Мал табынының мерзімдік жайылымын қамтамасыз ету мақсатында қазақтар жыл сайын өздерінің ата-бабалары қалыптастырған көш жолдары бойымен көшіп, қонысқа жеткенше белгілі құдық басына, өзен бойына тоқтап отырды. Көш және керуен жолындағы құдықтар көшпелілер мен керуеншілер жолын жалғастыратын, ел мен елдің арасын байланыстырып тұратын айрықша мәнді белгі, су бекеті ретінде қызмет еткен. Қызылқұм даласындағы көш жолдарының бойындағы Кемпір құдық, Жалынды құдық, Көлқұдық, Байшуақ, Шірік рабат құдығы, Онадым құдықтарының кездесуі көшпелілер жолын жалғастыратын, ел-елдің арасын байланыстыратын айрықша мәнді белгі ретінде сипатталады [1].
Құдықшылық қандай кәсіп?
Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығындағы еңбек өте ауыр болған. Мал жаю, төлдету және оны өсіру, табынды сақтап, ауырған малды емдеу, табиғи су көздері жоқ шөл мен шөлейіт өңірлерде құдық қазып, оны қалыпты жағдайда ұстау үшін қазақтардың көп күш жігер жұмсауына тура келді. Қазақтардың дәстүрлі мал шаруашылығы табиғаттың дүлей құбылыстарына тәуелді болды. Шу қазақтары Жетіқоңыр жайлауына жету үшін Бетпақдала, ал Сыр қазақтары Торғай арқылы Қостанай жетіндегі жайлауларға жету үшін Арысқұм, Дариялықтақыр сияқты шөлдерді кесіп өтті. Сырдың төменгі ағысы бойындағы қазақтар Ырғыз, Ақтөбе жайлауларына көшер жолында Кемпірқұдық, Қызылдемар, Қияқты, Жалынды, Алтықұдық, Қаражүз, Тасқұдық сияқты құдықтардың үстінен өткен. Кіші Борсық, Үлкен Борсық құмдары, Мойынқұм, Қызылқұм, Қарақұм сияқты табиғи су көздерінен жырақ жерлерден құдық қазып, оны қалып¬ты жағдайда ұстауы, өздерінің тіршілік қамын қамтамасыз ету жүйесі және малды шөлден аман алып қалудың қамы еді. Әсіресе суы тапшы табиғи зоналарда құдықтардың маңыздылығы жоғары болды. Далалық қуаң өңірлерде қазақтар арасында құдықшылар мен сушылардың беделі жоғары болды [2; 19].
Көш жолдары бойындағы ауыл уақытша тоқтайтын құдық басы да, табиғи және жасанды су көздерімен қатар «суат» деп аталып, бір суаттан екінші бір суатқа жету жолының қашықтығы 5-10 шақырым болатын. Ертеде жайылымдық жер, мерзімдік қоныс қарағанда иеленген жерге белгі қалдырып кетіп отырған, суатқа бірінші келіп тоқта-ған ауыл суат немесе құдық басындағы шөптің басын буып байлаған, бұл дәстүр топ будым деп аталған. Егер басқа ауыл байланған шөпті көрсе, онда олар суатқа тоқтамай одан әpi көше берген [3, с.141].
Қазақ жерінде құдықтардың қазылған жеріне, судың көлеміне, су көзінің таяздан және тереңнен шығатына байланысты құдық қазудың да өзіндік әртүрлі әдіс-тәсілдері қалыптасты. Зерттеушілер еңбектеріндегі мәліметтерді зерделей отырып, пайдаланатын уақыт мерзіміне қарай құдықтардың ұзақ жылдар пайдаланатын тұрақты, терең емес етіп қазылып, керек болмаған кезде көміп кететін уақытша түрлерінің болғандығын көреміз. Тұрақты құдықтардың 4-5 метрге дейін терең емес, таяз, 4-тен 10 метрге дейін орташа тереңдіктегі, 10 метрден асатын терең түрлері болды. Қазақ халқының ерте замандардан бері келе жатқан гидротехникалық білімі «құдықшылық» деп аталған кәсіп түрін қалыптастырды.
Құдық түрлерін білеміз бе?
