Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

«Сыр – Алаштың анасы» тарихи-мәдени экспедициясы

2530
«Сыр – Алаштың анасы» тарихи-мәдени экспедициясы - e-history.kz
Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі мен NDH порталы бірлесіп «Сыр – Алаштың анасы» тарихи-мәдени экспедициясын ұйымдастырды

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруды басты мақсат етіп қойып отыр. Онда туған жерге және оның ұлттық құндылықтарына іңкәрлікпен назар аударып, әркімнің өз жерінің тарихы туралы білуі тиіс дегенді меңзеген.

«Туған жер» бағдарламасы қазақ тарихы шежіресінен орын алатын, талай тарихтың ізі болған жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру бастамасын да қолға алуды ұсынады. Осы мақсатта 13 маусым күні Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекемесі мен «Қазконтент» АҚ National Digital History порталының бірлесіп ұйымдастырумен «Сыр - Алаштың анасы»  атты тарихи-мәдени экспедициясын ұйымдастырды.

Шараға Қызылорда облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкерлері, тарихшылар, Қорқыт Ата мемориалдық кешенінің қызметкерлері және National Digital History  порталының журналисі қатысты.   

Сыр өңірі – құпиясын ішіне бүккен көне шаһарлар мен тарихи-мәдени ескерткіштерге бай өлке. Осы баға жетпес қазынаны қалың көпшілікке кеңінен насихаттау, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру  біздің экспедицияның басты мақсаты.

Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі қызметкерлерінің дерегі бойынша, өңірде қазіргі таңда 532 тарих және мәдениет ескерткіші мемлекет қорғауына алынған. Оның 21-і республикалық, 274-і жергілікті маңызы бар болса, 237 нысан алдын-ала есепке алынған.

Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңы және одан туындайтын Мәдениет және спорт министрлігінің Қағидалары шеңберінде ескерткіштерге қорғау шараларымен қатар, археологиялық зерттеу, қайта қалпына келтіру және тағы басқа кешенді жұмыстар өз кезегінде жүргізіліп келеді.

Тарихи мұраларға мән берген мамандардың айтуына қарағанда, соңғы бірнеше жылдан бері Араласар, Жетіасар, Сығанақ, Жанкент, Сауысқандық, Шірік Рабат қалашықтарына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Әлі де жүргізілу үстінде екен.  

Қызылорда шаһарынан басталған экспедиция Сыр бойындағы дала мәдениеті жауһарларына, оның ішінде Сырдария өзені бойындағы Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарына қарасты тарихи ескерткіштерге экскурсиядан басталды. Сыр бойындағы құмды, шөлейтті, бойы сексеуіл, жыңғыл, шырмауықтар жайлаған дала жолдарымен жүріп, жол жүрді.

Құнанбай бата сұраған Қалжан Ахун кім болған?

Алдымен экспедиция мүшелері Сырдария ауданындағы Қалжан ахун медресе-мешітін аралап, баба рухына тағзым етті. Қалжан ахун Бөлекбайұлы  – өз заманында халқын дінге шақырған, медресе ашып, қазақтың ұл-қызын оқытуға үлес қосқан, ұлтының арын жоқтаған нағыз қайраткер азаматы. Советтік идеология мен тап өкілдерінің керітартпа кесірінен тарихи бағасын ала алмай келгенімен тәуелсіздік алған уақыттар да оның есімі Сыр тарихында жаңғыра бастады. Ғұлама дін қайраткерінің салған мешіт медресе күрделі жөндеуден өтіп, халық кәдесіне жарады.

Қалжан ахунның арғы тегі табын руынан тараған. Ақтөбе облысының Жаманқарағай деген жерінде бабалары мекендеген. Әкесі Бөлекбай жігіт кезінде Қарақалпақстандағы туыстарына келіп сол жерде үйленіп, қалып қояды. Кейін Қарақалпақстандағы қазақ жұртына басшылық жасайды. Хиуа хандығының бегі болады. Хиуа халқының Бөлекбай батырдың ел басқарудағы шеберлігі мен хан алдында аса беделді болғанының бір ғана көрінісі Қалжан ахун, діни сауатты, өз заманының көзі ашық, заңғар тұлғасы бола білген Бөлекбай атамыздың 77 жасқа келгенде көрген баласы екен. Дүние есігін ашқан сәбиге «Қалмұхаммед» деп ат қойған ата-анасы кейін оны еркелетіп «Қалжан» атап кетеді.

Сол заманның үрдісі бойынша Бөлекбай батыр Қалжанды жеті жасынан бастап медресеге беріп, сауатын аша бастаған. Қалжан ахунның шариғат қағидасы бойынша кәмелетке қараған он үш жасында әкесі Бөлекбай дүниеден өтеді. Баласының зеректігі мен алғырлығына қанық Бөлекбай батыр дүниеден өтерде артында қалғандарға Қалжанға ары қарай білімін жалғастыруға көмектесулерін өсиет еткен. Ерінің бұл өсиетін құп алған жұбайы Қалжанға жетімдік көрсетпей, оның оқуын жалғастыруға аналық бар қамқорлығын жасайды.

