Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

«Астана» энциклопедиясына қатысты он ұсыныс

2018
«Астана» энциклопедиясына қатысты он ұсыныс - e-history.kz
Астананың 20 жылдығына орай энциклопедияның жаңа нұсқасы дайындалып жатыр дегенді естіп қаламыз. Тарихшылардан кімдер бар екен деп сұрап та қоямыз, біздің кәсіби ортадан ешкім жоқ сияқты

Осыған байланысты «Астана» энциклопедиясының бұрынғы нұсқасына қатысты жазылған он пікірімізді жариялауды дұрыс көрдік. Қателіктер қайталанбайды деп үміттенеміз.

2008 жылы баспадан шыққан «Астана» энциклопедиясы сияқты ұжымдық еңбек ертелі-кеш Астана тарихына арналып жазылған мақалалар мен кітаптардың айнасы сияқты. Энциклопедия авторлары бұрын орыстілді зерттеушілер ғылыми айналымға қоса қоймаған бірнеше дүниелерді де Астана тарихы бөліміне қосқан екен. Осы себептен зерттеушілердің еңбектерін жеке-жеке талдағанша бәрін қосып осы энциклопедия арқылы Астана тарихнамасының жеткен жетістіктері мен жіберген кемшіліктерін айтуды дұрыс көрдік.

Біріншіден, Астананың көне және ортағасырлық тарихы зерттелмегені де, зерттелсе ғылыми қауымға жетпей қалғаны энциклопедияның «Тарих» бөлімінен көрініп тұр. Кемі бір миллион жылды қамтитын көне және ортағасырлық кезеңдер тым жұтаң жазылған, барлығы жарты бет қана (34-бет).

Зерттеушілердің «Ақмола» сөзі ғұн дәуірінен келе жатқан «батыстағы қамал» деген ұғымды білдіреді деген пікірімен қосыламыз. Оған дәлел табу қиын емес. Есіл-Нұра арасындағы жер-суды жақсы білетін адамдар Ақмоланың төбе басында тұрғанын білуі керек. Біздің зерттеулерімізге қарағанда ұшар басында Ақмола мұнарасы салынған Тайтөбе атауының мағынасы қарауыл төбе дегенді білдіреді. Бұл туралы біздің арнайы зерттеу мақаламыз бар.

Екіншіден, авторлар «Ғұн империясы Сарыарқа төсінде ...бірнеше қамал салғаны тарихтан мәлім. Сондай қамалдың бірі ХІ-ХІІІ ғасырларда ірге тепкен қыпшақтар қаласы Бозоқ еді» (35-б.) дейді. Менің ойымша Бұзоқты көлінің жағасындағы Бозоқ (Бұзоқ) қаласы ғұндардың да емес, қыпшақтардың да емес, оғыздардың Бұзоқ тобының бір жағынан сауда жолында тұрған, екінші жағынан ел басы бектеріне қорған, үшіншіден діни-мінәжат орны  болған қалашығы.

Үшіншіден, «бұл қаланың атауы алғаш рет Ресей картасына 1694 жылы енгізілді. Оның сызбасын елшілік сапармен Тәуке ордасында болып қайтқан Ресей елшілері Ф. Скибин мен М. Трошин жасады» (35-бет) деген пікірдің дәлелі жоқ. Менің қолымда осы көне құжат бар, бірнеше орыс адамдарының үлкен бейнетпен Тобольскіден Түркістанға жеткендері туралы айтылады. Бұл – Қазақ ордасы мен Ресей арасындағы жаугершілік кезінде болған оқиға. 1690 жылы Ресейге жіберілген Сары мен Келдей елшіліктері Ертіс бойында  Ямыш (Жәміш) деген жерде тұтқынға алынып, оның қарымтасына Әз Тәуке А. Неприпасов елшілігін қамап, бір дүрбелең заман болған. Жоғарыда аталған Ф. Скибин мен М. Трошин Келдейді Түркістанға жеткізді, бірақ жолда Есіл бойында қала көрдік, тоқтадық демейді. Олар карта жасамаған,  өздерінің жиған-терген деректерін Ремезовке берген. Дегенмен Астана маңында Әз Тәуке ханға қатысты керемет ескерткіш бар, бірақ ол энциклопедияда аталмаған. Ол – ЕҰУ-нің тарихшылары 2012 жылы Күйгенжардан тапқан Әз Тәуке ханның жазғы ордасы!