Терең құдықтар «шыңырау» деп аталды. Маңғыстау, Үстіртте су өте тереңнен шығатындықтан тек «шыңыраулар» қазылды, шыңырау құдықтарды таспен шегендегендіктен «тас құдық», «тас шыңырау» деп те, терең болғандықтан «құрдым құдық» деп те аталды. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов 1926 жылы КСРО Ғылым Академиясының тапсырмасымен Адай уезін зерттеуге бағытталған экспедиция құрамында болған кезінде шыңырау құдықтарға ерекше назар аударған. Ә. Бөкейхан «Казахи Адаевского уезда» атты еңбегінде шыңырау құдықтар жайында былай деген: «Шыңырау. Осылай аталған тереңдігі 30-40 сажын болатын, таспен шегенделген құдықтар, малдан қорғау мақсатында аузы таспен, құммен көмкерілген». Осы тұста Ә. Бөкейханның шыңырау құдықтардың тереңдігіне қатысты сажын өлшемі көңіл аудартады. 1 сажын 3 аршынға, ал 1 аршын 0,71 см-ге тең, сонда 1 сажын шамамен 2 м. 13 см. болса, 30 сажын тереңдіктегі шыңырау 63,9 метр, 40 сажын тереңдіктегі 85,2 метр болады. Мәтін орыс тілінде жазылғасын сажын деп берген, ертеде құдық тереңдіген құлаш немесе қадаммен шамамен есептеген, сондықтан 30-40 құлаш немесе адым дегенді айтса керек [3, с.140].
Әскери саяхатшы Маг-Гахан өз қолжазбасының «Безводная степ» аталатын ХІ бөлімінде Оксуз аңғарындағы қазақ даласынан тереңдігі 60 метрден асатын, диаметрі 8-10 фут болатын құдықтарды кезіктірген. Маг-Гаханға жергілікі тұрғындар бұл құдықтар Ақсақ Темір дәуірінде де елді сумен қамтамасыз еткендігін айтқан [4, c.63].
Маңғыстау, Үстірт өңірінде, 1,5-2 метр жер қабатынан соң қалыңдығы 30-40 метр, кейде одан да қалың, бірақ жұмсақ тас қабаты түзілген, сондықтан жер астындағы суға жету үшін көздеген жердің тас қабатын үңгу қажет болған. Ол үшін үстіңгі жер қабатын кең етіп қазып алып, дәл ортасынан диаметрі 1,5 метрдей етіп тасты дөңгелете сүйменмен (басы үшкір темір құрал, оны балықшылар мұз оюға қолданған) тескілеп, 30-40 см қабатын қопарып алады, оны «тасты бауыздау» дейді. Бұдан әрі бауыздалған қабатты шетінен сындырып отырады. Шыңырау тереңдеген сайын, оның түбіндегі балшық пен тас сынықтарын шығару, салмағы ауыр болғасын қиындай береді. Сондықтан балшықты тасты шығару үшін көн теріден тігілген ауыр долықты немесе көншелекті ұзын арқанға байлап, түйенің көмегімен тартып шығарған [5, 49 б.].
Шыңырау қазу жұмысы шамамен 1-2 айға созылған. Шыңырау қазуға 4-5 немесе бірнеше ер адам қатысқан. Тереңдігі бірнеше құлаш болатын шыңырау құдықтарды қазып, шегендеу жігіттің жігіті ғана шыдайтын өте ауыр жұмыс болды. Шыңырау құдықтардың диаметрі тар болғандықтан, құдықшы отырып жұмыс жасаған, жер асты суық болғандықтан тон киіп қазған [6, c. 340-341].
Шыңырау қазу – күрделі еңбек әрі шөлді, тасты жерден қазылатындықтан көздеген жерге қазық қағылып, үстінен киіз үй тігіліп, бір малды құрбандыққа шалып, құран оқытқан, соң құдық қазуды бастаған, киіз үй құдықшылардың төбесінен күн түспейтін жерге жеткенше тігіліп тұрған деседі. Су көзін тапқан соң, оны шүберекпен тығындап қойған, үгі деп аталатын ойық жасап алған соң тығынды алып тастаған, сол кезде су біртіндеп үгіні толтырған.