Қалжан ахун Бөлекбайұлының білімді, ғұлама қайраткерлігі жайында да халық арасында айтылып жүрген естеліктері де көп. Солардың бірі Абайдың әкесі Құнанбайдың бата сұраған естелігі жайында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музей қызметкері Э.Нағашыбайқызы бізге қызықты да, тағылымды деректі келтірді.

«Абайдың әкесі Құнанбай Меккеге бара жатқан екінші сапарында Қалжан бабамызда бата сұрапты. Ағайын-туысқанынан қоштасып, Шыңғыстаудағы халқынан «қатем болса кешіріңдер» деп, батасын алып Меккеге келе жатқан сапарында Жібек жолының бойын жағалап Сыр еліне келгенде Құнанбайға қасындағылар «Қалжан деген өте білімді атақты жігітіміз бар. Математикадан екі кітап жазған, бойы ұзын келбетті жігіт» деп соған соғуға кеңес береді. Құнанбай Қалжан ахунға «Менің сүйегім Меккеде қалса, Пайғамбар жатқан жерде өліп кетсем де арман жоқ деген бата бер» деп сұраған. Біреуге өлім тілеу оңай ма? Бұған дейін ешбір жауаптан қысылмаған ахун бабамызға бұл тілегіне іркіліп қалыпты. Қасында тұрған туған ағасы Бозжан: – Батаны мен берейін «Ер тілегі болса қалсын, Ел тілегі болса келсін!» деп бата берген екен. Содан елдің тілегі қабыл болып, Құнанбай екінші рет қажылықтан аман-есен оралған», – дейді Эльзира Сағитжанова.  

Қалжан Ахун сағанасы. Қазіргі Сырдария ауданы Қалжан ахун ауылынан екі шақырым жерде орналасқан ХХ ғасырдың басына жататын, архитектуралық ескерткіштердің бірі. Облыс орталығы Қызылорда қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 60 шақырым жерде орналасқан. Сағананы дін ғұламасы Қалжан ахун бабамыз ХХ ғасыр басында салдырған.  

Экспедиция Сырдария ауданындағы Қалжан ахун мешіт-медресесінен шыққан соң, Қармақшы ауданындағы Марал, Қалқай ишан кесенелеріне соғып,  Қорқыт ата мемориалдық кешеніне аялдады. 

Қорқыт қобызының үні үзілген емес

Бүкіл түркі халықтарына ортақ ұлы есімдердің бірі – Қорқыт абыз. Бабамыздың кіндік қаны тамған, туып-өскен жері – қазақтың Сыр елі. National Digital History порталының Қызылорда облысына жасаған тарихи-мәдени экспедициясы аясында Қорқыт Ата мемориалдық кешеніне де баруды жөн көрдік.

Оқырман қызығушылығын тудырған Қорқыт кешені Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Жосалы кентінен солтүстік-батысқа қарай 18 шақырым жерде, Қорқыт стансасына жақын табиғи төбе үстінде орналасқан.

Тарихқа сәл шегініс жасар болсақ, қазіргі Қорқыт ата мемориалдық кешені орналасқан төңіректе оғыз-қыпшақ тайпалары өмір сүрген.

Ерте заманнан Сырдария бойын жайлаған оғыз-қыпшақ ұлыстарының арасында дүниеге келіп көреген көсемі, сөз бастар шешені, ұлы күйшісі болған. Қорқыт атаның асыл мұраларының ұлағаты, даналық ғибраты бүкіл түркі тілдес халықтарына ортақ. Қорқыт бабамыздың Сыр бойында дүниеге келгендігін академик Әлкей Марғұланда өз еңбектерінде жиі айтып отырады.

«Қорқыт – тарихи дәуірлерде Сырдария өлкесін қоныс еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан қария, ақылшы батагөй, асқан ақын, болашақты болжап сөйлеген сәуегей кісі болған», – дейді Ә. Марғұлан.

Қорқыт – оғыз дәуірінің ұлы тұлғасы, жырау. Оның ерен есімі әлемге мәшһүр «Қорқыт ата кітабына» арқау болған. Кіндік қаны тамған топырақ Жанкент қаласы болса, ал тарихи мазары қазіргі Қармақшы жерінде. Қорқыттың музыкалық мұрасы мен ерен есіміне байланысты аңыздар түбі бір түркіге ортақ мұра болғанымен, көбінесе Сыр бойында, түркімен, әзірбайжан және анадолы түріктерінде сақталған.

Қорқыт Ата кешені Елбасы тапсырмасымен қайта жаңғырды

Қорқыт Ата мемориалдық кешеніне ат басын бұрған сапарымызда бізді кешеннің директоры Айдос Ниязов қарсы алып, Қорқыт ата мемориалдық кешенін толықтай өзі таныстырды. Сәулет өнерінің айрықша үлгісімен жасалған кешеннің жұмысы 1980 жылы іске асқан екен. Жобаны сол уақыттағы Қармақшы аудандық комитет хатшысы Елеу Көшербаев (қазіргі Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың әкесі) ұсынып, өзі Алматыдан сәулетші Бек Ибраевты алдырыпты.

