Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Ақмола уезінде совет үкіметінің орнауы

2273
Ақмола уезінде совет үкіметінің орнауы - e-history.kz
28 (15) ақпанда Ақмолада уездік съезд өткізілді. Делегаттар Совет үкімет орнату бойынша жұмыстарды жылдам бастау туралы ұсыныс жасады.

Кеңес үкіметінің орнауы Қызыл армия тарапынанда, ақ гвардияшылар тарапынан да қатыгез қылмыстармен қатар жүрді. Ақмола уезінде де большевиктік құрылыс бірден бекітіле қойған жоқ. Ақпан революциясынан кейін қазақ халқының бұрынғы тәртіп өзгеріп, көбірек құқық пен еркіндік аламыз деген үміті болды. Түрлі митингілер мен жиындардажаңа билікті үгіттеп еркіндік, теңдік туралы жүргізілген әңгімелер бұл үмітті күшейтіп отырды.

Бірақ, көп уақыт өтпестен, бұрынғы жағдайдың әлі де сақталып тұрғаны айқындалды. Қалалық басқарма мен станица жиыны қалып, мекемелерде бұрынғы қызметкерлер отырды. Сол кездегі жағдайды Новопетровка селосының демалысқа келген солдаттарының Омбы коалициялық кеңесіне жазған арыздарынан көруге болады. Солдаттар Ақмола уезінде ешбір өзгерістің жоғына, шаруалар бастығы мен бітістіруші соттың әлі де ескі заңдарды басшылыққа алатындығына наразылықтарын білдіреді. Сонымен қатар, олар Атқару комитетінде жаңа тәртіпке арналып өткізілген жиындарға прапорщик Петровтың бөгде жандардың қатысуына тыйым салғанын хабарлайды.

Елдегі наразылық күшейе түсті. Уақытша үкімет органдарының іс-әрекеттері бұдан үлкен өзгерістерді күткен халықты қанағаттандыра алмады. Жұмысшылардың, шаруалар мен солдат депутаттардың большевиктік кеңестері жиі-жиі пайда бола бастады. ақмолада 1917 жылғы 27 желтоқсанда жылдам құрылған бастамашыл топ Ақмола қалалық Совдепке бірікті, басшысы Т.И.Бочка болды. Оның мүшелері уездік съезді шақыруға белсенді дайындық жұмыстарын жүргізді.

28 (15) ақпанда Ақмолада уездік съезд өткізілді. Делегаттар Совет үкімет орнату бойынша жұмыстарды жылдам бастау туралы ұсыныс жасады.  Осы мақсатта Ақмола уездік Совдепі сайланды. Совдеп төрағасы болып Омбыдан келген запастағы полк солдаты З.П. Катченко, оның орынбасары болып орыстардан Т.И. Бочок, ал қазақтардан Б.С. Серікбаев сайланды. Алайда 1918 жылдың 18 сәуірінде ұйым қайта құрудан өтті. Ең қабілетті әрі осы уақытқа дейін өзін жарқын жағынан көрсете білген Т.И. Бочок төраға болып, оның орынбасары болып П.В. Вязов тағайындалды, ал З.П. Катченко әскери бөлім меңгерушісі лауазымына ауыстырылып, қала коменданты болып тағайындалды.

Уездік Совдеп алдында тұрған тапсырмалар оңай болған жоқ. Ақмола уезінің экономикасы төмен деңгейде болды, тұрғындардың барлығы дерлік сауатсыз, ал басшыларға әлі де саяси және шаруашылық басқару тәжірибесі жетіспеді. Экономикалық қиындықтарды еңсеру үшін шетел және ресейлік компаниялар иелік еткен өндірістік кәсіпорындар (Спасск мыс қорыту зауыты, Өспен кеніші, Қарағанды көмір шахталары және т.б.) ұлт меншігіне айналдырылды; көпестерге контрибуция салынды, ірі кәсіпкерлердің Сібір сауда банкінің жергілікті бөлімшесіндегі капиталы тәркіленді. Совдеп облыс орталығы Омбымен пошта-телеграф байланысын орнатты; тұрғындарды мүмкіндігінше бірінші қажеттіліктегі тауарлармен қамтамасыз етті, ауруханалар, советтік үлгідегі тұңғыш мектептер мен басқа да мәдени-ағарту мекемелері ашылды, сауатсыздықты жою бағдарламалары жүргізіле бастады.