Құдық қазғанда шыққан топырағын құдық аузына айналдыра төгілді. Құдықшылар ішкі жұмысын бітірген соң, құдық ернеуі, яғни аузы опырылып құламауы үшін, оны тастармен көмкеріп, қалап көтерген, оны құдықтың қорғаны, құдықтың қоршауы дейді. Осылайша құдыққа қоқыстың түсуі мен малдың су ішкен кезде құлап түсуінің алдын алған. Құдықтың қорғаны құдық ернеуінен 0,5 аршын биік болған. Құдықтың аузы «әйкел» деп аталған тасқақпақпен жабылды. Тасқақпақтың ортасы мес қауға сиятындай етіліп тесілген, сондықтан «әйкел құдық» деген де атау қолданылған. Археологтар есепке алған әйкелдің бірінде адай руының таңбасы қашалған. Ал, ағаш қақпақтың сыртын құдық суын құм, шаң тозаңнан сақтау үшін киізбен қаптаған. Әйкел -арабтың ойық, дөңгелек деген сөзі. Маңғыстау, Түркімен қазақтарының ітіліндеортасы тесік, дөңгелек тас маңынасында қолданылады. Өзбек тілінде дөңгелек жүзді ойкулча деп аталады [7, 99 б.]. Құдықтың аузы, ернеуін көтерін тастары мен тас астауларды тас қашаушы шеберлер жасаған [1-2].
Шыңырау қаздыруға тапсырыс берген байлар ақысына 100 қой төлеген. Құдықтың құны құдық ақы, құдық ақы мал деп аталды.
Поляк зерттеушісі, әрі суретші Бронислав Залесский 1848 жылдары Үстірт даласында болып, шыңырау жайлы «...мұндай жерде шыңыраулар өте сирек, бір-біріне дейін ондаған шақырым жер жүруге тура келеді. Олардың бір кездері әлдекімдердің ерен еңбегімен, күшімен қазылғаны даусыз. ...Олар кез келген жерден қазылғанымен, қазақтар құдықтарды оңай табады. Құдық суының дәмі жүрек айнытардай болғанымен, шөл дала тіршілігінде оның қызметі ерекше. Құдық айналасына аз да болса да көгерген өседі, қызыл мия дөңгелек жапырағын жайса, қамыс-қоға биікке қол созады, самалмен сыбдырлап, ши тербеледі» деп құдық басындағы тірлікті тірі табиғатпен байланыстырады [8, 95 б.]. Шыңырау суы таза, салқын болғанымен, дәмі тұздылау болған.
1873 жылы әскери топографтар Маңғыстаудан 1133 шыңырауды тіркеуге алған. Белгілі географ О.С. Вялов болса 1930 жылдары Үстірт гидрологиясын зерттегенде 63 тас шыңырауды есепке алып, олардың 23-нің басынан бірден жетіге дейін тас астауларды кезіктірген. Тас астауларға 10 қауға су кететін, 40-50 жылқыны бір уақытта суарған. Маңғыстау өңірінде сақталып жеткен тас астаудың бірі жылқы тұяғы іспетті қашалған.
Ә. Бөкейханның жергілікті Маңғыстау және Үстірт қазақтарынан жазып алған дерегі бойынша шыңырау мен тас астау бір шебердің қолынан шыққан. Шыңырау, суат, қақ, тақыр суларын ауыл мүшелері бірігіп, ортақ пайдаланғанымен, шыңырау суын қолданғанда алғашқы кезек қаздыртқан иесіне тиесілі болған. Бұл шыңырау қаздырту ісінің күрделі екендігін, әрі шыңырау қаздыртқан адамға деген белгілі бір құрметтің болғандығын көрсетеді [3, 140 б.].
Түркия мемлекетінің Анкара қаласы маңындағы Gordion археологиялық ашық аспан асты музейінде сақталған ерте түркілік дәуірге саятын тас астаулардағы судың сыйымдылығы шамамен 5 қауға болады. Бұл өңірдегі тас астаулардың сыйымдылығының аз болуы отырықшы мал шаруашылығымен және табиғи су көздерінің мол болуымен байланысты.
«Шыңыраудан шыға алмай...»