«Қорқыт ата ескерткіші 1980 жылы салына басталды. Ол уақытта Қармақшы ауданында аудандық комитет хатшысы Елеу Көшербаев деген ағамыз болды. Сол кісі Алматыдан Бек Ибраев деген архитектурды алдырып, «Шымкент-Самара» тас жолының, «Орынбор-Ташкент» темір жолдарының бойында үлкен ескерткішті салдыруды тапсырды. Белгілі сәулетші С. Исатев темірден қырық труба орнатып, Қорқыт қобызынын үнін шығарды. Жел болған күні сол темір органдар Қорқыттың қобызының үнін шығарады», – дейді А. Ниязов.

«Шымкент-Самара» тас жолының бір жағы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» транзиттік жолының бойында орналасқан кешенге келетін туристердің қарасы көп екен. Тіпті кешеннен 60 шақырым жердегі Байқоңыр қаласының өзінен шетел туристері мен ғарышкерлер де жиі келіп, бас сұғып Қорқыт мұрасымен танысады екен. Қорқыт Ата мемориалдық музей кешенінде қобыздың көптеген түрлері бар. Оның біразы – Қорқыт заманынан бүгінгі дәуірге дейінгі ғасыр жәдігерлері.

Экспедиция түркі әлеміне ортақ Қорқыт Ата кешенінің тарихымен танысып, музейдегі қобыздардың қоңыр әуеніне демалып, сапарын одан әрі жалғастырып, қаңлылар кезеңіндегі Жетіасар мәдениетінің кешендерін аралады. Жалағаш ауданы мен Қармақшы ауданындағы көне қаңлы қалаларында болып, аталған нысандардың елді елең еткізер ерекшеліктерін фоторепортажға түсіріп, құнды тарихи деректер мен зерттеу ақпараттарын жинады. 

Жетіасар мәдениетін зерттеу кезек күттірмейді 

Тарихтан сыр шертер болсақ, Жетіасар – б.з.б. ІІІ-І ғасырлардағы қаңлы тайпаларының орналасқан қалашығы. Көне қаңлы қалалары Cырдария өзенінің төменгі ағысындағы, оның ескі арнасы Қуаңдарияның бойында орналасқан көне ескерктіштер тобын құрайды. Қаланың ғұмырлық кезеңдері б.з.б. I-мыңжылдықтың ортасы мен б.з. IX ғасырдың басы екен.

Бұл ескерткіштердің өзіндік ортақ ұқсастықтарына қарай зерттеушілер бір мәдениетке топтастырып, олардың негізгі бөлігі шоғырланған Жетіасар шатқалының атымен Жетіасар мәдениеті деп атаған. Ескерткіштердің тағы бір қызығы, асарлардың төбесіне шыққаныңызда төңірек аумағында үлкенді-кішілі алты асарды көзіңіз шалса, өзіңіз тұрған асарды қосқанда жетіасарды байқайсыз. Бұл бұл мәдениеттің басты белгісінің бірі екен.

«Сыр – Алашқтың анасы» атты тарихи-мәдени экспедициясы алдымен Қармақшы ауданының орталығы Жосалы ауылын қиып өтіп, 100-ден астам термеші мен жыршы туған Тұрмағанбет ауылына жетіп, ары қарай жолсыз дала жолына түсіп, ауыл іргесінен 10 шақырым жердегі Жалпақасар қалашығына жетті. Төбешік болып, орналасқан қаланың төбесіне шыққанымызда, шашылған құмыралар мен сүйектердің қалдықтарына кез келдік. Сосын төңірекке көз шалып, қалған алты асарды санамалап көрдік. Экспедиция құрамында жүрген тарихшылардың пікірінше, асарлар маңын мекен еткен халықтың күнкөріс көзі егіншілік пен мал шаруашылығы деседі.

«Тарихи орындарға тереңірек тамыр тартқан С. Толстов қала құрылыстарының ерекшеліктеріне байланысты асардарды үш топқа бөлген екен. Бірі – ғимараттары бар бекіністі үй-жай, екіншісі – қуатты қорғаныс жүйесі бар, құрылыс орны жоқ ірі қамалдар болса, ендігі бірі – қорғаныс жүйесі, түрлі тұрғын үй құрылыстары бар қамалдар», – дейді тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкері Е. Елеуов.

Экспедиция мүшелері Жалпақасарда жарты сағаттай амалдап, одан әрі Қармақшы ауданы территориясындағы Томпақасар, Тікасар, Кіші Қосасар, Қурайлы асар қалашықтарын аралап көрді.

