Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қайнардың қазыналы ордасы

3535
Қайнардың қазыналы ордасы - e-history.kz
Кез келген мектептің, кез келген ауылдың өз тарихы бар. Қазыналы білім ордасының бірі – Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласына қарайтын Қайнар ауылында орналасқан Сапарғали Бегалин атындағы орта мектеп

Бұл мектеп – Қазақстандағы мектептердің арасында ең байырғыларының бірі. Биыл мектепке 95 жыл толады. 1922 жылы жаңа заманға қарай ұмтылыс халық арасында жаппай насихатталып, сауатсыздықты жою мәселесі күн тәртібінде тұрды. Сауатсыздықты жою науқаны Совет үкіметінің алғашқы жылдарында жарияланған мемлекеттік саясатының маңызды бөлігі еді. Мемлекеттің ұранын халықтың қамын ойлайтын, көзі ашық, көкірегі ояу Тұрсынбай Дайырбекұлы деген азамат қолдады.

Қазақ халқы жоғары бағалаған қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы ұстаз» повесінде үкімет мектепті ұйымдастыру үшін ауылға жас комсомол қызметкерді жіберді. Шығарманың сюжеті бойынша байғұс мұғалім жергілікті халықтың көмегін көрмей, байлардың келемежіне ұшырап, азаптың көкесін көріп, мектепті өз күшімен әрең салды. Ал Абыралы өңірінде бәрі басқаша, кітаптағыдай болмады: мектеп ұйымдастыру мәселесін жергілікті орта дәулетті Тұрсынбай Дайырбекұлы өз қолына алды. Есімханның бас батыры Олжашы батырдың ұрпағы Тұрсекең шалқыған бай емес, сіңірі шыққан кедей емес, азын-аулақ малы, орта дәулеті бар кісі болды. Сонымен қатар, ірі бай, саудагер Әбдірахман Жүсіповтың сенімді адамы, оң қолы, жәрдемшісі еді. Семейде сауда жүргізген Әбдірахман Жүсіпов 1917 жылы Семей облыстық қазақ құрылтайында Қазақ облыстық комитетінің мүшесі болып сайланған, Жаңа Семейдегі қызыл тас үйінде Алаштың арыстары жиі жиналатын еді. Әбдірахман бай ескіше оқыған, бірақ жаңалыққа, прогресске ұмтылған, мінезі қатал, талапты, пысық, іскер, ел арасында абыройы бар Тұрсынбайды жақын туысқандардың арасында басқалардан ерекше бағалап, шаруашылықты басқаратын, істерін жүргізетін, сол заманның терминдерін қолдасақ, приказчик қылды. 

20-сыншы жылдарының басында Жаңа экономикалық саясат жарияланды, шағын кәсіпкерлікке жол ашылды, кооперативтер жаппай ашылатын болды. Тұрсынбай Дайырбекұлы «Алтай» атты серіктестікті ұйымдастырып, халықтан тері, жүн жинап, қалаға апарып өткізіп, халықты қант, шай, тұз, шырағдан майымен қамтамасыз етті.

1922 жылдың күзінде Семейден 290 шақырымдай жерде Абыралы таудың ішінде Қаратұмсық Тұрсынбай өз үйінің екі бөлмесін жергілікті балалар үшін босатып, өз үйінде бастауыш мектепті ашты. Қарқаралыға барып, Ботов деген оқымысты кісіні әкеліп, оқу процессін ұйымдастырды. Ботов әулеті – атақты Қоянды жәрмеңкесінің ұйымдастырушылары, атышулы саудагерлер еді. Солардан шыққан ұрпақтарының бірі Қаратұмсыққа келіп, Абыралы өңірінде жаңа ұйымдастырған мектептің алғашқы мұғалімі аталды. Сонымен қатар сол кездегі мұғалімдердің бірінші толқынында Мұсташ Ысқақов, Төлеуғали Мүсәпіров, Семейден үкімет жіберген жас комсомол белсендісі Әзікен Жұмағұловтар болды (1937 жылы Алматы облысының Қастек ауданын басқарған Абыралының тумасы Жұмағұлов саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып, ұсталып атылды). Ал алғашқы оқушылардың ішінен Қазақ ССР-інің Ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаев, тілтанушы академик Ахмеди Ысқақов, еңбек сіңірген мұғалімі Әрін Иманақышев секілді жалпақ елге белгілі азаматтар шықты.

«Алтай» серіктестігінің табысының басым бөлігі, нақтылай айтқанда, 60-70 пайызы мектептің қажеттіліктеріне жұмсалған. Кооперативтің қаржысынан мектеп отынмен қамтамасыз етілді. Мектепті кеңейтіп, Киікқашқан деген жерге көшіргенде Тұрсынбай Дайырбеков ғимаратты жөндеп, астына ағаш еден төсеп, бөлме қосып салды. Бұл кездегі мектеп директоры Қапан Мұсайынов болды.

