Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қазақ елінің алғашқы Уставы

3512
Қазақ елінің алғашқы Уставы - e-history.kz
Барлыбек Сыртановтың Ресей астанасының кітапханаларында сарыла отырып, көз майын тауысып, зерттеулерді ақтарып, оларды ой – зердесінен өткізіп жазған еңбектерінің бірі – «Қазақ елінің Уставы»

Бұл шын мәнінде қазақ мемлекетінің Конституциясы еді. Еңбектің кіріспе бөлімінде тарихқа қатысты мынадай ойлар жазылған «Қазақ елі көне ұлттардың бірі. Оның тарихының тамыры тереңге жайылған. Жеке ел болып өмір сүрді, елін, жерін қорғады. Ұрпақ жалғастырудан 7 миллионға жетті. Санымен Россияда үшінші орында. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарда қалмақтардың күшті һәм көп әскеріне ауызбірлік жоқтығынан қарсы тұра алмады.

Бірақ Үш жүздің ақылды ұлдары бір байрақтың астына жиналуға уәде беріп, бас қосып, қалмақтарды күл-талқан жасады. Әбілқайыр хан асығыстық жасаумен Кіші жүздің қазақтарын Россияға бағынышты етті. Орыс патшасы жасалған шартты бұзып, қазақ жеріне бекіністер орнатты, жаулап алуды күштіледі, қара шекпенділерді қаптатты, қазақтың жерін, жеген нанын, ішкен суын тартып алды. Байғұс қазақтар қазақ жеріне ие болудан айрылды, һәм айдалаға, құмға ығыстырылды...» Автор қазақ тарихына қысқаша сипаттама беріп, отар елге айналудың себептерін ашуға ұмтылған. Отарлау саясатының зардаптарын ашып көрсеткен. Барлыбек егемен, тәуелсіз ел болу үшін жарғы қажет деп түсінді. Осы мақсатта конституция дайындады. «Қазақ елінің Уставы» төрт бөлімнен тұрды. Олар: «Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында», «Адам баласының хұқы турасында», «Қазақ жері турасында», «Сот турасында». «Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында» атты бөлімнің тарихи маңызы өте зор, өйткені онда айтылған ойлар қазіргі тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен толық орын алған. Өз кезегінде Барлыбек армандаған егемен республика жаһанға танылып, салтанат құрып келеді.

Сол ұлт зиялысы тайға таңба басқанадай жазып, өміршең болуын тілеген жарғының қазақтың жеке ел ретінде дамуы жөнінде айтылатын тұстарына назар аударайық. «...4. Қазақ елінде ең басшы орыны Ұлт мәжілісі. Оған дауыспен өткендер Қазақ елінің басшы Президентін төрт жылға сайлайды. Қазақстандағы алғашқы Конституция жобасының авторы Барлыбек Сыртанов екендігін профессор Сәкен Өзбеков жан-жақты зерттеп, қалың жұртшылыққа мәлімет етті. Уставтың толық мәтінін ол 1992 жылы «Түрік бірлігі» газетіне (№1),1994 жылы «Әділет министрлігінің хабаршысы» журналына (№2) жариялауға өз ықпалын тигізді. Белгілі заңгер Сәкен Өзбековтың жинастырған мәліметтеріне қарағанда, қазақ елінің тұңғыш Конституциясы 1911 жылдың 3 маусымынан басталады. «Барлыбек Сыртанов өте құпия түрде Әлихан Бөкейхановпен бірге ақылдаса отырып, Ресей астанасындағы бай кітапхананың қорын пайдалану барысында Конституция жобасын жазып бітірген деп тұжырым жасауға әбден негіз бар»,- деген пікір айтады ғалым.