Төртіншіден, Нұра өзенінің Қорғалжын қопасына жақындаған тұсында ортағасырлық ірі қалалық мегополис (егер солай деп айтуға болса) орны жатыр. Жергілікті қазақтар «Бытығай» дейді, энциклопедияда «Ботағай» делінеді. Әрине, орыс саяхатшыларының арасында бұл қала орнын «Батагай», «Татагай» т.б. деп жазатындары бар, бірақ соларға ере берген жөн бе?!

Бесіншіден, тек энциклопедия авторлары ғана емес, жалпы бүкіл ғылыми-өлкетанушылық әдебиет Қорғалжынды «көл» дейді. Қате пікір. Тіпті де көл емес. Нұра Теңіз көліне жақындағанда бірнеше жерде жайылады, олардың әрқайсысын көл деп атауға болады, жергілікті ел солай атайды да (Сұлтанкелді, Есей, Қақай,  т.б. көлдер). Өне бойын қамыс басып кеткендіктен, Нұраның Теңіз көліне құяр сағасын «Қорғалжын қопасы» атайды. Қорғалжын Астанадан тым алыс жер емес, өлкенің тарихына қызыққан жігіттерге барып та көруге болады. Ал енді сол жаққа аңға барып жүрген шенеуніктер мен бизнесмендер ерсілі-қарысы мылтықты ата бермей, анда-санда аяғының астына қарауы керек. Айтпақшы, аңшылардың да пайдасы тиеді, былтырғы жылы солар окоп қазамыз деп археологтарға Жәнібек-Шалқар маңынан ортағасырлық күмбезді тауып берді. Бірақ тарихшы үшін қираған күмбезден де артық дерек бар, ол қазақтың азы жүздеген, көбі мыңдаған жылдардан сақталған шежіре аңыздары.

Алтыншыдан, «осылайша 1822 жылы Ақмоладан оңтүстікке қарай 300 шақырым жердегі Ақтау тауында Ақтау, ал Есілдің жағасынан Жарқайың бекіністері салынды» дейді (35-бет). Бұл екі бекініс Кенесары көтерілісі басталған 1837 жылы көтерілген. Ақтау қорғанының негізгі мақсаты – көтерілістің орталық ауданын бақылау, мүмкіндік болса қазақтардың топтасуына бөгет жасау. Бірнеше зеңбірегі мен жүз шақты солдаты болды (инвалидная рота). Кенесары жасақтары 1838 жылы шілдеде осы маңға келгенде Сарысу, Манақа, Ескене пикеттеріндегі казак-орыстар Ақтауға тығылды. Көтеріліс басылғаннан кейін 1862 жылы Ресей үкіметінің бұйрығымен жабылды.  Ал Жарқайың болса Есілдің бойында салынған бекініс, Атбасардан батысқа қарай жүрсеңіз, Ормамбет, Қима-Тұмсық, Бес төбе, Үш көлбе пикеттері арқылы жетесіз. Кенесары көтерілісі кезінде Жарқайыңда бірсыпыра әскер шоғырланған. Бұл бекініс те көтеріліс басылғаннан кейін керексіз болып қалды.