«Жетіасар мәдениетін зерттеу тарихи құпияларды ашуға жол ашады. Бұл ескерткіштер біздің бабаларымыздың баға жетпес байлығы мен өзіндік жоғары өркениетін көрсететін мұралар. Бәлкім бұл мұралар тастан жасалған да бүгінгі әлем тарихшылары үшін сенсациялық, ғаламат жаңалық ашулары болушы еді. Тек әттеген-айы, саз балшықтан жасалғандығы. Жетіасар ескерткіштерін өзіндік ортақ ұқсастықтарына қарай бір мәдениетке топтастырған. Сол себепті бұл асарлар Жетіасар шатқалының атымен аталған. Қызылорда аумағында 20-дан аса асарлар бары анықталған. Олардың барлығы біздің мекеме тіркеуіне алынып, мемлекет қорғауына берілген. Асарлардың көбі Қармақшы ауданында орын тепкен. Қалғандары жаңа өзіміз өткен Жалағаш, Сырдария аудандарында, – дейді бізбен әңгімесінде Қызылорда облысы тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкері Еркебұлан Елеуов.

Экспедиция құрамы Қармақшы және Жалағаш аудандарындағы  асарларды тамашалап, көне қалалардың тарихын бір шолып шыққандай әсерге бөленді. Асарлардың арақашықтығы өте алыс та емес, төңіректі қаумалай орналасқан. Кейбір асарлар ескі бекініс-қамалдармен қоршалған. Көзбен көрген, көңілге түйген асарлардың бүгінгі жайын барлап барған біздер асарлардың ерекшеліктерімен танысып қайттық. Мәселен, біз аялдаған Қурайлы асары бұрынырақта қорғаныс бекінісі ретінде қызмет атқарған. Елді сырттан келетін қауіп-қатерден қорғау үшін сақшылар биіктікті бойлай күзет еткен. Қалашықтың қазіргі келбетіне көз тастасаңыз, өткен күннің мәдениеті мен тарихын тереңнен түсінуге бағыт аласыз.

Қош, сонымен «Сыр – Алаштың анасы» атты тарихи-мәдени экспедициясы Қызылорда облысының үш ауданын қамтып, мемлекеттен қолдауды қажет ететін Жетіасар ескерткіштерінін талай тарихты ішіне бүгіп жатқанын айтып тарқасты. Тек асарлар ішінде Алтынасар қалашығына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, реставрациялық жұмыстар жасалған екен. Сыр өңіріндегі барлық асарлар мемлекет қорғауына алынып, тарихи мұраларды қорғау мекемесінде тіркелген. Ендігі мақсат – Сыр өңіріндегі қайталанбас тарих жауһарлары, ұлы бабаларымыздың мекендеген тұрақтарын әлем халқының назарына таныстырып, ЮНЕСКО көлемінде қорғалған мұралар қатарына кіргізуді жол нұсқау.

National Digital History порталы Жетіасар мәдениетіне қатысты құнды деректер мен архивтік құжаттарды үш тілде аударып, портал оқырмандарына ұсынатынын жеткізді. Уақыт өткен сайын сыр бере бастаған асарларға кешенді түрде зерттеу жұмыстарының жүргізілу қажеттілігі де көзге ұрып тұр. Бір жағынан оларға апаратын жолдың мәселесі де сын көтермейді. Ендігі мәселе құзырлы орган өкілдері Жетіасар мәдениетін қолға алып, оған апаратын жолдарды бірізділікке түсірсе, әлем халқының туристері мен тарихшы мамандары бұл қалашықты тамашалап келуге құмартатыны айдан анық.  

Дәурен Кәрісбеков, Қызылорда облысы тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің инспекторы: National Digital History порталы порталымен Қызылорда облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі бірлесіп, Жетіасар мәдениеті орналасқан асарларға тарихи-мәдени экспедиция ұйымдастырдық. Шараның мақсаты – Сыр бойындағы кез келген асар қалашықтарымен және олардың құрылыс жүйелерін таныстырып, тарихтан алар орны туралы тағылымды ақпараттар беру. Біздің мекеменің мамандары осы мақсатта экспедиция құрамында жүр.

Жалпы Жетіасар мәдениеті туралы түрлі болжамдар мен пікірлерді ғылыми негізде тану үшін, алдағы уақытта тарихи-мәдени, этнографиялық және археологиялық зерттеулерді жүйелі жүргізуді мақсат ету үшін осындай тарихи мәдени экспедициялардың өтуі маңызды деп білемін. Себебі бұл экспедициялар төл тарихымызды танытатын оны келешек ұрпаққа аманат етіп, әлем халықтары алдында қазақ ұлтының алтын тарихын паш ете алатын орындар. Бұл экспедицияның бір жағының артықшылығы асарлар мәдениетін, олардың тарихи туралы ғылыми зерттеулер мен тарихи деректерді үш тілге аударып, National Digital History порталында орналастыратын болдық. Сол арқылы шетел туристері мен ғалымдар ақпаратты өзге тілде оқи алатыны қуантты.

Түйін. National Digital History порталы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Сыр – Алаштың анасы» тарихи-мәдени экспедициясы жұмыс күндерін Қызылорда облысында 11 маусым күні бастаған. Өткен екі тәулік ішінде аталған экспедиция Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен 1000 шақырымнан астам жол жүріп, көне «Жібек Жолы» бойындағы бірнеше тарихи-мәдени ескерткіштер мен көне Жетіасар мәдениетінің көне қалаларында болды. Экспедиция Сырдария ауданындағы Қалжан ахун мешіт-медресесі, Қармақшы ауданындағы Марал, Қалқай ишан кесенесі мен Қорқыт ата мемориалдық кешенінде және Жалағаш ауданы мен Қармақшы ауданындағы көне қаңлы қалаларында болып, аталған нысандардың елді елең еткізер ерекшеліктерін фоторепортажға түсіріп, құнды тарихи деректер мен зерттеу ақпараттарын жинастыру үстінде.

