Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Құнанбай бата сұраған Қалжан ахун кім болған?

2985
Құнанбай бата сұраған Қалжан ахун кім болған? - e-history.kz
Алты алаштың анасы атанған Сыр өңірі – тарихи тұлғалар мен баһадүр батырлардың, дүлдүл ақындар мен термеші-жыршылардың, қараңғы қазақ көгін дінмен тазартқан молда ишандар мен ахундардың туған елі

Солардың ішінде қазақ даласындағы ағартушылық және білім мен ғылым ісінде ерен еңбек еткен ишандар мен ахундар, оқымысты молдалар сыр өлкесінің  халқын мұсылман дінінің басты ұстанымы  имандылыққа тәрбиелеп, мешіттер салдырып, медреселер ашқан. Олар – шығыстың классикалық әдеби мұраларын насихаттап, жастарды оқу-білімге шақырып, Ресей империясының отаршылдық сая­сатына қарсы өздерінің күрескерлік рухын жоғалтпаған діни қайраткерлер. Солардың бірі – Қалжан ахун Бөлекбайұлы.

«Көкілташта» талай қазақ баласы білім алған

XIX-XX ғасырдағы қазақ діни қайраткерлерінің көбісі Бұхарадағы әйгілі «Көкілташ» медресесінде білімдерін жетілдіріп, туған өлкелеріне келіп, сол ілімді жастар арасына таратқан. Ол уақытта «Көкілташ» дін медресесі әлемге даңқы кеткен білім орталығы. Бұхара шаһарында ХVІ ғасырда салынған діни медресе. Көкілташ медресесі туралы Мәшһүр Жүсіп бабамыздың «Көкілташта сытқамыт қылған адам не бай болып, не әулие болып, не молда болып шығады, құр алақан шықпайды» деген тамаша сөзі бар. Сондықтан да «Көкілташта» білім алған дін қызметкерлерінің қай-қайсысы да жаман болмағаны анық.

Сыр бойында дүниеге келген ғұлама діни қайраткерлер де осы медресенің білімін тәмамдап, өз топырақтарына келіп, мешіт-медресе ашқан. Олардың дені ағарту саласында жетекші үздіктер атанған, философия, грамматика, лингвистика, шығыс тарихы мен әдебиеті, астрономия және жаратылыстану, биология, құқықтану, т.б. салалар бойынша кәсіби білікті мамандар болатын. Өйткені «Көкілташ» медресесіндегі әрбір тәлімгерлер мен ұстаздар қауымы Мекке, Медине, Бағдат, Шам, Ыстамбұл, Каир, Кабул діни орталықтарында білім алғандар, оқығандар. Сондықтан да шекаралық аймақтық жағынан да Сыр өңірі Бұхара шаһарына жақын болды. Өңір халқын ағартуда Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінің орны ерекше болатыны сондықтан. Медресе түлектерінің қатарында Сыр өңірінде өзінің дербес мешіт-медресесін ашқан ағартушы, ұстаз, шайыр, заңгер Қалжан ахун Бөлекбайұлының орны ерекше.

Ол – өз заманында халқын дінге шақырған, медресе ашып, қазақтың ұл-қызын оқытуға үлес қосқан, ұлтының арын жоқтаған нағыз қайраткер азаматы. Советтік идеология мен тап өкілдерінің керітартпа кесірінен тарихи бағасын ала алмай келгенімен тәуелсіздік алған уақыттар да оның есімі Сыр тарихында жаңғыра бастады. Ғұлама дін қайраткерінің салған мешіт медресе күрделі жөндеуден өтіп, халық кәдесіне жарады.

Хиуа бегінің баласы

Қалжан ахунның арғы тегі табын руынан тараған. Ақтөбе облысының Жаманқарағай деген жерінде бабалары мекендеген. Әкесі Бөлекбай жігіт кезінде Қарақалпақстандағы туыстарына келіп сол жерде үйленіп, қалып қояды. Кейін Қарақалпақстандағы қазақ жұртына басшылық жасайды. Хиуа хандығының бегі болады. Хиуа халқының Бөлекбай батырдың ел басқарудағы шеберлігі мен хан алдында аса беделді болғанының бір ғана көрінісі Қалжан ахун, діни сауатты, өз заманының көзі ашық, заңғар тұлғасы бола білген Бөлекбай атамыздың 77 жасқа келгенде көрген баласы екен. Дүние есігін ашқан сәбиге «Қалмұхаммед» деп ат қойған ата-анасы кейін оны еркелетіп «Қалжан» атап кетеді.

Сол заманның үрдісі бойынша Бөлекбай батыр Қалжанды жеті жасынан бастап медресеге беріп, сауатын аша бастаған. Қалжан ахунның шариғат қағидасы бойынша кәмелетке қараған он үш жасында әкесі Бөлекбай дүниеден өтеді. Баласының зеректігі мен алғырлығына қанық Бөлекбай батыр дүниеден өтерде артында қалғандарға Қалжанға ары қарай білімін жалғастыруға көмектесулерін өсиет еткен. Ерінің бұл өсиетін құп алған жұбайы Қалжанға жетімдік көрсетпей, оның оқуын жалғастыруға аналық бар қамқорлығын жасайды.

Бүгінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде сыр ғұламасы, дін қайраткері Қалжан ахун Бөлекбайұлы туралы аздаған фото-деректер сақталған. Мешіт-медресесінің ескі фото құжаттары да музей құнды жәдігерлер қатарында. Қалжан ахун бабамыздың қайраткерлік істері мен Бұхара шаһарында білім алған кезеңдерін, не себепті ахун атағы берілгендігі жөнінде Қызылорда облыстық музейінің қызметкері Эльзира Сағитжанова апайымыз көптеген деректерін айтып өтті.

Ахун – мұсылмандық діни лауазым атағы

«Қалжан бабамыз алдымен Хиуадағы діни медреседе төрт жыл білімін шыңдап он жеті жасында айтулы «Көкілташ» медресесіне оқуға қабылданады. Көкілташ медресесінде он жыл, яғни жиырма жеті жасына дейін тапжылмастан білім алған Қалжан Бөлекбай баласы негізгі оқуы шариғат және заң саласын толығымен тәмамдап, оларға қоса философия, астрономия, математика, биология ғылымдарын тауыса оқып, шаруашылық басқару ісін игеріп шығады. Араб, парсы, шағатай тілдерің еркін меңгерген Қалжан атамыз сол медреседен «Ахун» атағын иемденеді. «Ахун» мұсылмандық діни лауазым баулушы ұстаз деген мағына береді. «Көкілташ» медресесінің заң факультетін 1889 жылы 27 жасында аяқтайды», – дейді музейдің экскурсиялық-көпшілік бөлімінің меңгерушісі Э. Нағашыбайқызы. Сондай-ақ бабамыз 1890 жылы төменгі Сырдарияға (қазіргі өз атымен аталатын ауылдың іргесіне) Бұхара медресесінде бірге оқыған кете шөмекей Ораз имамның шақыруы бойынша келіп өмірінің соңына дейін ағартушылық, имамдық қызмет атқарады. Ол мешіт жанынан Сыр өңіріндегі шаруалардың балаларының сауатын ашып, ағарту жұмыстарымен айналысады.

Шығыс өркениетінің орталықтарының бірі саналатын Бұхарадағы әйгілі «Көкілташ» медресесін тәмамдап, Сыр өңіріне келгенде Қалжан ахун жан-жақты білімдар, ғұлама ғалым, тәжірбиелі ұстаз, сауатты молда болып қалыптасумен қатар жәдиттік бағытты ұстанған қоғамдық қайраткер де болып үлгерген. Міне, енді сол оқып-білгенін, өз қызметін ел игілігіне жарату, халқын отаршылдық бұғаудан азат ету жолдарын ойластырады. Бабамыздың өзі атымен аталатын ауылының іргесіндегі мешіт-медресесіне аяқ басқанымызда көптеген бөлмелерінен пәндік оқу дәрісханаларына көзіміз түсті. Олардың қатарында жазумен жазылған астрономия, жағырапия, биология, құқықтану, математика, діни сауат ашу дәрісханаларын көрдік. Яғни бұл дегеніміз – Қалжан ахун медресесінің шәкірттері қазіргі білім беру стандартындағы барлық оқыту пәндерін меңгерді деген сөз. Қалжан ахун Бөлекбайұлының білімді, ғұлама қайраткерлігі жайында да халық арасында айтылып жүрген естеліктері де көп. Солардың бірі Абайдың әкесі Құнанбайдың бата сұраған естелігі жайында белгілі музей қызметкері Э.Нағашыбайқызы бізге де қызықты да, тағылымды деректі келтірді.

«Абайдың әкесі Құнанбай Меккеге бара жатқан екінші сапарында Қалжан бабамызда бата сұрапты. Ағайын-туысқанынан қоштасып, Шыңғыстаудағы халқынан «қатем болса кешіріңдер» деп, батасын алып Меккеге келе жатқан сапарында Жібек жолының бойын жағалап Сыр еліне келгенде Құнанбайға қасындағылар «Қалжан деген өте білімді атақты жігітіміз бар. Математикадан екі кітап жазған, бойы ұзын келбетті жігіт» деп соған соғуға кеңес береді. Құнанбай Қалжан ахунға «Менің сүйегім Меккеде қалса, Пайғамбар жатқан жерде өліп кетсем де арман жоқ деген бата бер» деп сұраған. Біреуге өлім тілеу оңай ма? Бұған дейін ешбір жауаптан қысылмаған ахун бабамызға бұл тілегіне іркіліп қалыпты. Қасында тұрған туған ағасы Бозжан: – Батаны мен берейін «Ер тілегі болса қалсын, Ел тілегі болса келсін!» деп бата берген екен. Содан елдің тілегі қабыл болып, Құнанбай екінші рет қажылықтан аман-есен оралған», – дейді Эльзира Сағитжанова.  