Шыңырау құдықтан суды 5-10 шелек су сиятын тері меспен тартып шығарған. Тері местің аузы дөңгелек, шеңбер немесе төртбұрышты етіп құйылған «шанықбақ» деп аталған темір құрсауға бекітілді, мес қауғаның аузының көлемі аналдыра санағанда 6-7 сүйемдей болған. Мес қауға ұзындығы 1½ болатын ағаш сапқа бекітілді, ағаш саптың екінші басы 30-40 см болатын тері таспа арқылы арқанға жалғанып, су түйе көмегімен тартылды [3, 140 б.]. Құдық басына орнатылған бұл қондырғы шығыр деп аталды. Су көздері бір біріне жақын болса, екі шыңырау жақын жерден қазылып, қос құдық атанды. Маңғыстауда Мәліш құдығы деп аталатын қос құдық осы күнге дейін сақталған. Қосқұдық бір бірінен алыс болмағасын су тарту ісін жеңілдету үшін екеуінің басына қолшығыр орнатылып, екеуіне бір көлік (түйе, жылқы, өгіз) жегілді. Ол үшін екі долық байланған көн арқанның ұштары көліктің беліне бекітіліп, көлікті екі құдық арасына жүргізіп отырған, сонда бір құдықтың түбіне жетіп, су толған долықты тартқанда, екінші долық өз құдығының түбіне түседі де, алма кезек су тартылып тұрады. Ал құдық басында тұрған адам долықтағы суды астауға төгіп, қайта тастап тұрады. Жеке шыңырауға жеке көлік керек болса, қосқұдыққа екеуіне ортақ бір көлік болады, яғни жұмысты ұйымдастырудың бұл түрі тиімді болған, бірақ қос шыңыраулар өте сирек кездескен (АЭМ).
Кіші және Үлкен Борсық құмдарында тереңдігі 10-40 сажынға дейін жететін құдықтар жиі кездескен. Бетпақдалада да су көзі шыңырау тереңде болғанымен, дәл Үстірт, Маңғыстау шыңырауларындай өте терең болмады. Қызылқұм шөлді аймақ болғандықтан, мал құдықтар арқылы суарылды, тереңдігі 45 қадымға дейін жеткен [9, с.12]. Қызылқұм құдықтарының басына бір мезгілде 200-300 түйеге дейін жиналған. Қызылқұмда құдықтардың бір бірінен ара қашықтығы 15-20 шақырым болған [9, с.15].
Қазақ жерінің солтүстік батыс өңірінде, Елек өзені аңғарындағы жайлауларда су таяз жерден шыққанымен, суы аз болғандықтан құдықтар жиі қазылып, таңқы деп аталды. Маңғыстау, Үстірт адайлары жайлауға келгенде таңқы құдық суларын тазалауды дәстүрге айналдырған, кез-келген адай азаматы белдеме деп аталған күректі беліне байлап жүрген. Ә.Н. Бөкейхан: «Әр адайдың беліне қыстырып жүрген темір күрегі болған, сондықтан олар күректі белдеме деп атаған. Ертеде әр қазақ оттық, пышақ және шылбыр алып жүруі тиіс болғанындай, әр адайдың міндетті түрде белінде темір күрегі – белдеме болуы тиіс еді, оның көмегімен адайлар құдық айналасын және оның ішін реттеп тұратын» – деп жазған болатын [3, 141 б.].
Таңқы құдықтардың ернеуі 0,5 аршыннан 1,25 аршынға дейін, тереңдігі судың шыққанына қарай 2,5-нан 5 аршынға дейін болды. Таңқы басына 3-4 қауға су кететін тас немесе бүтін ағаштан ойылған астаулар орнатылды. Суы таяздан шығатын құдықтарды «орпа», «еспе», ал құдық қазылатын жерін орпалық деп те атаған. Үшорпа, Қоңырорпа, Жаңаорпа, Ащыорпа, Терекорпа, Қызылеспе, Ащыеспе сияқты жер атаулары құдықпен байланысты екені анық. Сондай ақ суы таяз жерден шығатын құдықты «ілме құдық» деп атаудың кездесуі, суды қауғамен оңай тартып алуына байланысты қалыптасқан. Ілме құдықтың тереңдігі 2-ден 3,5 метрге дейін болады. Таяз құдықты да істің көзін білетін, судың көзін танитын адамға қаздыртқан.
Маг-Гахан жазбасын оқысақ, осындай таяз құдықтар Тамды аңғарында, Бұқан тау етегінде көп кездескен және де құдықтардың арасы 25-30 шақырымды құрап отырған [4, с.67].
Құдықты қалай қазған?