Жетіншіден, «Ақмола» шатқалына жақын жерден қолайлы орын тауып, жолы болған жүзбасы Чириков болды» деген сөйлемде біраз қателер жүр (36-бет). Қазақ «шатқал» дегенді таудың ішкі сай-саласына қатысты қолданады, ал Ақмола аталатын жерде Нұраның жағасында жалғыз ғана Тайтөбе бар, қайдағы шатқал? Екіншіден Шубиннің отряды алғаш келгенде тоқтаған жері – Жаманшұбар, осы жерден екі көмекшісін маңайдан дуанға лайық жер байқауға жібереді. Екі көмекшінің бірі сотник Чириков, жанында хорунжий Шахматов, топограф Козлов бар – үшеуі Қараөткелге барады, ал екінші көмекші Ваганов Тайтөбені қарап, сол кездегі орыс деректерінде «урочище Акмуланы» зерттейді. Екі жақтың дәлелдерін тыңдай келіп Шубин орталықты Қараөткелден таңдайды, бірақ осы кездесуге келген болашақ ағасұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы Ақмоланы қалайды. Осы жерде бір қызық гәп бар болуға тиіс, не себептен Қоңырқұлжа орыс қорғанының Қараөткелден салынуына қарсы болды? Себебі Қараөткел талай заман үлкен сауданың орталығы болған жер және Қоңырқұлжаның ол саудаға орыстарды араластырғысы келмегені ақиқат!

Сегізіншіден, «1838 жылы күзде Кенесары Қасымұлының жасағы Ақмола бекінісіне шабуыл жасады» делінеді (37-бет). Тарих ғылымы нақтылықты дұрыс көреді. Шабуыл күзде емес, 25-26 мамырда, яғни жаздың басында болды.

Тоғызыншыдан, «Кенесарының Басығара батыр бастаған қолы бекініске лап қойды... Жанқиярлық шайқас барысында батыр ерлікпен қаза болды... Алты күндік қоршаудан соң көтерілісшілер шегінді» делінеді. Біздің қолымыздағы деректерге қарағанда Басығара батыр бекініске шабуыл кезінде Бидайық адырдың (Бұл адыр Астананың шығыс жағында, Ащылы өзекке қаптал) басында оқтан қайтыс болған. Шабуылдаушылар бекіністің орталық, яғни казарма тұрған бөлігін ала алмаған, бірақ маңайындағы үйлерді жағып, малдарын айдап кеткен. «Алты күндік қоршауды» қай деректен алып отырғанын білмеймін?!

Оныншыдан, «1862 жылы округ қала статусын алды» делінеді (38-бет). Округ қалайша қала статусын алады, мүмкін бекініс қала статусын алған болар?  Ақмола қашан қала статусын алды деп зерттеушілердің еңбектеріне қарасақ, онда да қарама-қайшылық бар. Ж. Қасымбаев «16 июня 1863 года Акмолинское укрепление получило статус окружного города» десе (Касымбаев Ж. История города Акмолы. – Алматы, 1995. с.12), ал Г. Алпысбаева «Акмолинское поселение, возведенное в ранг города в 1862 году» деп жазады (Алпысбаева Г. Астана в новое и новейшее время. – Астана, 2008. с.7). Ж. Қасымбаев нақты күніне дейін көрсетіп тұрған соң, соған көбірек сенім білдіргіміз келеді.

«Астана» энциклопедиясын ақырындап парақтай отырып тарихымызда талай сұрақ бар екенін анықтаймыз. Осының бәрі алдымен Астананың байырғы тарихының әлі де ғылыми игерілмегендігіне, екіншіден, қазақ деректерінің ғылыми айналымға қосылмауына, тіпті қазақ тілінде жазылған дүниеге жүрдім-бардым қарауымызға тікелей қатысты ма деп ойлаймын. Астананың қадым заманғы тарихы бір бөлек тың дүние, ал біз атап көрсеткен қателер мен кемшіліктер көбірек зерттелді делінетін жаңа заман тарихына қатысты. Ендеше қазақтың мәңгі жас Астанасының тарихында әлі де толып жатқан құпия бар деп есептейміз, өлкетануға қызығатын қалың көпшіліктің алдында нағыз жаңалықтар күтіп тұрғаны сөзсіз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?