Бұдан басқа, қарақшылықпен, спекуляция, саботажбен күресті күшейту үшін Қызыл Армия отряды ұйымдастырылды. Қызыл Армия отрядының көпшілік бөлігі арнайы әскери дайындығы жоқ жергілікті ерікті жалдамалылардан тұрды. Оның үстіне, қару-жарақ пен оқ-дәрінің жетіспеушілігі айқын сезілді.   Қарауылдық қызметті тек қолдарында винтовкасы бар қызыләскерлердің шағын бөлігі ғана атқарды. Қалғандары әскери оқуға ден қойды. Сол кездің өзінде-ақ көтеріліс ошақтары байқала бастады да, Т.И.Бочок контрреволюциялық күштердің шабуылын күтті. Қару-жарақ қорын арттыру керек болды, бұл үшін балтық матросы Иван Зимин мен президиум мүшесі Эдуард Пионтковский жіберілді. Бірақ олар қолға түсіп қалады да, қару-жарақ жеткізу мүмкін болмады. Ақыры жаулар Иван Зиминді атып өлтіреді, ал Эдуард Пионтковский концлагерь тұтқынына айналады.   

Ақырында Ақмоладағы Қызыл Армия көтерілістің бетін қайтаруға дайындығы болмады. Қастандық жасаушылар топпен қимылдауды жоспарлады. Олар бай шаруаларға, сібір казактарына, қазақ байлары мен ұлтшылдарына үміт артты. Өкілетті қастандық жасаушы  Н.П. Кучковский Көкшетаудан «Жүн бағасы жақсы – қойларды қырқуды бастаңдар» деген шифрланған жеделхатты алған соң, қарамағындағы адамдармен 1918 жылдың 3 маусымы таң ата совдепшілерді тұтқындап, пошта, телеграф сияқты коммуникация құралдарын қолға түсіріп, сонымен қатар банк, азық-түлік қоймасын басып алып, қаладан шығатын жолдарды жауып, таңға таман қызыләскерлердің шағын отрядын құртып жібередісовдеп мүшелерін соққыға жығып, дүкендердің жертөлелерінде ұстап, келесі күні жергілікті түрмеге жабады.  

Жеті айға созылған тұтқын кезінде азаптаулар да болды. 1919 жылғы 5 қаңтарда әскери-далалық сот процесі үшін Петропавлға 57 адам жіберілді. Бірақ іс сотқа дейін жеткен жоқ, өйткені тұтқындар алдымен Анненковтың атышулы «өлім вагондарынан» өтіп, кейін Омбы концлагеріне тап болады.

Большевисттік басшыларды іздестіру Ақмолада жалғасып жатты. Өлім жазасымен қорқытып, жергілікті старосталар мен ауылдық жиындарға «дезертирлер мен большевисттік насихатшылар» туралы хабарлауға бұйрық берілді. Вишневка, Журавлевка, Семеновка, Оксановка, Хмелевка, Камышинка, Таволжанкада 38 адам тұтқындалды. Түрмеде өткізілген 20 күннен кейін, оларды Есіл өзенінің бойындағы еврейлер моласының жанына апарып, сол жерде атып өлтіреді. Тек Камышинка тұрғыны И.И.Винокуров қана ғайыптың күшімен тірі қалады. Қараңғыда ол суға секіріп, өзенді малтып өтіп, туған ауылына жетеді. Кейін И.И.Винокуров қызыләскерлер бөліміне қосылады.

Өкінішке орай, құрбандықтар бұнымен бітпейді. Қызыләскерлер қаланы басып алғаннан кейін, енді ақ гвардияшыларға қарсы жазалау операциялары басталады. Осылайша, совет үкімет орнату мен оны ұстап тұрудың алғашқы әрекеті аса сәтті болмады. Контрреволюциялық көтеріліс кезінде Ақмола уезіндегі Қызыл армия тез арада жойылып, ал Совдеп мүшелері тұтқынға алынады. Ақ гвардияшылардың ұйымдасқан шабуылынан кейін уезде билік ауысып, енді тұрғындар солардың талаптарына сәйкес әрекет етуге мәжбүр болды. Ақ гвардияшылардың билікке келуі жекелеген уездерде большевиктік күштердің әлі де әлсіз әрі дайындығы жоқ екендігін айқын көрсетті.  Бірақ, осы бастапқы кезде жіберілген қателіктер олардың өз күштерін жұмылдырып, бұдан да мықты құраммен елде советтердің саяси басымдығын орнатуына әкелді. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?