Қалжан Ахун сағанасы

Қазіргі Сырдария ауданы Қалжан ахун ауылынан екі шақырым жерде орналасқан ХХ ғасырдың басына жататын, архитектуралық ескерткіштердің бірі. Облыс орталығы Қызылорда қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 60 шақырым жерде орналасқан. Сағананы дін ғұламасы Қалжан ахун бабамыз ХХ ғасыр басында салдырған.

Сағана құрылысына сол заманның  тікбұрышты күйдірілген кірпіштері пайдаланылып, ши қамыстармен төбесі жабылған. Жоспарындағы тікбұрышты болып келген ескерткіш көлденең осімен оңтүстік-батыс, солтүстік-шығыс бағыты бойынша созылған. Ескерткіш екі бөлікке бөлінген: оңтүстік-батысын мешіт алып жатса, ал қарама-қарсы жағында ішінде бірнеше қабір үсті ескерткіштері бар аула орналасқан.

Барлық құрылыс беті кірпіштен қаланған қабырғалармен қоршалған. Қабырғалардың бұрыштары пилястрлермен көмкерілген. Осындай элементтермен мешіт пен хазир-ауланың түйісіндегі қабырғалар да бөлінген. Мешіттің қабырғасы ауланың қабырғасынан биік және кірпіштер кронштейндерінен пайда болған ернеумен көмкерілген, ауланың ернеуі тым қарапайым, оның барлық қабырғасы (кіреберіс ойығы бар бөліктен басқа) екі құламалы болып аяқталған.

Қалжан ахун мешіт-медресесі

Мешіт-медресе XIX ғасырдың аяғында салынған. Жоғарыдағы сөз етіп отырған сағана құрылысы осы медресенің жанынан бой көтерген. Қалжан ахун Бұхарадан білім алып төменгі Сырдария аймағында өз қаражатына мешіт тұрғызады. Кейін ахунның бастамасымен 1916 жылы мешіт жобасының зерттеу нысаны болған медресе тұрғызылды. Мемлекет қорғауына алынған тарихи нысан 1922-1930 жылдары «Ақжол» мектеп-интернаты, кейін жеті жылдық мектеп қызметін атқарды. Кешегі солақай саясаттың зобалаңы бұл ғимаратты да шарпып өтті. 1937 жылы совет белсенділері ғимаратты бұзып тастаған. Дін апиын деп насихаттаған дәуірде Қалжан ахун мешіт-медресесінде совет үкіметінің жергілікті белсенділері шошқа баққан. Кейін онда дінсіз қызметкерлерді кіргізіп, жын-ойнақ ортасына айналдырған. Дәнді дақылдар қоймасы ретінде де пайдаланылған. Ел аңызында: «Дәнді дақылдар қоймасы болып тұрғанда ерлі-зайыпты маскүнем отбасыны қойманы қарауылын қойған екен. Сонда күйеуін жылан шағып өлтірген екен. Кейін әйелі артынан күйеуін іздеп барғанда оны да жылан шағып алған. Осылайша бұл екеуін жылан бейнесінде келген ахун бабаның өзі болуы да мүмкін деген» жорамалдар да бар екен. Десе де тарихтың сырын ішіне бүккен ғимарат ішінен бізде жыланның бір түйірін көзіміз шалды. Өзге көптеген бөлмелерін көргенде жылан орталықтарын байқамадық. Бәлкім халық аңызындағы жылан бізді жылы шыраймен қарсы алып, ниетіміздің түзу екендігін білген де шығар.

1989 жылы сағана және мешіт-медресе ғимараттары облыстық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының есебіне алынып, реставрациялық жөндеу жұмыстарын көріп, тұрғындар мен қала қонақтарына қызмет көрсете бастады.

Бұл жерде медреседен өзге ішкі кірпіштен тұрғызылған Қалжан ахунның өзі тұрған үйінің орны бар. Қазіргі күнде мешітте Қалжан ахунның жанұясы жерленген. Аймақты тазалау кезінде алғашқы саман медресенің саман қабырғаларының іздері табылды. Бүгінгі күнде барлық осы құрылыс құшағында осы заманғы зираттар орын тепкен. Медресе бір қабатты, дәстүрлі жоспардағы солтүстік батысқа бағытталып салынған. Сарай ортасында құдық бар. Құрылыстың кейбір жерлері күйген кірпіштен салынған. Ғимарат 20 бөлмеден және 7 қосымша үйшіктен тұрады. Сыртында үлкен қақпасы бар. Қабырға қалаулары күйген кірпіштен және керамикалық плиталармен бөлінген. Мешіт медресе республикалық маңызы бар мемлекеттік ескерткіштер қатарына жатады.

Астана-Қызылорда-Тереңөзек 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?