Алайда кейбір жерлестер, туысқандардың тарапынан қысыр сөз, сын-пікірлер айтылмай қалмады. «Қыздарды оқытып, әйелдерге ие бола алмай қаламыз», «Айтқазы ұлыңды оқытып жарытып аларсың, басқа елдің балаларын қайтесің?» деп наразы ойларын білдірген адамдар да болды. Тіпті байлардың біреуі Тұрсынбайға күліп: «Қысқа қарай түтінін өшіріп, ағайын отбасына ортақ болғанына жол болсын», – деп кекетті. Сонда Тұрсынбай: «Өшіп шыққан жоқ, өсіп шықтым, ертең оқып шыққан балалар – менің өркенім ғой» деп, үйінде мектеп ашқанын түсіндіруін тырысты. Ал ақын Жақсылық Төленов Тұрсынбайға: «Ағайынға айтарлық панаң тиді, айсызда адастырмас даңғыл жолсың, әруағы Олжашының сізге қонсын, өмірлі бала-шағаң сіздей болсын» деп өлеңдетіп, қолдау көрсетті. Баласы – Айтқазы Дайырбеков кейін Семейде банк бөлімшесінің бастығы болды, банк-қаржы саласында, кәсіподақ кеңесінде Семейде, Ұзынағашта, Алматыда жұмыс істеген, Жүсіпбек Елебековтің жолын қуған Арқаның әнін орындаған әуесқой әнші, шежірені жақсы білген, жинаған, Медеу Сәрсеке, Болатбек Нәсеновке көп дерек жіберген көкірегі даңғыл жан еді.

1928 жылы Абыралы ауданы құрылып, оның орталығы Қайнар болып бекітілді. 1931 жылы бастауыш мектеп Қайнарға аударылды, шаруа жастар мектебіне айналды. 1934 жылы орталау, ал 1936 жылы орта мектепке айналды. Осы кезде мектеп директоры – бастауыш мектептің алғашқы түлектерінің бірі Әрін Иманақышев еді. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, мектеп инспекторы Нәсен Жарылқасынов болатын. Бұл туралы «Қазақстан тарихы» интернет-порталында журналист Заңғар Кәрімхан «Мектепті қастандықпен салды» деген жаламен Сібірге айдалған» тақырыбында мақала жариялады. Нәсен Жарылқасыновты «мектеп ғимаратын қастандықпен көлденең салған» деген жала айыбымен, халық жауы, жапон тыншысы деп 8 шілде 1938 жылы ұстап, Сахалинге жіберген, сол жерде қайтыс болған. Баласы Болатбек Нәсенов – 1937 жылы туған, мектептің түлегі, экономист, Қаржы министрлігінде жұмыс істеген, агропромтехникамен айналысқан «Кең дала» акционерлік қоғамының басшылығында жүрген азамат. Соңғы 25 жыл Болатбек Нәсенов Қазақстан тарихын зерттеп, мұрағаттарда көп қызық құжаттарды іздеп тапты, әсіресе Абылай хан, Кенесары, Абайға байланысты, 1916 жылдағы ұлт-азаттық көтеріліске, Алашорда, ашаршылық, тәркілеу, саяси қуғын-сүргін дрге байланысты жұрт білмейтін құпиялы құнды деректерді тауып жариялады. Абыралы өңірі және іргелес Шығыс Қазақстан, Қарағанды облысының тарих-шежіресін жинап, жазып, ұрпақтарға көп томды энциклопедия қылып шығарды. Биыл Болатбек Нәсенов 80 жасқа келсе де, зерттеу жұмыстарын тоқтатқан жоқ, жалғастырып жазып жатыр.

Мектеп директоры Әрін Иманақышев та саяси қуғынға ұшырап, Ақ теңіз жағасына жіберілді. Иманақышевтар – мұғалімдер әулеті. Әрін Иманақышев ССРО-ның еңбек сіңірген мұғалімі, үздік мұғалімі қос атағының иегері болса, Жаппар Иманақышев әдебиет маманы бола тұрып, химияны, астрономияны, есеп шығаруын оқытқан, білімділік пен қарапайымдылығы, адамгершілігі ерекеше адам еді. Жаппар Иманақышев та мектеп директоры болған. Айтқазы Иманақышевтың үлкен ұлы Қабен де көп жыл мұғалім болды. Ал 1937 жылы туған мектеп түлегі Бейсен Иманақышев Семей малдәрігерлік институтын бітіріп, Абай ауданында мал асылдандыру саласында жұмыс істеген, кейін Қарағанды облысындағы Жамбыл, Доғалаң совхоздарында 22 жыл бойы бас экономист қызметін атқарған. 1980-90-шы жылдары «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының белсенді қатысушысы ретінде полигон жабылуы үшін күресіне зор үлесін қосты, Абыралы ауданының экология комитетінің басшысы болып қыруар еңбек етті. Шежіре жинап, Олжашы батыр, Есім хан туралы деректерді зерттеген. Қарағанды қаласында көшелеріне тарихи тұлғаларымыздың аттары берілсін деп, белсенділігін көрсетті. Биыл 80-ге толатын еді, өкінішке қарай, осы сеңгірге жете алмады – үш жыл бұрын жол апатынан опат болды.  

