Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Көк базар орнындағы – Көне Тараз

2398
Көк базар орнындағы – Көне Тараз - e-history.kz
Бүгінде қалалық базардың орны сүріліп, қызу археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр, табылған жәдігерлер жеткілікті, ендігі мақсат қала орнын толық ашу

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен, бастамасымен «Киелі Қазақстан» деректі фильмін түсіру барысында көпестер қаласының орны қазылып, тарихтың жаңа парағының ашылуына куә болдық. Қазба жұмыстары 2015 жылдан бастап Қазархеология зерттеу орталығы қызметкерлері жүргізуде, түсірілім барысында археологиялық экспедиция жетекшісі, археолог Асқар Әбілдинмен сұқбат құрғанбыз.

Асқар Әбілдин, археолог, археологиялық қазба жұмыстары экспедициясының жетекшісі 

Тараз тарихы әріден басталады, ол сонау араб, қытай, парсы жазбаларында қала ортағасырларда Талас өзені бойында орналасқан ең үлкен орталық болып есептеледі. Ең алғаш Тараз қаласының орнына археологиялық қазба жұмыстары ХХ ғасырдың 30 жылдары жүргізілген.

Негізіне келгенде, осыған дейінгі жүргізілген қазба жұмыстары Тараз қаласына екі мың жыл екенін көрсетті, дегенмен айта кету керек бұл жерде табылған қазба нәтижелерінің аздығына байланысты жобалап екі мың деген болатын. Содан бері қаншама уақыт өтті. Қазір сол екі мың жыл дегенмен тұр. Бірақ біраз ғалымдардың айтуынша Тараз атауы Қытай деректерінде б.з.д. 40-50 жылдарында кездеседі. Бұл дегеніміз Тараз тарихы 2 мың жылдан әрі де деген сөз. Оған ешкімнің күмәні жоқ.

Ал, енді біз тұрған жер туралы айтар болсақ, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары базар салынған, халық оны «Көк базар» дейді. Бұл жердегі қазба жұмыстар 2009-2010 жылдары басталды, содан үздіксіз жүріп келеді. Қазба жұмыстарын жүргізуге конкурс жарияланып, оған 4 фирма қатысып, біздің «Қазархеология» ЖШС жеңіп қазу жұмыстарына рұқсат алдық. Біздің фирма жұмысқа 2015 жылы кірісті, жұмыс күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Біздің мақсат - Тараз қаласын басқа қырынан көрсетіп, басқаша жаңалық ашу емес керісінше осы күнге Көне Тараз көпестер қаласы, Ұлы жібек жолының жүрегі дегенді көзбен көретіндей етіп дәлелдеу, әрине Тараздың тарихы мен көнелілігіне ешкім күмәнданбайды, дегенмен 2015 жылы бізге министрліктен тапсырма келді (ҚР Мәдениет және спорт министрлігі) Тараз қаласының көне орнын тұтастай ашып көрсету, яғни мақсат туристер, қызығып тамашалаушылар қалаға келгенде қаланың қаншалықты көне екенін, тарихтың қойнауында жатқанын өз көзімен көру керек, сезіну керек, ал ол үшін біз археологиялық жұмыстар арқылы ескі шаһардың орнын ашып халыққа көрсетуіміз керек, міне Тараз осыдан қаншама ғасыр бойы осындай болған деген секілді. Бұлай дейтін себебім археологиялық қазба жұмыстары қаланың әр жеріне бір жүргізілді, біресе анау шетінен бірнәрсе табады, екіншісі мынау жерден бір дүние табады, ал тұтастай жоқ, бізге берілген тапсырма тұтас көне қаланың орнын ашып көрсету, одан қалды бұған дейін археологтар қазба жұмыстарын қалаған жерінен жүргізді, әр жерден бір, ал бізге тұтастық керек. Сонда ғана жұмыстың нәтижесін көре аламыз және қаланы одан әрі танып білеміз.

Енді жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесіне келсек, қазба жұмыстары 2015 жылдан бастап өз жемісін бере бастады. Біз қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінің 10 шаршы метр жерден шаһристан бөлігін қазып, үлкен керуен сарайын таптық, одан қалды қаланың орталық жолы белгілі болды, шаһардың кварталдарға бөлінгенін білдік, қалаға судың жүргізілу жолы анықталды, судың жеткізудің өзіндік ерекшелігі болған Талас өзенінен қыш құбырлар арқылы су тартылған, қалаға қыш құбырмен жеткізіліп қаланың ішінде арық арқылы жүргізілген. Тағы бір анықтағанымыз Х-ХІІ ғасырларда қала құрылысында тас өте көп қолданылған. Одан басқа көптеген жәдігерлер табылды, атап айтқанда қыш ыдыстар, монеталар, қоладан жасалған әшекей бұйымдар, тұрмыс заттары.

2016 жылдың нәтижесіне келсек, мынау біз тұрған қаланың сол кездегі көшелері мен орналасқан үйлердің орындары. Мұнан біздің көріп тұрғанымыздай қаланың кәдімгідей сұлбасын көре аламыз, қандай көшелер, үйлер неше бөлмелі болған толық көрініп тұр. Басты жаңалық деп біз ортағасырлардағы Тараз қаласының Шаһристан бөлігінде үйлердің қалай орналасқанын, көшелер қандай көлемде болды, үйлер неше бөлмеден тұрғанын толық көріп тұрмыз.

Ал, биылғы жетістік, қаланың құрылыстық ерекшеліктеріне назар аудартады, архитектурасы несімен ерекшеленеді сол жөнінде. Таразды тек қана сауда орталығы ғана емес, толық саяси маңызы зор қала болғанын дәлелдей түсу, өздеріңіз тарихтан білесіздер Византия елшісінің келгенін, бұл саяси мәні бар оқиға, одан басқа табылған жәдігерлердің ішінен византия монеталары бар, демек сол кездің өзінде екі қала арасында байланыс болған. Оған дәлел 2015 жылы қазба барысында алтыннан жасалған византия монетасын (VII ғ.) тауып алдық. Монетаның бетінде Фака мүсіні бейнеленген, ол қазір Көне Тараз мұражайында сақтаулы тұр.

Біз жұмыстарымызды «Қазқайтажөндеу» РМК фирмасымен бірігіп жасаудамыз. Яғни, біздің міндет тауып беру, әрі қарай табылған жәдігерлерді Қазқайтажөндеуге береміз де, олар қайта жөндеу жұмыстары жүргізіп, сосын мұражайға қойылады. Нақты сандық дәлелдерге келсек, 2015 жылғы жүргізілген қазба жұмыстары бойынша 1000-нан аса жәлігерлер, 2016 жыл бойынша 1200-ден аса, 2017 жыл бойынша 700-ге жуық жәдігерлер табылды, тапсыруға дайын деп айтуға болады.

Сонымен қатар, біз көрші Ресейлік әріптестерімізбен тығыз байланыстамыз, атап айтсақ Эрмитаждан археолог ғалымдар келіп, өз тәжірибелерімен бөлісуде, одан өздері қызығушылық танытып, қазба жұмыстарын бірігіп жүргізуге ұсыныс жасады.

Ендігі аздаған уақыттан соң неше жылғы еңбектердің бәрін жинап, зерттеп көне Тараздың толық ортағасырлық бейнесін ашу, ол үшін бізде арнайы «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы бар. Осы орталықты толық түрдегі кешенге айналдыру жоспарда бар және сол үшін еңбектеніп жатырмыз. Алдағы уақытта қазба жұмыстарының біз білмейтін жаңа дүниелерімен қуантатынына сенімдімін. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?