Қарақұмда құдықтардың жиі кездесуі, қазақтардың көшпелі өмірімен тікелей байланысты екендігі анық. Қарақұм Сыр қазақтарының көктеу, күздеуін қамтамасыз еткен. Қарақұмда құмнан түзілген төбені тау, ал етегін құмжаға дейді. Бұл жерде құдық екі құмжағаның арасындағы жазық ойпаттан қазылады. Құдықты қазып, лай судың, одан кейін таза судың көзі шыққан соң, құдықтың құмы ішіне құламас үшін, дүзгеннің шыбығын бүтін күйінде құдықтың қабырғасына, ал түбін ішіне қаратып, қалап шегендеп шығады. Мұны «шеген құдық» немесе «шеген» дейді.
Дүзген – сексеуілдің бір түрі, биіктігі 1 м – 1м, 20 см. Сондықтан болар дүзгенмен шегенделген құдықты Арал, Қарақұмнан басқа өңірде құдықты сексеуілмен шегендеген деген түсінік қалыптасқан. Жергілікті қариялардың айтуынша құдықты шегендеуге сексеуілді қолданбаған, себебі сексеуіл улы, әрі ащы, сексеуілдің уы суға бөлініп, одан су ішкен мал мен адам ауру болады. Қарақұмда шеген құдықтың диаметрі 4 метрге дейін, тереңдігі 2-5 метрге жетеді, себебі Қарақұмның құмы сусылдақ, жұмсақ болғасын, диаметрін үлкен етіп қазады. Қарақұмда Дүйіспай, Тамен деген екі ағайынды жігіттің құдықшы ретінде аты шыққан екен. «Ердің атын еңбек шығарады», - деген халқымыз. Дүйіспай мен Тамен қайтыс болғанда халық басына шикі кірпіштен там тұрғызған [АЭМ]. Қазіргі кезде Дүйіспай, Тамен тамдары сәулет өнері ескерткіштері ретінде жергілікті тарихи-мәдени мұралар тізіміне енген.
Қазақ жерінің басқа өңірінде аузы кең қазылған құдықты «опан құдық» деп атады.
Түркіменстан жеріндегі құмды аймақтарындағы құдық қазу ісі Қарақұмға ұқсайды. Мұнда құмжағаны этегкум деп атаған. Этегкум мен тақырдың арасы 30-40 км болған. Ал, тақырсыз құмды жазықты бутевгум деген. Шегенделген терең құдықтар – орумли гуйы, шегенделмеген таяз құдықтар удек, шегендеу – орим деп аталған. Орумли гуйы үшін жыңғыл бұтағы қолданылған. Таяз құдықтар 3-5 сажынға дейін, терең құдықтар 9 құлаштан 18 құлашқа жеткен [10, с. 211-213].
Тау, адырлардың етегінен қайнар көздерінен қазылған, суы мол құдықтар «сүтті құдық» деп аталған. Суы мол құдықтар «ақпа құдық, ақшелек құдық» деп те аталды. Суы мол құдықтан 500 қой бір уақытта су іше алған. Отарды суаруға бірнеше астау қойылған. Ақтамберді жырау өз заманында (1675-1768) «Құдық қазсаң көлді каз, көл суалмай суалмас» дегенде «көл» деп құдықты суы мол жерден қазу керектігін айтқан.
Қазақтар ескірген көне құдықты «обашық құдық», аузы тар, әрі таяз құдықты «ойма құдық», өте таязын «шұқанақ құдық», өте таяздың айналасы бекітілмегенін «беке», суы тартылып құрғап қалғанын «құрқұдық», ал суының тартылуын «құрлану» дейді. Ал бірнеше құдық бір біріне жақын орналасса, «ордалы құдық» деген теңеу айтылған.
Ерте заманда тұщы судың қай жерден шығатынын білетін адамдарды «көзді», «көзі қарақты» деп атаған. Ертеде Байболат деген Сыр қазағының судың көзін танитын қасиеті болған екен, қырға көшіп бара жатқан жолда (Сыр қазақтары Арқа жақты қыр деген) жер көзінен шығып тұрған буды көрген. Сол жерден құдық қаздырып, суы мол құдық, жүргіншілер тоқтайтын Байболат құдығы, Байболат суатына айналған. Аты белгілі табын Бұқарбай батыр атын қалдырам деп Байболат құдығы айналасынан бернеше рет құдық қаздырғанымен су шықпапты деседі. Қырдағы Шақшақ қазған деген құдықтың иесінің де көзі қарақты болған екен (АЭМ).
