дәуіріне дейінгі кезеңнің барлығы 770-тен астам қорлары сақталуда. Мұрағаттың ең көне құжаттары Семей кедені қорында сақтаулы 1732 жылы құжаттан басталады және қор құжаттарында Жоңғар, Қытай және Орта Азиялық хандықтармен сауда қатынасының тарихы орын алған.

Мұрағатта 1918 – 2008 жылдары аралығын қамтитын 772 мыңнан астам сақтау бірлігі есепке алынған.

Тарихи құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету мұрағаттардың негізгі міндетіне алынды. Ұлттық мұрағат қоры ұлттық құндылық ретінде бекітілген заңмен мойындалған тарихи, әлеуметтік, ғылыми, экономикалық, саяси және мәдени маңызы бар барлық мұрағаттардың, мұрағат қорларының және құжаттық ескерткіштердің жиынтығы болып табылады.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?