Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

«Қазақия һәм сария» сөзінің мағынасы

2697
«Қазақия һәм сария» сөзінің мағынасы - e-history.kz
Тарихи деректерге қарасақ, Сарт қауымдастықтары шығыстағы Қашқария өлкесінен батыстағы Хорезмге дейінгі алқапта, яғни қазақ шекарасының оңтүстік алқаптарын көмкере мекен етеді

Тарихи және көркем әдебиетте Қазақ Хандығы таза көшпелілердің мемлекеті ретінде қарастырылатыны аян.  Ал шын мәнінде ұлан-байтақ еуразиялық өңірде көшпелілік пен отырықшылық бір-бірімен тығыз байланысты. Қазақтың эпостық жырларында, өлең-қиссаларында, шежірелерінде «сарт» деген атаумен кездесетін және Сырдария бойын жайлайтын қаымдардың орыны қандай? ХVІІІ ғасырдың өкілі Бұқар жырау «Қорғанды  шаһар  қаласын, Қазақ білмес, сарт  білер. Аңсаған  құлан  қадірін, Айдалада қақ  білер, – дейді.  Бұл сөздің мәні неде? Әңгіме бөлек халық туралы ма, әлде Қазақ Хандығының ішіндегі отырықшы  қауымның  өз  дәстүрі, өз  қуанышы мен  қызығы  барын  ескере отырып  айтқаны ма?

Тарихи деректерге қарасақ, Сарт  қауымдастықтары шығыстағы Қашқария өлкесінен батыстағы Хорезмге  дейінгі алқапта, яғни қазақ шекарасының оңтүстік алқаптарын көмкере мекен етеді. Егер біз Орталық Азия  картасының осы тұсына жоғарыдан қарасақ сарт қоныстарының ежелгі Шығыстың отырықшы өлкелері мен  Ұлы Даланың көшпелілер әлемінің арасындағы маргиналды белдеуді алып жатқанын көрер едік. Орта  ғасырлық араб-парсы саяхатшылары «Хорезм маңында үйдің үстіне шығып кеткен лақ Алмалыққа дейін жерге түспейді» деп ең алдымен осы сарт  белдеуін айтады.

«Сарт» сөзінің  мағынасы туралы жазылған аз-кем тарихи әдебиетті ақтара отырып, біз ХХ ғасырдың басында Түркістан өлкесінде қызмет жасаған тамаша ізденгіш өлкетанушы-ғалым Н. Остроумовтың жазғандарына көңіл аудару керек деген пікірдеміз. Ол «сарт» атауы санскриттің тілінен аударғанда «көпес», «сатушы»  деген мағына білдіретінін жазады. Н. Остроумов пікірінше, «сартов не должно  смешивать ни с узбеками, ни с  таджиками, как это некоторые делают». Бұл пікір В.В. Радловтың да, В.В. Бартольдтің  де, т.б. зерттеулердің  сарт түбін парсымен, тәжікпен байланыстырған топшылауларын  жоққа шығарады.

Шәкәрім  жазуы бойынша сарт деген қауым «өз алдына бір ел, яғни бір атаның аты емес, біздің  қазақтар Түркістанның күншығыс, күнбатысындағы  отырықты түрік  нәсілдерін һәм түрікше  сөйлеп, түрік болып кеткен тәжіктердің бәрін сарт деп атайды». Бұл пікірді Шәкәрім атамыз алдымен қазақ  түсінігіне негіздеп, екіншіден  Ресей ғалымдарының  жазғандарына сүйеніп айтқаны сөзсіз. Шәкәрім өз шежіресінде көбірек сілтеме жасайтын В.В.Радлов бірнеше еңбектерінде сарт мәселесіне қысқаша  тоқталып кетеді: «Как  киргизы (қазақтар-авт.), так и узбеки называют оседлое тюркское  население  долины Шу и  городов Токмак, Мерке, Аулиеата, Туркестан, Чемкенд, Ташкенд, а также часть  тюркских жителей  Ходжента, Джизака, Уратепе и Замина сартами». Біздің зерттеу барысында көзге түскен бір ерекшелік, сарттарда ру, бір атаның баласы, үлкен отбасы деген мағынада «әулет» сөзінің  қолданылуы. Әулеттік құрылымды зерттеу барысында бұл  қауымдардың шыққан тегін, саяси тарихын, көшу-қону маршруттарын анықтауға болады. Себебі сарт қауымы бір  атадан ғана  тарап, бір қоныста отырған, бір тұтас ел емес, оның арасында  ондаған-жүздеген этнос және ру өкілдері жүр. Сарт аңыздары өзінің түп-тегін ұлы Тұран елімен, оның патшасы Африсиябпен  байланыстырады. Біздің  пікірімізше, Сыр бойында қаңлы кезеңінде соғды атала бастаған қауымдардың сарт этногенезінде қызметі зор. Сырдарияның көне замандағы атауы «Яқсарт» болуы да белгілі дәрежеде сарттарға қатысты болуы әбден мүмкін. Шәкәрім шежіресінде «сарт» сөзі Яксарт деген сөзден шыққан  делінеді. «Өзбек-сарт» деп  айтатұғынымыз  өзімізден айырылған өзбек, татар және қарақалпақ деген ел бар, ол тіпті қазақ аталған соң айырылған. Сондай елдердің бәрі де сол Сырдарияға барып орнығып, бұрынғы сарт атанып отырғандармен бірге сарт атанған», – дейді шежіреші.