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар мұрағатында сақталған Сырдың Аралға құяр тұсы мен Аралдың солтүстік шығыс жақ бетіндегі құдақтар жүйесінің түсірілімі 1886-1889 жылдары жасалған, онда 310 құдық тіркелген. Әскери топограф П.К. Залесский құрастырған каталогта Түркістан әскери округына қарасты бекеттерден 200 дей құдық пен суат аттарын кездестіруге болады. Каталог 1867-1911 жылдар аралығын құрайды. Арал-Қазалы өңіріндегі құдық аттары мен орналасуы жоғарыда көрсетілген карта мәліметтерімен толық сәйкес келеді [11]. Ал, алғашқы ауыл шаруашылығы санағы кезінде статистар Қазалы уезінің құстауларынан 400 астам құдықтарды, Перовск уезінің құстауларынан 100 ден астам құдықтарды тіркеуге алған [2, Поаульные таблицы].
Судың көзін танудың бір әдісі атты адамдар шауып өткесін, басына тымақ киіп, жер бауырлап жатып, жерге құлағын тосып тыңдағанда, жер дүңкілдесе, су жерде судың көзі барын білдіретін болған. Бұл әдіс негізінен су тереңнен шығатын Үстірт, Маңғыстауда қолданылған. Тағы бір әдісінде сүйменді лақтырып, соның ұшы қадалған жерді қазады екен. Ал, таяз құдықтарды ақбас шөп, қияқ қамыс, ши, алабұта өскен жерден қазады, ол жерлерде су жер бетіне жақын, әрі суы тұщы болады.
Сырдың Қараөзек, Жаңадария, Іңкәрдария арнасы аңғарында жер саздақ болып келеді, сондықтан құдықтың диаметрі Қарақұмдағыдай кең болмайды, енін 2 метрдей етіп қазып, еменмен шегендейді, емен суда ісінбейді, еменді солтүстіктен, Арқадан, түйеге артып тасыған. Еменді кесіп, бұталап, қиюластырып қалап отырып, су көзіне жеткенде су өтетін көз қалдырып отырған. Сондай-ақ, бұл жерде құдық шегендеуге қатты күйдірілген қышты да қолданған. Осыған орай қышқұдықдеген атау кездеседі. Құдық қазуды игерген адам, шегендеуге де ұста болған (АЭМ).
Таяз құдықтан су тартып шығаруға қолданылатын шелек қолқауға деп аталып, оны ірі малдың бүтін сыдырылған бас терісінен жасалынған. Ол үшін бас терісінің түгін ұстарамен қырып, бауыздау түбін тігіп, тұмсық жағын айналдыра кесіп, шеңбер ауыз жасайды, ішіне құм толтырып, шелек түріне келтіріп, алған соң кептіреді, әбден кеуіп, сіреу болған көнтері суға қанша салса да жібімеген. Тері қауғаның аузы жұмсақ кезінде ағаштан керілген. Қолқауға 2-4 метр болатындай ағаш сырыққа байланған.
Қолшығырлар тереңдігі 10-15 метр болатын құдықтардан суды оңай тартып шығару үшін жасалған. Ол үшін аша ағаштан баған орнатылып, аша үстіне уық тәрізді имек келетін ағаш белдеуінен байланады, имек қондығының бір басына ауыр темірден бастырық байланады. Екінші басына арқан тартылып, басына шелек байланады.
Құдыққа қатысты заттар
Құдық басына орнатылатын астау да жергілікті жердің материалына байланысты болды. Сыр-Арал қазақтары құдық басында мал суаруға қойылатын «науа» деп аталған астаудың екі басын ағаштан жасап, оған теріні керген, құрастырған ағашын желімдеуге талдың шырынын, жантақтың балын пайдаланған. Қарақұмда қыстың күні құдық суына қосымша, қар жауғанда қарды тегіс жерге үйіп, үстіне су құйып мұз жасайды. Қар мұзды қайтадан шауып, ойып, «мұз науа» жасап алып, малды суарған. Бүтін ағаштан ойылған астаулар мен науаларды көшкенде өздерімен бірге алып жүрген. Құдық басындағы үлкен астауларға қатысты ақпана, дере астау деген атаулар да бар. Құдық басында астау тәрізді суды мол етіп тартып алып жинап қоятын гидротехникалық құрылысты ауыт, әуіт, кей жерде әуіз дейді. Қазіргі кезде Сыр өңірінің Тереңөзек аңғарында шаруашылық үшін жинап қоятын жер асты су қоймасын да ақпана деп атайды. Ақпана сыртынан қарағанда құдық секілді. Ол жерден қазылып, іші бетонмен жабылады. Ақпана суын ауыз су тапшы ауылдарда мал суаруға және шаруашылыққа қолданылады. Бұл жерде құдық сулары ХХ ғасырдың 90-шы жылдардан бастап құдық суы тартыла бастаған, сол уақыттан бастап ақпананың осы түрі кең қолданысқа енген (АЭМ). Малға арналған су сақтайтын орынның ақпана атануы таң қалдырмайды, қазақтар мал отына байланыс «ақ от», «аузы аққа тиді» деген сөздерді қолданған.
