1745 жылы жоңғар қонтайшысы Қалдан Серен мезгілсіз, жұмбақ өліммен қайтыс болды. Жоңғария ұзаққа созылған, ақыры мемлекетті құртып тынған ауыр дағдарысқа түсті. Бұл оқиға қазақ сияқты қалмақпен тығыз араласқан, ішкі-сыртқы жағдайын жақсы білетін ел үшін естен кетпес сабақ алатын оқиға еді. Осы дәуірдің шежіресі Бұқар жыраудың толғауларынан нақты көрініс тапқан:
Кіші қара қалмақ бүлерде,
Бозылардың билігі,
Бұлт бұрқан болысты,
Уағдадан жылысты,
Буыршындай тіздесті,
Жамандықты іздесті,
Бірі-бірін күндесті.
Жаулаған ханын қара оңбас,
Хан қисайса бәрі оңбас,
Ханын қалмақ жаулаған,
Сүйткен қалмақ оңбаған,
Сол қалмақтың жері еді ау,
Үш Қарқара, Көктөбе,
Ит те ұлып қалмаған.
Атақты қонтайшының орнына зайсандар 1746 жылы ортаншы ұлы Сыбан Доржыны (Әжі хан) отырғызды. Оны 1750 жылы Қалданның үлкен баласы Лама Доржы өлтіріп, билікті қолына алды. Лама Доржыны 1753 жылы қаңтар айында Лабашы (Даваци) өлтіріп хан атанып еді, көп ұзамай 1755 жылы Шығыс Түркістанда Қытай қолына түсіп, бір жылдан кейін өлтірілді. Одан кейін 1754 жылы Лабашыдан қашып Қытайға кеткен, ол жақтан Қытайдың әскерін бастап әкелген Әмірсана 1755 жылы елін қырып-жойып бара жатқан Қытайға қарсы көтерілісті бастап 1756 жылы Боротола деген жерде қонтайшы сайланды. 1756-1757 жылдары бірнеше рет Абылайға қашып келіп, ақыры 1757 жылы Тобольскіде сүзектен өлді.
Осы оқиғалардың бәрі қазақ азаматтарының көз алдында болып жатты. Жоңғариядағы азамат соғысынан әбден зәрезап болған бейбіт ел қазақ жеріне, Оңтүстік Сібірге, одан асып Еділ бойындағына ағайындарына қарай жаяу-жалпы шұбырды. Жоңғариядағы азамат соғысына араласқан, 1756-1757 жылдары Жоңғарияны баса-көктеп енген Қытаймен айқасқан қазақтың ел басылары Қытаймен келісімге келген 1757 жылдың күзінде Түркістанда жиналды. «Егер шүршіт келмесін, егер шүршіт қаптаса, Алып бір кетер ақтарып, көмулі көрден денеңді» деп қазақтың сәуегейі Бұқар жырау жырлаған шүршіт қаупін қайткен күнде де сейілту керек еді. Бұрынғыдай екі ортада қалқа болып тұрған қара қалмақ жоқ, алып империямен екі арадағы ірге жалаңаш қалды. Бір жағынан өңмеңдеп, баса-көктеп келе жатқан Ресей отаршылдығы алаңдатса, енді оған шығыс шекарадан улы тілін жалаңдатқан Қытайдың айдаһары қосылды.
Жаугершілікке толы ХVІІІ ғасырдың 50-ші жылдарында Түркістан аймағына Әбілмәмбет ханның ұлы Болат сұлтан мен аталық Нияз батыр иелік жасады. Қазақ басшыларының кеңесі Әбілмәмбеттің ордасы аталатын, Йассауи кесенесіне жақын орналасқан үлкен құрылысты хан сарайында өтті. Хан кеңесінде талқыланған мәселелердің бастысы Әбілмәмбеттің бел баласы Әбілпейіз сұлтанды қалмақтан босаған ұлан-байтақ кең алқапқа басшы қылып тағайындау болды.
Кезінде өзі аманатта отырған қара қалмақтың жұртына иелік жасау Әбілпейіздің пешенесіне жазылыпты. Шар Құрбанның бойында ұйлығып, әрі баруға Қытайдан қауыптеніп отырған қалың найман мен абақ-керейді бастап Алтай мен Тарбағатайды игеруді кеңес Әбілпейіздің жауаптылығына жүктеді. Тәшкент пен Түркістан арасынан аса алмай отырған Ұлы жүздің үйсін-дулаты Жетісуға қайта қоныс салуға асық, олардың көштеріне де басшылық керек. Әбілпейіздің негізгі міндеті осы елдерге қорған болу, шаруашылығын жүргізу, көрші мемлекеттермен шекараны реттеу.
Түркістандағы жиын осылайша Әбілпейіз сұлтанға тапсырманы үйіп-төгіп беріп жатқан уақытта Нияз аталық:
- Әу, халайық, арыстандай азаматты айдаһардың аузына жұмсап отырмыз, кім бұған жат жерде жанына сүйеніш болады ?- деп көпке сауал тастады дейді.