Барлыбек Сыртанов 1910-1913 жылдар аралығында құпия түрде қазақ өлкесін Ресейдің ішкі колониясынан шығарып, оны тәуелсіз республика статусы бар мемлекет қылып құру жөнінде Устав жазды. Оның қаламынан туған «Қазақ елінің Уставы» небәрі 28 баптан тұрады және соған қарамастан, мазмұны осы күні де білгір заңгер ғалымдарды қайран қалдырады. Уставтың ең негізгі идеясы – Қазақстанды Ресей отарынан шығару және дербес тәуелсіз мемлекет құру. Бұл идеяны ол төңкеріс жасау немесе құрылу күрес арқылы емес, керісінше, парламенттік жолмен, съезд шақыру, халық сайлаған депутаттардың шешім қабылдауы арқылы іс жүзіне асыруды басты мақсат етіп қояды. «Уставтың» кіріспе сөзінде ол осы мақсаттағы ойларын былайша қорытады: «Жаңа заманда атыссыз, соғыссыз, қан төкпей, бейбіт жолмен өз жерімізде тәуелсіз ел болу мақсатында... жеке Қазақ елі республикасын құрамыз» [4]. «Уставтың» бірнеше баптарында Б. Сыртанов адам құқығының мемлекетте тиімді қорғалуының ең маңызды мәселелерінің сапына жатқызады. Оның ойынша, барлық демократиялық санаттағы қоғамда жеке адам дініне, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына, шыққан тегіне, атқаратын қызметі мен лауазымына қарамастан заң алдында тең болуы тиіс. Бұл талап – өркениеттіліктің, еркіндік пен бостандықтың іргетасы. Уставта ол: «Қазақ елінде адам баласының бәрі тең құқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон мен құдай алдында жауап береді», - деп атап көрсетеді. Оның мұндай көрегендік саяси көқарасы бүгінгі күннің талабына сай келетінін дүниежүзілік саяси-әлеуметтік тәжірибе өзінен-өзі дәлелдеп отыр. Демократиялық мемлекеттердегі жеке адамның еркін пікір айту, плюрализм идеясын қазақ заңгері жан-тәнімен қолдайды. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі құқықтық мемлекеттерде негізгі міндет ретінде іс жүзіне асырылып жатқан «тыйым салмағанның бәріне рұқсат етіледі деген» қағиданы іс жүзіне асыруды сол заманның өзінде-ақ жақтаған.

«Уставтың» 13-бабында мынандай пікір бар: «Қазақ елінде адам баласының еркін сөйлеуге, ұйым құруына һәм партияларға кіруіне ешбір тыйым жоқ». Оның пікірінше, мемлекетте тек қана: «нәсілдердің бір-біріне қарсы итеретін ұйымдардың, партиялардың, адам баласының істеріне тыйым салынады». Б. Сыртанов – «Қазақ елінің уставының» ғана емес, сонымен қатар, «Ынтымақ ережесінің» де авторы болғандығын зерттеушілер Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров мұражайының қолжазбалар қорындағы «Бұқабай балаларының «Ынтымақ ережесі» (Барлыбек Сыртанұлы 50 үй арасында мынадай ұйым ашады) деп аталатын құжат арқылы анықтап беріп отыр. Бар болғаны 15 баптан тұратын «Ынтымақ ережесі» тек құқықтық мәселелермен ғана шектелмейді, кешегінің де, бүгінгінің де әдеби эстетикалық мәселелерін де меңзеп, көксейді. «Ынтымақ ережесінің» 10, 14-баптарында былай делінеді: «10. Ұрлық, өтірік, боқтау, ойнас тіпті болмасын. Болса, абақтыдан басқа көпке ат-шапан болсын; 14. Карта, басқа құмар ойнамасқа» (Айқын. -2008. -25 желтоқсан. Н. Аманжол. Барлыбек Сыртанов һәм алғашқы Ата Заң).

Өркениетті елдерді былай қойғанда, дамыған, дамушы елдердің көпшілігінде қағаз жүзіндегі мұндай моральдық ереже жоқ. Құжаттың қай уақытта, қандай жағдайда жазылғанын ескеріп, оның сол кездегі һәм бүгінгі көнермеген ерекшеліктерін негізге алсақ, «Қазақ елінің Уставын» –тұңғыш Ата Заңымыз деп мақтануымызға тұрарлық дүние.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?