Кей құдықтар кім қаздыртса, яғни кім тапсырыс берсе соның есімімен аталған. Мысалы, Қосым, Қара молда, Қожабай, Алтыбай, Адамбай, Байбике, Адырбай. Қарақұмда «Шортанбай шегені» деген құдық болған. Қазақтың соңғы билерінің бірі Шортанбай би Қарақұмдағы Ақши жайлауына көшкенде шеген құдық қаздырған екен. Ал, кейде құдықшының атымен аталған, қазған сөзі осындай да қосылып отырса керек, мысалы Сарбай қазған, Баубек қазған (АЭМ).
Құдықтар пайдаланатын уақыт мерзіміне қарай тұрақты және уақытша құдықтар болып бөлінген. Тұрақты құдықтар көш жолдарында, тұрақты мерзімдік қоныстарда қазылды, негізінен терең құдықтар тұрақты қызмет еткен. Уақытша құдықтар таяз қазылып, керек емес кезінде көміп тасталып отырған [6, 190 б.]. Керуен жолдарындары бойындағы құдықтар да тұрақты бекет ретінде қызмет еткен, олардың керуеншілер мен керуен түйелерін сумен қамтудағы маңызы зор болған. Керуен жолдарындағы құдықтардың орналасуы мен бірқатар атауларын «Россия. Полное географическое описание нашего отечества. Т.ХVІІІ. Киргизский край» еңбегіне енген картадан алуға болады [12].
Картаева Т, т.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры
Оралбай Е, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері
Әдебиеттер
1 Беляев И. Поперек Кызыл-кумской пустыни (от Чимбая до Перовска). Туркестанские ведомости. 1904. №10. С.44., №31. С.144.
2 Материалы по киргизскому землепользованию. Сыр-Дарьинская область. Перовский уезд. Ташкент: Типо-литография В.М.Ильина, 1912. 394 с.
3 Бөкейхан Ә. Таңдамалы. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995. 477 б.
4 Маг-Гахан. Военные действия на Оксусе и падение Хивы. М., Университетской типографии Катков и К. 1875. 304 с.
5 Арғынбаев Х. Қазақтың мал шаруашылығы жайында этногра-фиялық очерк. Алматы: ҚазССР-нің «Ғылым» баспасы, 1969. 170 б.
6 Самашев З, Кушербаев К, Аманшаев Е, Астафьев А. Сокровища Устюрта и Мангыстау. Алматы, 2007. 400 с.
7 Қазақ тілінің аймақтық сөздігі. Алматы: Арыс баспасы. 2005. 824 б.
8 Залесский Б. Қазақ сахарасына саяхат. Алматы: «Өнер» баспасы, 1991. 132 б.
9 Пельц В. Очерк Южных Кизыл-кумов. Самарканд: Типо-литография Т-ва «Б.Газаров и К. Слиянов», 1912. 64 с.
10 Оразов А. О типах скотоводства в Ахале в конце ХІХ – начале ХХ в. В кинге: Хозяйственно-культурные традиции народов Средней Азии и Казахстана. С. 207-220.
11 Залесский П.К. Полный каталог астрономических определений Туркестанского военного округа и прилегающих к нему земель. 1867-1911 г. Ташкент: Лито-типография В.И.Илина, 1911. 55 с.
12 Россия. Полное географическое описание нашего отечества. Т.ХVІІІ. Киргизский край. СПб.: Издание А.Ф.Дефриена, 1903. 478 с. + карта.