Осы жиында отырған қалың найманның бетке ұстар азаматтары-Ботақара би, Боранбай би, Сырымбет би, Қыстаубай би, Толыбай батырлар, «біз бар емеспіз бе, екі тізгін, бір шылбырды бердік қолына» деп өре түрекеліпті.
- Шеттегі ауыл көшсе, ортадағы ауыл шет болады, Шеттегі ауылда арқасы жауыр болмаған, ортаға қонып, ауыл болуға жарамайды. Біз бір Аллаға сиынып ата қонысымыз Алтай мен Тарбағатайды бауырлай қонуға бел будық. Хан ием, Әбілпейіз сұлтан жерім-елім дейтін болса, біздің жанымыз ханзаданың алдында құрбандық, - деп найман билерінің ішіндегі үлкені Ботақара би мойнына кісесін салып жіберіп елдің алдына шықты. Жиынның ортасында бір шоқ боп отырған найманның ел ағалары мойындарына кіселерін салып, Әбілмәмбет ханның алдында жүгініп отыра кеткенде жиналған қамкөңіл қазақтың бәрінің де көңілі босап, көздерінен жас ыршып кетті.
Осы жиында бас қосқан ел ағалары, ақсақалдар Әбілпейізге ауыр міндет жүктеді:
- Сұлтан ием, бізге дейінгі қариялардан қалған бір сөз бар, ел билеймін десең ішің толған бауыр болсын, арқаң тесік жауыр болсын, құлағыңның түбінен сыбыр кетпесін, ордаңның сыртынан дүбір кетпесін деген. Осыған шыдасаң ғана ел басқарасың. Құдайға шүкір, саған тұғыр болатын қалың елің бар, садағын сағымға ілген ақсүйек тегің бар. Атағы әлемге жайылған Қасым ханнан қалған қазақтың найзамен сызып берген шекарасы бар. Сен қазақ жұртының Алтайдан бастап Алатауға дейінгі ұлан-байтақ ата қонысын қайтаруға аттанып барасың, сен ата-бабаларымыздың кіндік қаны тамған қасиетті жұрттың иесі боласың. Жолың болсын, жолдасың қыдыр болсын,-депті аталық.
Хан кеңесі Өмірзақ мырза қарамағындағы қоңсы ауылдарымен қосқанда мың шаңырақ аталық әулетінің Мамадайыр, Мамашық тобы мен бес жүз үй Абақ-Керейді Әбілпейізбен бірге аттандыруға шешім қабылдады. Әбілпейіз сұлтанға қызмет істейді, өлімге жұмсаса да қияметте сұрауы жоқ,-деді.
Осы оқиғадан кейін оншақты ұрпақ ауысты, қазақ талай аумалы-төкпелі заманды бастан кешірді, қара шыбындай қырылған кездері болды, бірақ Әбілпейіз соңынан еріп төлеңгіт атанып Шұбартауға кеткен Мамадайыр, Мамашық тұқымдарының арасында «бұл елдің бірлігі үшін керек» деген сөз мәтел болып сақталып қалыпты. Осы әулеттің үлкендерінің бірі Берікбол Ботайұлы шежіре жазбасында «ескіден сақталған, атадан балаға айтылып келген деректер бойынша, бізді төлеңгіт руы деген сөздің мүлде теріс екенін білетінбіз. Бірақ Арғын атамыздан бастап кейінгі аталарымызға дейін біле тұра «неге осылай аталып жүрміз?» деп ойлайтынбыз. Үлкендер болса «бұл елдің бірлігі үшін керек» дейді де қояды» деп жазыпты.
Шығыс өңірге аттанып бара жатқан Әбілпейізге Әбілмәмбет хан өзінің сенімді төлеңгіттерінен Жаназар батырды бас қылып бірнеше ауыл береді. Олардың ішінде шыққан тегіне қарасаң қалмағы басым, бірақ арасында қырғызы, татары да бар, бірақ олардың бәрінің басын қосатын бір қасиет, ол қазақтың төре тұқымдарына шын ниетімен, адалдықпен қызмет жасау. Осылайша «Өмірзақтың дәулетіне, Жаназардың қуатына жиналған ел» көп заман Әбілпейізге де, оның балаларына да, тіпті немерелеріне де қызмет етті. «Өмірзақ балалары Ақжігіт, Жанжігіт, Байжігіт батыр болып өскен екен,-дейді шежіреде. Бір жолы әкелері жолаушылап кеткенде балалары елді шауып аламыз деген жауларға қарсы шығыпты, жауды қуып кеткен аз ғана қол болса керек. Балалары содан хабарсыз кеткен. Өмірзақ ата балаларының кеткен бағытымен іздеп шығып, содан оралмаған. Сол жақтан елге Ата өз ажалынан қайтыс болды деп хабар келіп, елден кісілер барып, жерлеп қайтыпты деген сөз бар» - дейді Берікбол Ботанұлы. Қара басының қамын кейінге қалдырып, төре әулетіне, яғни қазақ мемлекетіне қызмет жасаған осы азаматтардың арқасында ұлан-байтақ Алтай, Тарбағатай, Жетісу Қазақ хандығының құрамына енді.
