Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

6 оқ немесе 7 қазақ

2704
6 оқ немесе 7 қазақ - e-history.kz
Журналист іссапарға шықса ғана өндіртіп жазады.

Журналист іссапарға шықса ғана өндіртіп жазады. Өткен жылы сондай сәтті сапардың бірі болған Қытайдағы жолжазбаларымызды ақтарып отырып келесідей деректерді тауып алдық. Жаңылмасам, Қытай елінде әкімшілік бөлініс: ауыл, болыс, уезд (ояздық), округ, облыс және республикалық деп бөлінеді. Біз жазғалы отырған оқиға округтың басшысы дәрежесіне дейін көтерілген бүгінде марқұм болып кеткен, Баркөлдік Алтынбек есімді ақсақалдың жас шағында басынан өткен оқиғалардың бірі екен.

Басынан қиын-қыстау кезеңдерді өткізген қазақ халқының тарихын шолып отырсақ, көрген құқайлары аз емес. Өткен ғасырдың 40-50-ші жылдары Қытай үкіметі мен КСРО билігінің арасындағы қарым-қатынас ушығып, шекараның ар жақ бетіндегі қазақтар қиын жағдайға душар болады. Ганьсу өлкесіндегі дұнғандарды дініміз бір деп сағалап барған қазақтарды «хұйзылар» (дұнған халқын Қытайдағы қазақтар осылай атайды) «құшақ жая» қарсы алғандарымен, әуелі мініске жарамды жылқыларын жаппай жинап алады. Араға аз уақыт салып, түйелерін тартып алады да, оқытамыз деген желеумен 13-16 жас аралығындағы жасөспірім балаларды алып кетеді.

Баркөлдегі қазақтардың айтуынша сол балалардың жартысына жуығы тігін фабрикаларында аштық пен биттен қаза болады. Бұл азапқа шыдамай бертін қарай қашқандарын арттарынан қуып жетіп, тобықтарын уатып, тізенің астындағы сіңірлерін қиып, тірідей мүгедек етіп, қайтадан қол жұмысына салып қояды. Осы қашқандардың ішінде ең жасы жоғарыда айтқандай Алтынбек ақсақал бар ұзын-саны жеті адам қуғыннан қашып құтылады. Бірақ, қашқан да жау, қуған да жау дегендей дұнғандардан құтылғандарымен қытай әскерінің қоршауына түсіп қалады. Өзара ақылдасқан әлгі жетеу: «кәпірдің қолына түсіп, қор болғанша, қолымыздағы алты атар мылтықпен өзімізді атып, шейіт кеткеніміз артық» деп бәтуаласады.

«Бақұл болыңдар бауырларым» деген жасы үлкені шүріппені дәл иегінің астына тіреп тұрып басып салған соң, қалған бесеуі де соның жолын құшады. Алты атардың оғы таусылып, не істерін білмей тұрған Алтынбекті дәл сол сәтте келіп жеткен қытайлар қаумалап, қолын байлап әкетеді. Кейінірек, тергеу жүріп, бар жайт анықталған соң, «бұл тегін қазақ емес, демек 7 адамның ішінен оқ жетпей тірі қалса, жайдан-жай болмағаны»,-деп оны партиялық оқуға жібереді.

Одан әрі қарай, Алтынбек ақсақалдың қызметтегі тасы өрге домалап, өлкедегі ең сыйлы адамның біріне айналып, бала-шағасының ортасында, ел-жұртқа сый-құрметімен көз жұмады. Осы оқиғаны айтып отырған ақсақалдың кемпірі әңгіменің аяқ жағына келгенде, егіліп жылап жіберді. Дәл сол сәтте, қазақы қалы кілемнің нақ үстіне екі шеті ою-өрнекпен әдіптеліп, сәнделген Алтынбектің суреті бізге тесіле қарап тұр еді. Үн-түнсіз қасымдағы жасы үлкен көпті көріп, қаншама жыл әскери қызмет атқарған жолсерігіме қарағанда, көзінен тарам-тарам болып аққан жасты көрдім...

Астана-Баркөл-Астана

Қытай еліне тарихи экспедицияны ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, қол ұшын созған филантроп Оралбек Ботбай мен Қытайдағы қазақ диаспорасына Портал редакциясының атынан алғыс айтамыз. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?