Қоқан  хандары билеген заманда Тәшкенттің беглер бегі өз жарлықтарын «сартия уа қазақияларға мағлум  болсын» деп бастайтыны белгілі. Ағылшынның тамаша зерттеушісі Г. Скайлер «Согласно показаниям  туземцев, все население страны разделяется на  два класса: оседлых и кочующих, кочевые называются казаками, а оседлое население-сартами» дейді. Яғни қазақ пен сарт  өмір-тұрмыстары бір-біріне келмесе де бірін-бірі  толықтырып, жүйе жасап тұрған қауымдар. Осы мәселені ертерек  аңғарған зерттеушілердің бірі Г. Гребенкин «нам кажется, что странный эпитет «сарт» распространился исключительно в тех местах где кочуют киргизы (қазақтар – авт.). Туркестан, Чимкент, Ташкент и другие города окружены кочевниками и в этих городах слово «сарт» – привычный уху звук», – дейді.

Қазақ  этнографиясы үшін ең  бастысы – сарт арасындағы қазаққа тән ру-әлеуметтік топ  атаулары. Мысалы Қарнақ қышлағында  42 ұрық бар делінеді.  Абдулла  Әбдіхалықов пен Сүлеймен Әміров құрастыған «Атабай қышлағы. Собик Карноқ қишлоғи" кітабында (1967 ж.) мынадай әулеттердің  тізімі берілген: Толша /мұның шешелері жау шапқанда тандыр ішінде тығылып қалыпты-мыс, содан туған баладан тарайды делінеді/, Қарахандар (төртке бөлінеді), Қозықилы, Малыбай-Ниязмат, Қарашық қожа, Момын қожа, Шілікті қожа, Төре қожа,  арабтан  тарайды делінетін Чумажа әулеті, Турба (түптері Қарағұрлық  тінейлер), Табризи (бұлар ХІҮ ғ. келгенбіз дейді), Қатаған, Түркімен, Азынабай, Сушы, Боранбай, Тандыршы, Арғын (бұлар Қарнақтағы саны көп әулеттің бірі), Тау тумалық арғындар (бұлардың арасынан атақты Қырғызбай батыр шыққан), Төленгіт (Қазақбай-Құрбани әулеті деп аталады), Нұрбай, Киікші, бұлардан басқа да  толып жатқан әулеттер бар.

Егер Қарнақта негізгі әулеттер қожа мен арғын болатын болса, Қарашықта қыпшақ, араб, т.б. топтар көп. Қарашықтың біраз халқын құрайтын Малыбай әулеті (қыпшақ көкмұрын делінеді), Өмір (қазақтың ішінен келіп  кейін қосылғаны нақты айтылады), Шолақтопы (Қоқанд жақтан келсе керек), Мақсымтопы, Көнделең (араб болса керек), Мариям (шешесінің аты), Чозма (қазақтан), Қазы, Яманбай, Жүзбегі (Қарашықтың  негізін салған осы әулет делінеді), т.б. аталар бар.

Қарашық қышлағының жанындағы Кәріз ауылы да әулеттік құрамымен қызықтырады. Қай қышлақтың тарихын қарасаң да қазақпен тікелей байланысып, араласып жатыр. Олардың өз  тарихы да кем  дегенге оғыз-қыпшақ  заманына  бастайды. Кәріз аталатын ауылда орта  ғасырларда тамаша  суландыру жүйесі  болған, ал  тұрғын  халқының ішінде  арғын-алтай әулетінің өкілдері басым.

Ең күрделі әулеттік құрылым Иқан қышлағында байқалады. Жергілікті өлкетанушы Тоқташ Мамаевтың айтуынша, бұл  жерде Суфихил, Қырықтоз, Қалмақ (Тоқаңның өзі қалмақ  әулетінен), Шайқы,  Қарауыл  баба, Қоқанлық, Қожа, Құсайын (татар екен  делінеді), Сөдәзім қожа, Отырарлық, Бұхарлық, Қашқарлық, Қарақалпақ, Жалайыр, Жетімдер, Мамай,  Шолақ қорған, Ауған, т.б. тұрады.