Мамадайыр, Мамашықты Әбілпейізге төлеңгіт қылып қосып жіберу Арыстан аталықтың қара шаңырағына ие болған Барқы балаларына да оңай болмаса керек. Заманында Нияз аталықпен бірге жүрген, үзеңгілес досы және інісі Итқара батырдың тұқымы Қаңтарбай батыр қайтыс боларында баласы Исаға Мамадайыр-Мамашықты іздеуді өсиет айтып кеткен екен. Иса Қаңтарбайұлы 1897 жылы Шұбартау төлеңгіттерінің ел ағасы болған Өмірзақ тұқымы Оспанқұлға жазған хатында осы мәселені аңғартады: «Қаңтарбай биыл рамазан шәріпте дүниеден қайтты. Бұл кісі өлерінде бізге насихат етті, Қарқаралы дуанында Мамадайыр, Мамашық біздің тұқым деп. Осы сөз нұсқасымен Оспанқұл мырза сізге хат жазып отырмыз...». Шамасы қара шаңыраққа ие болып қалған Барқының есті балаларының ішінде Мамадайыр-Мамашықтың елден жырақ кетуіне өздерін кінәлі сезінгендей бір сезім болған. Исаның хат жазар уақытындағы статистикалық деректерге қарасақ Барқы тұқымынан Ортау-Ақтауда 1500 дей үй болса, Шұбартаудағы Мамадайыр-Мамашық 1000 үйдің мұғдарында.
Бұл әңгімені Құрбанғали имам былай әңгімелейді:
«Абылай өлген соң найман еліне үлкендік айтар кісі қалмай бірін-бірі шауып, талап әбігерге ұшырап, ақыры үлкендер жиналып, біреуге билікті бермесек болмайды екен десіп, негізгі орталықтан бір ханзада әкелмесек болмас деп сыбан Ботақара би, мұрын Боранбай би, Қожамбеттен Сырымбет би, қыржыдан Қытсаубай би, Байсиықтан Толыбайлар барып... Әбілмәмбет хан шақырылды. Ол кісі мен сындарлы жасқа келіп қалдым, ата қонысты тастап кету маған лайық болмас, ұлым Әбіл Файызды апарып хан көтеріңіз деп, бала әлі балиғатқа жетпеген жас екен, ғұрып бойынша бесік керті (атастырылған қалыңдығы) Бөкей ханның қарындасы, Әбілқайырдың Нұралы деген ұлының қызын бірге ұзатып әкеткен. Әбіл Файз сыбан еліндегі Байқара би ауылына қоныстанады. Шыңғыс тауы етегін мекен-жайлау етіп, қос өзен бойында салған мешітінің негізі 1860 жылға дейін бар болған. Имамы Аюб қожа ишан болып оның әулеті бүгіндері Мұрын елі ішінде. «Ханым патша мешіті» дейтін Қызыл шілік дейтін жерде орыны бар».
Бұл шежіреде бірсыпыра қателіктер бар. Мысалы наймандар Әбілмәмбетті сұрай барды дейтін әңгіме, шын мәнінде олар Түркістанда отырған қазақтың ұлы ханы Әбілмәмбеттен оның балаларының бірін сұрап барғаны сөзсіз. Түркістандағы жиында Хан кеңесінің Әбілпейізді найман мен абақ-керейге бекітуінің де себебі түсінікті, бұл елдер Шығысқа қарай жылжыған қазақ көшінің басында тұрды, яғни стратегиялық бағытта. Ендеше ол жерде елді басқара алатын, ұйымдастырып еншісін алып беретін текті сұлтан керек. Бұл шаруа аталықтар әулетінің қатысуымен болғаны Әбілпейізге еріп келген елдің құрамынан-ақ көрінеді. Әбілпейізбен бірге хан ордасының маңындағы мамашық, мамадайырлардың еріп келгені бұл шешім Нияз аталықтың ақылымен болғанына күмән тудырмайды. Арыстан аталықтың тұқымының бір бұтағының «төлеңгіт» атанып кететіні де осы кезеңде. Қазақ қашанда хан сарайы маңындағы, ұлыс қызметіндегі, төре соңындағы елді төлеңгіт атайды. Әбілпейіздің келгені қазақтың найман мен абақ-керей қоныстана бастаған Шығыс өлкесіне үлкен қайрат бітіріп, елдің берекесі қайта түлеп, басы қосылып, жігерленіп Алтай етегін түгел иемдене бастады.
Жалғасы бар