Алдағы күндері портал журналистері Қызылорда облысының Шиелі, Жаңақорған аудандарында да экспедиция күндерін жалғастырды.  

II

Оқшы ата мазаратында кімдер жатыр?

Порталдың алдыңғы сандарында экспедицияның Қызылорда облысындағы 3 ауданын қамтығаны (Сырдария, Жалағаш, Қармақшы елді мекендері) туралы жазылған болатын. Ендігі мақсат Шиелі, Жаңақорған аудандарына жасаған экспедиция барысын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен National Digital History порталы ұйымдастырған экспедициясы Шиелі топырағына аялдап, аудандық ішкі саясат басқармасының басшысы Бағдат Әбдіқадыровтың қабылдауында болды. Басқарма басшысы Шиелі ауданының негізгі тарихи-мәдени орындары туралы, ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы экспедиция мүшелеріне баяндап берді.

«Құрметті экспедиция мүшелері тарихи құтты мекен Шиелі ауданына қош келдіңіздер! Біздің өлке Қызылорда облысындағы аграрлы аудандардың бірі. Өлкенің өзіндік тарихи-мәдени ерекшеліктері де бар. Мұстафа Шоқай, Ыбырай Жақаев сынды тарихи тұлғаларымызды тудырған топырақтан талай ұлт қайраткерлері түлеп ұшты. Ауданның Қаратау жоталарындағы Сауысқанды таңбалытастары талай тарихтың шежіресі. Түркістандағы пантеоннан ерте құрылған пантеонда біздің ауданда. Оқшы ата мазаратындағы жеті әулие кесенесі ұлы тұлғаларымыздың жатқан жері. Ауыл-аймақ тарихы да шежірелі. Ол туралы да сіздерге мол тағылымды ақпараттар жеткілікті деп ойлаймын. National Digital History порталына үлкен рақметімізді айтамыз. Осындай экспедиция бағытын арнайы біздің ауданымызға бұрғаны үшін. Сондықтан бұл өңірден сайттарыңызға көп тағылымды деректер мен құнды материалдарды ала аласыздар деген ойдамыз. Істеріңізге сәттілік тілеймін», – деді Б. Әбдіқадыров.

Сондай-ақ экспедициясы мүшелері Шиелінің әлеуметтік, тарихи-мәдени құндылықтарымен және ескерткіштерімен танысты. Аудан әкімдігінің алдындағы «Ауданның құрметті азаматтары» аллеясын, Алаш арысы осы өңірдің тумасы Мұстафа Шоқайдың ескерткіштерін тамашалады. Шиелі ауданына жасаған екі күндік сапар аясында топ мүшелері ауданның Жөлек, Ыбырай Жақаев, Бәйгеқұм ауылдарында болып, ауыл тұрғындарымен Елбасы мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы туралы ойларын ортаға бөлісті.

Оқшы ата мазаратындағы жеті әулие

Сыр өңірінде үш үлкен зиярат кешендері болған. Бүгінше айтар болсақ, пантеондар. Солардың бірі – Шиелі ауданындағы Оқшы ата мазараты. Мұнда қазақтың жеті әулиесі, сөзге шешен датқалары, батырлары жатыр. Экспедиция барысында осы әулиелер мекеніне де бас сұғып, бабалар рухына тағзым еттік. Алдымен қыпшақтан шыққан  Бала би бабамызға аялдап, артынша Есабыз, Ғайып ата, Қыш ата, Асан Қайғы, Оқшы ата кесенелерін тамашалап, абыздардың өмір сүрген кезеңдері туралы тағылымды деректерді мазарат шырақшысынан естідік. Әрбірінің өмір сүру кезеңдері әр қилы. IX ғасырда өмір сүрген Ғайып атадан  XIX ғасырдағы Есабыз арасында бұл мазаратта қазақтың игі жақсылары жерленіпті. Бұл мазаратта алаш ардақтысы Мұстафа Шоқайдың атасы Торғай датқа жатыр. Қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанованың үлкен бабасы да осы өлілер мекенінде екен. Оқшы ата мазараты Шиелі ауданы Бәйгеқұм елді мекенінің жанында орналасқан. Х ғасырға жататын бұл мазарат – Шиелі аймағындағы ерекше маңызға ие жерлердің бірі.

Ал енді Оқшы атаның өзіне келетін болсақ, ол кісі өз заманында қару-жарақ дайындайтын ұста болған екен. Ерекше дарынға ие кісі деп дәріптеледі. Бабамыз Қожа Ахмет Иассаудың заманында өмір сүрген деген деректер де бар. Ал ол кісі туралы халық аңыздарын алдағы уақытта портал бетінде толымды ақпараттар беретін боламыз. Абыз атаның азан шақырып қойған есімі Ибраһим, кей деректерде Көгентүп делінеді.