Жоғарыда келтірілген деректерден сарт қауымдарының құрамынан қазақпен сәйкес келетін көптеген топтарды аңғаруға болады. Екі арадағы ұқсастық  антропологиялық  белгілерден де, киім,  тамақ сияқты материалдық мәдениет нышандарынан да, құс салу, көкпар сияқты дәстүр-салтынан да  көрініп тұрады. Н. Остроумов сартты өзбекпен де, тәжікпен де шатастыруға болмайды деген сөзінде қазақты айтпайды. Ендеше сарт негізінде  өзгелерден көрі қазаққа  келетін сәйкестік бар деп  есептейміз. Әрине, екі  түрлі шаруашылық-тұрмыс үлгісін қолданғаннан кейін екі арада айырмашылық та мол, бірақ сарт қауымдарын Қазақ Хандығының отырықшы бөлігі деп  есептеуге  болады.

ХVІІІ ғ. қазақтарының сартпен қарым-қатынасын екі түрлі сипаттауға болады. Біріншіден, кедейленген  көшпелі  қазақтардың отырықшылыққа  адаптация  жасайтын жері осы қауымдар. Бір сөзбен айтқанда, көшу-қону әлді адамдардың,  қауымдардың қолынан келетін шаруа.  Екіншіден, сарт қоныстары қазақтың әлді  билеуші  топтары үшін  алым-салық көзі. 1731 жылы  желтоқсанның 16-ы күнгі Тевкелевке  берген  жауабында Кіші  жүздің  табын  руының  атақты  басшысы Бөкенбай  батыр былай  дейді: «У них, киргиз-кайсаков, прежде были городы, а именно: Ташкент, Тюркустан, Сейрам  с принадлежашими  к оным городками и  деревнями, и оными  владели киргиз-кайсацкие ханы и  старшина (билер мен батырлар – авт.). В тех городах живут сарты, то есть  посацкие  мужики, с которых брали они дань. А  из тех  городов  выслал их  хонтайша  тому с 15 лет. А ныне  оными никто не владеет и дань не збирается, и живут они праздно…». Бұдан шығатын қорытынды: сарт  қауымдары  мекендеген қоныстар  қазақтың хандары мен  билеріне  тікелей  бағынышты болғандығы. Билеушілердің міндеті – сауданың дұрыс жүруін қадағалау, егіншіліктің дамуын, арық  қазуды және  тазалауды  ұйымдастыру,  жауынгер  рулардан бейбіт  сарттарды қорғау.

Қазақ хандығы заманында қалыптасқан тәртіп бойынша сарттың ісін өзінің қазылары, қазақтың ісін билер қарайды. Жоғарыда көрсетілген деректе айтылғандай егер қазақ қала ішінде қылмыс жасаса оны ханның өзіне тапсырады.  Қазақ  пен сарт арасында  бізге  белгілі  заманда  үлкен бір  қақтығыс, жаугершілік  болды деген  деректер жоқ. Тек  ХVІІІ ғ. басында  бастаған қазақ  қоғаманың  дағдарысы, Түркістан-Тәшкент өлкесінің  қалмақ  қолына өтуі екі  қауым  арасындағы  тұтас жүйені  бұзып, екі  ортада  сенімсіздік  күшейе түсті. Одан кейін ХІХ  ғ.  басынан  бастап сарт  қауымдары Қоқан  хандығына  бағынып  қазақ  пен сарт арасы тіпті  алшақтай берді. ХІХ ғ. ортасынан бері  Түркістан өңіріне  үстемдік  жүргізген Ресей империясы тұсында  ғалымдардың ескертуіне қарамастан «сарт» сөзін қазақтың оларды қорлап айтқан жаман атауы деп, екі араға от  салу күшейе түсті. Сарттарды  қазаққа  қарсы айдап  салу (әртүрлі  қызметтерге  қойып, алымнан  босатып)  Қоқан хандығы  тұсында  басталып Ресей заманында  өршіп кетті. Н. Остроумов 1915 жылы осы  мәселеге: «никогда никого это название (сарт атауын айтады – авт.)  не смущало  до последних  годов, теперь другие  претензии»  деп ренішін  білдіреді.

Сонымен сарт  қауымы – көшпеліліктің антиподы, бірақ оның  негізін құраған  этникалық  субстрат ортақ. ХІХ ғ. ортасына  дейін қазақ  ру-тайпалары Мәуреннахр өлкесімен шекаралас жатты. Шығыста Ферғана  алқаптары, Ташкент маңы, Самарқандқа дейінгі жер, Хиуа (Бес қала) қазақ көшпелілерінің тікелей бақылауында болды. Бұл кезеңде сарт қауымдарының әлеуметтік статусын қазақ қоғамының ішкі  субэтникалық тобы деуге келеді. Көшпелілер арасындағы әлеуметтік процестер седентаризациямен (отырықтану) байланысты жүрген. Бұл тұрғыдан сарт қышлақтарын (қалашықтарын) седентаризациялық  резервуар  деп атауға  болады. Жоғарыда біз  қарастырған сарттың әулеттік құрамы да осының мысалы. Түркістан өңірінің басты шаруашылығы егіншілік пен сауда екені деректерден белгілі. Сарт қауымын қазақ этносының құрамындағы субэтникалық топ есебінде қарастырсақ, онда бұл шаруашылық та қазақ экономикасының құрамдас бөлігі.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ

         

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?