Қаратұмсық-Киікқашқандағы бастауыш мектептің алғашқы түлектерінің бірі Оралбек Құдышов еді. 1917 жылы 7-інші қазанда Абыралы өңірінде, Қаратұмсық қыстауында дүниеге келді. 1938 жылдан бастап Қайнар орта мектебінде физика, математикадан сабақ берген. Соғысқа барып қайтып, 1946 жылдан бастап 40 жыл бастауыш сыныптарының мұғалімі болып жұмыс істеді, талай Қайнардың балаларының алғашқы ұстазы еді. Қарағанды облысы Жамбыл совхозының Ақтерек ауылына көшіп, сонда мұғалімдік жұмысын жалғастырды.

Биыл абзал ұстаздың 100-жылдығы. Мектепте оқығандар және оны бітірген түлектердің тізімінде ҚазССР Қаржы министрі Рымбек Байсейітов, академик Асқарбек Құсайынов, тарихшы, профессор Төлтай Балақаев, Амантай Исин, жазушы, тарих зерттеушісі Медеу Сәрсеке, Сейітжан Тәбәріков, ақындар Нұтфолла Шәкенов пен Төлеужан Ысмайылов, кинорежиссер Ораз Әбішев, қауіпсіздік органдарының басшылығында жоғары деңгейдегі лауазым иесі болған Қапан Нұрланов (биыл туғанына 100 жыл), қауіпсіздік қызметінің ардагері, барлаушы, ақын Мұрат Исин, Абыралы өңірі туралы энциклопедия жазған, тарихымыздың түбінде жатқан сыр-құпияларын ашатын Болатбек Нәсенов сияқты тұлғалар бар. Абыралыдан шыққан тумаларының арасында 4 министр, 14 таңдамалы академик, 12 ғылым докторы мен профессор, 25 ғылым кандидаты, 24 ақын-жазушы бар, олардың көбісі Қайнар орта мектебін бітірген немесе бірнеше сынып оқыған. Алайда, өткен ғасыр аймақ үшін ерекше қиын болған, тәркілеу, саяси қуғын-сүргін, ашаршылық, полигон зардабынан көп абыралылықтар басқа жаққа кетуге мәжбүр болған, кейбіреулері басқа жаққа жұмысқа жіберілген. Сондықтан Абыралы халқы «жерлестеріміз, бізден шыққан тұлғаларымыз» деп мақтанған кейбір азаматтары, мысалы Бибігүл Төлегенова, Сейіт Қасқабасов, Рымғали Нұрғалиев, Жабағы Тәкібаев басқа жақта балалық шағын өткізіп, басқа мектептерді бітірген.

1983 жылы Қазақ ССР Министрлер Советінің қаулысымен Қайнар орта мектебіне қазақ заманауи балалар әдебиетінің негізін салушы, жазушы, Абыралы өңірінің тумасы Сапарғали Бегалинның есімі берілді. Қазіргі таңда Сапарғали Бегалин атындағы Қайнар орта мектебі – Шығыс Қазақстан облысының 731 мектептің, 512 орта мектептің бірі. Мектеп  мүдірі – Берік Сәрсенбеков. Мектеп түлегі Асқарбек Құсайынов пен Құсайыновтар әулеті мектепке қаржы қолдауын көрсетіп келеді. Мектепке 15 компьютер, интерактивтік тақта сыйға тартып, үздік бітірушілерге аудан басшылығында қызмет еткен Қабыкен Құсайынов атындағы шәкіртақы тағайындады.

Ауыл – елдің бесігі, мектеп – білім теңізіндегі кеме. Шығыс Қазақстанның батыс қиырында орналасқан Қайнар ауылы өркендесін, өшпесін, Сапарғали Бегалин атындағы мектеп елге қызмет ететін ұл-қыздарын жетілдірсін.

Асқар ДАЙЫРБЕКОВ

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Б. Нәсенов. Абыралы – Сарыарқаның кіндігі энциклопедиясы. ІІ том. – Новосібір, 2002.

2. А. Дайырбеков. Айтқазы Тұрсынбайұлының естеліктері. – Алматы, 2006.

3. А. Әбешова. Ағайынды алтау.

4. Ә. Исабаев. Доғалаң – құтты мекен. Қарағанды, 2016.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?