Балаби Шыныбекұлы, Оқшы ата мазаратынының наиб имамы, шырақшысы: «Осы Оқшы ата мазаратында 2010 жылдан бері наиб имам әрі шырақшысы қызметін атқарып келемін. Бұл жерге тағзым етіп келетін жұрттың қарасы көп. Қоғам қайраткерлері мен ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары да келіп, жеті әулие тағзым етіп кетеді. Бұл жерде Есабыз ата мешіті және қонақ үй кешендері салынған. Әулиелер басына келген адамдар қонып, мешітінде намазын оқуға да жағдайлар жасалған».

Сауысқанды шатқалындағы таңбалытастар

Экспедиция мүшелері қарт Қаратау жоталарын бетке алып, Шиелі ауданы мен Созақ ауданының (Оңтүстік Қазақстан облысы) шекараласқан аймағына келді. Бұл жерде әйгілі Қаратау сілемдерін жағалай 10 шақырымға созылып жатқан Сауысқанды шатқалындағы таңбалытастарды көрді. Петроглифтерді фотоға түсіріп, елді-мекеннің тарихы туралы аз-кем ақпараттарды жинадық.

Шиелі ауданы Еңбекші ауылынан 60 шақырым солтүстік-шығысқа қарай Қаратау жоталарын жағалай Сауысқандық өзенінің оң жағында, Сүлеймен жайлауының іргесіндегі Үлкеншоқы, Кішішоқы аталатын тау жоталарының жартастарындағы суреттер қола дәуірінен қалған құнды дүниелер. Б.з.д. II мыңжылдықтардағы тас қашау мәдениетінің жартастағы суреттері сол дәуірдің әдет-ғұрпындағы наным-сенімдерінен көрініс береді. Суреттердің негізі мал шаруашылығын айғақтайтын жазулар. Олардың арасында аң терісін жабылған ер адам, тауешкі, өркешті түйелер, арқарлар, арбалар бар. Бүгінде осы құнды мұра ЮНЕСКО-ның ескерткіштер тізіміне ұсынылған. Жәдігерлер мемлекет қорғауына алынған. Экспедиция мүшесі, Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкері Еркебұлан Елеуов Сауысқанды шатқалындағы жартастағы суреттердің сыры туралы да өз ойын білдірді.

«Біздің экспедиция мүшелері Шиелі ауданындағы Сауысқанды шатқалындағы жартас суреттеріне келіп тұрмыз. Бұл жердегі таулар негізінен 5 бөлікке бөлінген. Жағалай екі үлкен Бала Сауысқанды және Үлкен Сауысқанды болып, олардың арасын Сауысқанды бұлағы бөліп жатыр. Бұл петроглифтер қола дәуірінің алғашқы кезеңінен мәліметтер береді. Яғни кезең-кезеңімен орта ғасыр бейнелері және кейінгі салынған суреттермен де бейнеленіп келеді. Ал енді қола дәуіріндегі жартас суреттеріне тоқталатын болсақ, мұнда қабан бейнесі, аң терісін жабылған адамдар бейнесі, арбалар, тауешкі, арқар, түйе, жылқы сияқты жануарлар мен аңдар жайлы сюжеттік көріністер бейнеленген. Бес тауды қоршап жатқан жартас суреттері 10 шақырымға созылып жатқан 10-12 мың сюжеттік жиынтық суреттерден құралған», – дейді Е. Елеуов.

Сунақ ата қай абыз?

«Сунақтың жері жұмақ, дала бағы,

Перзенті періштедей дара бәрі.

Жаны мен тәні таза мұндай ұрпақ,

Тек қана құштарлықтан жаралады»

деп жырлаған халық ақыны Фариза Оңғарсынова. Сунақ дегеніміз – этникалық топтың бірі. Қазақтың жүзге жатпайтын руларының бірі. Бүгіндері Жаңақорған ауданында Сунақ аталатын ауылдық округі бар. Біздің экспедициямызда осы ауылдың іргесіне тұрақтап, Сунақ ата ескеркішіне тағзым етіп, құран бағыштады.

Ұлттық мәдениетіміздің бір тармағы ата-баба мұраларынан сыр шертетін, олардың қалдырған өнегесін кейінгі ұрпаққа танытар тарихи-мәдени ескерткіштер екені анық. Осы орай да Сығанақ қаласының ежелгі тұрғындарын құраған сунақтардың негізгі абызы – Сунақ ата.  Қазақтың шежіресінде Сунақты Орта жүз бен Кіші жүздің бірлесітігінде тайпаларға да жатқызады. Тіпті кейбір шежіре деректер де Сығнақи атты Сығанақ билеушісімен де байланыстырады. Сунақтар – Қызылорда облысы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында көп таралған рулардың бірі. Олардың шежіресі Мұхаммед пайғамбардың қайын атасы Әбу Бәкір Сыдықтан таралады. Сунақ ата шамамен 1080-1160 жылдардың арасында өмір сүрген. Қожа Ахмет Иассауидің қарамағында бас имам болған, әулие, «Нихая» кітабының авторы. Сунақтардың ұраны қожалармен ортақ «Қожа Ахмет Иассауи». Қожалар мен Сунақтар бір топқа жатады.

Сауран мен Сығанақтың шежірелі тарихы

Әрбір өлкенің өзіндік тарихи-мәдени ерекшелігі болады. Жаңақорған ауданындағы тарихи негізгі ерекшеліктер – сунақтар тарихы мен көне қалалар Сығанақ пен Сауранның орны. Ұлы Жібек жолының бойындағы Сығанақ қаласы мен бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысына кірген Сауран қаласы – алтынға бергісіз тарихи сырларды бүгіп тұрған көне қалалар. Олардың жаугершілік заманда белгі беру мақсатында тұрғызылған тарихи мұнаралары мен бірнеше қабатты дуалдары кімді де болсын қызықтырмайтыны анық.

Зұлман замандарды, жойқын соғыстарды басынан кешіріп, бүгінгі күнге қабырғаларынын біразы жеткен Сауранға экспедиция мүшелері тоқтап, аспан астындағы мұражай кешенін тамашалады. Бұл қаланы туристерге қолайлы аймақ ретінде дамытып, жол, жарықтандыру мәселелерін толықтай шешіпті. Туристер келіп көретіндей көне қаланың жәдігерлері де толықтай реставрациядан өткізілген. 

Тарихи-мәдени экспедиция тоқтаған екінші бір қала – Сығанақ қаласы. Сыр өңіріндегі мәдени-тарихи ескерткіштердің бірегейі – Қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының, кейін Қазақ хандығының астанасы болған, екі мың жылдық тарихы бар Сығанақ (VІ-ХVІІІ ғғ.) қаласына біз барған археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Қазба жұмыстарын Қ.А. Иассауи атындағы Қазақ-Түрік Халықаралық университетінің археология институты атқарып отыр.

«Әйгілі ортағасырлық Сығанақ қаласының зерттелуі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік университеті жанынан құрылған Сығанақ археологиялық экспедициясы негізінде басталды. 2003-2008 жылдар аралығында Қ.А. Иассауи атындағы Қазақ-Түрік Халықаралық университетінің археология институты арқасында біраз археологиялық нысандар ашылды. Қалада жүргізіп жатқан ғылыми жұмыстарының материалдары қаланың экономикалық жағынан дамуы ХIV ғасырдың екінші жартысында айтарлықтай дамығандығын дәлелдеп отыр. Оның бас­ты дәлелі – екі мешіт пен сағананың ашылуы 2012 жылдан бастап біздің университет тағы да қазба жұмыстарын жүргізу барысында қаланың шығыс қақпасын тапты. Оны «Қазқайтажаңғырту» мекемесі арқылы реставрациялық жұмыстар жүргізілді», – дейді Қ.А. Иассауи атындағы Қазақ-Түрік Халықаралық университетінің археологі Амантуров Маралбек.

Сығанақ қаласының орны біз барған «Сунақата» елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 2 шақырымдай бес бұрышты төбеде орналасқан. Аумағы 20 гектардай жерді алып жатыр. Тіпті, кейінгі зерттеу мәліметтерінде Хан сарайының маңының өзі 30 гектардан астам екендігі, ал Сығанақ қаласының аумағы 309 га екендігі анықталып отыр. Қала өмірі VІ ғасырдан ХVІІІ ғасырға дейін созылған.

«Сығанақ қаласына алғаш рет археологиялық қазба жұмыстары ХХ ғасырдың 70 жылдары жүргізілді. Отырар археологиялық экспедициясының меңгерушісі Кемал Ақышев пен Карл Байпаковтар Сығанақ қаласының топографиялық тарихына да назар аударып, бұл қала ортағасырлық қалалардың ішінде Отырар қаласынан кейінгі атақты екінші қала деген қорытынды жасайды.  Ел аузындағы аңыздар бойынша мешіт қабырғасына балта шапқан адамдар сол жерден құлап өлген. Ал кейбірі ауруға шалдыққан. Қаланың қазіргі орны – 20 га жерді алып жатқан үлкен бес бұрышты төбе. Бұл жер Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Төменарық темір жол станциясынан 8 шақырым жерде орналасқан. Қаратау жотасының оңтүстік батыс етегінде жатқан Белқар үстіртінде жатыр. Қалада бір кездері «Сунақ ата» ауылының мазарлары орналасқан. Қазба жұмыстары жүргізілгендіктен кейін, олардың барлығы туысқандарына айтылып, басқа жерге көшірілді. Қазірдің өзінде қаланың бірнеше жерінде ауыл зираттарының қалдықтары кездеседі. Қазіргі таңда қалашықтың аумағы толықтай мемлекет қорғауына алынған», – дейді облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесінің маманы Еркебұлан Елеуов.   

Сығанақ өз тарихында талай қияметті басынан кешірді. Ақ Орда хандары мен Темір ұлысы арасында, кейінірек қазақ хандары мен (Бұрындық, Қасым хан) Мұхаммед Шайбани, оның ұрпақтары арасында Сығанақ үшін талай кескілескен ұрыстар болды. Сығанақты 1446 жылы шайбанилік Әбілқайыр басып алса да, Орыс ханның ұрпақтары Әбілқайыр билігін мойындамады. 1456 жылы Әбілқайыр мен қалмақ Енге төре арасында Сығанақ үшін болған ұлы шайқаста Әбілқайыр жеңілді. Орыс ханның шөбелері Жәнібек пен Керей бастаған Ақ Орда хан ұрпақтары Әбілқайырдың әлсірегенін пайдаланып стратегиялық шегініс жасап, ел ордасын Шу бойындағы Қозыбасына әкеліп тігуі Сығанақтың саяси маңызын әлсіретті. Бірақ, Сығанақ өлкесі территориялық тұрғысынан қазақ мемлекетінің қарамағында қала берді. 

XVII-XVIII ғасырларда жоңғар шапқыншылығына бірнеше рет ұшырады. Осы шапқыншылықтар және басқа да әр түрлі себептерден қала бірте-бірте өзінің өмір сүруін тоқтатты. 

Алаштың төрт астанасы болған Сыр жерінің алты алаштың анасы деп аталуының мағынасын енді түсіндім. Ұлы Жібек жолының бойындағы бұл өңір әлімсақтан түркі жұртының алтын бесігі. Сақтар мемлекет құрып, Шірік-рабадтай астанасын соқты, Оғыздар елдік мәртебеге көтеріліп, Жанкенттей көне қаланы жайқалтты. Қыпшақтардың сол қанатындағы ордасы сыр бойындағы Көне Сығанақ қаласы ұлы бабаларымыздың мұрасы болды. Алтын ордалықтар мен Қазақ xандығы (Қасым xан тұсында) тұсында Сауран мен Сығанақтың үлкен орталықтардың бірі һәм бірегейі болғанын тариx та, арxеология да дәлел деп тұр.

Б.з.д ІІ мыңжылдықтардан бастау алатын жетіасар мәдениетін және айтыңыз. Оған Қаратау жоталарындағы Сауысқанды петроглифтерін қосыңыз. Тариxи тұлғаларға еңселей салынған ескерткіштер мен әулие-әмбиелердің менмұндалаған ескерткіштері бар. Осының бәрі Сырдың шежірелі тариxынан сыр шертіп тұр емес пе? Ендеше алты алаштың анасы атанған Сыр елі – өткеннің ізі, көненің тариxи шежіресі. Бүгінгі қазақтың тариxи-мәдени орталығы. Осындай тариxи шежірелі өңір Сыр еліне ұлт тариxын жаңғыртып отырған National Digital History тариxи-мәдени экспедиция ұйымдастырмаса ең үлкен қателіктің бірі болар еді.

Әрине Сыр елі жайлы басқа да ақпараттар мен тариxына қатысты деректер, мақалалар біздің сайтта жазылып та келеді. Бірақ көзбен көріп, көңілмен тұшынып, бабалар ізінен жүріп өтіп, ақпарат берсең тариxи шыңдыққа біржола жақындай түсетіні және бар. Сондықтан Қазконтент АҚ Басқарма төрағасы Евгений Кочетов мырза Сыр еліне 10 күндік тариxи-мәдени экспедиция жасауыма барынша мүмкіндік жасап, қолдау білдірді. Облыстың 5 ауданы мен Қызылорда қаласына жасаған экспедициямыздың тағы бір қолдаушысы Қызылорда облысының әкімдігі мен Қызылорда облыстық тариxи мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесіне алғысымызды білдіреміз. 2000-ға жуық шақырымды жол жүріп, Сырдың тариxын алты алашқа айшықтауда, көзі қарақты оқырманға дәріптеуде мүмкіндік қарастырды.

Түйін:  Сыр елі ұлттық тариxты жаңғыртуда аз жұмыс атқармапты. Қаншама тариxтың жәдігерлерін қалпына келтіріп, көне қалаларды реставрациядан өткізіп, 1000-нан астам тариxи ескерткішті тізімдепті. Ұлттық тариxты бүтіндеудің ісін Сыр елінен үйренсек артық айтқандығымыз емес. 

Алты Алаштың анасы атанған Сыр топырағында тарихтың құнды жәдігерлері жетерлік. Енді мақсат осы жауһарлардың біразын ЮНЕСКО тізіміне енгізіп, халықаралық дәреже де қорғауға алынса да деген ойымыз бар. Мұндағы ежелгі құрылыс нысандары мен көне қалалардың орындары Рим, Мысыр, Қытай өркениеттерімен иық тіресіп, шежірелі тарихтан сыр шерте алатыны анық. Бабалар жүріп өткен жердің мұралары құм мен сазды топырақтың үгілуінен, одан қалса жауын-шашынның кеселінен өзіндік тарихи сырлары жойылу қаупінде. Сондықтан бабалар мұрасына адалдық танытып, ұлттық тарихымызды жаңғыртуда кезек келді деп ойлаймыз.

Қызылорда-Сырдария-Жалағаш-Қармақшы-Шиелі-Жаңақорған-Қызылорда

ФОТО суреттер автордікі

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?